Дәл осы замандарда Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында ерекше аталатыны — үйсіндер. Үйсін тайпасының баста қалыптасқан аймағы — Солтүстік-батысҚытай жері, осы күнгі Баркөл көлінің маңайы деп есептеледі. Осы аймақтан үйсіндер Жоңғар Алатауы, Тарбағатай баурайына б. з. д. II ғасырларда ауып келген. Олар бұл жерге бұдан аз бұрын қоныс аударып келген юэчжилерді оңтүстікке қарай ығыстырып қоныстанған. Үйсіндердің батыс шекарасы Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатқан.
Үйсіндердің атауы, оның мөні, бұл көне атаудың кейінгі қазақ ұлысындағы үйсіндер атауымен байланысы әлі толық шешілмеген. Бірқатар тарихшылар қытай транскрипциясыбойынша "усун" аталатын тайпаны "аспан"этнонимі деп білуге бейім. Енді бір пікір бойынша, қазір у-сунлеи аталатын екі иероглиф ертедегі қытай тілінде "а-сман", "аспан" деп оқылатын. Үйсін атауы кейінірек (орта ғасыр) жазба ескерткіштерінде "уіиин", "уйіиин", "хуши" түрінде кездеседі. Мысалы, ушиндер туралы дерек "Монғолдың құпия шежіресінде" (XIII ғасыр), Рашид ад-Диннің еңбегінде (XIV ғасыр) кездеседі. Бұдан қандай түйін жасауға болады? Біздіңше, көне қытай жазбаларындағы усун тайпасы мен кейінгі қазақтың [[[Ұлы жүзі|Ұлы жүзіне]] ортақ атау болған үйсін тайпалық одағының арасында байланыс бар. Бұл атаудың орта ғасырлар заманында да үзілмей аталуы көне үйсіндер мен кейінгі үйсіндер арасында этногенетикалық та байланыс бар екендігін көрсетеді. Бұл пікірді көне үйсіндердің де Жетісу мен оған көрші аймақтарда жасауы, көне үйсіндердің де қазақтар сияқты киіз үйде тұрып, негізгі асы ет пен сүт, қымыз болуы бекіте түседі.
Көне усундар сонымен қатар кейінгі қырғыз халкының да құрамына кірген болуы керек. Бұған қырғыз халқының ішіндегі үйшун тайпасы дәлел бола алады.
Үйсіндер ғұндармен, юэчжилермен бірде жер, мал үшін соғысып, бірде бейбіт шаруашылық-мәдениқарым-қатынаста болды. Олардың шаруашылығында, ел басқару жүйесінде көп ұқсастықтар болды. Мысалы, үйсіндер де ғұндар сияқты үш бөлікке:
сол қанат,
орталық қанат,
оң қанатқа бөлінді.
Бұл дәстүрдің кейінгі қазақтардағы үш жүздік жүйеде жалғасын тапқандығын біз білеміз. Ғұн, үйсіндер өзара мәдени-этностық жағынан жақын да болған сияқты. Сондықтан да грек-рим авторлары оларды кейде қосарлап, "ғұн-үйсін" деп те атайды.[1]