8. Музыканы оқытуды ұйымдастыру
Жоспары:
Музыканы оқытуды ұйымдастыру формалары жайлы түсінік.
Музыка сабағы – музыканы оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы және оның өнер пәні ретіндегі ерекшеліктері.
Музыка сабақтарының дәстүрлі емес жаңа түрлері.
Мектептегі оқытуды ұйымдастыру формалары педагогика тарихында ең пікір таласты проблема болып келгені мәлім. С.И.Ожеговтың түсіндірме сөздігінде «форма – белгілі бір мазмұнымен шарттасатын түр, ұйымдастыру, құру, тип, құрылым, түзіліс» деп пайымдалса, философиялық энциклопедияда бұл термин «мазмұнның іштей ұйымадстырылуы» - деп тұжырымдалған. Ал оқытуға келсек, форма – ол оқыту процесінің арнайы түзілімі. Бұл түзілім оқу процесінің мазмұнына, әдістеріне, тәсілдері мен құралдарына, оқушылардың іс-әрекет етуіне байланысты сипат алады. Яки оқытудың осындай түзілімі оқу материалын меңгеру барысындағы мұғалім мен оқушының өзара әрекеттесуінде көрініс алады. Олай болса, оқыту формасы деп белгілі бір оқу материалын және іс-әрекет ету амалдарын меңгеруде мұғалім мен оқушының өзара әрекет етуінде жүзеге асырылатын оқу процесі бөліктерінің түзілімі мен циклдарын айтмыз.
Оқытуды ұйымдастыру формалары дидактика саласында түрлі өлшемдерге байланысты былайша жүйеленген:
оқушылардың саны;
оқу орны,
оқу дәрістерінің ұзақтығы
Оқушылардың санына байланысты көпшілік, ұжымдық, топтық, микротоптық, жеке оқыту формалары; оқыту орны бойынша мектептегі (сабақта, шеберханада, тәжірибелік учаскеде, лабораторияларда және т.б.), мектептен тыс (экскурсиялар, мекемелердегі сабақтар, үйдегі өздік жұмыстар және т.б.); ұзақтығына байланысты классикалық сабақ (45 минут), қосарлы сабақ (90 минут), қысқартылған қосарлы сабақ (70 минут) және бастауыш сыныптарда қолданылатын «қоңыраусыз» еркін созылатын сабақтар болып бөлінеді.
Педагогика ғылымы мен практикасында уақыт талаптарына сәйкес сабақты өткізудің түрлі жолдары қарастырылып, оны жетілдіруге қыруар ізденістер жүзеге асырылды. Сабақты ұйымадастыруда оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру, ақыл-ойын дамыту, шығармашылықты өздік ізденіске баулу және т.б. проблемалар бойынша толассыз ғылыми ізденістер жүзгізді.
Әрбір тарихи кезеңде қоғам дамуының ерекшеліктері оқытуды ұйымдастыру ісінде өз таңбасын қалдырып отырды. Сол сияқты музыка сабақтарында белгілі бір оқу міндеттерін шешуге байланысты әр қилы ұсыныстар мен тәжірибелер қалыптасты. Мәселен, Д.Б,Кабалевскийдің бағдарламасы пайда болғанға дейін музыка сабағы негізгі үш бөліктен: ән салу, музыка тыңдау, музыка сауатынан құрастырылатын.
Музыка сабақтарының құрылымын жасауға үлкен үлес қосқандардың бірі – Б.Л.Яворский. Ол ізденіс барысында бір-бірінен ажырамас бірлікте және толықтырып отыратын музыкалық іс-әрекеттердің: музыка тыңдау, хормен ән салу, музыка ырғағымен қозғалу сияқты үш түрін қарастырды. Б.Яворскийдің экспериментті жұмысының тиімділігі сонда, ол балалардың шағармашылық бастауларының көзін ашу, шығармашыл іс-әрекеттердің жаңа түрін туындатуға бағытталған музыканы қабылдауды белсендірудің сан түрлі формаларын іздестіруге бағытталды. Б.Яворский бала психологиясындағы табиғаттан берілген көру және сенсо-моторлық түйсік ерекшеліктерін жан-жақты ескертуді ұсынды. Сөйтіп, музыка сабағының құрылымына музыкалық сауат бөлімін енгізеді.
Музыка сабағының құрылымын жетілдіруге Н.Я.Брюсова және В.Н.Шацкая өз үлестерін қосты. Олар хормен ән салу, музыка тыңдау, музыкалық сауат ашу сияқты музыкалық іс-әрекеттердің сабақ мазмұнында сақталуын қуаттады.
Алайда музыка сабақтары дағдылы қалыпта қалды және оқушылардың шығармашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғыза алмады. В.Н.Шацкая, Н.Л.Гродзенская, О.А.Апраксина сияқты белгілі ғалым-педагогтер ән-күй сабағының дәстүрлі бөлімдерінің арасында баыланыс орнатуға талпыныстар жасағанымен, оның тұтастығын қамтамасыз етуге қол жеткізбеді.
Әрине, ән-күй сабақтарын ұйымдастыру жөніндегі теориялық көзқарастарының мәні зор болды. Бұл көзқарастар музыка пәнінің жаңа бағдарламасында қарастырылған ән-күй пәнінің тұтастығы мен оның үш басты іс-әрекеттерге (музыка тыңдау, хормен ән салу, музыкалық сауат ашу) бөлініп ұйымдастырылуы арасындағы қарама-қайшылықтарды жеңуге жол сілтеді.
Өнер пәні ретіндегі ән-күй сабақтарын ұйымдастыру проблемалары жөнінде О.А.Апраксина өз еңбектерінде тұжырымды пайымдаулар жасады. Оның пікірінше, музыка мектеп пәні ретінде өзге сабақтармен ортақ ұқсастығы бар болуымен қатар, оған мынандай ерекшеліктер де тән:
1.Өзге пәндер сияқты музыка сабақтарының құрылымы психологиялық-педагогикалық заңдылықтарға сүйенеді.
2.Өзге пәндерді оқыту сияқты музыка сабақтары жалпы дидактикалық принциптерді ұстанады.
3.Музыка пәнін оқыту өзге пәндермен және ұйымдастыру формаларымен байланыста болады.
4.Ұйымдастыру формаларының түрлі формаларына қарамастан, музыка сабағы бір тұтастықта болуы тиіс.
5.Өзге пәндермен ортақтастығы – онда негізгі оқыту әдістері де қолданылатындығында.
О.А.Апраксина музыка сабақтарының басқа да ерекшеліктерін ашып көрсетті:
-бірінші ерекшелігі – музыка сабағы - өнер сабағы. Себебі музыка өнері – оқушының сезімі мен эмоциялық сферасын қамтитын болмысты бейнелеудің ерекше формасы. Музыкаға оқытуда танымдық процестің өзді тек ой – сананың әрекеті ғана емес, эмоция мен ойдың, сана мен сезімнің бірлігінде жүзеге асырылады.
-екінші ерекшелігі – музыка адамның психикасында, меторикасына және физиологиялық процестерге кешенді түрде ықпал етеді. Яки адамды түрлі психикалық кейіпке (шаттану, қуану, ренжу, қамығу, т.б.), түсіреді, оның бойында түрлі психикалық процестер (түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял және т.б.) мен физиологиялық процестер (тамыр соғуының жиілеуі, жүрек қағысының жеделденуі, қан қысымының көтерілуі және т.б.) жүріп жатады.
-үшінші ерекшелігі – міндетті түрде саналық пен эмоционалдық бірлестік болуына байланысты, сабақтың әр элементі балалардың белсенді қызығушылықты қарым-қатынасын тудырады;
-төртінші ерекшелігі – музыка сабағында эмоционалдық пен саналықтың бірлігі ғана емес, көркемдік пен техникалық бірлік те орын алады. Сондықтан тыңдауға, ән салуға арналған репертуармен қатар жаттығуларда көркем болуы тиіс. Тіпті унисонда орындалған бір дыбыстың өзі де әдемі әрі көркем орындауды талап етеді. Ондай көркемдік орындаушылық техникасын меңгертуге тікелей тәуелді болады. Сондықтан оқу материалдары ретіндегі музыкалық шығармалардың мәнері, образдылығы көркемдік пен техникалықтың бірлігінде жүзеге асырылуы тиіс.
-бесінші ерекшелік – музыка сабағындағы музыканы бір мезгілде тыңдау мен орындау сияқты жұмыстың ұжымдық формасында өткізілуі.
Сонымен, музыка сабақтары мектептегі өзге пәндермен ортақ белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерін сақтауы тиіс. Ондай ерекшелік, біріншіден, оқу материалы; екіншіден, оқушының танымдық, сондай-ақ жалпы және арнайы қабілеттерінің дамуы; үшіншіден, оқыту әдістері; төртіншіден, қлданылатын техникалық құралдар; бесіншіден, музыка пәні мұғалімінің тұлғалық, кәсіптік мүмкіндіктері арқылы көрініс табады.
О.А.Апраксина өнер пәні ретінде музыка пәнінің өзіне тән ерекшеліктерін және оқыту заңдылықтары мен принциптерінен тыңдайтын білім беру, тәрбиелік, ұйымдастыру талаптарын былайша қарастырады:
-музыка сабағының білім беру міндеттерінің нақты айқын болуы;
-музыка сабағының мазмұны оқу бағдарламасына, сабақтың мақсатына, оқушылардың даярлық деңгейлеріне сәйкес анықталуы;
-музыка оқыту әдістерін қолайлы етіп таңдау;
-педагогикалық байланыстардың болуы;
-музыкалық білім беру педагогикасының ғылыми жетістіктерін пайдалану;
-жеке тұлғаның барлық сферасын дамыту;
-жалпы педагогикалық іскерліктердің қалыптасуы;
-музыкалық білім, іскерлік, дағдыларын меңгерту;
-музыкалық тәрбие міндеттерінің нақты қалыптасуы,
-музыкалық дүниетанымын дамыту;
-оқушылардың танымдық қызығушылықтарын, оқу мотивтерін қалыптастыру;
-музыканы оқытудың психологиялық ерекшеліктерін ескеру;
-педагогикалық әдеп сақтау, оқушылардың адамгершілік сапа-қасиеттерін тәрбиелеу;
-музыка сабақтарын нақты жоспарлау;
-музыка сабақтарының белгіленген құрылымын сақтау;
-музыка оқытудың түрлі құралдарын қолдану;
-музыка оқыту принциптерін ұстану.
Музыкалық білім беру педагогикасында музыка сабақтарын өзінің дидактикалық мақсаты, мазмұны және оқыту әдістемесіне қарай түрліше жүйелеу ұсынылған. Ш.Б.Құлманова дидактикада қалыптасқан сабақ типтерін жүйелеуді негізге ала отырып, оларды былайша топтастырады:
1.Оқушыларға жаңа білімдерді меңгерту сабағы (Б.П.Есипов, Н.И.Болдарев, Г.И.Щукина, В.А.Онищук және т.б.).
2.Аралас сабақ (М.И.Махмутов, Б.Г.Есипов, Н.И.Болдырев, В.А.Онищук, Г.И.Щукшина және т.б.)
3.Білімдерді қорытындылау және жүйелеу сабағы (М.И.Махмутов, Б.Г.Есипов, Н.И.Болдырев, В.А.Онищук, Г.И.Щукшина және т.б.)
4.Концерт-сабақ (Э.Б.Абдуллин, Д.Б.Кабалевский).
Соңғы жылдары педагогикалық технология идеясының жандануы, білім беру саласына ғылыми-техникалық жетістіктердің ендірілуіне байланысты сабақ беруді жетілдіру, оны ұйымдастырудың тың жолдары іздестірілуде. Осыған байланысты сабаққа «мұғалімнің музыкалық-педагогикалық туындысы» деп М.Н.Скаткин баға бергендей, «мұғалімнің музыкалық педагогикалық туындысы» ретіндегі музыка сабағы жөнінде Ғ.Б.Абдуллин және Е.В.Николаева сияқты ғалым-педагогтер бірқатар жаңаша пікір-пайымдаулар жасады. Олардың бүгінгі музыка сабағының құрылымын қарастыруда «Сабақтың педагогикалық ресурстары», «сабақтың жанры», «Сабақтың архитектоникасы», «Сабақтың эмоционалдық драматургиясы», «Сабақтың тақырыптық желісі» сияқты жаңа ұғымдарды қолдануы, музыка сабақтарының нағыз өнер туындысы екенін көрсетеді.
«Педагогикалық режиссура» - аяқталған дидактикалық циклдық немесе қолданылатын форманың көлемінде белгілі бір педагогикалық процестің көркемдік бірлігін танытатын үйлесімді тұтастықты жасау өнері ретінде түсіндіріледі (Н.А.Батышев).
«Музыкалық білім беру педагогикасының жанры» дегеніміз – музыкалық-педагогикалық туынды ретіндегі сабақтың өзіне тән образын, эмоционалдық сферасын, музыкалық-педагогикалық құрылымдарын бейнелейтін мазмұны мен ұйымдастырылуының жиынтықты сипаттамасы (Ғ.Б.Абдуллин, Е.В.Николаева). Сөйтіп, сабақтың музыкалық-педагогикалық поэма құрылымына сәйкес, дода, аңыз, фреска, вернисаж сияқты түрлі жанрларды тиімді пайдалана білуге болады. Зерттеуші ғылым-педагогтардың пайымдауынша оның оның музыкалық-педагогикалық композициясы мен эмоционалдық драматургиясы негізінде құрылатын архитектоникасына мән берілуі тиіс. Сонымен бірге рондо, вариация, реприза сияқты музыкалық формалардың құрылымы музыка сабақтарының табиғатына сай келеді. Авторлар осылайша музыка сабақтарының формаларын музыкалық формаларменұқсастыра келе, сабақты бекітуде оның репризалық, белгілі бір музыкалық-педагогикалық құбылысты сан қырынан пайымдауға мүмкіндік беретін вариативтік және оқушылардың зейінін сабақтың маңызды деген элементтеріне оның аударуда көмектесетін рондо сияқты сабақ формаларын сипаттап береді. Бұл соңғы кездегі музыкалық білім беру педагогикасындағы жаңашылдық болып табылады.
Қорыта айтқанда, музыка сабағы – музыкалық білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі формасы. Оның мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері музыка сабағының типтері мен құрылымын анықтауға арқау болады. Басқа да оқу пәндері сияқты музыка сабақтары мұғалімнің жоғары музыкалық-педагогикалық даярлығын, оқушылардың педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін білуді, музыка сабақтарын ұйымдастырудың бұған дейін белгілі болған амал-жолдарын біліп қана қоймай, оның жаңа үлгілерін іздестіруді, сөйтіп музыка сабақтарын оқыту тәжірибесін үнемі байытып отыруын талап етеді.
Музыка пәні мұғалімнің сабақтарды өткізуге даярлығы басты екі кезеңнен, яки оқу пәнін жүргізудегі жалпы және әрбір жеке сабақты өткізуге даярлығынан құралады.
Жалпы даярлық барысында мұғалім оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, қарым-қатынасын, бейімділіктерін және музыкалық даму деңгейлерін зерттейді. Келесі ретте музыка пәнінің оқу бағдарламасының, оқу материалының мазмұнын, пәннің білімділік, тәлім-тәрбиелік маңызын зерделейді. Соның негізінде бағдарлама оқу материалдарымен жұмыстарды жарты жылдықтарға топтастырып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар құрады. Ондай жоспарды құруда міндетті түрде оқу процесін ұйымдастыру формалары (экскурсия, семинарлар, практикалық сабақтар және т.б.) және білім, іскерлік, дағды қалыптастыру немесе бақылау, түзету жалпылау сияқты сабақ түрлері алдын ала ескеріледі. Сондай-ақ оқу-техникалық базасының (оқу кабинеті, көрнекіліктер, көру-есту құралдары, музыалық аспаптар және т.б.) жағдайы да есепке алынады.
Музыка пәні мұғалімінің әрбір жеке сабаққа даярлығы да едәуір ізденісті, шығармашылықты талап етеді. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңінде оқу материалының мазмұны ойластырылады. Әрине, мұғалім тек бағдарламада қарастырылған оқу материалымен шектелмей, оқулықтарда, көмекші құралдарда берілген дидактикалық материалдарды мейлінше терең меңгеруі тиіс. Және оқушылардың музыкалық тәлім-тәрбиесін жетілдірудің тиімді жолдарын таба білуі керек.
Музыка сабақтарын жүргізу үшін типтік бағдарлама негізінде құрылған күнтізбелік-тақырыптық жоспарда бірізділікпен жоспарланған тақырыптардың білімділік, тәрбиелік мақсаттары, қысқаша мазмұны, сабақтың түрі, әдістері, қолданылатын көрнекіліктері, оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары, білім жетістіктерін бақылау және тексеру формасы, әр тақырыптың өтілетін мерзімі көрініс табады.
Музыка пәні мұғалімі сабақты жоспарламас бұрын, ең алдымен оқушылар белгілі бір тақырыпты зерделеу барысында, яки есте сақтау, білу (ережелер, уақиғалар, музыкалық материалдың мазмұны және т.б.), оқу дағдылары (музыкалық шығармаларды орындау, тыңдау, музыка сауаты және т.б.) және алған білімдерін түрлі ситуацияларда қолдану сияқты нәтижелерге қол жеткізуі керектігін нақтылап белгілеп алғаны жөн.
Жеке сабақтарды ұйымдастыру күнтізбелік-тақырыптық жоспардың негізінде жүзеге асырылады. Тақырыпқа байланысты сабақтың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттары анықталады, сабақтың типі және құрылымы ойластырылады.
Сабақ жоспары мұғалімнің сабақты ұйымдастыруына, жүргізуіне көмектеседі. Әсіресе, қызметін жаңа бастаған оқытушылар сабақтың мазмұны, оқыту әдіс-тәсілдері нақтылы белгіленген конспекті дайындағаны дұрыс. Ал бірінші тәжірибе жинақталғаннан кейін сабақ жоспарын өте-мөте мәнді қағидалар ғана көрсетілген қысқаша ғана тезис түрінде дайындауға болады. Қандай сабақ жоспары болмасын, оларда сабақтың өтілуі мерзімі, міндеттері, қолданылатын қосымша жабдықтар көрсетіледі. Бұдан әрі сабақтың барысында оның кезеңдері, оқушының оқу мотивтері, әдіс-тәсілдері, мазмұны мен формалары, туындайтын сұрақтар мен жауаптар, тапсырмалар, тексеру мен түзетулер, үй тапсырмаларының мазмұны, оған берілетін нұсқаулар қарастырылады.
Оқытудың нәтижелерін бақылау мен тексеру оқыту процесінің міндетті компоненттерінің бірінен саналады. Оның мәні пән бойынша оқушылардың меңгерген білім деңгейлерінің білім стандартына сәйкес құрылған бағдарламалық талаптарға сай болуын анықтау болып табылады. Дидактика саласында оқу жетістіктерін бақылау, баға берудің дәстүрлі түрлері: алдын ала бақылау; ағымдағы бақылау; қорытынды бақылау. Кейінгі кезде оқыту процесінде осы жұмысты тиімділікпен жүзеге асыруда «педагогикалық дианостика» термині жиі қолданылып жүр.
1.Алдын ала тексеріс (бағалау): мұғалімнің сабақты өткізуге дайындаған жоспары, материалдары қаралады және түсіндірудің, бекітудің, оқушылардың өздік жұмыстарының тәсілдері, әдісі, формалары жөнінде әңгімелесу жүргізіледі.
2.Ағымдағы тексеріс: сабақтардың жүргізілу барысы тікелей бақыланады, оқушылардың білімі, дағдыларының деңгейі, оқушылардың шығармашылық тапсырмаларды орындау сапасы тексеріледі. Бұндай тексерудің барысында оқушылардың ұжымдық, топпен бірге және жеке орындайтын музыкалық іс-әрекеттері есепке алынады.
3.Қорытынды тексеріс: жарты жылдықта немесе оқу жылының аяғында оқушыларға білім мен тәрбие беру жұмыстарының нәтижесі сарапталады. Оларды сабақ-концерт түрінде өткізуге болады. Себебі музыка сабағында музыкалық іс-әрекеттер негізінен ұжымдық түрде жүзеге асырылатындықтан, тексеруді де ұжымдық формада ұйымдастыру мүмкіндіктері бар.
Бұдан басқа тексерудің жеке немесе фронтальды сұрақ-жауап түріндегі формасы пайдаланады. Сонымен қатар музыкалық іс-әрекеттердің өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты қушылардың білімін музыкалық шығарма орындау процесіне бақылау жүргізу арқылы қорытындылауға болады. Сондай-ақ, өнер пәні ретінде музыка сабағының ең маңызды қызметі оқушылардың белсенділігін қолдау, ынталандыру екенінесте ұстаған жөн. Осыған орай баға беруде көңіл қалдырарлық тым қатал ескертулер жасамай, керісінше, олардың музыка өнеріне деген жағымды, эмоционалдық қарым-қатынасын қалыптастыруға бағыттай білу керек.
Музыка сабақтарының нәтижелеріне педагогикалық баға беруде Э.Б.Абдуллин мынадай өлшемдерге сүйену қажеттігін атап өтеді:
-оқушылардың музыкаға қызығушылығы:
-оқушылардың музыкаға эмоционалды түрде елітушілігі:
-оқушылардың бастапқы даярлық деңгейі мен қазіргі деңгейін салыстырғандағы түрде және сабақтардағы белсенділігі.
Э.Б.Абдуллиннің пайымдауынша, егер оқушылардың оқу жетістіктері келтірілген өлшемдерге сәйкес келсе, «өте жақсы» деп бағалауға болады. Өлшемдердің екеуі немесе біреуі қанағаттандырылса, «жақсы» баға қоюды ұсынады. Э.Б. Абдуллин мектептегі музыка сабағының оқу-тәрбие процесіндегі өзіндік ерекшеліктеріне орай «екілік» баға қоюға болмайтындығын, тіпті жоғарыда келтірілген өлшемдерге сәйкестік болмағанның өзінде «қаеағаттанарлық» деп бағалау қажеттігін ескеретді.
Оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін тексеру оқыту процесінің құрамдас бөлігі бола отырып, оқушылардың оқу жұмысын тек қана тексеру емес, тәрбиелік, дамытушылық қызметтер де атқарады. Ол үшін мына төмендегі элементтер есепке алынуы тиіс:
білімді қабылдау, ой қорыту, есте сақтау, яғни оқушыға сабақта мұғалімнің беретін білімі мен оқулықтардағы теориялық материалдарды өз бетімен меңгеруі деңгейіндегі тексеріс;
алған білімді ұқсас ситуацияларда, яки үлгі бойынша қолдана білуі деңгейіндегі тексеріс.
Бақылау, тексеру әдістері де әр түрлі. Бақылау әдістерін оқу жетістіктері және процесінің тиімділігі жөнінде ері байланысты қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушының бірізділіктегі, өзара байланысқан әрекеттерінің жүйесі деп түсінеміз. Олар оқу процесі жөнінде жүйелі, толымды және нақты жедел ақпар алуды қамтамасыз етуі тиіс. Осы мақсатта қолданылатын әдістерге ауызша бақылау әдістері, практикалық бақылау әдістері, жазбаша бақылау әдістері, практикалық бақылау әдістері, дидактикалық тесттер және т.б. жатады.
Дидактикалық тесттер оқыту нәтижелерін тексеру мен баға беруде кейінгі жылдары көптеп қолданылуда. Оларды жалпылама 4 типке бөліп қарастырамыз:
-есте сақтауға және еске түсіруге тиісті мағлұматтар, фактілер, ұғымдар, заңдар, теория туралы білімдері тексеру;
-зерделеген материалдарға өз бетімен сыни тұрғыдан баға беру іскерліктерін тексеру;
-алынған мағлұматтар негізінде білімдерін жаңа нақты ситуацияларда пайдалана білу іскерліктерін тексеру.
Тексеру әдістерін таңдау тексерушінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне тікелей байланысты. Оқушылардың үлгерімі мен білім сапасын тексеруде, оның жүйелілігі мен тереңдігін қамтамасыз ету үшін, бұдан да басқа қалыпты емес түрлері, айталық, өздік баға беру, өзара баға беру сияқты әдістер қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |