Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Білім күні.
Бағдарламалық мазмұны: Музыкалық шығарманы тыңдау және әмоциясын ажырата білуге үйрету. Әннің сөзін анық, дұрыс айтуға талпындыру. Зер салу, есте сақтау қабілеттерін қалыптастыру.
Мектепке, оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын қалыптастыру.
Пайдаланылатын құралдар: мектеп суреттері, балалар әдебиеті, оқу құралдары, мектеп өмірі көріністерінен көрме; саз аспаптар; 1 үлкен және балалар санына сәйкес ұсақ қоңыраулар мен ағаш таяқшалар.
Қазақстан Республикасының Гимні (үнтаспа). Музыка Әліппе-дәптері.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: мектепке даярлық тобы түлектерінің бірінші қоңырауға қатысуы, балабақшаның, мектептің есігін бірінші күн ашып отырған балалармен танысу; ойын ұйымдастыру; балабақша түлектерінің сыйлық жасауы. Қазақстан Республикасының Гимні орындалған кезде адам өзін қалай ұстау керектігі туралы түсінік беру.
Іс-әрекет кезеңі.
Ән тыңдау. «Қазақстан». С. Мұхамеджанов.
- Ән қалай аталады?
- Қазақстан дегенді қалай түсінесіңдер? (Біздің туған еліміз. Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан).
- Музыка қандай, көңілді ме, әлде көңілсіз бе?
- Балалар, бүгін Қазақстан Республикасында барлық елдерде «Білім күні» тойлануда.
- Бүгін қай күн? (1 қыркүйек)
- Иә, дұрыс, бүгін 1 қыркүйек - Білім күні.
- Білім күні дегенді қалай түсінесіңдер?
- Оқушыға не қажет?
Олай болса, жұмбақ шешейік:
Қабат-қабат ақ тақыр
Беті тегіс жап-жалтыр.
Қабат сайын тізілген
Қатар-қатар жол жатыр. Бұл не?
Із қалдырып үнемі
Тұмсығымен жүреді. Бұл не?
Бетін адам ашады,
Білім нұрын шашады. Бұл не?
Келесі жылы сендер де мектепке барасыңдар, сондықтан оқушыға не қажет екенін кім жақсы білетінін байқап көрейік.
Ойын: «Кім дұрыс және шапшаң жинайды?»
- Балалар, «Білім - теңіз, түбі де, шегі де жоқ» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Білім туралы кім мақал-мәтел біледі?
Ән айту. «Мен бақшаға барамын». Т.Тайбеков.
Ән орындамас бұрын алдымен дауысымызды бір қалыпқа келтіріп алуымыз керек. Ән бастар алдында денені тік ұстап, қолды тізеге қойып, дыбыстың дұрыс шығуына жағдай жасау қажет.
Ән жеңіл, көңілді орындалады.
Психологиялық жаттығу: шапалақтың соғуын қайтала.
Музыкалық аспапта ойнау: Қоңырау.
- Қоңырау - сілкіп ойнайтын, ұрмалы музыкалық аспап.
- Қоңырау неден жасалады? Қоңыраудың үні қандай (нәзік, ашық, жіңішке, сыңғырлаған).
- Қоңырау не үшін қажет? Бүгін мектептерде балаларды сыңғырлаған күміс қоңырау алғашқы сабаққа шақырады.
Балалар кезектесіп қоңырауларын сілкіп, үрып, дыбысын тыңдайды.
Барлығы қосылып қоңыраумен «Мен бақшаға барамын» әнін қостайды.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін қандай ән тыңдадық? Ол әнді шығарған кім? Қандай күн туралы әңгімеледік? Қандай ән орындадық? Қандай музыкалық аспаппен таныстық?
Педагог қоңырауды соғады: «Қоңырау бізге не дейді? Қош келдіңдер! Сыныпқа еніңдер!» - деп шақырады.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Музыка әлемінде.
Бағдарламалық мазмұны: Музыка өнері туралы түсінік қалыптастыру; музыкалық өнер құпияларымен таныстыру; музыкалық мәдениет бастауын, рухани мәдениет қалыптастыру; бала бойындағы табиғи музыкалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Пайдаланылатын құралдар: үнтаспадағы құстар дауысы, скрипкалық кілт, ноталар, ұзындығы 1,5 м 5 жіп, бор.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: музыкалық жанрлар: ән, күй, би, марш тыңдау, салыстыру, ажырату.
Іс-әрекет кезеңі:
Аңырын, баяу музыка ойнап тұрады.
- Балалар, музыка дегенді қалай түсінесіңдер?
- Дұрыс, музыка адамның көңіл күйін, сезімін баурап алатын ғажайып дыбыс.
Ән тыңдау. Балаларға танымал әндер. «Қайырлы таң». Е. Өміров.
Музыка жетекшісі балаларға танымал деген бірнеше әннен үзінді ойнап, төмендегідей сұрақтар қояды:
- Сендер бұл әнді білесіңдер ме?
- Бұл ән не туралы?
- Ән қандай? Көңілді ме, әлде мұңды ма?
- Музыкалық дыбыстар қандай болады?
- Музыкада жоғары және төмен дыбыстар болады. Дыбыстар жоғарылаған сайын жіңішке, ал төмендегенде жуан болып шығады.
Қандай музыка түрлерін білесіңдер?
- Музыканы жазатын адамды қалай атайды?
- Әннің сөзін жазатын адамды қалай атайды?
- Балалар, сендер санамақ білесіңдер ме? (1-ден 7-ге дейінгі)
Кез келген музыканы, әнді орындау үшін оны түрлі белгілермен қағаз бетіне түсіреді.
Санамақтар сияқты музыкада 7 белгі бар, олар НОТА деп аталады (қайталау).
Тақтада жазылған немесе үлкен форматты қағазға жазыл-ған түрлі түсті ноталарды көрсету.
Скрипка кілті туралы мағлұмат беру.
- Осы музыкалық кілт неше сызықшаның үстінде түр? (5)
- Ал мына белгілер қалай аталады?
- Олар нешеу?
- До - Ре - Ми - Фа - Соль - Ля - Си. (Қайталау).
- Ноталар қалай орналасқан?
- Ойын: Бірінші нота қандай?
Үшінші нота қандай?
Бесінші нота қандай?
Соңғы нота қандай?
Екінші нота қандай? (Хормен қайталау; ойынды біртіндеп күрделендіре ұйымдастыру: қатарынан еденге салынған 5 жіп, сызылған сызықтарға балалар барып, аталған нотаның орнына түру).
Міне қазір ән сабағы
Барлығымыз ән саламыз!
Әнге сәйкес қол соғамыз.
Ән айту. «ДО-РЕ-МИ». Ө. Байділдаев.
Музыкалық аспапта ойнау: 2-3 түрлі балаларға арналған музыкалық аспап. Балалар қалауы бойынша аспапты таңдап, ойнайды.
Әуенді қимыл-қозғалыс. «Үш би». Би, би түрлері (қазақтың ұлттық, орыс халқының ұлттық билері (плясовая, кадриль, вальс), басқа ұлттар биі, полька, т.б.) туралы мағлұмат беру; балалардың қалауы бойынша би орындау.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін сабақта не үйрендіңдер? Неше нота? Музыка қалай белгіленеді? Енді сендер ноталарды білесіңдер, үмытпауға тырысыңдар. Келесі сабақтарда осы ноталар арқылы түрлі аспаптарда орындалатын қызықты, адамды еліктіріп, баурап алатын музыкалармен танысып тыңдаймыз. Музыканың құдіреті өте күшті. Таңертең ояна сала, кешке үйықтар алдында жайлы музыка тыңдаса, адам музыкадан нәр алып, жақсы сезімдерге бөленеді.
- Балалар, сендер қандай би түрлерімен таныстыңдар?
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қазақстан — Республикам менің.
Бағдарламалық мазмұны: Қазақстан Республикасының рәміздері туралы түсінік қалыптастыру. Гимн мазмұнын жете түсінуге мүмкіндік жасау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнін, нышандарын қастерлеу, мақтанышпен қабылдау, орындауға баулу. Тыңдаған, орындаған әндерді салыстыра, ажырата білуге жаттықтыру. Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Пайдаланылатын құралдар: Қазақстан Республикасының рәміздері: Қазақстан Республикасы Президентінің ұлықтау рәсімінен, Қазақстан жері, байлығы туралы көрініс; Гимн, Ту, Герб. Қазақстан Республикасының Гимні авторларының портреттері.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі, рәміздер тарихы бойынша алғашқы қарапайым түсінік қалыптастыру.
Іс-әрекет кезеңі:
Ән тыңдау. «Қазақстан Республикасының Гимні».
Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүкіл әлемге Қазақстан елін паш ететін рәміздердің бірі - осы гимн. Гимнді әрбір Қазақстан азаматы жатқа білуі тиіс. Гимн республикамызда болатын мерекелер мен салтанатты жиналыстардың ашылу және жабылу кезеңдерінде орындалады.
Ән айту. «Қазақстан жалауы». Д. Омаров.
Ән айтар алдында дауысты қалыпқа келтіру. Өткен сабақтағы әнді орындап, дауысты жаңа әнді орындауға төселдіру (дайындау). Әнді жалынды, жігерлі орындау керектігін ескерту. Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Әуенді қимыл-қозғалыс. «Айгөлек» әніне би билеу.
Ән арқылы дене мүшелерін би қимылдарына үйрету. Би қимылдарының өмірден, тұрмыстан алынатынын, әрбір қимылдың мән-мағына беретінін балаларға түсіндіру. Қимыл арқылы дене бітімінің әсем, сұлу болып өсетінін ұғындыру.
Психологиялық жаттығу: «Мейірімділік». Балаларды мейірімділікке, достыққа, әдемілікке баулу.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Сонымен бүгінгі сабақта еліміздің қандай ең басты әнмен таныстық? Бүгінгі сабақта не үйрендіңдер? Сабақ несімен ұнады? Қандай би биледік?
Балаларды мадақтау, сабақты түйіндеу.
Сыныбы: МАД Мерзімі:
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Менің Отаным — Қазақстан.
Бағдарламалық мазмұны: Балалардың музыкалық шығарманы тыңдау, қабылдау, талдау, салыстыру дағдыларын қалыптастыру. Ән салу (дауыс диапазоны) шеберлігін дамыту. Әнді қуанышты, мақтанышпен орындауға төселдіру. Отанға, еліне, туған жеріне сүйіспеншілікке, басқа ұлт өкілдеріне сыйластыққа, достыққа тәрбиелеу. Би жанрларын ажырата білуге талпындыру. Ән арқылы патриоттық сезімдерін дамыту.
Пайдаланылатын құралдар: Қазақстан елінің, жерінің көріністері, Алматының суреттері, Қазақстан елінде өткен үлкен іс-шаралардан бейнекөріністер. Басқа ұлттар мәдениетінен көріністер.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Қазақстанның табиғаты, жер байлығы, қорықтары, қалалары туралы әңгімелесу. Басқа ұлттардың мәдениеті, дәстүрі және қол - өнерімен таныстыру.
Жаңылтпаш: Шөлі, көлі, шөбі, төлі, белі бар.
Отан туралы мақал-мәтел сайысы:
Туған жердің күні де ыстық,
Түні де ыстық.
Іс-әрекет кезеңі:
Ән тыңдау. «Отан ортақ үйіміз». Д. Ботбаев.
- Балалар, музыканы тыңдағанда қандай көңіл күйде болдыңдар?
- Отан деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Отан неден басталады?
Отан - отбасынан, туған үйімізден басталады. Отан - туған ауылдан, қаладан басталады.
- Кім Отан туралы мақал-мәтел біледі?
Музыка тыңдай отырып балаларда көтеріңкі көңіл күй қалыптастыру қажет. Музыка барысында өзі тұратын ауыл - қаласының суретін көрсету.
Ән айту. «Ұланы еркін елімнің». Т. Қоңыратбай.
Ән айту ережелерін еске салу. Ән айтылмас бұрын дауысты қалыпқа келтіретін бірнеше жаттығулар жасау. Әнді алдымен музыка жетекшісі орындайды.
- Ән қандай сипатта жазылған?
- Ән орындағанда қандай қалыпта отырдыңдар?
- Біздің елімізде өмір сүретін қандай басқа ұлттарды білесіңдер?
- Достық дегенді қалай түсінесіңдер?
- Өскенде кім болғыларың келеді?
- Отан қорғауға қалай қарайсыңдар?
Ән жігерлі, көңілді, қайратты орындалады.
Әуенді қимыл-қозғалыс.
- Отан ортақ үйіміз» әнінің музыкасына сәйкес қандай би қимылдарын орындауға болады?
«Кел, билейік». Музыкасын жазған Б. Байқадамов. Музыка ырғағына сәйкес аяқ-қолмен үйлесімді қимыл жасауға, әрбір би элементтерін, қимылды нақты, көтеріңкі көңіл күймен орындауға талпындыру.
Музыкалық аспапта ойнау: Әнді ұрмалы аспаптармен сүйемелдеу.
Қорытынды: Балалардың белсенділігін атап өту, марапаттау.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жаса мәңгі, ана тілім.
Бағдарламалық мазмұны: Музыканың екпінін, ырғағын түсіне білуге жаттықтыру. Ана тіліне деген мақтаныш, құрмет сезімдерін қалыптастыру. Ән мазмұны негізінде ана тіліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Әнді орындау кезінде дауысты дыбыстарды ашық, дұрыс орындауға үйрету. Вальс би элементтерімен таныстыру, биге деген қызығушылығын арттыру.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: ана тіліне арналған көркемсөз сайысын ұйымдастыру.
Іс-әрекет кезеңі:
- Балалар, біз бүгін «Ана тілі» туралы әңгімелесейік.
- «Ана тілі» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Біздің ана тіліміз қай тіл?
- Әрбір халықтың өзінің ұлттық тілі болады. Кім біледі, біздің ұлттық тіліміз қандай тіл?
- Дұрыс айтасыңдар. Біз қазақ деген ұлт болғандықтан, қазақ тілі - біздің ана тіліміз. Тілімізді шұбарламай, басқа тілдің сөзін араластырмай, таза сөйлей білуіміз, ол тілді сүюіміз қажет.
- Ана тілі - біздің бабамыздан қалған тіл.
- Ана тілі - анамыздың әлдиімен құлағымызға сіңген тіл.
Ана тілін білмесең, Қадірлісің кімге сен?
Ана тілі арқылы Тарихыммен тілдесем.
Ана тілін білмесең, Қадірлісің кімге сен?
Өз тіліңде ер жетіп, Қол созасың Күнге сен.
Өлеңге қысқаша талдау жасау.
Ән тыңдау. «Ана тілін сүйеміз». К. Дүйсекеев. "
- Ән қандай? (Көңілді, қуанышты)
- Музыканың әуені сендерге ұнады ма?
Ән айту. «Ана тілін сүйемін». И. Нүсіпбаев.
- Әнде не туралы айтылады?
- Музыканың әуені сендерге ұнады ма?
- Сен өз еліңнің нағыз азаматы болу үшін, ана тіліңде таза сөйлеуің қажет. Көп ойлан, жақсы сөйле, сөзің қысқа әрі нұсқа болсын.
Ақын Қадыр Мырза Әли: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» — деп өсиет еткен.
Ән айтар алдында дауысты қалыпқа келтіріп алу керек. Әннің сөзін анық, таза айтуға тырысыңдар. Дем алғанда иықты көтермей, ішпен алып, үнемдеп шығар. Сонда ән бүлінбей, таза орындалады.
Әуенді қимыл-қозғалыс.
- Балалар, сендер тыңдаған « Ана тілін сүйеміз», орындаған «Ана тілін сүйемін» әндерінің әуені қандай? Сол әуенге сәйкес қандай би элементтерін, қимыл-қозғалыс жасағанды қалайсыңдар?
«Қазақ вальсі». Л. Хамиди. Үнтаспа.
Вальс - жұптасып билейтін би. Жұптасып, шеңбер бойымен аяқтың ұшымен жүгіру. Мұғалім белгі берген кезде тоқтап, бір-біріне қарсы тұрып, қол ұстасып, бір қадам оңға, бір қадам солға қимыл жасап, тұрған орнында бірге айналу. Қимыл музыка әуеніне сай жасалуын қадағалау.
Музыкалық аспапта ойнау. Ксилофон.
Ксилофонда қазақтың халық әні «Еркем-ай»- дың алғашқы 4 тактісін, келесі сабақта екінші 4 тактісін үйрету. Әнді қосылып айтып отыруға болады.
Музыкалық - дидактикалық ойын. «Біздің ойын».
Ойын ережесін мұқият тыңдап, топтасып, көңілді ойнау.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Ана тілі туралы ұғымдарын бекіту. Ұйымдастырылған іс-әрекет кезеңіне қысқаша тоқталып, қорытынды жасау.
- Бүгін сендерге қандай іс-әрекет кезеңі ұнады? Не туралы ән айттық?
Балаларды мадақтау, марапаттау.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Отан отбасынан басталады.
Бағдарламалық мазмұны: әнді жеке, қосылып, еркін, көңілді орындауға төселдіру. Ән мәтініне сәйкес үйлесімді қимыл-қозғалыс жасауға талпындыру. Балалардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру.
Пайдаланылатын құралдар: Отбасы мүшелерінің мамандықтары туралы суреттер. «Менің отбасым» атты газет, фотокөрме ұйымдастыру. Отбасы туралы әңгіме, өлең, тақпақ, мақал-мәтел сайысын жариялау.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Отбасы мүшелерінің суреті, олардың мамандықтары, отбасындағы дәстүрлі мерекелер туралы әңгімелесу. Өлең, тақпақ жаттау, сыйлықтар дайындау. Мақал-мәтел мағынасын түсіндіру жұмысын ұйымдастыру.
Іс-әрекет кезеңі: Біздің отбасы
Алақаны аялы, Анам бар жаны саялы.
Кешіре білген кінәмді, Әкем бар менің шыдамды.
Шалғы тартқан шалғында, Ағам бар менің алдымда,
Жақсылыққа талпынған Інім бар ерген артымнан. Б. Кірісбаев
Сен бақытты ұлансың
Анаң - күнің, жүрегің, Әкең - өмір тірегің,
Сен - бақытты ұлансың, Бәрі саған қуансын.
Әжең - асыл ардағың, Атаң - дана қорғаның,
Сен - бақытты ұлансың, Бәрі саған қуансын.
Інің - мөлдір аспаның, Қарындасың - қанатың,
Ел - Отаның жаннатың, Сен - бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын. М. Қуанышбеков
Ән тыңдау. «Менің Отаным». Ө. Байділдаев.
- Отан деген немене?
- Естеріңе түсіріңдерші, Отан туралы қандай ән тыңдадық және қандай ән орындадың?
- Отан туралы қандай мақал-мәтел, қанатты сөздер білесіңдер?
- Ән қандай қарқында, қандай көңіл күйде орындалған? Ән жігерлі, қайратты, мақтаныш сезімде орындалған.
Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті бала жастан қалыптастыру қажет.
Отан отбасынан басталады деп бекер айтылмаған. Отбасында бірін-бірі сыйлап, ата-анасын қастерлеген ұл-қыз ержеткенде Отанын сүйетін үлкен жүректі азамат болып өседі.
Ән айту. «Аман болшы, анашым». Т. Зиядин.
«Әрқашан күн сөнбесін». А. Островский.
Әнді айтар алдында әннің сипатын ажыратып, әуеніне мән беріп, таза орындау қажет. Ән айту кезінде дауысты қатты шығармай, бір-бірін тыңдап орындау.
- Ән қандай көңіл күйде жазылған?
- Сендер үшін ең аяулы жан кім?
- «Әрқашан күн сөнбесін» әнін қалай түсінесіңдер?
- Сендер бақытты болуы үшін, өмірлерің жарқын болуы үшін барлың жағдай жасалған. Сендер ержеткенде ата-аналарыңа қамқор болып, елімізді қорғайтын үлкен азамат боласыңдар.
Әуенді қимыл-қозғалыс. «Ақ қайың» биі.
Би өте жай, әсем, созылмалы түрде орындалады. Ақ қайың - сұлу, биік ағаш. Әуеніне аяқтың ұшымен, жұптасып билеуге болады. Қыз балалар қолына қол орамал ұстап, жоғары көтеріп, оңға, солға бұлғап қимыл жасайды.
Музыкалық аспапта ойнау. Халық әні «Жайдарман».
Ырғақпен нықтап ұра білу, бір-бірінен қалыспай, бірге бастап, бірге аяқтап үйрену.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін қандай ән тыңдадыңдар, қандай ән айттық? Қай іс-әрекет ұнады?
Белсенді балаларды атап өту, марапаттау.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Бүгін қай күн?
Бағдарламалық мазмұны: Музыкалық шығарманың мазмұнын түсіну; музыкалық көркемдік құралдарды (динамика, дыбыстың жоғарылығын), музыкалық жанрды ажырата білуге үйрету; қимылды динамикалық реңкке сәйкес орындауға талпындыру. Имандылық - инабаттылыққа тәрбиелеу.
Пайдаланылатын құралдар: күнтізбеге сәйкес 7 парақ (әр балаға 1 парақ, 1-7 дейін цифр, карточка), түсті қарындаштар, сылдырмақтар, гүлдер, қобыз.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: жұмбақ, тақпақ, өлеңдер арқылы апта күндері, оның аталуы, күнтізбе жүйесі туралы түсінік қалыптастыру.
Отбасындағы дәстүрлер (жұма - қасиетті, киелі күн), демалыс күндерінің өткізілуі туралы әңгімелесу; фотосурет көрмесін ұйымдастыру.
Іс-әрекет кезеңі: Дүйсенбіде - басы ауырып жатты,
Сейсенбіде - іші ауырды қатты,
Сәрсенбіде - аяғы ақсады,
Бейсенбіде - азу тісі қақсады,
Жұма күні жөтел қысып,
Сенбі күні тобығы тайыпты...
Ал жексенбіде құлан-таза айықты!..
Сонда оның сырқатын
Қалай атау лайықты?
«Кеше, бүгін, ертең, одан арғы күн» ұғымдарын меңгерту.
Ән тыңдау. «Рондо-марш». Д. Кабалевский.
- Бұл музыка қалай аталады?
- Музыка қандай көңіл күйде жазылған?
- Марш музыкасымен қандай қимыл жасауға болады?
- Дұрыс айтасыңдар, бұл музыка әуенімен тізені көтере, қолды сермеп, басты, арқаны тік ұстап, сарбаздар секілді жүру керек. Д. Кабалевский - композитор, балалар туралы көптеген шығармалар, әндер жазған. Жеңіл би музыкаларын, көңілді әндерін өздерің секілді балаларға арнаған.
Ән айту. «Бүгін қай күн?» С. Мұхамеджанов.
- Балалар, кім күн аттарын атап береді?
- Жеті күнді қалай атаймыз?
- Бүгінгі күнді келер күні қалай деп атаймыз, одан кейінгі күнді ше?
- Өткен күнді қалай дейміз?
Балаларға ән арқылы аптадағы жеті күнді атап, кеше, ертең, арғы күні деген ұғымдарды есте сақтап қалу үшін, қайталатып отыру.
- Ән қалай орындалды?
- Сендерге қай күн көбірек ұнайды?
- Ән айтар алдында денені тік ұстап, дыбыстың кедергісіз шығуына жағдай жасайық.
- Дауыс жаттығуын жасап, дауысты қалыпқа келтіріп, өнді айқайламай, бір-бірімізді тыңдап орындайық.
Психологиялық жаттығу: Қимылды есте сақта. Жаңылтпаш ойын: «Ұшты-ұшты».
Әуенді қимыл-қозғалыс. Марш екпінінде қолға жалаушалар ұстап, музыка әуенімен жаттығулар жасау. Қолды екі жаққа жайып, жоғары көтеру. Екі қолды жоғары көтеріп, оңға, солға иілу.
Қолды төменнен жоғарыға қарай біртіндеп көтеріп, ортаға жиналу, кері қарай қимыл жасап, қолды біртіндеп түсіру.
Музыка әуенін қимылмен ұштастыра білуге талпынту.
Музыкалық аспапта ойнау: Сылдырмақ.
Белгілі бір әуеннің ырғағын сылдырмақпен ойнау арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Қысқаша күн аттарын атап беріңдер. Бүгінгі іс-әрекеттің қай кезеңі ұнады?
Жақсы, белсенді араласқан балаларды ерекше атап өту;
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Алтын күз.
Бағдарламалық мазмұны: Балалардың музыка, пьесаның, аккомпанемент характерін (баяу, сабырлы, мұңды) сезіну, жанрларды ажырата білу қабілетін дамыту. Сюитаның авторлары туралы түсінік беру.
Әнді табиғи дауыспен, мәнді орындауға жетелеу.
Пайдаланылатын құралдар: күз көріністері, табиғи материалдар (жапырақтар, бүршік, жаңғақ, т.б.)
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: күзгі табиғатты бақылау. Күз суреттері, табиғи заттардан қол еңбегі көрмесін ұйымдастыру.
Жұмбақ, тақпақ жаттау.
Іс-әрекет кезеңі:
Қара суық тұрады
Ызғарлы жел соғады.
Дәу қара құс көрінеді,
Көзінің жасы төгіледі.
Бұл қай кезде болады?
- Күз айларын атаңдар.
- Күзде ауа райы қандай болады?
- Күзде табиғатта қандай өзгерістер болады?
Жапырағын сыпырады, қайыңды жел тонады,
Қартайған адам сықылды, қайың енді тоңады.
Бұл қай кезде болады?
- Бұл жұмбақта қандай ағаш аталды? Басқа қандай ағаштар болады?
- Құстар мен жануарлар қандай өмір кешеді?
Ән тыңдау. «Бұл қай кезде болады?» Күз. Б. Ерзакович.
- Ән не туралы?
- Ән қалай орындалады?
- Неге сондай мұңлы?
Ән айту. «Күз ырғағы». Д. Ботбаев.
Әнді орындау кезінде музыка ырғағына сәйкес қимыл жасау.
Алтын сары, қызыл, көк... Алуан-алуан жапырақ Күзгі бақта күлімдеп, Көз тартады атырап. Әуенді қимыл-қозғалыс. «Жапырақтар биі». М. Раухвергер.
- Балалар, «Күз ырғағы» әнінің музыкасы бойынша күз ырғағын қандай қимылмен бейнелеуге болады?
- Енді түрлі түсті күзгі жапырақтармен билейміз.
Музыкалық - дидактикалық ойын: «Жаңбыр», «Кім тез жинайды?»
Музыкалық аспапта ойнау: Қоңырау.
«Дың-дың» - қоңыраумын,
«Дың-дың» - соғыламын,
«Дың-дың» - қағыламын.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Күз айы нешеу? Алақандарыңды оңға (солға) қарай шапалақтап көрсетіңдер. Күз қандай? Қимылмен көрсетіңдер. (Музыкамен сүйемелдеу).
Есте сақта! Күз тек суық, ызғарлы желімен, жаңбырымен ғана танымал емес. Жомарт күзбен келесі сабақта танысамыз.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Күз - жомарт.
Бағдарламалық мазмұны: Балалардың музыка жайлы пікір, әсерін байыту.
Жоғары, төмен дыбыстарды ажырата білуін анықтау, үйрету.
Әнді жеке, хормен айтуға жаттықтыру. Биді музыкаға сәйкес бастау, аяқтау, би элементтерін нақышына келтіре орындауға талпындыру.
Пайдаланылатын құралдар: Жемістер, көкөністер, жеміс, көкөніс сатушының киімі.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: Күз сыйлығы туралы әңгімелесу, әңгіме құрастыру. Күз сыйлығының, Гүл көрмесін ұйымдастыру. Іс-әрекет кезеңі:
Жиын-терін болатын,
Қамбаға астық толатын.
Жеміс-жидек теретін,
Бақтың бойын бойлайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Ән тыңдау. «Күз келгенде». Ж. Қалжанова.
- Табиғатта қай уақыттан жаз аяқталып, күз қашан басталады?
- «Күз келгенде» әні қалай орындалды?
- Таудағы күзден қаладағы күздің айырмашылығы қандай деп ойлайсыңдар? (Тауда суық ерте түседі, күз ерте келеді).
Күзгі жаңбырдан басқа тағы қандай жаңбыр жауады? (Жапырақ жаңбыры)
- Жапырақ жаңбыры неліктен болады?
Достарыңызбен бөлісу: |