Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор



бет85/226
Дата22.12.2021
өлшемі4,7 Mb.
#585
түріМонография
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   226
7.5. Оқу-үйретім құрылымы

Оқу-үйретім үдерісі нақты құрылымға ие. Ол келесі бірліктерді қамтиды: мақсаты мен міндеттері, мазмұны, субъектері, әдістері, ұйымдастыру формалары, нәтижесі (нақтамасы).

Оқу-үйретім мақсаты – жетекші бірлік. Оқу-үйретім үдерісін ұйымдастырушы педагог әрдайым балалармен бірге оқу-үйретім әрекетіне кіріскенде өз ойында соңғы нәтиже жөнінде болжам жасайды. Педагог жалпы және басты мақсаттар – (балаларға білім жиынтығын ұсыну, ептілік және дағдыларға үйрету, шәкірттердің ақыл-зерделік күш қуатын дамыту) – белгілеумен қатар шәкірттердің нақты білім, ептіліктер мен дағдыларды тереңдей игеруін қамтамасыз етуге байланысты өз алдына жекеленген міндеттерді қояды. Жекеленген және жалпы міндеттермен бірге мұғалім оқу-үйретім үдерісінде жоғары санаттағы тұлғалық іс-әрекеттер дамытуға өте жоғары назар аударады.

Мұғалім мен шәкірттердің педагогикалық өзара іс-әрекеттестік қатынастары үдерістің маңызды бірлігі. Ол шәкірттер игеруі тиіс әлеуметтік тәжірибе мазмұны төңірегінде ұйымдастырылады. Ондай бірліктер – балаларға ұсынылатын нысан, ол – мұғалім жұмысы, ол – балалардың танымдық заты, ол – ақыл-зерде дамыту құралы, ол – ептіліктер мен дағдылардың құралу көзі. Осы мазмұнда аса маңызды келетін педагогикалық қарама-қайшылық көрініс береді. Ол бір тараптан, адамзат тарихында жинақталған орасан мол қоғамдық-тарихи ақпарат қоры, екінші тараптан, сол қордан танымға қажетті негізгілерін ғана таңдастырып алу міндеті. Ғылым, өнер, басқа да қоғамдық сана формалары міндетті өз орнына ие болуы әбден қажет. Мұндай аса маңызды міндеттер қатарында тұлға қалыптасуына ерісу, жоғары тәрбиелік нәтиже, табыстарға қол жеткізу мұраттарын тіпті де естен шығаруға болмайды. Мақсаттың психологиялық, педагогикалық маңызы – оның мұғалім бойындағы шығармашыл күштерді ұйымдастыруы мен іске қосуында, оның шәкірттермен бірлікте түзілетін оқу-үйретім әрекеттестігі, қатынастардың тиімділігін көтеріп, оқу-үйретім жұмысының аса қажетті де өнімді мазмұнын, әдістері мен формаларын іріктеп алуға жәрдем беруінде. Оқу-үйретім үдерісінде мақсат тек ұстазға ғана емес, шәкірттерге де әбден түсінікті болған да ғана жоғары дәрежеде әрі жеделдікпен жұмыс атқарады, адамға керек болған сан қилы, көп мөлшердегі ақпаратты жинақтайды. Алайда, балалар олардың бәрін толықтай игеруі тиіс емес, игеруге күші де жетпейді. Оқу-үйретім үдерісінінің бірлікті күйге түсуі үшін ғылыми ақпарат педагогикалық өңдеуден өтуі қажет, баланың нақты қоғамдық тарихи жағдайдағы өмір тіршілігіне және дамуына қажеттігі, сонымен бірге ол ақпарат әр жастағы балалардың игере алуына сай болуы тұрғысынан таңдастырылуы тиіс. Бұл қайшылықты педагогика ғылымы тәжірибе-эксперименталды жолмен шәкірттерге қажет ақпараттың қиыншылығын, санын, сапасын және дәрежесін және оның әрбір бала тарапынан игерілуі мүмкіндіктерін анықтау арқылы шешеді.

Оқу-үйретім үдерісінің басты кейіпкері, субъекті - бұл мұғалім. Ол-бүкіл тәлім-тәрбие мазмұнының иегері және жеткізушісі, балалардың барша танымдық іс-әрекетін ұйымдастырушы. Мұғалімнің тұлғалық бойында объективті де субъективті қиындықтар сабақтаса жинақталған. Ол шынайы білім, ептілік және дағдылар тобын өз бойына сіңіріп, қабілетінің жеткенінше өз шәкірттеріне ұсынады, игертеді. Балалармен болған іс-әрекеттестігінде ол өзінің барша жеке тәжірибесін, өз мүмкіндігінше ойлау тәсілдерін, өз санасын, сезімдерін, темпераментін, жалпы адамзаттық және ерекше педагогикалық қабілеттерін іске қосады. Оқу-үйретім үдерісінде мұғалімнің қайталанбас адамгершілік даралығынан сабаққа, тәрбие жұмысына нәр беретін, өмірге деген ізгілік-эстетикалық қатынастарының барша құрылымы үлкен маңызға ие. Мұғалім бұл үдерістің бүкіл ішкі және сырттай тетіктерін әрекетке келтіреді, яғни ол білім (бермейді) ұсынады, балалардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастырады және шәкірттерді оған ынталандырады, білімге болған қызығушылығын оятып, оған деген қажеттік қалыптасуға үйретеді.

Оқу-үйретім үдерісінің басты қатысушысы, аса белсенді өз бетінше дамуға түскен субъект – бұл шәкірттің өзі. Ол педагогикалық танымның объекті де, субъекті де. Осы шәкірт үшін дидактикалық үдеріс жасалады. Осы үдерісте ол мұғаліммен, қоршаған дүниемен “субъект-объектті” қарым-қатынасына енеді. Таным барысында бала санасында сан қилы ғылыми негізделген оқу-үйретім әдістерінің көмегімен шынайы болмыс бейнесі қалыптасады. Балалар тарапынан шынайы болмыстың игерілуіне жәрдем беретін тетіктер – бұл іс-әрекет және сөйлесу, ортақтасу байланыстары.

Танымдық үдеріс құрылымындағы мәнді бірлік – оқу-үйретім әдістері. Әдістер – бұл танымдық міндеттерге қол жеткізуге қажет мұғалім мен шәкірт арасындағы танымдық іс-әрекеттестігінің тәсілдері, жолдары. Қазіргі заман дидактикасы қорында көптеген, әрқилы әдістер жинақталған. Дегенмен, оқу-үйретім үдерісінің сипаты, ондағы әдістердің қолданылуы мұғалім мен шәкірттің жеке даралықты ерекшелеріне тәуелді. Сондықтан педагогикалық қызметте әдістердің өзіндік тиімділігі емес, сол әдістерді қолданатын нақты мұғалімнің даралықты әдістемелік жүйесі мен оның балалармен түзетін өзара әрекеттестік жүйесі орасан маңызға ие.

Әдістер мен әдістемелік жүйе тек мұғалімнің қызмет атқару тәсілі болып шектелместен, ол тәсіл шәкірттердің де ұсынған материалды қабылдауының құралы есептеледі. Әрқандай әдіс танымдық үдерістің екі тарапын белсенді іс-әрекеттестікте біріктіре алса, мұғалімнің әдістемелік жүйесінің шәкірттердің танымдық іс-әрекетінің құралына айналуға көмектессе ғана, оның тиімділігі іске асады. Бұл үшін балалар қандайда бір нақты әдістің ерекшеліктерін біліп алуы, оқу-үйретім еңбегі ептіліктері мен дағдыларын меңгеруі тиіс.

Дидактикалық үдеріс оқу-үйретім формасын ұйымдастырмай, орындалуы мүмкін емес. Оқу-үйретім формасы – бұл мұғалім мен шәкірттің бағдарлы мақсатты көздеген, нақты ұйымдастырған, мазмұнға бай әрі әдістемелік жабдықталған танымдық іс-әрекеттестігін танытады. Оқу-үйретім формасы мазмұн, жабдықтар және әдістердің нақты мақсатты алға тартып, табиғи бірлікке келуімен іске асады. Қазіргі заман дидактикасы танымдық іс-әрекеттің көптеген ұйымдастық формаларымен белгілі. Мектеп тәлім-тәрбиесіндегі жетекші оқу-үйретім формасы – сабақ. Мұның қатарында оқу формалары ретінде дәрісбаян, семинар, зертхана-тәжірибелік, әңгімелесу-сұхбат арқылы ақпарат ұсыну, қабылдау дәрістері де пайдаланылады. Әр форма оқу-үйретім жұмысының мазмұнына, балалар жасына, тәлім міндеттеріне, т.с.с. тәуелді нақты құрылымға келіп, арнайы бітістері мен ерекшеліктері тұрғысынан көрінеді.

Ұйымдасу формалары қатарында балалар оқу-үйретімінің әрқилы жүйелері қалыптасқан. Олар жеке даралықты, топтық, сынып-сабақтық, бригадалық және т.б. Аталған жүйелердің өзара қайшылығы жоқ, бірінің құрылымдық бөлігі екіншісіне өте жүруі мүмкін.

Оқу-үйретімнің аса маңызды формасы – шәкірттің өзіндік жұмысы. Мұндай жұмыс сипаты: Шәкірттердің міндетті немесе қалауымен білім топтауға жәрдемші үй тапсырмасын дайындауы, кітапханадағы және үйірмелердегі пәндік ізденістері. Өзіндік жұмыс игерілген білім, ептілік және дағдыларды бекіту, балалардың ақыл-зерделік күш-қуатының жедел дамуы, тұлғалық кемелге жету құралы ретінде аса қажет. Өзіндік жұмыс үдерісінде сабақта өтілгендерді қайталап, бекіту және жаңаны игеру ғана емес, сонымен бірге материалды өңдеуден өткізіп, сындарлы бағалаумен меншіктеу көзделеді. Осыдан өзіндік жұмыс шәкірт тұлғасының дамуында шешуші қызмет атқарады. Әсіресе, қазіргі заман талабында жаңалықты ақпараттардың үдере молайуына байланысты өзіндік жұмыстың мәні артуда.

Оқу-үйретім үдерісі құрылымының қорытушы бірлігі – педагогикалық нақтама. Ол шәкірттердің білім, ептілік және дағдыларының сапасын анықтау және олармен болған өзара іс-әрекеттестігінің тиімділі жөніндегі кері ақпаратты алу мақсатында орындалады. Нақтама оқу-үйретім үдерісіне түзетулер енгізуге, яғни сабақ формасын өзгертуге, жаңа әдістерді енгізуге, үлгерімі төмендерді өз уақытында алға тартып, дарындылардың бұданда кемелдене түсуін қамтамасыз етеді. Нақтама әдістері арасында жеке-дара, топтық ауызша сауалнама, көптеген өзіндік жазба жұмыстары, қайта жасау не шығармашыл, жасампаздық тапсырмалары қолданылады. Бүгінгі таңдағы дұрыс жүргізілген педагогикалық нақтама мұғалім жұмысындағы формализмді түбегейлі аластап, оның балалардың қабілеттері мен дарынын, дәл айқындап, жетемелі оқу-үйретімге тиімді таңдау жасауға көмектеседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   226




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет