Музыка сабақтарын перспективті-тақырыптық жоспарлау



бет6/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,22 Mb.
#5302
1   2   3   4   5   6   7

Ән тыңдау. «Бұлбұл». Үнтаспа.

Дина Нүрпейісова Құрманғазыдан бата алған, «күй анасы» деген атқа ие болған күйші. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған Құрманғазы күйлерін бізге жеткізуші ғана емес, өзі де күй шығарған композитор.

«Бұлбұл» күйін зер салып тыңдасаңдар, әнші құстың әсем әнін домбырада шебер бейнелей білген. Күй құдіретін ұғына білу, тыңдай білу балалардың жас кезінен музыкалық қабілетін арттырады.

Ән айту. «Момышұлы Бауыржан». Е. Өміров.

— Бауыржан Момышұлы деген кім?

— Ол кісінің атымен аталатын қандай ғимараттарды, көрікті жерлерді білесіңдер?

— Ән қалай орындалады?

Ән айтар алдында дауысты қалыпқа келтірейік.

Ән жігерлі, қайратты орындалады. Ән орындау кезінде патриоттық сезім оянып, батырлыққа, Отанын сүюге деген ынта пайда болады.



Музыкалық - дидактикалық ойын: «Торғайлар мен маши­на». Жол үстінде ұшып-қонып жүрген торғайлардың қимылын жеңіл музыка әуенімен беріп, машинаның дыбысын қатаң, жағымсыз дыбыспен бейнелеп, машинадан тезірек қашып құтылуға үйрету. Екі бөлімді музыка дыбыстарын ажырата білуге дағдыландыру.

Әуенді қимыл-қозғалыс. «Сарбаздар биі».

Марш екпінімен аяқты нық басып, басты тік көтеріп, түрлі қимылдар жасау. Музыка әуенімен бірге қимылдап үйрену. Би қимылдары арқылы жинақылыққа, ептілікке баулу.



Әліппе - дәптермен жұмыс.

Қорытынды: Бүгін біз қандай батыр туралы әңгімелестік? Батыр атаның қандай қанатты сөздерін есте сақтадыңдар? Қандай музыка тыңдадыңдар?

Бүгінгі іс-әрекетімізде Бауыржан батырдың ерлігін паш ететін әндер айтып, әңгіме өткіздік. Батыр атаның ерлігін ел қадір тұтып, 2010 жылы Алматыдағы Панфиловшылар саябағында ескерткіш орнатылды.

Жалпы қорытындыда ерекше көзге түскен, белсене қатысқан балаларды атап өту.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жеңіс күнін тойлаймыз.

Бағдарламалық мазмұны: таныс музыканы тани, жанрын ажырата, динамикалық өзгерістерді білу қабілеттерін да­мыту.

Балалардың ән, әуенді қимыл қозғалыс орындауда өздігінен, еркін шығармашылың белсенділігін көрсете білуіне мүмкіндік жасау, қолдау.

Ұлы Отан соғысы, Жеңіс күні туралы түсінік қалыптастыру.

Отанына деген патриоттық сезім тәрбиелеу.



Пайдаланылатын құралдар: Ұлы Отан соғысы туралы панорама, суреттер көрмесі; Әлия мен Мәншүк, Бауыржан Момышұлы ескерткіштерінің суреттері, үнтаспа.

Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Ұлы Отан соғысы туралы түсінік қалыптастыру. 28-Панфиловшылар паркіне, Әлия мен Мәншүк, Бауыржан Момышұлы ескерткіштеріне саяхат жасау, гүл шоғын қою.

Іс-әрекет кезеңі:

Үнтаспадан «Жеңіс күні» әнінен үзінді беріледі.

- Соғыс дегенді қалай түсінесіңдер?

- «Жеңіс күні» дегенді қалай түсінесіңдер?



Ән тыңдау. «Мерекелік марш». Н. Леви. Үнтаспа.

- Тыңдаған әніміз қай жанрға жатады: ән, күй, би, марш.

- Марш музыкасы қалай орындалады?

- Марш музыкасына сәйкес қандай қимыл-қозғалыстар жасауға болады?

«Әлия». С. Бәйтереков. Үнтаспа.

- Әлия Молдағұлова - қазақтан шыққан батыр қыз. Ұлы Отан соғысында елімізді, отанымызды қорғау үшін ер-азаматтармен бірге соғысқа аттанған. Елі үшін, келешек ұрпақ үшін жанын қиған, «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған ержүрек, қайсар, батыр қыз. Алматы қаласында қос батыр қызға арналған ескерткіш бар. Үстіне жауынгер киімін киіп, арқасына мылтық асынған екі жас қызды көргенде, бойыңда отанға, батырларға деген сүйіспеншілік қалыптасады.

- Ән сендерге ұнады ма?

- Соғыста батыр атанған тағы қандай ержүрек, батыр, ба-тыл жауынгерлерді білесіңдер?

- Ән қандай екпінде орындалып отыр?

- Ерлік туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?



Ән айту. «Жеңіс күнін тойлаймыз». Ж. Тезекбаев.

- Әнде кім туралы айтылады?

- Ән қандай көңіл күйде жазылған?

- Ән сендерге ұнады ма?

- «Орден» дегенді қалай түсінесіңдер?

- Орден не үшін беріледі?

- Ән қалай орындалды?

Ережелерді есте сақтап, дауыс жаттығуын жасау. Әнді кө-ңілді, мақтанышпен, жігерлі орындау. Әнді үйлесімді, бірге қосылып айтуға дағдыландыру.



Әуенді қимыл-қозғалыс. «Яблочко». Орыстың халық биі.

Басқа ұлт билерін билеуге және шығармаларды ойнауға ынталандыру.

Еркін тұрып, музыка ырғағына сәйкес қимыл жасау. Өткен іс-әрекеттердегі үйренген би элементтерін қолдана білу. Белді қолда ұстап, отырып, тұрып, серіппелі аяқты алға созу.

Музыкалық - дидактикалық ойын: орыстың халықтық «Яб­лочко» биін түрлі аспаптармен сүйемелдеу.

Музыкалық аспапта ойнау: «Өжет ұшқыш». Үн шығарып, музыка әуеніне қосылу.

Қорытынды: Бүгінгі іс-әрекетімізде қандай оқиға туралы өттік? Жеңіс күні қай күні тойланады? Іс-әрекеттің қай кезеңі сендерге ұнады?

- Барлық адамдар, жер бетінде бейбітшілік болуына атсалысуы керек. Сендер елді, жерді қорғайтын парасатты азамат, мұрагер болып өсулерің керек. Бүгін барлығың өте жақсы жұмыс жасап, сабақтың қызықты өтуіне белсенді қатыстыңдар.



Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ақ қанатты, көк қанатты көбелек.

Бағдарламалық мазмұны: Түрлі аспапта орындалған лирикалық сипаттағы музыканы, әндердің мазмұнын түсіну, ойнаған аспаптарды тани, ажырата, көңіл күйді сезіне білуге талпындыру. Балалардың шығармашылық қиялын, көбелектер бейнесін еркін, жеңіл бере білуге, би элементтер түрін ойлап табуын қолдау. Көбелектерге, жәндіктерге қамқоршылықпен қарауға тәрбиелеу.

Пайдаланылатын құралдар: Түрлі түсті көбелектер суреттері; гүлдер.

Іс-әрекет кезеңі:

Жұмбақ: Үстіндегі көйлегі,

Түрлі түсті не керек?

Қызықтырар көргенді, Мұның аты ... (көбелек)



Ән тыңдау. «Бұл қай кезде болады?» Жаз. Б. Ерзакович.

- Әнде қай жыл мезгілі айтылады?

- Ән қалай орындалады?

- Көбелектер жылдың қай мезгілінде болады?

- Көбелек туралы не білесіңдер?

- Қалай ойлайсыңдар: көбелектер көре ме?

- Көбелек қалай тамақтанады?

Көбелектер өте иісшіл келеді. Хош иісті гүлдің иісін үлкен арақашықтықтан сезіп қояды. Көбелектің ұзын, жіңішке тұм­сығы болады, сол тұмсығымен гүлдің тәтті шырынын, жеміс-жидектерді тұмсығымен тесіп, шырынын сорып алады



Ән айту. «Көбелек». М. Әубәкіров.

Қызыл қанат көбелек,

Жасыл қанат көбелек,

Гүлден гүлге қонасың,

Ұстатпайсың, не керек?

***


Ақ қанатты көбелек,

Көк қанатты көбелек,

Қызыл қанат көбелек,

Бақшамызға келе кет.

Ж. Смақов

Әуенді қимыл-қозғалыс. «Көбелектер биі». Биді жеңіл, денені еркін ұстап, аяқтың ұшымен, қалқып, ұшып, бір-біріне соқтығыспай билеу. Әр баланы өзіндік би элементтерін ойлап табуға және оны мәнерлі орындауға жетелеу.

Музыкалық аспапта ойнау: К. Күмісбеков. «Жаз».

«Еркем-ай», қазақтың халық әні, өңдеген Б. Дәлденбаев.



Әліппе - дәптермен жұмыс.

Қорытынды: Жалпы іс-әрекетке қысқаша қорытынды.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жаз.

Бағдарламалық мазмұны: Түрлі аспапта орындалған лирикалық сипаттағы музыканы, әндердің мазмұнын түсіну, көңіл күйді сезіне білуге талпындыру. Балалардың шығармашылық қиялын, ұлттық би элементтер түрін ойлап табуын қолдау.

Пайдаланылатын құралдар: Жайлау көріністері, «Жайлауда» тақырыбын бейнелеуге қажетті құрал-жабдықтар (киіз үй, жайылған төрт түлік, қазан-ошақ, т.б.), үнтаспа.

Жаңылтпаш: Жары, қары, шаңы, аңы, малы бар, Суы, нуы, буы, шуы бар.

Осы жаңылтпашта не артық?

Іс-әрекет кезеңі: Қойның толы жеміске,

Көк майсалы еңісте

Көбелек қуып ойнайтын

Қай мезгіл деп ойлайсың?



Ән тыңдау. «Саржайлау». Тәттімбет. Үнтаспа.

- Айнала жап-жасыл түске еніп, түрлі түсті гүлдер жайнап тұрған кез жылдың қай мезгілі? Бұл қай кезде болады?

- Жаз несімен ұнайды?

- Жазда ауа райы қандай болады?

- Денсаулығымызды шыңдау үшін жазда қандай шаралар жасаймыз?

Күйде жайлаудың кең өрісі, жаздың көрінісі жігерлі, жайдары, көңілді әуенмен көрсетілген. Сендер жайлауға барып көрдіңдер ме?



Ән айту. «Мен жайлауға барамын». Б. Қыдырбекова.

- Жайлау деген не?

- Жайлауға не үшін барады?

- Жайлаудан қай кезде қайтады?

- Жайлауда кімдер тұрады?

- Жайлаудың көрінісін суреттей аласыңдар ма?

- Жаздың келбетін қандай түспен бояуға болады?

- Жайлауда қандай жануарлар болады, олардың төлдері қалай аталады?

- Дұрыс айтасыңдар, жазда демалыста ауылға барып, суға түсіп, денемізді күнге қыздырып, шынығамыз. Айран, қымыз ішіп, сауығамыз. Жалаңаяқ жүрген денсаулыққа өте пайдалы.

Ән көңілді орындалады. Жыл бойы ән айту ережелерін сақтап, ескертусіз орындай алатын дәрежеге жеттіңдер. Дауыс жаттығуын жасап, әнді айқайламай, әндетіп, бір-бірімізді тыңдай отырып айтайың.



Әуенді қимыл-қозғалыс. Түрлі билерден үзінді орындап, жыл бойы үйренген би элементтерін қорытындылау. Му­зыка ырғағымен нақ, дәл, бірлесіп билеу. Вальс ырғағымен жұптасып, аяқты бірге басып билеу.

Музыкалық - дидактикалық ойын: «Балапан мен мысық». Екі бөлімді музыка әуенін ажырата білу.

Әліппе - дәптермен жұмыс.

Қорытынды: Жалпы іс-әрекетке қысқаша қорытынды.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қош бол, балабақша.

Бағдарламалық мазмұны: Әнді түрлі сезімдерін бере, ән сөздерін анық, нақты орындауға талпындыру. Музыка ырғағына сәйкес би элементтерін, қазіргі би элементтерін еркін орындауға баулу.

Пайдаланылатын құралдар: ойыншықтар, Әліппе, оқу құралдары, қоңырау, ойын атрибуттары.

Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: балабақша, бала-бақша қызметкерлері туралы әңгімелесу, суретке түсу.

Іс-әрекет кезеңі:

Жұмбақ: «Тарыдай болып кіресің,

Таудай болып шығасың» дегенді қалай ұғасың?

- Балабақшада не істеуге үйрендің?

- Мектепке неше жастан барады?

- Мектепте не үйретеді?

- Оқушының Ережесін білесіңдер ме?

Жұмыс барысы: Сен үйреттің сөйлеуді,

Сенде ойым есейді.

Мектепке мен барамын,

Балабақшам, қош енді.

Құшағыңда жарқылдап

Өтті сәби күндерім.

Мектепке барам мен енді,

Балабақшам, қош енді.

Қолыма гүл аламын,

Дайын дәптер - қаламым.

Қуанышпен шаттана,

Мен мектепке барамын.

Біздер жеті жастамыз,

Сәбиліктен асқанбыз.

Мектеп бізді шақырады,

Қош бол, әсем бақшамыз.



Ән тыңдау. Жұмбақ әуендер сайысы: «Айгөлек», «Қоңыраулар сылдыры», т.б. әндерді тыңдау, естеріне түсіру, тану, атау, ажырату.

Тыңдаған әуенге сәйкес кім ең жақсы би элементтерін ой­лап тауып орындайды.



Ән айту. «Қош бол, балабақша». Р. Төлендиева.

Әуенді қимыл-қозғалыс. Қош бол, ойыншықтарым!

Музыкалық - дидактикалық ойын: Әнді тайтұяқ, асатаяқ, т.б. аспаптармен қостау.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Біз мектепке барамыз.

Бағдарламалық мазмұны: Музыка характері туралы түсінік - танымдарын бекіту. Әнді қуанышты, шаттана, көпке ілесе орындауға баулу.

Би қимылын музыка ырғағына үйлесімді, еркін орындауға төселдіру.

Мектепке, оқуға деген қызығушылығын, оқу құралдарын, заттарға ұқыптылықпен қарау қабілеттерін дамыту.

Пайдаланылатын құралдар: Мектеп, сынып суреттері; оқушыға қажетті құрал жабдықтар.

Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Мектеп, ұстаз, оқу құралдары, мектеп ережелері туралы әңгімелеу.

Ата-аналар үшін «Оқушының бөлмесі, оқу орны қандай болуы керек», «Оқушының күн тәртібі» атты тақырыпта көрме, фото қабырға газетін ұйымдастыру.



Іс-әрекет кезеңі:

Жұмбақ:


• Сөзі дана, үні жоқ.

Сөйлемейді, тілі жоқ.

Қолыңа алсаң шешен,

Ақылы асқан көсем. (Кітап)

• Қабат-қабат қаттама,

Ақылың болса аттама. (Кітап)

• Аппақ дала, қара дән,

Сепкен дәні түсінуге жараған. (Әріптер)

• Аяғы біреу, қолы жоқ,

Шиыр-шиыр жолы көп.

Өзі сөйлей білмейді,

Салған ізі сөйлейді. (Қалам)



Әліппе

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе - ғылым ағасы.

Әліппеден басталған

Даналықтың данасы.

А. Асылбеков



Ән тыңдау. «Көңілді балалар әні». Б. Дәлденбай.

- Ән қандай жылдамдықта орындалды?

- Әнде не туралы айтылған?

- Әннің мәтініндегі «жабырқауды, жалқаулықты білмейміз» деген сөздерді қалай түсінесіңдер?

Бақытты елдің бақытты балалары өте көңілді, сергек, өмірге қүштар болады. Ән арқылы сол көңіл күйді беріп отыр.

Ән айту. «Біз мектепке барамыз». А. Меңжанова. «Біріншіге барамын». Т.Тайбеков.

- Әнде не туралы айтылып отыр?

- Мектепке қандай құрал-саймандар дайындаған?

- Сендер мектепке дайынсыңдар ма?

- Балабақшамен қоштасатын кез келді, сендерде қимастық сезім бар ма?

- Ән қалай орындалды, жылдам ба, әлде баяу ма?

- Сендер ойыншықтарыңды кімге бересіңдер?

Әнді дұрыс, сабырлы айтуымыз керек. Дауысымызды қалыпқа келтіріп, ән айтуға дайындаламыз. Демді дұрыс алып, бөліп шығару керек. Әуенін дұрыс әндете айтып үйрену қажет.



Психологиялық жаттығу: «Түрлі мимикалар».

Әуенді қимыл-қозғалыс. Халық әні «Бипыл».

Музыка ырғағымен түрлі қимылдар жасау. Домбырада ой­нау, толқын, киіз басу, ұршық иіру сияқты би элементтерін жа­сау. Музыка әуенін сезіне білу, қосылып қимыл жасай білу.



Музыкалық - дидактикалық ойын: Үш көңіл күй (мұңаю, қуану, ойнау).

Музыка әуеніне сай қимылды өзгертіп отыру. Көңіл күйді музыка әуенімен ұштастырып, қимыл жасауға дағдыландыру. Бет әлпетінің кескіні салынған қима қағаздармен жұмыс ұйымдастыру.



Қорытынды: сұрақ-жауап арқылы әрбір іс-әрекет кезеңін талқылау.

Балаларды бағалау, мақтау, марапаттау.



ҚОСЫМШАЛАР

«Астана-Бәйтерек»

Ғасырдан ғасырға жеткен ежелгі аңыз қайтадан жанданды. (Бәйтерек көрінісі.) Аңыз қайтадан тірілді! Есілдің сол жағалауында өзінің бұтақтарын жайып «Астана-Бәйтерек» бой көтерді. Тамаша сәулеттік ғимарат темір, бетон шыныдан жасалған: темір құрылымының биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады, 500 қада-діңгекке тіреледі.

Дүние жүзінде бірінші рет салмағы 300 тонна болатын шар хамелеон шыныдан жасалған, ол күн сәулесінің түсуіне қарай өз түсін өзгертіп тұрады. Шар 97 метр биіктікте орналасқан.

Бәйтерек - өмір ағашы. Оның негізгі ерекшелігі - басты деңгейден тұрады: төменгі деңгей - жер астында, ортаңғы деңгей - жер бетінде, жоғарғы деңгей - аспан әлемінде. «Бәйтерек» кешенінде Ерболат Толепбай суреттерінің шағын галереясы ұсынылған.

Сондай-ақ дәмхана, аквариум орналасқан.

Шолу лифті арқылы «Бәйтерек» ағашының бұтағымен ортаңғы деңгейге көтеріліп, содан соң аспан деңгейіндегі шарға тап боласыз.

Шардың ішінде бар орналасқан, көру залынан астананың жаңа келбетін тамашалай аласыз.

***


Монументтің жоғарғы бөлігінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алақаны мен күміс бойтұмар орналасқан. «Аялы алақан» композициясының ортасында оз халқына келісім мен достық, бейбітшілік кепілі болуға, барлық Қазақстан халықтарымен бірге жарқын болашаққа жетелеу арманын жүзеге асыруға ант берген Президенттің оң қолының таңбасы бар үшбұрышты тұмар орналасқан.

«Аялы алақанның» қасында Бірінші дүниежүзілік діндер съезінде 17 елдің өкілдері оз тілектерін қалдырған тағы да бір көрініс орын алады.

Бейбіт күнде туымыз

Көктегі күнмен тілдесті.

Сол көк тудың астында

Бар қазақ мәңгі бірлесті.

«Бәйтерек» сөзінің мағынасы - өсіп тұрған жас, мықты ағаш деген ұғымды білдіреді.

«Астана-Бәйтерек» монументі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеден келе жатқан, тамыры тереңге кеткен тарихи - рухани мәдениетін білдіреді.

«Астана-Бәйтеректен» мемлекетіміздің өткені мен бүгінгісі, болашаққа деген үміті анық көрінеді.

Тамаша «Бәйтерегі» Астананың,

Айшықты белгісі сол жас қаланың,

Жер шары жатыр сыйып дос құшаққа

Аспалы бесігіндей жас баланың.

***


Қара таудай үшбұрышты ғаламат,

Жалт қарайсың атын естіп бағалап,

Ақ мойнына Алла тұмар таққандай

Астанаға орнатылған аманат.

«Пирамида» Еуразияны нұрлы етті,

Жер-жаһанды жалт қаратты Астана

Еуразиялық айғақ болып үлгісі.

Батыр ата

Аты аңызға айналған ұлт мақтанышы, жазушы, Халық Қаһарманы - Бауыржан атамыздың 100 жылдық мерейтойы тойланды.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде, анасы Рәзия, әкесі Момыш отбасында дүниеге келген. Аз уақыт Евгеньевка ауылындағы орыс мектебінде оқып, Жамбыл қаласындағы Асы интернатында оқуын жалғастырады.

1928 жылы Шымкенттегі жеті жылдық мектепті үздік бітірген соң, бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет істейді. Бауыржан Момышұлы өзінің естеліктерінің бірінде «Менің мансабым ауылдық милиционер қызметінен басталған. Содан бастап өз орнымды әдебиеттен іздей бастадым» дейді. Содан Қызыл Армия қатарына шақырылады. Бауыржан Момышұлы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты оқиды, Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы, Кеңес Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітіреді. 1941 жылы 22 маусым күні, таңғы төртте фашистік Германия Кеңес Одағына қарсы соғыс ашты. Алматы қаласында генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен 316-атқыштар дивизиясы жасақталып, сол дивизия құрамында командир Бауыржан Момышұлы майданға аттанады. Сұрапыл соғыс жылдары Бауыржан Момышұлы бастаған дивизия ерен ерлік көрсетеді. Мәскеу түбінде батальоны қоршауда қалып, бірнеше күн полкпен байланысы болмайды. Осыған қарамастан, күші басым фашистермен айқасып, Волоколам тас жолы бойымен дұшпанның шабуылын тоқтатады. Отан үшін, жерін, ұрпақтарын, өз халқының намысын қорғау мақсатында басын талай отқа, өлімге байлаған батыр Бауыржан.

Жаралғандай жалыннан

Жайсаң батыр Бауыржан.

Естігенде есімін,

Жау есінен жаңылған.

Бұзып-жарып қоршауды

Жолсыз жерден жол салды,

Достар түгіл, ерлігін

Қасы да естіп тамсанды.

Е. Ерботин

1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бауыржан атамыз шығармашылық өнер жолын 18 жасынан бастаған. Соғыс кезінде де күнделігінде жақсылықты, жаманшылықты да, шындықты ашық жаза білген. Ұлы тұлға, даңқты қолбасшы, қаламгер, батыр Бауыржан Момышұлының: «Офицердің күнделігі», «Біздің семья», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», тағы басқа көптеген еңбектері жарық көріп, басқа елдердің тіліне аударылуда.

2010 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы 28-Панфиловшылар паркінде Бауыржан атамызға ескерткіш қойылды.

Қазақстанның әр қаласында Бауыржан Момышұлы есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. Бауыржан атамыздың музейі бар.

Қорқыт ата

Қорқыт ата қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі мәңгі ұмытылмас ірі тұлға, ұлы өнерпаз, асқан күйші, қобыздың атасы.

Қорқыттың күйі мен қобызын халқымыз қастерлеп, бүгінгі күнге дейін сақтап келе жатыр.

Қарақожаұлы Қорқыт ата қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі жағасында 8-9 ғасырларда өмір сүрген.

Қорқыттың шешесі нәрестені тоғыз күн қатты толғатып, ерекше бір қорқынышты жағдайда өмірге әкелген. Сырдарияның жағасын қара тұман бұлт басып, үш күнге дейін күн көзі ашылмайды. Қара түнектен қорыңнан халық жаңа туған баланың атын Қорқыт деп қойған.

Қорқыт ата қобыздан күй төгіп, өмір жырын толғап тұрғанда оған ажал батып келе алмаған. Содан бері қобызды халқымыз киелі санаған. Қорқыт ата өлмейтін ғұмырды табады. Ол - қобыз.

Қобыз қиын-қыстау, тар жолдарда Қорқыт атаның өзегін талдырмас қорегі, ақыл-ойын өрбіткен, арып - шаршағанда шабыт берген, сергіткен өмір серігі болған:

Жиһан кезіп жүргенде

Серік қылған қобызым.

Өзек талған кезімде

Талшық қылған қобызым.

Таусылғанда амалым

Нақыл берген қобызым.

Шағылғанда тауаным

Ақыл берген қобызым.

Шалдыққанда шаршатпай

Сүйеу болған қобызым.

Жабыққанда мұңайтпай

Сазым болған қобызым.

Замананың сағымын

Күй ғып тартқан қобызым.

Сарылғанның саласын

Сыр ғып тартқан қобызым.

Қорқыт ата адам жүрегін тебірентетін толғауы тоқсан түрлі күй шығарған. Сол кейбір күйлері біздің заманымызға дейін жетіп отыр.

Қорқыт атаның күйлері: Ұстаз, Аңқу, Елім-ай, Қоштасу, Кілем жайған, Қорқыт күй, Башпай, Ұшардың ұлуы, Желмая, Сарын, Қоңыр.

Қорқыт атаның нақыл сөздері:

- Самай шашы ағарған баба көрікті,

Ақ сүтіне тойғыза - тойғыза емізген ана көрікті.

- Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті.

- Қыз анадан көрмейінше, іс түзелмес.

- Ұл - атаның ері, екі көзінің бірі.

- Дәулетті ұлың болса, ошағыңның қоры болар, Дәулетсіз ұлың болса, атаңның көрі болар.

- Өнегелі бала көрікті, т.б.

Қорқыт атаның сегіз қырлы күмбезді мазары қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Темір жол станциясында, ол қазір «Қорқыт» деп аталады. Су шайған бұрынғы бейіттің орнына жаңа ескерткіш орнатылды. Ол ескерткіш - биік төрт қобызды бір-біріне сүйеп, біріктіріп жасаған.

Қазақтың аңыз әңгімелерінде Қорқыт атаның ең соңғы күйі «Башпай» деп аталады.

Қорқыт ата кітабы осы күнге дейін Дрезден қаласында он екі жырдан тұратын қолжазба күйінде және Италияда алты жырдан тұратын қолжазба күйінде сақталып келеді. Қорқыт ата кітабы VIII ғасырларда және одан да бұрын туған аңыздардың жинағы деуге болады.



ДОМБЫРА

Домбыра - қазақ халқының арасында өте ерте заманда кең тараған, ғасырлар сырын сақтаған, қос ішекті, шертіп ойнайтын музыкалық аспаптың бірі. Домбыра әртүрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып, немесе құрап жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Арнайы құлақ күйге келтіріледі. Домбыраның екі ішектісінен басқа да үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.

I. Домбыра туралы аңыз. «Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, - деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызында. - Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын алып тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға - құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт: «Қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп түр екен, бір амал жасайын», - деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады».

II. «Ақсақ құлан» аңызы. Қаһарлы қаған кімде-кім ұлының өлімін естіртетін болса, көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құюды бұйырады. Сол кезде ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда, бір домбырашы келіп, «Ақсақ құлан» күйімен естіртеді. Екі көзінен жас аға тыңдаған қаһарлы қаған: «Құй мынаның көмейіне!» - деген бұйрық береді. Домбырашы орнынан ұшып тұрып: «Дат, тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой Сізге естірткен», - дейді. «Олай болса, домбыраның шанағына құй қорғасынды!» - дейді қаған. Содан бері қазақ домбырасының шанағында тесік пайда болыпты мыс.

III. Жаумен күрестен, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан батыр жолда тоқтап, демалмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге отырған батыр ағаштың бөлігін кесіп алып, оған аттың қылын тартып, өзі жасаған аспаптан дыбыс шығармақшы болады. Бірақ аспап дыбыс бермейді. Оны ба­тыр қасына қояды да, ұйықтап қалады. Бір кезде оянса, аспаптан өздігінен дыбыс шығып жатыр екен. Аспапты қолына алып қараса, домбыраның басына, ішектің астына салынған ағаш кертпені көреді де, мұны шайтанның ісі деп шешеді. Сонан бері халық арасында бұл "шайтан тиек" деп аталып келеді. Ат қылынан тартылған ішекті, тиексіз аспаптар ерте кезде қолданылған.

Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл - сәл бос бұра.

Нағыз қазақ - қазақ емес,

Нағыз қазақ - домбыра.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет