1.9. Тұлғалық қалыптасуы жөніндегі теориялық ағымдар
Педагогика ғылымында әзірге дейін баланы қалай тәрбиелеу жөнінде ортақ бір пікір қалыптасқан емес, қалыптаспайтын да сияқты. Ежелгі заманнан біздің күнімізге дейін бір-біріне текелей қарсы келген тәрбие бағыттары жасап келуде: 1) балаларды қорқыту мен бағындыру арқылы тәрбиелеу қажет. 2) балаларды қайрымдылық және мәпелеумен тәрбиелеу керек. Егер өмір осы көзқарастардың қайсы бірін қаламаған күнде, ол әрқашан-ақ қолданымнан шығып қалған болар еді. Мәселенің қиындығы сонда: бір жағдайларда (мысалы, нарықтық бәсеке) үлкен қоғамдық өнімді қатаң ережелер мен тәртіп құрсауында тәрбиеленген, өжет, қайтпас пікірлі адамдар келтіреді, екінші жағдайларда – қоғам мүдделерін жұмсақ, қайрымды, зиялы, Алланы мойындаған және барша адамға құшағын аша білген тұлғалар орындайды. Халықтың жасап жатқан жағдайларына, мемлекеттің ұстанған саясатына тәуелді тәрбие салт-үрдістері қалыптасады. Ұзақ мерзім, бейғам, тоқ өмірмен жасап жатқан қоғамда тәрбиенің ізгілікті (гуманистік) бағыты үстем болады. Ал ұдайы күрес жүргізіп жатқан қауымдардың тәрбиесі қатал сипатта болып, ересектердің бедел, абыройына және өсіп келе жатқан әулеттің көзсіз бағыныштылығына негізделеді. Соғыс, аштық, әлеуметтік қақтығыстар мен дағдарыс жағдайларында да балаларды жұмсақ тәрбиеге алу мүмкін, бірақ мұндай жағдайларда әлпештеп өскен бала өз тіршілігін қорғай алмайды. Сондықтан да балалар тәрбиесі жайлы мәселе тек ғылымдық қана емес, ол тікелей өмірге байланысты шешімін тауып барғаны жөн.
Әміршіл-әкімшіл (авторитарлы) тәрбие өз сипатына сай ғылыми дәлелдерге негізделеді. Бұл бағытты ғылым сахнасына келтірген И.Ф.Гербарт (1776-1841) балаға туған күнінен бастап «жыртқыштық бітістер» тән деген тұжырымды алға тартып, мүмкін болғанша тәрбиені қаталдықпен жүргізуді талап етті. Тәрбие тәсілдері ретінде ол қорқыту, балалар ізіне бақылау қою, бұйрықтар және шектеулерді пайдалануды орынды деп есептеді. Тәртіп бұзған балалар үшін ол мектепте арнайы айып журналын ашуды ұсынды. Гербарттың педагогикалық ұсыныстары ықпалында бір топ шектеулер мен жазаларды қамтыған біртұтас тәрбие жүйесі қалыптасты. Балаларды түскі тамақсыз қалдыру, бұрышқа кою, карцерге қамау, айып журналына тіркеу сияқты қатаң тәртіп тәсілдері тәрбие тәжірибесіне енді. Әміршіл тәрбие ережелерін толығынан құптап, қолданған елдердің ішінде Ресей бұл тәсілге ерекше ынта танытты.
Әміршіл тәрбиеге тікелей қарсылық білдіріп, еркін тәрбие теориясын ұсынған француз педагогы Ж.Ж. Руссо болды. Ол және оның ізбасарлары өсіп келе жатқан балада болашақ тұлғаны танып, оны сыйлауға шақырды. Оның табиғи даму мүмкіндіктерін тәрбие барысында пайдаланып, оған барынша қолдау көрсету қажеттігін талап етті. Біздің дәуірмізде жақсы нәтиже беріп, барша дүниеде өзіне көптеген тараптарлар тартып, бұл теория гуманистік пелагогиканың күшті де куатты ағымына айналды.
Барша кезеңдердегі педагогтар қауымы гуманистік тәрбиемен дуниені қайта түлету үмітін ешбір жоғалтқан емес. Егер барлық адамдар қайырымды, адал, әділетті болған жағдайда, олар арасында дау-дамай өршімей, соғыс, қақтығыс, қарсы тұру себептері әлдеқашан жойылар еді. Әлемде тоқшылық, жылылық пен жақсылық жайлаған болар еді. Бірақ бұл үшін адамның өзін өзгерту қажет. Мұның бірден-бір жолы – тәрбие.
Тәрбие, тәлімді гуманизациялау Қазақстан Республикасының қазіргі кезең педагогикасының басты бағытына айналып отыр. Кешегі кеңес дәуірінен қалған мектеп өзінің қатал бағытын жұмсартьш, бала пайдасына орай гуманистік тәрбиеге бет бұрды. Бірақ мектепті ізгілендіру істері әлі орныға қойған жоқ, бұл бағыттағы ұнамды ізденістер жүргізілуде.
Гуманизм (адамгершілікті) – әлемде адамды ең жоғары құндылық деп таныған біртұтас теориялық тұжырымдама. Бұл тұжырымдаманың басты ережесі - тұлға қадір-беделін қорғау, оның еркіндікке, бақытқа, дамуға және өз қабілеттерін байқата алуға еркіндігін тану және мойындау, бұл үшін колайлы (өмірлік, еңбектік, тәлімдік және т.б.) жағдайлар түзіп беру. Гуманизм - бұл жалпы адам болмысының, сонымен бірге әрбір жеке тұлғаның әмбебап маңыздылығына қолдау-қуаттау беретін идеялар мен құндылықтар жиынтығы. Құндылықты бағыт-бағдар және нұсқау - көрсетпелер жүйесі ретінде гуманизм қоғамдық мұратқа айналып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |