Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет36/93
Дата15.12.2021
өлшемі1,96 Mb.
#101400
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   93
Байланысты:
574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi
9 с 4саб, 574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi, ессе Айгерім, Сыйынар ем ана деген тәңірге
Лашық - ерте кездегі баспананың бір түрі, кішігірім, жұпыны жаппа үй. Лашықты бір-біріне матастырып буған сырғауылдарды, 2-3 керегені қабырға ретінде тік тұрғызып, үстіне қамыс, шөп, ескі киім жауып жасаған. Кедейлердің сұрықсыз киіз үйлерінде лашық деп атаған.

Отау. Ел арасында, тіптен этнографиялық әдебиетте де көбіне үш-төрт қанатты, кіші-гірім шаңырағы болатындықтан алты қанат ақүйдің кішірейтілген түрі деп есептеліп келген. Ал шын мәнінде, қалындығына ұрын барған үміті алда күйеу жігітке, жаңадан от басын құраған үйелменді-сүйелменді жастарға арнап тігілетін болғандықтан құрылғысының кеудесі көтеріңкі, күмбезі сымбатты болуына ерекше мән берілген. Отау үйдің кереге-уығы да, шаңырағы, босаға-табалдырығы да, ішкі жиһаздары, бау-шуы да, кебеже-сандығы, төсек-ағашы, асадал, адалбақандары да асқан ұқыптылықпен жасалатын болған. Ақ босағаның белгісі ретінде жабынының мейлінше ақ киізден жасалатыны, ел қастерлейтін ою-өрнектермен безендірілетіні отау үйге ерекше сән береді екен.

Орда. Қазақ киіз үйінің шоқтығынан саналатын, құрастырылып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың аса сыйымды түрі. Ел билеген хан мен сұлтандар үшін көпшіліктің қатысуымен салтанатты, рәсімді жиындар өткізіп тұруға, елшілер мен құрметті қонақ қабылдауға, қарсы жақтың зиялыларымен келіссөздер жүргізуге, шартқа қол қоюға ыңғайластырылған сыйымды орынның болуын қарастырған ізденістің нәтижесінде пайда болған 12, тіптен одан да көп қанатты киіз үйдің үлгісі. Көлемі 130—140 шаршы метрдей келген, керегесінің биіктігі 240—250 сантиметрден, уығының ұзындығы 310—320 сантиметрден, шаңырағының диаметрі 200—220 сантиметрден кем түспейтін құрылғы. Жабынына кәдуілгі ақ үйдегідей, өндеуге оңай көнетіндіктен тығыздығы мығым төсем алуға болатын ақбоз қойдың күзем жүні жаратылған.

Хан ордасын дарбазалы қақпасының екі жанынан, жер ыңғайына орай қатаң шаршы бола бермейтін ауласының бұрыштарынан биіктігі 15—20 метрдей, жоғары көтерілетін баспалдақтары бар мүнаралар бой түзейтін қорған ішіне тігетін болған. Мұндай құрылыс салу үшін ең алдымен арнайы үйілген май топырақтың басын біріктіре түсу үшін үстіне оқтын-оқтын су қүйып, мал аяғымен таптап, ағаш тоқпақтармен нығарлап негіз жасайтын. Сонан кейін ғана ылғал, сор тартпас үшін қопа қамыс төселген іргеге қалындығы екі-екі жарым метрдей етіп қам кесектен қаланған өркешті (тісті) қорғанның өзін тұрғызатын болған. Орданың бір жағына хан шатыры, аса құрметті қонақ түсетін үй, екінші жағына ханның алты қанат ақ үйі, оның асхана іспетті қосалқысы, бәйбішенің үйі, т. б. орналастырылады екен. Қайсыбір хан ордаларында қорған ішінде саялы бақ, су тартатын шығыры, жиңайтын шүңеті, шегенді құдығы болғанға ұқсайды. Көрші қорғанда ханның арғымақтары күтілген, күйме арбасы қойылған, атқосшылары, аспаздары, күтушілері, үнемі хан айналасында болатын ақын, жыршы, әуезшілер, ойыншылар тұрған болса керек. Ханның бәйбішеден басқа әйелдерінің өз ауылдары болған дегенді айтады білетін жұрт.

Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданының Қарабұлақ қыстағынан терістікке қарай алты шақырым жерде Арыс өзенінін иініне орналасқан Абылай ханның ордасының осындай болғаны ықтимал.

Қорғандағы дарбазалы қақпаның аузына, бұрыштама мұнараларға қоршаудың үстімен әрі-бері жүріп тұратын, найза, айбалта ұстап, садақ, мылтық артынған төлеңгіттерден күзет қойылады екен. Хан ордасының әр қилы қашықтықтағы биік құздардың басында, үйік төбелерде қажет болғанда сақтық белгі беретін күзет орындары болғаны белгілі. Сондықтан да хан қорғандары қарапайым халыққа қамалдық мәнінен гөрі маңынан аулақ жүруге тура келетін өктем күштің құдыреті ретінде мәлім болған.

Орданың сәндік кисыны белгілі бір деңгейде алты қанат ақүйдікін қайталағанымен, қазақтың қолтума өнерінің үйлесімін тапқан ұқыптылығының арқасында ағашты, сүйекті, алтын-күмісті, әр түрлі тасты, былғарыны, киізді, иірілген жіпті кәдеге жаратуда мүлтіксіздікке жеткендігімен ерекшеленеді. Жатжұрттық саяхатшылар мен елшілікке жүргендер де ұлылығы мен байлығы жағынан оның корольдер мен императорлардың сарайларынан кем түсе қоймайтынына көңіл аударған.

Орданың безендірілуінен көркем ойдын қазақ қоғамының сезімтал талғамына сәйкес дамып, ою-өрнектің және оның икемді баламасы — түрдің айналадағы ортадан алынған мазмұндық желісімен, тіптен киелі, ғұрыптық белгілермен қойындаса, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келгенін аңғарамыз. Оның әшекейінде мақлұқаты, нәубетаты, ғарыштаты, тіке сызықты сарындарға негізделген өрнектердің кездесе беретіні де міне осыдан.

Ішкі жиһаздарының байлығын былай қойғанда, күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, жолағы ақ қойдың жүнінен иірілген жіптен тоқылатын кілем басқұрдан (оны «ақбасқұр» деп те атайды), кереге мен уықтың қиысатын тұсына тұтылатын желісі қазақтың «қошқарат», «шынжара» атты өрнектерінің әуеніне құрылатын термебасқұрдан, нышандық белгілер ретінде сәндікке ілінетін шаңырақбау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңыраққоршау, туырлық, үзік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиден, шекпеленген ағаш құрастырмаларындағы бағалы және жартылай бағалы металдармен, сүйекпен, түрлі түсті тастармен толықтырылатын ою-өрнектерден Ордадағы адам қиялына сыя бермейтін мінсіздікті көреміз.

Орданың күмбезін түгелдей жабатын үзіктерінің етегіне оюлы дөдеге, айналма құр берілетіні, артқы үзігінің кестеленген ақ жолақтарының үйдің алдына қарай айқастыра байланатыны оның көшпелі қауым өмірге келтірген таңғажайып, керемет құбылыс екенінің тағы бір айғағы.

Орданың құрылымдық жағынан мейлінше жетілдірілгені аса үлкен құрас-тырылып-ажыратылатын құрылғы болғанына қарамастан, онда тіреуіш, таяныш атаулының болмайтынынан да көрінеді. Керісінше, дауыл соққан кезде тепе-теңдік сақтау және салмақты ортаға аудара түсу мақсатымен шаңыраққа төрт жағынан (жалпылама киіз үйде екі жағынан ғана) бекітілетін де, кереге-уыққа қыстыра салынатын желбау жолақтарын жерге сүйрете байластырып үстіне жүк үйетін болған. Сақтық үшін құрылғыны сыртынан екі жағынан арқанмен бастыратын болған.

Қазақта бұрын киіз үйлерді бір-біріне тіркестіре тігіп, әжетіне жарататын дәстүр де болғанға ұқсайды. Жетісу жеріндегі Нарынқол ауданы Қақпақ аулының тұрғыны Әбдікерім Әділбекұлынан жазушы Эрнест Төреханов жазып алған мәліметке қарағанда, қазақ байлары таудағы жайылымдарда кішік-ірім құрылғыдан тұратын төрт киіз үйді тіркестіре тігіп, монша жасайды екен. «Киімшең» деп аталған бірінші үйде шешінеді екен де, «қауыз» деген атпен белгілі екінші үйде шомылып, «тас булау» деген үшінші үйде қыздырынады екен. Төртінші үй «бүйрек»— моншадан кейін тыныгып, демалатың орын болған. Моншаның көшпелі өмірге бейімделген жылыту жүйесі болған. Осын-дай моншада шомылғанын Кеген ауданының тұрғыны Қасымбек Қашқынбайұлы да айтып берген. Бәлкім, Ордада да осы іспетті монша болған шығар.

Дәстүрлі өнер мен тереңге меңзейтін тамырлардан нәр алған құрастыры-лып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың осы бір үлгісінен көз жазып қалғанымыз өкінішті-ақ. Мәселенің Ордаға жаратылатын ағаштың, киіздің, бау-шудың, арқан-жіптің нашар сақталатынында ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан көне дүние ескерткіштеріне көзқарастың кертартпалығында, заттық мәдениеттің жетістіктерін сақтауға құнтсыздық та болғаны даусыз.

Айтылғандардан біздің көріп отырғанымыз, қазақтың киіз үйіне байла-нысты халық шығармашылығының ұжымдық еңбекке негізделгені. Бақсақ, оның қаңқасын бір шілеңгерлер1 жасаса, жабыны мен жасауы екінші бір ше-берлердің қолынан шығады екен. Олардың әрқайсысы оның бітімі мен без-ендірілуіне өз шығармашылығының соны туындыларын ендіруге тырысады екен. Мұны біз дүние жүзі қазақтарының Алматыда өткен құрылтайына (1992 ж.) тігілген Торғай шеберлерінің қолынан шыққан Орданың нұсқасынан да көрдік.

Қазақ қадым заманнан бастап-ақ өзінің ата-тегін құраған ежелгі тайпалар мен халықтардан киіз басуды, тері ұқсатуды, алаша тоқуды, ши орауды, алтынмен аптап, күміспен күптеуді өзіне мұра етіп қабылдаған ел. Дәстүрлі өнердің осы түрлерінің барлығы киіз үйден көрінетіні хақ. Солай бола тұрса да, академик Ә. Марғұланның, тарих ғылымдарының докторлары X. Арғынбаевтың, М. Мұқановтың аса құнды еңбектеріне қарамастан, қазақтың киіз үйін палеоэтнологиялық тұрғыдан әлі де болса терең зерттей түсуді қажет ететін құбылыс екенін өмір көрсетіп отыр.

Киіз үй — қазақтың өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге асқан заттық, тұрмыстық мәдениетінің көрінісі. Отбасының салауаттылығы мен саулығының белгісі ретінде босағаға, шаңыраққа құрмет көрсету — ежелден келе жатқан дәстүр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет