1.4 Қазіргі замандағы Қазақстан
ХХ жылдардың 90 - жылдарындағы дағдарыс Қазақстан халқының саны мен демографиялық үрдісінде көрініс тапты. 1995 жылға дейін халықтың табиғи өсімі 1995 жылдың қаңтар – қараша айларында 102,4 мың адамды құраса, бұл көрсеткіш 1994 жылғымен салыстырғанда 24,6 пайызға төмендеді. 1995 жылы 11 ай ішінде Республикада 254,8 мың бала дүниеге келсе, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендегенін көрсетеді. Республика бойынша туудың жалпы коэффиценті 1994 жылмен салыстырғанда 18,1 – ден 15,9- ға дейін төмендеді. Сонымен бірге адамдар өлімінің көрсеткіші өсуде- 145,9 мыңнан (1994 жылы қаңтар- қараша), 152,4 мыңға дейін (1995 жылы қаңтар- қараша). Өлімнің жалпы коэффиценті 1 мың адамға алғанда 9,4 - тен 10,4 дейін өсті. Республика бойынша сәби өлімі бір жасқа толмаған 1 мың нәрестеге алғанда 25,4 – ке дейін жетті.
Қазақстан Республикасындағы орташа өмір сүру жасы 1990 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта 4,7 жылға қысқарды. Осындай көрсеткішке дейін жету Қазақстан тарихында соңғы 35 жыл ішінде болған емес. 1991-1996 жылдар арлығында барлық білім беру мекемелерінде елдегі білім алатын халық саны азайды. Мысалы, 1991 жылы олардың саны 5763 адам болса, 1996 жылы - 3531 адам еді. Яғни 1991жылдан 1996 жылға дейін Қазақстандағы білім алатын адамдар саны 39 пайызға қысқарған. Мұндай көрсеткіштер Республика халқының сауаттылығы мен білім деңгейінің төмендеуінің көрінісі еді.
1995 жылы 1- қаңтарға алғанда Қазақстан халқының саны 15 млн 860 мың адамға жетті.
Халық санының азаюының басты себептері - туудың азаюы мен өлімнің өсуі, сонымен бірге миграциялық ауысымдар шиеленісуі. Бірақ, 1995 жылдың өзінде мемлекетаралық миграциялық үрдіс төмендейді: 1995 жылдың тоғыз айы ішінде халықтың миграциялық шығыны 198,6 мың адамға дейін жетіп, 1994 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 35,5 пайызға дейін төмендеді. Мигранттардың көп саны ТМД елдеріне кеткен: 1995 жылдың бірінші жарты жылдығында Ресейге 106,6 мың адам (91 %), Өзбекстанға 3,7 мың (31%), Украинаға 3,5 мың адам (3 %). Сонымен бірге Республиканың ұлттық құрамы да бірқатар өзгерістерге ұшырады, кейбір облыстар кілең қазақтар мекендеген аймақтарға айналды. Осылайша олар Қызылорда облысы тұрғындарының 93 %, Атырау - 88%, Маңғыстау – 74 %, Ақтөбе - 69%, Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында – 66% құрады; басқа облыстарда да қазақтар саны өсе түсті. Республика халқының ішінде қазақтар саны жыл сайын өсуде, мысалы, 1994 жылы олар 44,3%, 1996 жылы 50,6%, ал 1999 жылы 53,4 %- ға дейін жеткен.
Сонымен бірге қазақтар санының өсуі ұлтаралық қатынастарының шиеленісуіне әкелмеді, осыған себеп болғандардың бірі 1992 жылы желтоқсанда Қазақстан халықтарының келісім мен бірлігі Ассамблеясы құрылды да, 1995 жылы наурыз айында Қазақстан халықтарының Ассамблеясына реорганизацияланды да елде тұрып жатқан халықтардың мүдделерін қорғайтын Президент тұсындағы консультативті - кеңес органы болып табылады. 2003 жылдан бастап ел экономикасы тұрақтанғаннан кейін Қазақстанға жақын орналасқан шет елдерден ғана емес, сонымен бірге Германия, Греция және т.б. елдерден қайта миграция үрдісі жүріп жатыр. Осындай жағдай нәтижесінде 2004 жылы Қазақстандағы жалпы халық саны қайтадан 15 млн адамға дейін жетті.
Қазіргі кезде қазақ этносы Орталық Азияның түрік - монғол халықтары ішінде өзбектерден кейін екінші орында. Осылайша Қ.Р - ның статистика агенттігі бойынша 2003 жылы қазақтардың жалпы саны 11 млн адам, олардың ішінде Қазақстан ішінде 7 млн. 985 мың қазақ тұрып жатыр.
Таяу шет елдерде 1814300 қазақтар өмір сүруде, оның ішінде Өзбекстанда - 960200 адам, Ресейде - 687800, Түркменстанда - 87600, Қырғызстанда - 42600, Украинада - 10500, Тәжікстанда - 10000, Әзербайжанда - 4000, Грузияда - 3000, Молдовада - 2000, Арменияда - 500, Белорусияда - 300, Қиыр шетелде: Қытайда - 1258500, Монғолияда- 83000, Ауғаныстанда - 28 000, Түркияда - 20000, Иранда - 3450 адам, Балтық елдерінде 2500, Германияда - 700, Жапонияда - 40, Австралияда - 40, Бельгияда - 28, Сауд Аравиясында - 28, Норвегияда - 20, Кубада - 2. Барлығы - 1476228 адам. Сонымен қатар Францияда 172 отбасы, Швецияда - 51 отбасы, Пәкістанда - 36 отбасы, АҚШ - 23, Австрия - 18, Швейцария - 4 отбасы, Данияда - 4.
2 Шаруашылық және мәдениет
2.1 Мал шаруашылығы
Қазақстанның табиғаты мен климатының ерекшеліктері, бағзы заманнан оның шаруашылығының дамуына айтарлықтай ықпалын тигізіп келеді. Энеолит дәуірінде, бұл Солтүстік Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардан белгілі (Ботай мәдениеті). Ботайлықтар – Еуразия өңіріндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық-Ертіс арасындағы энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды. Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйрету және топтап бағу жүзеге асқан Қола ғасырында егіншілік пен мал шаруашылығы комплексті түрде дами бастайды. Балығы көп өңірлерде /Арал өңірі, Балхаш көлі, Алакөл, Зайсан, Сыр бойы, Іле, Шу, Нұра, Орал, Ертіс және т.б./ шаруашылықтың негізгі түрі балықшылық болды. Осы кезден бастап далалы өңірлерде мал шаруашылығы маңызды орын ала бастайды, отырықшы мал шаруашылығынан жартылай көшпелі мал шаруашылығына, артынан б.з.б. І-ші мыңжылдықта көшпелі мал шарушылығы етек ала бастады. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда егіншілік мәдениетінің әсерімен егіншілік жылдам қарқынмен дами бастады. Соның нәтижесінде егіншілікпен айналысатын қалалар мен оазистер пайда болды. Бірақ далалы аймақтың ортасында жатқан бұл егістік аймақтарында қосарласа, көшпелілердің әсерімен мал шаруашылығы етек ала бастайды.
Б. з. б. І-мыңжылдықта Еуразиялық далада, шөл дала мен жартылай шөлді аймақтарда мал шаруашылығы алдыңғы орындағы шаруашылыққа айналады. Мал шаруашылығының егін шаруашылығынан бөлінуі бұл аймақтың экономикалық дамуын жақсартады. Егіншілер мен малшылардың тығыз сауда байланыстарының, малшылар мен қолөнершілер егін өнімдерінің, егіншілер сүт өнімдерінің қажеттілігінің нәтижесінде сауда қарқынмен дамиды.
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына өтумен байланысты малдың көшуге ыңғайлы түрлері: қой, жылқы және түйе көбейе бастайды. Малшылар табиғи және таңдау арқылы малдардың жолға шыдамды, төзімді, етті-сүтті түрлерін алып қалады.
Көшпелі мал шаруашылығына байланысты жерлердің табиғи ландшафтық және рельефтік ерекшеліктеріне байланысты мал тұрақтары қыстау, көктеу, жайлау, күзеу жерлері пайда болады. Көшудің негізгі түрлері: меридиональды, ендіктік, вертикальды және радиональды.
Б. з. д І-мыңжылдықта түрік тайпаларының Қазақстан жеріне үстемдік құруымен байланысты мал шаруашылығы одан да қарқынды дамып, негізгі шаруашылық түріне айналады. Бұл дәстүр ХІХ-ХХ ғасырларға дейін созылады. Әсіресе ХҮ-ХҮІІ ғасырларда Қазақ хандығының құрылуы тұсында мал шаруашылығы гүлдене бастады.
Үй жануарларының түрлері мен тұқымдары. Қазақтар көбінесе қой, жылқы, сиыр, ешкі, түйе сияқты малдарды ұстаған. Маңызы жағынан бірінші орында қой болған. Қой сүті мен еті қазақтардың күнделікті қолданатын тағамы болса, жүнінен материалдық мәдениетердің көптеген туындылары жасалған. Сонымен қатар кедейлер қой терісінен киім тігіп киген. Қойлар ақша орнына жүретін, сауда қатынасының негізгі элементі болған. ХХ ғасырдың басына дейін ақша орнына сауда эквиваленті есебінде қой жүру кей аймақтарда сақталған. Қойлар Ортаазиялық қалаларда және Ресейдің қалаларында үлкен сұранысқа ие болды. Сондықтан қазақ даласында жәрмеңкелер болып (Қоянды, Таиншандық т.б.) жәрмеңкелерге жан-жақтан көпестер келіп отырғаны белгілі.
Үй қойларының ата тегі муфлон, арқар және жабайы қыр қойларына барып тіреледі де, қазіргі тұқымдары: қысқа құйрықты қой, ұзын, арық құйрықты қой, май құйрықты, яғни жалпақ құйрықты қой деген түрлеріне бөлінеді.
Бұлардың ішінде қазіргі қазақ мал шаруашылығында: қаракөл қойы /оның туған жері Бұхар мен Хиуа, жас қозыларының елтірісі дүние жүзіндегі ең жақсы, сапалыдан саналады/, Еділбай қойы /қазақ қойларының ішіндегі ірісі, үлкен құйрықты, салмақтысы, жүні қылшықты және ұяң/, биязы жүнді, меринос қойы /жүні қылшықсыз, биязы, ұзын, жіңішке келеді/ өсіріліп келеді. Сондай-ақ қой малының еті мен тұрқын ерекше бағалаған жұрттарға: гиссар қойы /Өзбекстан мен Тәжікстанда өсірілетін өте салмақты, қылшық жүнді/, жайдары қой /өте салмақты, жақсы жүнді, құйрық бітістері әр түрлі, Өзбекстанда, өзіміздің оңтүстікте жеке меншікте өсіріледі/, қалмақ қойы, қырғыз қойы, сараджин қойы /түркмендерде/ сияқты түрлері белгілі.
Қой жасына, еркек-ұрғашысына қарай: ұрғашысы қой /төлдейтін қой/, саулық қой /көбіне бес жастан асқан қой/, дөнен қой /төрт жастағы қой/, құнан қой /үш жастағы қой/, ісек қой /екі, үш жастағы піштірілген еркек қой/, тұсақ /екінші көктемге шыққан, былтырғы қозы/, тоқты /алты айға толған еркек, ұрғашы қозыларға ортақ ат/, кебе, кете қозы, көбей, көрпеш, көрпелдес, көбеген /ерте туған қозы/, бағлан, марқа, сырбаз қозы /жетілген, піскен мағынады/, қозы /туғаннан тоқты болғанға дейінгі жалпы атауы/, қошқар /қойға жіберілетін еркегі/, азбан /6,7 жасқа келген қошқарлардың тұқымсыздығына қарай піштірілгені/ деп аталады.
Қой дене бітісіне байланысты: үкі бас қой /екі шекесінің үсті ала тіктеу шыққан кішірек екі айдары бары/, тұлымды қой /мүйіз орнына тұлым сияқты бітіп, екі көзін баса келген жалбыр жүні бар/, түймелі қой /тамақ терісінің сыртын ала пайда болған жұмыр түйме тәрізді кішкентай салпыншақ безі бары/, шұнақ қой, салпаң құлақ қой, тоқал қой /мүйізі жоқ/, тегене құйрық, қалақ құйрық, таңқы құйрық, салпы құйрық қой т.б. деп жіктеледі.
Сауылуына байланысты: үріптеу /қойдың қозысы емізілмей сауылады/, жебу/ емізбей тұрып бір рет сауып, сосын көп уақыт өтпей екінші сауылуы/, астынан идіру сауу/, жанай идіріп сауу /қозыны еркін емізіп қол бермей, жанастырып барып, қой исінген кезде саууды айтады/.
Жүн бітісіне байланысты: тірі жүн /қысқы қалың ұйысқан жүннің астынан жаз шыға жаңадан шыққаны/, өлі жүн /қырқымға дйін түспеген ұйысқақ жүн, ол пайдалануға жарамсыз, бояу алмайды, морт/, жабағы жүн /терімен, шайырмен өзара кірігіп, ұйысқаны/, жабыл жүн /қойдың сирағында, жағында, құрсағында, құйрығында өсетіні/, қарын жүн /туғандағы жүні, маусым айында қозының ең алғашқы жүні қырқылады/, күзем /қыркүйектегі қырқым/ деп аталады.
Мінезіне байланысты: жанбақы қой /сауғызбайтын, жетекке жүрмейтін тырысқағы/, жердік қой /өз қозысын үнемі емгізбейтін/, қатыбас қой /қозысынан жеріп, тек телу арқылы емізетіні/, бедіреуік қой /тек қозысына ғана иіп сүт беретіні/, балажан қой /өз қозысымен бірге, басқа да қозыны жерімей, қоса емізетіні/, т.б. бөлінеді.
Қой малында: топалаң /ыстық кезде шығатын, басты шайқатып, бүйірді соғып, ыңқылдататын, іш өтіп, бір орнында мелшитіп қоятын, өте жұқпалы індет/, күл /қыздырмаға ұшыратып, терісімен кілегей қабығына бөрткі шығаратын жұқпалы ауру/, сарып /бақай арасынан ісіп шығатын ауру/, секіртпе /ұлтабар мен ащы ішектің ішкі қабығын қанталанып, зақымдайтын ауру/, сары буын /буынды ісіріп, сары су жинайтын ауру/, бөгежек /төрт аяқтан бірдей қалып жүргізбейтін ауру/, баспақ /мұрын бітіп ауруы/, қара түйнек /ішектің түйіліп ауруы/, алаң /топалаңның бір түрі/, жарғыш /өзінен-өзі іші жарылып өлуі/, қара сүйел /аузына немесе аяғына шығатын сүйел/ т.б. науқастар ұшырасады.
Қазақтар қойдың «қазақтың құйрықты қойы» деген түрін көбінесе ұстаған. Табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның аймақтарында олардың бірнеше түрлері болған: Батыс Қазақстанда - адайлық, Орталық Қазақстанда – бағаналы, еділбайлық, Шығыс Қазақстанда – зайсандық, Жетісуда – жетісулық қойлар. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Солтүстік Қазақстанда қойдың сібірлік тұқымын асырай бастады, бірақ қой саны саусақпен санарлықтай болды.
Қойдан кейін қазақтарда маңызды орын алған жануар – жылқы. Жылқылар да табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты ертеде ру-тайпалар өсірген жылқы тұқымдары болған, олар Қазақстанның әр аймақтарында әр түрлі аттарға ие болды: адайлық, батысқазақстандық, орталыққазақстандық, жетісулық, наймандық және т.б. Оңтүстік Қазақстанда Орталық Азияда кең таралған «қарабайыр» деген жылқының тұқымын асыраған. Қазақстанның басқа аймақтарында климаттық төзімсіз болғандықтан олар кездеспеді.
Жылқы тұқымына, қасиетіне, күшіне, жылдамдығына қарай: арғымақ, қазанат, абы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, қарабайыр, пырақ, дүлдүл т.б. деп бөлінеді. Шабыс ат: жүйрік, тұлпар, сәйгүлік, саңлақ, бәйге ат деп; салтанатқа мінетін ат: жорға ат, су жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға; жай мініс ат: аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат деп жіктеледі.
Жылқы баласын өсуіне қарай: құлын /бір жасқа дейінгі жабағысы әлі көтерілмеген/, жабағы /жылқының бір жасқа толмаған, құлын жүні түспеген/, тай /жылқының екі жасары/, құнан /үш жастағысы/, дөнен /төрт жастағысы/, бесті /бестегі жылқы/, бие /құлындайтын жылқының бес жасқа толуы/, байтал /жылқының екі жастан бес жасқа дейінгі ұрғашысы/ деп бөледі.
Биенің сауылуына қатысты түрлі атаулар бар: бас сауым /күні бойы сауылатын биенің ең бірінші сауылған мезгілі/, қосақ /күзге қарай ірі құлындарды енесінің мойнына қосақтап жіберу/, жебей сауу /биенің бір сауымнан соң, жарты сағаттан кейін қайта, яғни «жебей сауу», боз емшек /күзге қарай биенің емшегі тырсия сүтке толған кезіндегі бірінші сауылуы/. Сүтіне қарай биелер: мама бие /өте сүтті бие/, мәнерсіз бие /сүті аз бие/, ақтандыр бие /сүті жоқ, шықпайтын бие/, исіншек бие /сауар алдында құлынына жанасып, исінген сүтін ағызып жіберетін бие/, т.б. түрлерге бөлінеді. Қысырақтардың /бойдақ биелердің/ өзі де бірнеше түрге жіктеледі. Қысырақтар /құлындамаған биелерді, байталдарды ұрғашы тайларды бөлек үйірге жіберу/, тұман қулық /үш немесе төрт жасқа дейін айғырдан шықса да құлындамай жүрген бие/, көбең бие /қоңданып тойына бастаған бие/, ақжілік бие /құлынында енесі сауылмай еркін емген бие/; Қаракемік бие /енесі сауылып, жүдеу, бос боп өскен бие/, нәқұс /құтамыз/ бие /шыққан тегі нашар бие/. Құйма тұяқ бие /тұяғы көп тасырылмайтын бие/ және басқалар.
Айғырлар: жасамалы /үш-төрт жастан асқаны/, сәурік /үш-төрт жастағы, үйірге салынбағаны, /құр айғыр /өмірі құрық жүгі тимеген/, сыңар ен /тумысында бір ен боп туған/, шартық /екі енінің бірі піштірілмей қалған/, азбан /алты жасында піштірілмегенімен айғырлық әдетін қоймай, биенің мазасын алатын айғыр/ деп бөлінеді.
Саяқтың /бойдақ жылқылар/: ат /піштірілген еркек жылқы/, сақа ат /он бір, он екіге келгені/, арда емген /құнанына дейін енесін емген, ақ жілік болған/, тал тай /өз енесі мен телінген ежені бірдей еметін бір жасары/, қысыр емген /құлын тастаған биенің екі жасқа дейін емген бұрынғы төлі, шобыр /мініске, күш-көлікке өте мықты шабан ат/, сетер ат /құлыннан қартайып өлгенше жүген-құрық, ер-тоқым көрмеген ат/, пішпе /піштірілген жылқы/ т.б. түрлері бар.
Жылқы – маңқа, қара өкпе, шығу /сақау/, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, сары ауру, қарын ауру, арқа кету, лоққы, мандам, тымқаншық, қыршаңқы, желінқұрт сияқты ауруларға ұшырайды.
Күзеу – тай күзеу, құнан күзеу, бордақы күзеу деп бөлінеді. Тайды – құйрық түбінен құндыздық қылын қалдырып, маңдайынан кекіл жалын қалдырып күзейді, құйрығы ұшынан шыбын қағар құйрық қылын қалдырады, құнанды құйрығына тимей тек жалын күзеп, кекіл жалын, кекіл қағарын әрі шоқтығына жақын, мінерде ұстар тұсынан бір топ жалын қалдырып күзейді, ал бордақыны күзегенде тоқалдап күзейді.
Салт мінуге жорғадан жәйлі көлік жоқ. Бұған: «Жорға мінген жолдасынан айрылады, көп жасаған құрдасынан айрылады» деген мақал дәлел бола алады. Сөзге шебер, айтыста алдырмайтын кісіні де «жорға» деседі. Жүйрік – жүрісі ұшқыр, жеңіл, сидам жылқылардың таңдаулысы, ол қуса жететін, қашса құтылатын.
Жылқы да қой сияқты шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы халықты етімен, емдік сусын – қымызбен қоректендірсе, ауылшаруашылық жұмыстарына қатысып, әрине көшпенділердің негізгі көлігі болды. Сондықтан жылқының бағасы қымбат тұрды.
Ірі қара малды халықтың нашар және орташа тұратын бөлігі асырады. Көбінесе ірі қара мал табиғи-климаттық ыңғайлы аймақтарда – Батыс және Орталық Қазақстанның солтүстік аудандары, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ұсталды. Ірі қара малдың тұқымдарына келетін болсақ қазақи және қалмақтың қызыл малдары асыралынды. Қоныстанушылар келгеннен кейін олардың малдарының тұқымымен аралас басталады.
Ірі қара мал көбінесе ауылшаруашылық жұмыстарда қолданылды. Сонымен қатар олардан алынатын сүт өнімдері халықты егін жинағанша асырады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс халқының көбеюіне байланысты ірі қара малға деген сұраныс та көбейеді, ол әрине мал санының өсуіне әкеп соқтырды. Кедейлердің малы байлардан алған сауын болды, яғни екі-үш мал алып, оның сүтін пайдаланғаны үшін олар шөп-тағамын дайындап, байға үй шаруашылығында көмектесуге міндетті болды. Кейбір байлап өте көп мөлшерде малды сауынға берді, мысалы, Перовск уезіндегі Біләш бай 700 сиырын сауынға берсе, Темір уезіндегі Шошабай – 1000 сиырын сауында ұстаған. Малдың көп бөлігі сатуға кетіп отырды.
Қазақ сиырды жасына қарай: бұзау /бір жасына дейінгі/, торпақ, тана, /бір жастан асқаны/, баспақ /күзге қарайғы бұзаудан кей жерде осылай атайды/, қашар, /сиырдың бір жастағы ұрғашысы/, тайынша /екі жасқа келгені/, құнажын /екі жастан асқан, төл беретін сиыр/, дөнежін, тесті сиыр, сақа сиыр дейді. Екі жастан асқан еркегі тарттырылса өгіз, тартырылмаса бұқа дейді.
Бұқалар мен өгіздер: кенже тайынша бұқа /піштірілмеген еркек бұзаудың бір жасқа жетпегені, қыста туған бұзаудың кішісі/, бұқашық /алты айдан асқан еркек бұзау/, бұқаша /бір жасқа еркін толмаған, піштірілмеген тайынша/ тайынша бұқа /бір жасар/, құнан бұқа /екі жасар/, дөнен бұқа /табынға түскеніне үш жыл болған/, бесті бұқа /аталығы әбден жетілген, бес жасқа келген/ деп бөлінеді.
Сиырлар күй-жайына қарай: мамырланған сиыр /қыстан шыққан семіздігіне жазғы семіздігі қосылып, еті өте майланып семірген сиыр/, шайлаған сиыр /әдеттен тыс қатты семіріп, аяғын зорға алып, жай басатын сиыр/, қауқа бұзау /ерте туған бұзаудың күтімсіздіктен жүдеп, сырт жүні іріп, жақ жүндері үрпиіп жүрген түрі/, ту сиыр /үш не төрт жасар сиырдың шағылысып кетсе де, бұзауламағаны, немесе екі-үш жыл бұқаға шағылыспай, семіз, күйлі жүргені/, босалаң сиыр /қысқа төзімсіз, тез арықтап жүдейтіні/, бітеу сиыр /өмірі бұзауламай, бір қалыпты семіз болатын сиыр/.
Сиыр түлігінде болатын аурулар: қарасан /ірі қараның бұлшық еттерін, шелін зақымдамайды, денесіне газды ісіктер шығарып, ыстығын көтереді/, қараталақ /талағы қарайып, ісіп кетуі/, мәлік /алаөкпе ауруы/, шұрық /сиырдың тышқақ боп ауырып, шаптан, бүйірден тесіліп, терінің ішін ала сыртына бұлтиып шығып тұратын ауру/, сарын /бақайдың арасынан ісіп шығатын ауру/, аусыл /аузына, желіні мен аяқтарына күлдіреуіктер шығарып, ыстықты көтеріп, денесін улайтын өте жұқпалы ауру/, қызылшу болу /бұзау тастау/, қаратүйнек /ішегі түйіліп, жыны тоқтап, ішектердің қарайып кетуі/, айырбақай /бақай арасына саздың кептеліп, қатып қалуынан жүргізбей тастайтын жараның аты/, мүйізгек /сиырдың қынабын қабындырып, бұқаны ауруға ұшырататын жұқпалы ауру/, ақтышқақ /жаңа туған бұзаудың ішін өткізетін, өлімге де ұшырататын жұқпалы ауру/, тентек бұзау /тайыншаның миын зақымдайтын ауру/, оқыра /бөгелектен пайда болатын ауры/, бұзаутаз - бұзаудың терісін зақымдап, қабындырып, іріндететін жұқпалы ауру екен.
Сиырдың күндізгі, кешкі мезгілде шала-шарпы жеген шөптерін жалбыршақты қарыннан аузына қайтып әкеп, қайтадан шайнап жатуын – күйсеу, әбден тойғанда от оттамай тыныстап, күйіс қайырмай жатуын – жусау дейді.
Қазақтың жылқымен қатар ұстаған малы – түйе. Түйені негізінен үш түрге бөлеміз: бір өркештісі – нар, қос өркештісі – айыр түйе. Айыр түйе мен бір өркештің будандасуынан қоспақ туады. Өркешінің алдыңғы жағы сәл «кезет» /ойықтау/ нарды «біртума» дейді. Бұл түйенің жүні де, еті де мол, сүті қою, майлы, өзі өте қарулы. Табандарының бүрі мол болғандықтан лайға, суға таймайды. Таулы, тасты, адыр-бұдыр жерлерде басқа түйелердің табаны тез зақымданды. Өркешінің ортасы «кезетті» түйені «бек – патша» деп атаймыз. Бұл көбінде «біртума» түйелерден шығады. Бұлар - өте қарулы, төзімді түйелер. Сүті қою, майлы, өркеші аласалау, жалпақ, сылыңқы түйені «жөң» жеп атайды. Сүті сұйық, маңызы онша емес. Келесі түйені «әлетүйе» деп бөлеміз. Мұның да өркеші ұзындау, дене тұрқы тазы сияқты сидам, жүні аздау, өңі жұқа, сондықтан суыққа шыдамсыз. Нардың бесінші түрі – аруана. Екі жауырының үстіңгі жағына өсік жүн шығады. Оны «дулыға» деп атайды, құйрығы жылқының құйрығындай қылышты, басқа түйелерге қарағанда ұзын. Суыққа шыдамсыз, бірақ сүтті келеді.
Түйе малы – ежелден қазақтардың көш көлігі. Жабдықтар түйенің өркешіне орай жасалған. Ең біріншісі – түйенің үстіне салынатын «терлік». Ол жұмсақ матадан арасына жабағы жүн, не мақта жұқалап салынып, сырып, не көктеп дайындалады. Оның үстіне «жазы» салынады. Ол жүннен не матадан тоқылған жұқа алашадан жасалады. Өркешке орай кесіліп дайындалған екі қабат алашаның арасына етек жағы қалың, жоғарғы жағы жұқалау етіліп қоға салынады да, шуда жіппен көктеп тігіледі. Жазының екі жағы бастары байланған жұмыр ағашпен бастырылып, айыл, тартпа осыған байланады. Бір өркешті түйелердің жазылары алға, артқа сырғып кетпес үшін құйысқан, өмілдірік пайдаланылады.
Түйені төрт жастан асқанда жүк арту үшін бас білдіріп, «мұрындық» жасайды. «Мұрындық» екі жағы кертілген, бір жағы сүйір, жаңқасыз жұмыр ағаш. Түйенің кеңсірігі тесіліп, мұрындық өткізер алдында кертпектің сүйір емес жағына тесіктер шығып кетпес үшін қалың көннен тосқауыл кигізеді. «Мұрындықбау» мұрындықтың сүйір жағына байланып, ол осалдау ширатылған шудадан істеледі. Түйе тартыншақтап жетекке жүрмесе, мұрындық кеңірсікті жыртып жібермес үшін, мұрындықбау бұдайға қарағанда босаң жіптен жасалады.
Түйенің еті де, сүті де кедейдің тамағы. Сүті қымыздай емес, тоқ, сіңімді, маңызы, қарынды ашырмайды. Бірақ ішті қатыратын қасиеті бар. Арық жылқының етінде қасиет болмайды. Ал түйе қанша арықтап өлсе де, омыртқасы ақ, сорпасы қою, маңызды.
Түйенің мойын терісі бағалы. Онымен құранды ерлерді қаптайды, керегені көктейді, таспа тіледі, сондай-ақ су тасуға пайдаланатын және құдықтан су тартатын қауға ыдыс – «көнек» істейді.
Қазақтар түйенің өкпесін жемей тұздап кептіріп, ем-домға пайдаланған. Өкпенің біршамасын кесіп алып, ыстық суға салып жібітеді де, науқасты тәуіп сонымен қағады /емдейді/...
Көлік пен шұбаты үшін қазақтар түйенің екі тұқымын асырады: бір өркешті «нарды», екі өркешті «айырды». Ерекше көңіл екі өркештілерге берілді. Олардың қалың терісі мен жүні аяз қыстарды өтуден сақтады, сондықтан олар бүкіл Қазақстанның территориясына таралды. Қысқа, суық ауа-райына төзімсіз түйелер, бірақ мықты, күшті, шыдамды болған. Олар Оңтүстік-батыс Қазақстанда асыранды. Түйе терісі киім-кишек тігуге, сатуға қолданылды. Еті тамаққа қолданылса, сүтінен «шұбат» /Батыс Қазақстан термині/ жасалды. Кейбір шаруашылықтарда түйелер жер жырту үшін де қолданылды.
Ең аз өсірілетін, маңызы аса зор емес ешкілер болды. Оларды шаруашылық жеңілдету үшін ғана ұстады. Терісін киімге, сүті мен етін тағамға қолданды.
Қазақ ешкісі – ет, сүт, түбіт өнімдерін мол беретін көптеген ешкі тұқымдарының аралас түріне жатады. Ыстық пен суыққа бейімделген, қыста өз бетімен өрісте жайыла алады. Бес ай сауылып, жылына бір-ақ рет қырқылады. Ешкі он екі жыл ғана жасайды.
Жасы мен жынысына қарай ешкі малының: лақ /алты айға дейінгі ешкінің төлі/, шыбышың /ерте туған ұрғашы лақтың бір жастан асқаны/, шыбышша /бір жастан бір-екі ай кішілігі бар, текеге шағылыспай қалған ұрғашы лақ/, лақ теке /туғанына алты ай болған лақтың тарттырылмай жіберілгені/, серкешік /еркек ешкінің бір жастан асқанда тарттырылғаны/, текешік /шала тарттырылған еркек лақтың бір жастан асқаны/, шыбыш /алты айлығында текеге шағылысып, бір жасқа толған уақытында лақтағаны/, тушашық /бір жарым жастағы лақтағаны/, теке /ешкінің жыныс қабілеті жетілген еркегі/, туша /екі жастан сәл асып барып лақтағаны/, сақа ешкі /лақтап жүрген ірі ешкі/, ту ешкі /ешкінің текеден бір-екі жыл қашпай немесе қашып кетсе де буаз болмай, қысыр қалғаны/, серке /ешкінің тартырылған еркегі, олжасына қарай кұнан серке, дөнен серке, серке деп аталады/, азбан теке /алты-жеті жастағы текенің тартырылып жіберілгені/, бас серке /ені тартырылған текенің төрт-бес жастағысы/ деген атаулары бар.
Ешкінің жүні: түбіт /өте жұмсақ, жіңішке талшығы/, түбіт жүн /қылшық арасынан шыққан мамығы/, қылшық жүн /түбітсіз шыққан немесе түбітінен ажыратылғаны / болып бөлінеді.
Ешкілер түсіне қарай: бөрте ешкі, жағал ешкі, сұр ешкі, ақ сұр ешкі, қара сұр ешкі, қара көк ешкі, бурыл ешкі, сондай-ақ қара ала, қара бас, қара мойын, ала мойын, боз ешкі, т.с.с. түстеледі.
Ешкі малы қойда болатын таполаң, күл, бөгежек, баспақ, қара түйнек, жарғыш, қызылшу сияқты аурулармен ауырады. Топалаң індеті ешкіде кебенек деп аталады.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Оңтүстік Қазақстанда жегу жұмыстары мен міну үшін есектер өсіріле бастады.
Малшылардың еңбек құралдары. Мал шаруашылығы үшін қолданылатын қамшыларды екінің бірі жасай алмады, оны арнайы сол жұмыспен айналысатын өрімші ғана жасады. Қамшының екі түрі болған: 3-4 өрімнен өрілетін шыбыртқы қамшы және 4-тен көп өрімнен өрілетін дойыр қамшы. Дойыр қамшы өрімдерінің саны кей кезде 24-ке дейін жеткен. Шыбыртқы қамшы ат үстінде жүрген кезде қолданылса, дойыр қамшы аң аулаған кезде қолданылды. Дойырдың басы қатты келген, онымен аңдарды ұрғанда қабырғасын сындырып жіберген.
Сонымен қатар малшы қазақтар бишікті қолданды. Бишіктің сабы қысқа, ал жібі ұзын келеді. Жібі қайыстан жасалады, ол мықты, әрі өрілген болуы керек. Кей жерлерде сап-таяқтың орнына маралдың білек сүйегінен жасалған сап қолданылады.
Азықтың дайындалуы. Отырықшылықтың дамуы мен ірі қара малдың көбеюі шаруашылықтарда азықты дайындауға тура әкеп соқтырды және бұл процесс бүкіл Қазақстанда жүрді. Л.Мейердің жазғандарына келетін болсақ, ол ХІХ ғ.қазақтардың жыл сайын шөп шабумен айналысатының айтып кеткен. М.Крассовский де орталық және солтүстік қазақстандықтардың шөп дайындау қарқының жылдам өскенін жазып кетті. Бұл климаттық жағдайға байланысты болғаның түсінуге болады, бірақ та қыс қысқа болатын оңтүстіктің өзінде шөп шабу жұмыстары жүрді.
Шөп шабу қарқыны 1879-1880 жылдардағы жұттан кейін кең қарқын алады. Жұттың салдарынан азық жетіспеушілігнен Ақмола облысында 819 775 мал басы, Торғайда – 1 528 675; Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата қазақтарының 56 %-дан малдары қырылған. Шөп шабу жұмыстарын істеу үшін қазақтарда мың-мыңдап – шалғылар сатыла бастады.
Азықтың дайындалуының өсуін келесі сандардан аңғаруға болады: 1896 жылы Көкшетау уезінде 1 464 600 шөмелей шөп, ал 1907 жылы 1 872 187, Петропавлск уезінде 1901 жылы – 953 771 шөмелей, ал 1908 жылы – 3 022 170, ал Көкшетау уезінде 96,2% шаруашылық шөп шапса, Петропавлда – 93,3%. Перовск уезінде 1906 жылы 1 324 000 пұт шөп, 1915 жылы 7 119 918 пұт. Осылайша қысқыға азық дайындау жылдан-жылға өсе берген.
Достарыңызбен бөлісу: |