1.7. Тұлғалық педагогиканың ғылымдар жүйесі
Әрқандай ғылымның даму деңгейі оның зерттеулерінің жіктемесіне және сол ғылымның басқа ғылымдармен көп салалы байланыстарына орай бағаланады. Осыған тәуелді аралық ғылыми пәндер өз алдына бөлініп, дербестік алып жатады.
Педагогикалық ғылымдар жүйесінде бүгінгі таңда келесідей пән салаларын атауға әбден болады:
- жалпы педагогика – тұлғалық негізгі заңдылықтарын зерттеп, ашумен шұғылданады;
- педагогика тарихы – педагогикалық идеялар мен тәрбие істерінің әрқилы тарихи дәуірлердегі даму желісін айқындайды;
- салыстырмалы педагогика – түрлі елдердегі білім ұсыну мен қабылдау және тәрбие жүйелерін салыстыра анықтап, олар арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді ашады;
- жас ерекшеліктері педагогикасы – адамның әрқилы жас кезеңдеріндегі тәрбие ерекшеліктерін зерттейді. Жас кезеңдері сипатына тәуелді сәбилік педагогика, мектеп алды педагогикасы, бастауыш мектеп педагогикасы, орта мектеп педагогикасы, ЖОО педагогикасы, ересектер педагогикасы, кәсіби-техникалық тәлім педагогикасы – дербес ғылымдар ретінде танылуда.
- арнайы педагогика – тән-дене және ақыл-ес дамуында ауытқулар орын алған адам (балалар және ересектер) тәлім, тәрбиесінің теориялық негіздерін, принциптерін, әдістерін, формаларын және құрал-жабдықтарын анықтайды. Арнайы педагогика (дефектология) бірнеше салаларға жіктеледі: сурдопедагогика - мылқау және саңыраулар тәрбиесін зерттейді; тифлопедагогика - зағиптер мен көру қабілеті төмендер тәрбиесімен шұғылданады; олиғофренопедагогика – ақыл-есі кемдер тәрбиесімен айналысады; логопедия-сөйлеу мүмкіндігі шектеулІ бала және ересектер тәрбиесі заңдылықтарын ашады.
- әр түрлі пәндерді меңгеру әдістемесі – құрамына нақты пәндерді игертудің жекелеген заңдылықтарын қамтиды, қандайда пән мазмұнын игерудің ұтымды әдістері мен құрал-жабдықтарын, технологиялық тәсілдерін жинақтайды, заттасқан іс-әрекет тәжірибесі мен бағалау-байқастыру қатынастары жолдарын үйретеді.
- кәсіби педагогика – болмыстық накты кәсіп саласына бағытталған тәрбие заңдылыктарын зерттеп, оған теориялық негіздеме береді, технологиялық принциптерін айқындайды. Жалпы тәлімдік дайындыктан кәсіпке дайындаудың өзгешелігі-ол адамның тұлғалық мүмкіндіктерін нақты еңбек саласында орай дамытуға бағытталады. Кәсіп иесінің тұлғалық мүмкіндігі - бұл оның белгілі кәсіп (мамандық) саласындағы еңбегінің табысты боларын айқындаушы жалпы және кәсіби даму дәрежесі. Жұмысшының тұлғалық мүмкіндіктерінің қандай да дамуы кәсіптік тәрбие, және кәсіптік тәлім үдерісінде іске асады. Кәсіптік қызмет саласына байланысты әскери, инженерлік, өндірістік, медициналық және т.б. педагогика болып ажыратылады. Қызмет бабындағылырды нарықтық дағдарыс жағдайларына байланысты қайта дайындау, оларды жаңа өндіріс құралдарына бағдарлау, біліктілігін арттыру, жаңа кәсіптерге бағыттау - өндірістік педагогиканың міндеттері;
- әлеуметік педагогика балалар мен ересектерді мектептен тыс тәрбиелеудің теориялық және қолданбалық негіздерін қамтиды. Көп бағытты тәлім және тәрбиелеу мекемелері, клубтар, спорттық секциялар, ән-күй және театр өнері үйірмелері (студиялары) тұлғаның қоғамдық мәдениеті мен білім деңгейін көтеру, кәсіби ептілік дағдыларын және шығармашылық қабілеттерін шыңдау құралы ретінде қызмет етеді.
- түзету-еңбектік педагогика орын алған қылмыстары үшін қамауға түскен адамдарды кайта тәрбиелеудің теориялық негіздерін жасап, оларды іске асырудың практикалық жолдарын көрсетеді;
- емдеу педагогикасы денсаулығы нашарлаған әрі сырқатты балалармен жүргізілетін тәлім, оқу-тәрбие жұмыстарының сырын айқындап, педагогтарға нақты ұсыныстар береді. Икемді де үйлесімді жағдайдағы емдеу және тәрбиелеу үдерістеріне негізделген бірігімді медициналық-педагогикалық ғылым саласы пайда болуда.
Достарыңызбен бөлісу: |