Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік


жыныстық— тектік, тұқымдық, нәсілдік. Жаралған ер-ұрғашы екі жыныс, Жыныстық



бет17/42
Дата11.01.2017
өлшемі9,76 Mb.
#7320
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   42

жыныстықтектік, тұқымдық, нәсілдік. Жаралған ер-ұрғашы екі жыныс, Жыныстық жақындасу мағлұм бір іс. Ұстазсыз өзі біліп, өсіп жатыр, Бір мақұлық білмей ақсап қалмас жұмыс (Саржан); Тас көмір, ауа, темір, газ — Сан жетпес асыл жыныстық (X. Ерғалиев);

жыныссыз. Жыныссыз көбею — организмнің көбеюінің бір түрі («Қ. С. Э.»);

жынысқан1) нәсілі араласқан; 2) ауыс. ну, қалың. Жынысқан тайганың арасымен батпақ өзендер арқылы темір жол салынды (Н. Смирнов);

جنون (жанубун) жәнубоңтүстік, оңтүстік желі;



жәнубитүстік. Мұхаммед Бабур шығармасында араб-парсы тілдерінен енген сөздер бірсыпыра, мысалы: жәнуби (түстік) (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев).

جهاد (жиһадун) жиһат1) күрес; 2) діни. «қасиетті» соғыс, ғазауат. Жас ғұмыр далбасалық күнмен өтті, Жиһатпен көп шаршадым жанды қинап. Машақат саудасының базарынан Тоса тұр жолыққанша толық силап (Әріп). Мұсылмандарды біріктірудің басты құралы — жиһат (басқа діндегілерге қарсы «ізгі» соғыс) деп жариялады (X. Ақназаров).

جهاز (жиһазун) жиһаз1) барлық керекті заттар; жабдықтар; 2) қыздың жасауы, жасау мүлкі; 3) аппарат, аспап, құрал, қондырғыш; 4) анат. жүйе. Алтын белдік — бел сәні, Асыл жиһаз — ел сәні (мақал). Баладан, мал мен жиһаз болмас пайда, Қазір біз тексерусіз жүреміз жайға (Әріп). Бұл үйдің ішінде ешқандай жиһаз да жоқ (М. Иманжанов);

жиаз. Отырған кісілердің бәрі де асыл жиазға бөленіп отырған ертегідегі жынның халқындай көріне кетті Сатанға (І. Жансүгіров);

жияз. Сейіткерейді жағалап, Байлар пара ұсынды, Алтын, күміс, жиязды Топ-тобымен түсірді (Б. Момышұлы). Той болды жиязы артық, палуан сайыс, Айдады күндік жерге жорға жарыс, Шашуға тойға әкелген сан жетпейді, Дүниені төгіп жатыр жақын, алыс (Ғ. Малдыбаев);

жиһаздалу жасаулану, жабдықталу. Бай жиһаздалған киіз үйлерде, қазан-аяқ жаққа болмаса, ши ұсталмайды («Қ. С. Э.»).

Музей қызметкерлері көрікті де көрнекті жиһаздалған бір бөлімді Сәкен ағаға арнаған көрінеді (А. Сатаев);



жиһаздандыружабдықтандыру, зейнеттендіру, безендіргізу. 1960 жылы апрельде болған республикалық көрмеге тек қана үй ішін жиһаздандыру мүліктерінің өзінен 212 экспонат қойылды (С. Қасиманов);

жиһаздау. Бірсыпыра семьялар үйлерін мебельмен, шешек атқан гүлдермен жиһаздау әдетіне көше бастағаны да ұнасымды (С. Байжанов);

жиһаздаулы. Зылиха бір бос бөлменің үстінен екпіндей өтіп, екінші есікті аша бере мүдіріп қалды. Ол бөлме қазақша жиһаздаулы екен (Б. Аманшин);

жиһаз-мүлік жабдықтар мен бұйымдар. Үй ішіндегі жиһаз-мүліктер әл-ауқатты, мәдениетті, ұқыпты семьяның жай-күйін аңғартады (Ә. Омаров);

жиһазылы. Ол тағы әлгі ананы профессордың жайнаған жиһазылы үйінде, күйеуінен жасырынып, өзінің өміріндегі осы ең ақырғы хатын жазып отырғанын көрді (І. Есенберлин);

жиһазсызжиһазы жоқ. Жиһазсыз жұпыны бөлме. Бір қабырғада жинаулы тұрған төсек-орын мен столдан басқа көзге көрінген мүлік жоқ (3. Қабдолов).

جهالة (жиһалатун) жаһалат1) ақылсыздық; есалаңдық; жаман қылық; 2) білімсіздік, көргенсіздік. Сұлтанмахмұт тұсында қазақ ортасында қазақтың өз әдеби тілінен басқа араб, парсы, татар, түрік тілдерінен ауысқан хашия, мантық, жаһалат сияқты сөздер көп еді (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров). Өнерге іші-тысы толған қандай, Ішінде жаһалаттың солған қандай? Жиырма жыл медреседе дауам етіп, Қапшығы садақаның болған қандай? (С. Торайғыров);



жаһат. Россияда тез оралып отыратын қаржының қиян бір шетте кешеуілдеп қалатынын ескеріп, оның үстіне, қазақ даласына жұмсалатын қаржының кейбір жаһаттан қарағанда сенімсіздеу жайы барын да ұмыта алмай, мен сіздерге мынадай шартымды ұсынам,— деді Рязанов (Ғ. Мүсірепов).

جهة (жиһатун) жаһат1) жақ, тарап; бағыт, беталыс; 2) орын, дала, аудан, аймақ; 3) орган (өкіметтің);



жаһаттасжақтас. Ғажап жұмбақ тағы бір хал, бір Тобықтының ішіндегі, Құнанбай жағына жаһаттас бай-жуандар ғана емес, көрші Уақ, Бура, Сыбан, Найман, Керей, Қаракесектегі жуан ауылдардың бәрі де бір ауыздан Құнанбай жағына шықты (М. Әуезов).

جهد (жаһдун) жаһат1) тырысу, күш салу; 2) еңбек (Л. Будагов джәһдтің жоғарыда айтылған арабша мағыналарын беріп, одан кейін оны қазақтар «тез, жылдам, шапшаң, епті» деп айтады дейді). Жаһат — тез, жылдам, асығыс (Қ. Т. Т. С.»). Бұл екі қуатты зорайту жаһатында болу керек, бұлар зораймай, ғылым зораймайды (Абай). Қол жетпес қияға да қолын созса, «Тәуекел» талапты ерге болған нәсіп. Ей, бектер, жанділіңмен жаһат етсең, Ғаламның қазынасының есігі ашық (Шораяқтың Омары);



жаһаттыбағытта, беталыста. Аталық кеңес уағзаны Сөйлеген нешеу бұрында. Сол жаһатты сөз жаздым. Рүстембек, Жайхы шырынға (Шораяқтың Омары);

жәһәд. «Дала уалаяты» газетінің лексикалық ерекшелігі — оның бетінде де араб-парсы сөздері қолданылады, мысалы: «жәһәд — ынта (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев);

жиһат. Оқуға жиһат қылған жігіттерге Азғантай мен жазайын ақыл дәптер (Ақан сері);

жәһит1) күш, қуат; 2) қабілеттілік; 3) күш салу, тырысу, еңбек. Қылмаққа мені жәһит сонша тілеп, Ей, інім, бұған неғып барады-ақ? (Кете Жүсіп). Таласты патшалыққа Мағауия, Арыстанға жәһит қылған Әлидей-ақ (Ерімбет).

جهنم (жаһаннаму) жаһаннамдіни. тамұқ, тозақ (діншілердің түсінігінше о дүниеде күнәкарларды азаптайтын орын). Мен көрдім соқыр ағаш басын иген, Жаһаннамға кетеді оған тиген... (С. Торайғыров).— Орын бар ма дүние үшін дінім сатар, Бізге аударар күнәң жоқ, атын атар. Бұл мінезден қайтпасаң, шал Қареке, Осы тәнің дозақтың дәмін татар! Бетін топырақ басты деп жалған айтсаң, Жаһаннам деген дозаққа жанып жатар («Қ. Қ.Б. С.»);



жәһәннәм. Жәһәннәмға кетерсің арам жесең (Ұлбике);

жәһәннем. Сексеуіл құмға бітер, басы алмалы, Қожакең қалай-қалай асаулады? Қазақтың құлын-тайын алдап алған, Жәһәннемге қожа кетер ақ шалмалы (Ұлбике);

жаһаннами жаһаннамдық, тамұқтық, тозақтық. Деп,— малғұн, діннен безген жағаннами!— Молда да кейіп қалды тызалақтап (Ә. Тәжібаев).

جواب (жауабун) жауапбіреудің берген сұрағына қайтаратын сөз. — Күнә емес кімге бармау, сауап шығар, Қарның үшін қайтарған жауап шығар (С. Торайғыров). Өзің айттың: «Дарбазам ашық, келсең, Сыбағаңды аларсыз жортып келсең». Кетік қорған болғаның сол емес пе, Неге теріс көресің, жауап берсем? (Айтмағамбет);



жауаптасусөйлесу, тілдесу. Абаймен екеуі (жандарал) осыдан соң, қарсы көз қадасып тұрып қалып, орысша жауаптасып кетті (М. Әуезов). Қой жайған шалға Тұрсын сәлемдесті, Атыңды сатыңыз деп жауаптасты (К. Әзірбаев);

жауаптаужауап алу, тергеу, тексеру. Сол азаматымыздың жайын білуге адам жіберіп едім, «қамап, жауаптау үшін Қызылүйге асырып жіберіпті» деген бүгін тіл алдым (X. Есенжанов);

жауапты міндетті, борышты, жауап беруші, жауапкер. Сонымен, сені аудандық жер бөлімінің бастығына бекітеміз. Аса жауапты жұмыс (С. Мұқанов). Қазақ ССР Министрлер Советі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің алдында жауапты («Қазақ ССР Конст.»);

жауаптырақміндеттірек, борыштырақ. Аяқтау бұдан да жауаптырақ (3. Қабдолов). Мектеп бітпей қалса, қыста ішін жылытатын су мен бу болмай қалса, менен гөрі өзің жауаптырақ боларсың (Ғ. Сланов);

жауаптылықміндеттілік, борыштылық, жауап берушілік, жауапкерлік. Партия орындары Советтердің рөлі мен жауаптылығын арттыруға міндетті («ККП V съезі»). Сондықтан марксизм-ленинизм классиктері аудармашыға аса қатаң талаптар койды, аударманы жай кәсіпке айналдырмай, бұл іске өте жауаптылықпен, ұқыптылықпен, творчестволықпен қарау керек деп үйретті (Қ. Сағындықов);

жауапсызжауап жоқ, болмаған, жауапкерліксіз. Оқыса мейлі кім бүгін, Таңдана қоймас бірақ та, Жазылып неше жыл бұрын, Жауапсыз қалған бұл хатқа (Р. Ғамзатов). Көптен бері жиналған, жастық албырттықтан, бейқамдықтан мойны жар бермей, жауапсыз қалған ойлары енді дүмпіп барады (Т. Ахтанов);

жауапсыздықміндетке салқын қараушылық, жауапты болмаушылық, жауапкерсіздік. Кеше жалпы жиналыс шақырылып, месткомның аппаратының жауапсыздығы талқыланды (Қ. Әбдіқадыров). Көптеген совхоздарда әлі жауапсыздық күшті (Р. Райымқұлов).

جواد (жауадун) жауат1) жомарт, мырза, ақкөңіл, кішіпейіл; 2) асыл тұқымды жылқы, арғымақ, тұлпар;



жауаттыжомарт, мырза, ақкөңілді, кішіпейілді. Қаракөз десе қаракөз, шын жауатты келген, орта бойлы, ашаң жүзді, қиғаш қасты, сөзіне өзі сай тапқыр, үнемі мөлдіреген қара көздерінен өткірлік нышаны байқалып тұрады, үріп ауызға салғандай әдемі-ақ еді,— дейді Кемелхан («Л. Ж.»).

جوزاء (жаузаун) зауза1) астр. Егіздер шоқжұлдызы; 2) Күн жылнаманың үшінші айына сәйкес келетін май айының аты (22 май 21 июнь). Амал, сәуір, зауза өтсе, Жетеді жылжып сарыатан. Жапырағы жайқалып, Ағашқа бітер түрлі сән (Молда Мұса). Он тоғызыншы ғасырдың керуені шұбап өткенде, Жетпіс тоғыз жылжып, Сәуірдің бұлты серпіліп, Заузаның желі ескенде (О. Шипин).

جوهر (жауһарун) жауһар1) істің мәні; 2) зат, нәрсе, материя; 3) қымбаттылар, құндылар; қымбатты тастар. Сақтаулы алтын қазына жауһарымын, Аулақ жүр, неге керек кимелеген (Ақан сері). Жауһар шашып тастарынан Шаттанған шың, Алатауым (Т. Жароков);

Жәуһар. Жәуһарыңды мыс қылмай, Сақтауға керек ми артық. Тыңдашы, ей, даналар. Бұл сөзімді біл артық (Н. Наушабаев);

жәуһәр. Тап-таза аппақ қардың мың құбылған жәуһәрімен алтын күннің шұғыласы шағылысып, ойнап, неше түрлі от шашты (С. Сейфуллин). Қырық сан Қырым елінде Ал, асыл жәуһәр белінде... («Ер Тарғын»).

жауһарлаугауһарлау, қымбат тастармен әшекейлеу, жайнату, жарқырату. Содан жоғары, тұс киіз тұсындағы төсек-орнының ағаш кроваты немесе төсек-ағашы аюланған сүйек, оның беті айналап, күмістеп, жауһарлап безелген (Ж. Тілеков);

жауһарлыжауһары бар, қымбат тастармен әшекейленген, жарқыраған. Айырылсақ сізден қонғандай, Елсізде жердің шөлінде. Жауһарлы болат секілді, Қарасам, тақсыр, өзіңе (Ақберген);

жауһарлыққымбатты, қадірлі. Әмірші енді күтуші қызды Фараби кітапханасына жұмсады, сондағы жауһарлық әзіз ғұлама құйма құлақ тілші Исмаилды шақыртты (Д. Досжанов).

جيب (жайбун) жайб1) қалта; 2) матем. синус (тік бұрышты үшбұрыштағы тригонометриялық функция). Садақтың имек доғасын жайды (жақты) арабша қаус... Немесе хилали (айшық) деп атайды. Сонымен қатар оның геометриялық аты жейб ұрысы: жайб Н. О.), мұның мағынасы имек, шанақ деген сөз. Осы сөзді латынша аударғанда болады — синус (А. Машанов).


ح
ح ~ حاء (хаун) араб алфавитінің алтыншы әрпі, сандық мағынасы 8.

حاج (хажун) қажы1) діни. Меккеге тәжім етіп барып қайтқан адам; 2) оған берілген діни атақ; Зәкірбай мойнындағы күнәларын жою үшін Меккеге барып, қажы атанып келген (С. Айни). Әсіресе қажы, сопы, қожа-молда, Сарт-сұрт таспиқтарын алып қолға (С. Торайғыров);

әжі. Шұлғау күң, шөмтік әжі, - деді өзіме: Алданба, Әжібайдың сен сөзіне! (С. Торайғыров). 1922 жылы Шымкенттің маңындағы Тастысай деген жерде Бажақай әжі ат шаптырған үлкен жиын өткізеді (Т. Әлішеров);

әжілік. Алымдардың уағыз кітабында, Тағдырға жазылған іс болады-мыс. Деп айтқан мың реттік әжіліктен, Артық деп халыққа қылған бір әділ іс (Майлықожа);

хажы. Арғы атасы хажы еді (Абай). Мұқан бір күні Стамбулдың үлкен мешітін көргелі барғанда, түріктің ишаны басына шашақты қызыл тақия кигізіп, — Бұл барлық мұсылмандардың мешіттерінің анасы, бұған кірген кісі «хажы» болады, енді сен Хажы-Мұқан болдың,— деп тақиялы суретін газетке басып шығарады (Қ. Әбдіқадыров);

хажылық. Саламаға хажылық қайда, оның харам аяғы қасиетті әулие жерін басқан емес («Т. С.»). Меккенің хажылық жолын аштым,— деді Ғабдолла (А. Машанов).

حاجة (хажатун) қажет1) мұқтаждық, керектік; тілек; жұмыс, іс; 2) керекті, қажетті зат, нәрсе, бұйым. Тұз — сүйек құрылысына өте қажет (Көшербаев). Біздің Отанға биязы жүн қажет (С. Мұқанов);



әжет. Зылиха әжетке жарап қалған еркек баласын ертіп, қонақ жабдығына жөнелді (Ғ. Мұстафин). Ара күндік жол жүрмей, Аяғынан ақсайды, Әжетіне жарамас, Жау жеріне тастайды («Алпамыс»). Темір ұқсатылмағандықтан тоттанады, ал адам әжетке жарамағандықтан азады (Леонардо да Винчи). Адам әжетке жаратуға талпынғанда ғана бойындағы қабілетін танып біледі (Кіші Сенека);

қажат. Себебін сұрағанда оқ жетпейтін: Бар,— деді,— күншығыста бір азамат. Сұрасаң, біздің жайды сол біледі, Аты — Ақбай, жақсы жігіт шын әдәлат. Деген соң сізге әдейі келіп едім, Арнаулы жұмысым сол өте қажат (Кете Жүсіп);

хажат. Исатай, сен ата ұғлы, асыл зат, На мағқұлды тарк айла, не хажат? — деді Жәңгір (І. Жансүгіров);

хажет. Мемлекет істерін тәртіпке салу үшін жетік уәзірлер хажет еді (Айбек). Сіздерге дүния пұл хажет болса, Маған тең табылмай ма елден бағылан (Назым);

қажеттікеректі. Оқытушы үшін педагогикалық шеберлікті арттыру, барған сайын жетіле беру — бірден-бір қажетті шарт болып табылады (С. Көбеев). Қажетті мөлшерде мал шаруашылық өнімдерін, ал өнеркәсіп қажетті мөлшерде шикізат алатын болады,— деді Әбілқасымов (Ә. Нұршайықов);

қажеттік. 1835 жылы августа гимназияны бітірерде жазған «Жас жігіттің мамандық таңдаудағы ойлары» деген тақырыптағы шығармасында жас Маркс адам баласы үшін қызмет етуге неғұрлым кең өріс ашатын мамандықты таңдап алу қажеттігі туралы айтады («Қ. К.»). Көркемдік жинақтаулар үшін қаһарман өмірін зерттеу қажеттігін ескерген бірсыпыра қаламгерлер өздеріне таныс қауым, замандастар тарихы мен тағдырын толық көрсетуге ат салысып келеді («Қ. Ә. Т.»);

қажеттілік. Олай болса, синонимдер де жайдан-жай, тіптен, кездейсоқтықпен тумайды, өмірге қажеттілігінен келіп, бірі ілгері, екіншісі кейінірек шығады (Ә. Болғанбаев). Қанаушылардың әміріне талассыз бағынып отыру қажеттілігін дін иелері үнемі уағыздап отырады («X. М.»);

қажетсіз мұқтажсыз, керексіз. Осы секілді қажетсіз ойда тұрып, олардың жайын толық білмей қалғаныма осы уақытқа дейін өкінемін (Ә. Әбішев). Бәрі айқын, мұнымен айтысып отыру қажетсіз . Арыстанов);

қажетсіздікмұқтажсыздық, керексіздік. Серіктің алдында ақталып жатудың қажетсіздігін Күләйім бұрыннан-ақ көңіліне түйген-ді (Ж. Еділбаев);

қажетсіздеу мұқтажсыздау, керегі жоқтау. Тіпті, кейде қажетсіздеу жерге басшы қызметкерлерді араластырып алып, аяқсыз тастап кететін жерлері де ұшырап қалады (Ф. Оразбаев);

қажетсінукерек ету, керексіну. Зады, халық шаруашылығының қай-қай салаларын алғанда да, оның мән-маңызын салыстырмалы түрдегі көлеміне қарап бағаламау керек, қоғамдық тұтыну, қажетсіну маңызын айрықша есте тұтқан жөн (Қ. Ахметбеков);

қажетіншекерегінше. Шығыс-аудандарда марганец шикізатын өндіру үшін қажетінше адам күші, мамандар, техника берілсін деген қаулыда (М. Сәрсекеев). Нандарды қажетінше өлшетіп алып жатқан тұтынушы алғысында шек жоқ (А. Ерғожаев).

حادثة (хадисатун) хадиса1) оқиға; сәтсіздік оқиға; 2) физ. құбылыс. Етпетінен жығылып, Ішіне шаттың тығылып, Тұмсығынан қан аққан Көреді өлген торайды. Хадиса деп бұл қандай, Төңірекке қараса, Құйрығын қысып бұтына Жолбарыс жатыр ыңыранып («Қамбар батыр»).

حاشية (хашййатун) хашия1) шеті, ақыры, ұшы; 2) жиек, әдіп; 3) дәптердің, кітаптың жазусыз ашық беті, жиегі; 4) қолжазбаның, кітаптың жиегіне жазылған түсінік, ескерту, аңғарту. Кейіміз пәнді оқу арам дедік, «Хашия» жаттап, ұжмаққа барам дедік. Бұрынғы тақыр талас қалпымызда Атаның жолын қуып, қалам дедік (С. Торайғыров). Сұлтанмахмұт тұсында қазақ ортасында қазақтың өз әдеби тілінен басқа араб, парсы, татар, түрік тілдерінен ауысқан хашия, мантық, жаһалат сияқты сөздер көп еді (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров);

қашия.— Біріншісі,— дейді Сұлтанмахмұт,— медреседе қанша жатып қашия мен мантық шайнап, керілдесіп жату; хатімкер атын алып, өзі түсінбеген мылжыңын елге апарып сату (Д. Әбілев).

حاصل (хасилун) хасіл1) қорытынды, нәтиже, салдар; 2) мән, мағына; 3) өнім, түсім; жинау, жию (өнімді); 4) кіру, түсу, табу; 5) қамба. Аллаға жақпаған іс хасіл болсын, Жігіттің алты малта асы болсын («Қарабек батыр»);



қасыл. Ыбырай Қарауылдан нәсіл еді, Өлең айтсам, мұрадым қасыл еді (Доскей);

қасіл. Жатушы едік көңіл жай, Көңілің сенің толғандай. Мұнша неге құтырдың, Мұрадың қасіл болғандай («Ғашық-наме»);

хасил. Өзі үлкен, өзі оңай артық өнер, Аз жұмыспен көп алтын хасил етсе (Абай);

хасыл. Сіздерге өрескел сөз айттым талай, Мұратты хасыл қылмақ емес оңай (Ұлбай қыз). Көзімнің нұры, шырағым, Ашылмаған құрағым, Сен кеткен соң болар ма, Менің бір хасыл мұрадым? («Ғашық-наме»);

хасыл-хас нағыз хасыл. ...Ұлы екен үшеуі де дүние парас... Аса бар қолдарында, баста сәлде, Түрлері секілденген шын хасыл-хас (Тұрмағамбет). Поэмадағы жағымсыз кейіпкерлер - дүние үшін діннен безуге, ұрлық істеуге дейін баратын молдалар. Олардың «шын хасыл-хаспыз» деген дінді жамылған, алдамшы ашкөздігі әшкереленеді, әжуаға айналдырылады («Қ. Ә. Т.»).

حاضر (хадирун) әзір (дайындық жөнінде) — 1) даяр, дайын, бары (қолдағы), нақтылы; 2) қатысушы; 3) қазір, бүгінгі, кезекті; 4) ауыс. тез, жаңа, көп ұзамай. Кеселді жалқау, қалжыңбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың пысық, ішің нас, Артын ойлап ұялмас (Абай). Бәрі әзір, бәрі тегін түрлі неғымет, Мұны бір ұжымақ деп санайық та... Қаз қаңқыл, үйрек сымпыл, аққу сыңқыл, Еткенге құлақ түріп салайық та (С. Дөнентаев). Толысып келе жатыр күшім дағы, Мені әзір жыға алмассың шалғаныңмен (Мекеш). Оның тулаған жаны зәулім қарағайды теңселтіп тұр, бұған қарағанда, ол әзір өлетін емес,— деді Саржан (Ә. Әбішев);



хазір. Шаян Бекжан, мәжілісті хұзур қыл, Тантаналы тамашамыз біздің бұл. Ғиш-ғашырат, кәйіф-сафа айлалық, Күйші жырау қайда? Аларны хазір қыл! (І. Жансүгіров). Мұнан біраз жыл бұрын біздің татар халқында да сахына һүнәрі болмаған бит. Ә, хазір, мінә, шыға башлады,— деді мұғалім (І. Жансүгіров). Хазір! — деді (Ғ. Мүсірепов);

кәзір. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан, кәзір біз XVI-XVII-XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ (Мұхтар Әуезов). Қасқиып хатыңменен тап кәзір де, Көріндің көп көзіне бадырайып (Қуаныш);

қазір. Кішкене молда қазір тоқтайтындай емес (М. Әуезов). Болғанмен Әжібайдың жасы кіші, Жек көрер Жәмиләні қазір де іші (С. Торайғыров). Келді деп кешке естідім өзіңізді Көруге бір мүбәрәк жүзіңізді. Қомданған қаршығадай бұлбұл едім, Қазір де күтіп тұрмын сөзіңізді (Ақан сері);

қазірдеосы кезде, осы шақта. Қаладан село болып үлгі аламыз, Қазірде жақындасып тұр арамыз амит). Мал сауу сауыншыға бейне сауық, Күтеді сиырларын бабын тауып. Әр сиырдан қазірде алды олар, Бір мың бір жүз литрден сүтті сауып (Қисса);

әзірше әзірге, уақытша, біразға дейін. Жерімізде жұт болып, Өспей қалды биыл төл. Бұйымтайым, мұқым да Әзірше айтар сізге сол (Жамбыл). Әзірше бұл салада тәжірибелер бар Қ. Ә. Т.»);

қазірше.— Жоқ, шырағым, жиырма үшінші октябріңді қазірше қоя тұр,— деді генерал (Б. Момышұлы). Бұл жерде қазірше немістер жоқ (Н. Садықов);

әзіргеәзірше, уақытша, бұған дейін, осы кезге шейін. Жиырма бестен жаңа асқан жалындай жігіт ойға алғанын етпей қойман десе де, өмір әзірге оны екі сүріндірді (Ғ. Мұстафин);

қазіргі осы уақыттағы, осы күнгі, осы замандағы. Кодекс Куманникустың тілі қыпшақ тілінің тобына енетін қазіргі татар, башқұрт, Қазақ, қарақалпақ және қырғыз халықтарының тіліне жақын (І. Қеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Ерте дәуірлерде айтыс осы елдердегі (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, қазіргі дәстүрдей Шығыс, Батыстың көп елдерінде болған (М. Әуезов);


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет