Негізгі бөлім мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұны жағдайларында білім беру процесі



бет5/8
Дата15.05.2020
өлшемі40.45 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8
Гносиологиялық-балалар іс-әрекет барысында қарапайым білім мазмұнын игеруімен сипатталады. Білім мазмұнының гносиологиялық компоненті жеке тұлға үшін түрлі мақсаттарды шешуге бағытталуы мүмкін. Мысалы, дүниетанымдық, білімділік, тәжірибелік. Ол баланың жеке тұлғасына, білімі мен икемділіктеріне байланысты. Яғни, бала білім мазмұнын меңгерту барысында дүниетанымдық көзқарастары кеңейіп, түрлі қиын мәселелерді шешуде тәжірибе жинақтайды. Білім мазмұнының осы компоненті толық жүзеге асуына бірден бір себеп баланың бойындағы қабілеттері. Ол қабілеттер құрамына Э.Г.Гельфман және М.А.Холодныйдың жеке тұлғаның интеллектуалдық мүмкіндіктеріне байланысты атап өткен қабілеттерін жатқызамыз, олар: құзіреттілік, ынта-ықыласы, қызығушылығы, шығармашылық, өзін-өзі реттеу ойлау қабілетінің ерекше қалыптасуы. Аталған жеке тұлғаның қабілеттері балалардың бойынан табылып, оларға іс-әрекетпен айналысуға мүмкіндіктер тудырады.

Білім мазмұнын қалыптастырудың келесі компоненті технологиялық компонент.Технологиялық компоненттің жүзеге асуы балалардың қарапайым ғылыми таным әдістерін пайдалануымен байланысты. Технологиялық компонент дегеніміз-балалардың таным әдістерін білуімен сипатталады деген қорытындыға келдік. Тәрбиеші қабылдау, ойлау есте сақтау, зейінін шоғырландыру, қиялын дамыту сияқты психикалық процестерге сүйене отырып, білім мазмұнын қалыптастырудың жолдарын білулері керек. Тәрбиеші білім мазмұнын жаңарту барысында зерттеудің эмпирикалық әдістерімен (бақылау, эксперимент және т.б) қатар теориялық әдістерін де қоса пайдаланады (индукция, дедукция, аналогия, болжау, моделдеу және т.б).

С.В.Кривых пен Л.Л.Тимофеевалар өз зерттеулерінде педагог ғылыми таным әдістерін игеру барысында олардың пайдаланатын дағдылары мен икемділіктерін атап көрсеткен.

Аталған ғалымдардың ой-пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз білім мазмұнын жаңартуда технологиялық компонентті төмендегідей білімдер жиынтығынан және дағдылар мен икемділіктерден тұрады деп қарастырдық:

1.Тәрбиешінің алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-әрекетті жоспарлай білуі. Яғни, қиындықтарды тани білу дағдысы, проблемалық жағдайды ажырата алуы, алға қойылған жұмыстың мақсатын тиісті терминдермен бере алу, туындаған қиындықтарды жеңу мақсатында әрекетін басқаша жоспарлай алу, алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мақсатында өзінің тәжірибесі мен біліміне сүйене алуы.

2.Ғылыми таным әдістері мен тәсілдерін пайдалана алуы. Яғни, білім мазмұнын жаңарту мәселесіне байланысты зерттеудің тиісті әдіс-тәсілдерін таңдай алуы, әдістерді пайдалану мүмкіндіктерін есепке алу, оларды пайдалануда бірізділік сақтай білу.

3.Тәрбиешілердің оқу құралдары, оқу-әдістемелік кешендері және қосымша, арнайы әдебиеттермен жұмыс жасай білуі. Мәселеге сәйкес зерттеу жүргізуге қажетті әдебиеттерді таңдай білуі, оқығанын түйіндеп, қорытындылай алуы, мәтінге сұрақ қоя алуы.

4.Эксперимент жасауға дайындық жүргізе білуі. Эксперимент барысында жүзеге асатын әрекеттер жүйесін жоспарлай алу, эксперимент жүргізуге қарапайым құрылғыларды дайындай және таңдай алуы, эксперимент барысында қауіпсіздік ережелерін ескере алуы.

5.Эксперименттік жұмыстарын жүргізуге қажет дағдылары мен икемділікері. Бақылауды ұйымдастыруға қажет дағдыларының болуы, эксперименттің тиісті жағдайда жасаудың мүмкіндігін анықтай алуы, эксперименттің шарттарын түзете алуы.

6.Жұмысты қорытындылау, рәсімдеуге қажет дағдылар мен икемділіктер. Баланың өзінің зерттеу жұмысының қорытындысын ойды жүйелеп, нақтылай отырып, қағазға түсіріп, оны көпшілік алдында баяндау дағдыларының болуы.

Аталған талаптарды орындау үшін тәрбиешіге әрине шығармашылықпен әрекет ету керек, осыған байланысты біз мектепке дейінгі ұйымдардың мамандарына тәрбиелеу мен білім беруді ұйымдастырудың басты компоненттерінің бірі ретінде шығармашылық компонентті танып отырмыз. Теориялық мәліметтерге сүйенсек тәрбиеші шығармашылығының нәтижесі қандай да бір жаңа нәрсе өндірумен тығыз байланысты болып келеді, сонымен қатар шығармашылықтың өзіндік деңгейлері де бар. Тәрбиешінің білім мазмұнын жаңартудағы іс-әрекетімен айналысу деңгейі де осы шығармашылық әрекетінің жүзеге асуымен байланысты болса керек. Өйткені тәрбиеші мектепке дейінгі жастағы балалардың іс-әрекетінің жаңа қырынан көрінуіне баса назар аударады. Ал жаңалықтың барлық түрі шығармашылық әрекеттің нәтижесінде көрінеді.

Я.А.Пономорев шығармашылықты талап ететін мәселелерді шешу үшін адам «ойша әрекет етуі керек» деген. Соған байланысты қандай да бір жаңа нәрсе табу үшін балалар шығармашылық әрекет ететін адамның (тәрбиелеу мен білім беруді ұйымдастырушы – тәрбиеші) үлгісін көріп, соған еліктей отырып, бала өз бетімен дербес әрекет етуге бейімделуі керек.

Тәрбиешінің білім беру мазмұнын жаңарту іс-әрекетімен айналысуы барысында осындай шығармашылық танытуы олардың әрқайсысының өз жұмысына іштей дайындығына байланысты. Мысалы: тәрбиешінің өзінің шығармашылық белсенділігінің арқасында білім беру мазмұнын жаңарту әдіс-тәсілдерін меңгеру дәрежесі, балалардың қызығушылықтарына сай оқу-тәрбие жұмыстарының тақырыптарын таңдай білуі, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды жеңуде ерекше қыр таныта алуы, бойында жинақталған тәжірибені орынды пайдалана алуы.

Тәрбиеші мектепке дейінгі білім мазмұнын жаңартуда өздігінен ізденіс жасауда ғылыми әдістемелік әдебиеттерді оқып үйренуге, идеялар базасын құруға, библиографиялық көрсеткіштер жасап, педагогикалық басылымдардан тұрақты түрде ақпараттық хабарлама дайындауға дағдылануы керек. Білім мазмұнын балаларға жеткізуде тиімді әдіс-тәсілдерді, көрнекі құралдарды: бейне таспалар, үн таспалар, фонотека, фильмотека, видиотека, демонстрациялық, дидактикалық құралдарды, т.б.тиімді пайдалануы шарт. Озық педагогикалық тәжірибелерді насихаттап, жаңа педагогикалық технологияларды өз тәжірибесінде қолдануға үйренуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру мазмұнын жаңартудың нормативтік-құқықтық негіздеріне жан-жақты талдау жасап, тәжірибеде қолдана алуы маңызды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі 15 жыл ішінде жалпы үздіксіз білім беру саласында оның ішінде мектепке дейінгі білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Қазақстан Республикасы Білім беру туралы Заңы (1999 ж), Мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу тұжырымдамасы (1995 ж), Үкіметтің Балаларды міндетті мектепалды даярлығының мәселелері туралы №1762 қаулысы (1999ж), Мектепалды даярлық тұжырымдамасы (1999 ж), сондай-ақ, еліміздегі білім беру жүйесінің дамуының 2015 жылға дейінгі бағыттарын айқындайтын мемлекеттік Білім бағдарламасы т.б құжаттардың қабылданып, күшіне енуі мектепке дейінгі ұйымдарға арналған республикалық вариативтік бағдарламалардың жасалуына, тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңартуға, инновациялық педагогикалық технологиялардың дамуына басты негіз болды. Осыған орай, бүгінгі таңдағы білім берудің баламалығы мен көптүрлілігі жағдайындағы оқу-тәрбие үдерісінің сапалы болуын қамтамасыз ететін, балаларды шамадан тыс жүктемеден сақтайтын және білім мазмұнының міндетті минимумы мен балалардың, оқушылардың дайындығына қойылатын талаптар деңгейін белгілейтін мемлекеттік құжат-стандарт дайындау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мемлекеттік білім стандартын тәжірибеге енгізудің мәні-оның білім беру кеңістігінің біртұтастығын қамтамасыз етуінде және Республикадағы білім жүйесінің дамуына қолайлы жағдай туғызылуында.

1.3.Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық білім беруді басқарудағы мектепке дейінгі ұйым педагогының кәсіби құзіреттілігі

Қоғамның алға басуы көп ретте бүгінгі ұрпақтардың қандай дәрежеде білім алып тәрбиеленуіне байланысты. Мектепке дейінгі кезеңде білім беруде инновациялық заманауи технологияны енгізу мен таратудың көпшілігі оны зерттеуші және таратушы ғана емес, оны қолданушы болып табылатын адамға тәуелді. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдар біркелкі бағдарламамен, біртектес әдістемемен, біркелкі оқу жоспарларымен жұмыс істейді. Сондықтан балабақша тәрбиешілері жаңа инновациялық технологияларды тиімді қолдануға даяр емес. Тәрбиеші педагогтар қауымы заман талабы қойып отырған ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу міндетін жүзеге асыру үшін инновациялық технологияларды тәжірибеде қолдана білуге дағдылану керек. Тәрбиешінің оқыту әдістерін үйлесімді етіп таңдап алуы білім берудің нәтижелі болуына мүмкіндік жасайды, ол үшін тәрбиеші балалардың өмір тәжірибесін, білім қорын, іскерлік дағдыларының қалыптасуын есепке алуы қажет. Жаңаша әдістәсілдермен танысып, оны үнемі өз тәжірибесінде қолданып, жетілдіріп отыруы шарт. Сондай-ақ, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесімен танысып, дамыта оқыту, модульдік оқыту, сын тұрғысынан ойлау, іскерлік ойындарды өткізу, тренинг жүргізуді және балаларды қарапайым зерттеу жұмыстарын жүргізе білуге үйрету жолдарын өздері меңгеруі керек. Балалардың ақыл-ойын дамытып, дүниетанымдық өрісін кеңейтуде, ұлттық рух пен сана сезімін қалыптастыруда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, тәжірибеде тиімді пайдалану негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Бұл міндеттің шешімін табу үшін балабақша ұжымдары, әрбір тәрбиеші күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық қадам жасап, оқыту түрлерін, әдістері мен құралдарын одан әрі жетілдіріп, тиімді әдіс-тәсілдерді нәтижелі қолданудың жолдарын іздестіруі қажет. Соңғы жылдардағы ғылым мен тәжірибені зерделейтін болсақ, мектепке дейінгі ұйымдардың қалыптасуында білім берудің жаңа бағыты ретінде инновациялық технологиялар біртіндеп ендірілуде. Олар ғылыми-әдістемелік еңбектерде «Инновация, инновациялық үдеріс-деп отырғанымызды білім беру ұйымдарының жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты қызметі»-деп дәлелденген.

Инновация ұғымын көрнекті ғалымдар: Т.И.Шамова, П.И.Третьякова, М.М.Поташник, отандық ғалымдар: Н.Нұрахметов, Ж.Қараев, Ш.Таубаева, С.Лактионова, С.Мұқанова т.б.еңбектерінде қарастырылған. Аталған мәселеге сәйкес А.И.Савенковтың еңбектерінде жаңаша бағыт-бағдарлар ұсынылған. Мектепке дейінгі жаста зерттеу жұмыстарын жүргізу жолдары өте қарапайым, түсінікті, дәлелді түрде жас ерекшелігіне сәйкес жан-жақты талдау жасалған. Бұл еңбекті басшылыққа ала отырып, эксперимент алаңдарындағы мектепке дейінгі жастағы балалармен тәжірибелік жұмыстарды жүргізуде тәрбиешінің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру жолдарына сипаттама бермекпіз. Мұнда ең алдымен тәрбиеші балаларға берілетін білім мазмұнына сәйкес зерттеу тақырыбын қалай таңдау қажеттігін анықтап алуы керек. Кез-келген қарапайым зерттеу жұмысының басталуы-бұл әрбір баланың зерттеу жұмысының тақырыпты дұрыс таңдауынан басталады. Тақырып таңдау қиын емес, ол үшін бала қазіргі кезеңде өзін не қызықтыратынын нақты біліп алуы қажет. Баланың балабақшадағы зерттеу тәжірибесі. Мектеп жасына дейінгі баланың тәжірибесі–ол айналамен танысудың тағы бір жолы. Оны оқытудың жай ғана бір түрі–деп қарастырмай, оны білім мазмұнын жаңартудың барынша жақын негізгі жолы деп қарастыруымыз керек. Балабақшадағы ұжымдық жұмыстар балалардың тәжірибе алуына мүмкіндік жасайды. Бұл сабақтарда баланың зерттеу белсенділігіне шек қоюға болмайды. Сондықтан біз мектепке дейінгі жастағы қарапайым ойын-зерттеу іс-әрекетін ұйымдастырудағы бірқатар қиындықтарды жеңу бағытындағы тәрбиешінің кәсіби құзіреттіліктерін жетілдірудің ерекшеліктеріне осы тарауда тоқталамыз.

Білім беру мазмұнын жаңартуда инновациялық технологияларды пайдалану арқылы тәрбиеші педагогтардың кәсіби құзіреттіліктерін жетілдірудің басым бағыттарына тоқталамыз. Тәрбиеші педагогтің мектепке дейінгі ұйымдарда оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда тікелей басшылыққа алатын негізгі құзіреттілік түрлері: инновациялық технологияларды пайдалана білу құзіреттілігі, құндылық түсінігі құзіреттілігі, жалпымәдени құзіреттілігі, танымдық-тәрбиелік құзіреттілік, коммуникативтік құзіреттілік, әлеуметтік-қызмет құзіреттілігі, жеке тұлғалық өзін-өзі жетілдіру құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет