Синергетикалық тұғыр жеке тұлға мен ұжымның өзін-өзі ұйымдастыруының негізгі факторларының әсерін талдауға мүмкіндік береді. Бірдей факторлардың әсерінен туындаған өзін-өзі ұйымдастырудың екі деңгейінің өзара байланысын баса көрсетеді. Синергетика өзін-өзі сақтау, ұйымдастыру және дамытудың өздігінен пайда болу тетіктерін зерделеуге баса көңіл бөледі. «Синергия» бірлік, тұтастық мағынасында ұғым ретіндегі мәні тек үлкен жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыруы мен өзін өзі дамытуы (П.Анохина, Е.Князев, С. Курдюмова, Н.Моисеева, Д.Мехонцева), жүйелілік-әрекеттік тәсілдердің дамуы (Жанабаев З.Ж) деп болжайды.
Синергетика өзін-өзі ұйымдастырудың заманауи теориясын, жаңа дүниетанымын, сызықтық емес, тепе-теңсіздік, «хаос арқылы тәртіптің» орнауын білдіреді [69, б. 432].
Синергетиканың қамтитыны жеке тұлғаның өзгеруі, психологиялық ерекшеліктері, ішкі әлеуетінің мүмкіндігі, педагог пен оқушының өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруі, жеке тұлғаның біртұтас дамуы, шығармашылық белсенділігі. Осылайша, негізгі синергетикалық ұғымдар өзін-өзі ұйымдастырудың көзін, механизмін және векторын зерттеуге мүмкіндік береді.
Құзыреттілік тұғыры білім беру мақсаттарын анықтаудың, білім беру мазмұнын іріктеудің, білім беру процесін ұйымдастырудың және білім беру нәтижелерін бағалаудың жалпы қағидаларының жиынтығын білдіреді. Жоғары кәсіптік білім беру жүйесіне құзыреттілік тәсілді енгізу еңбек нарығымен өзара іс-қимылды жақсартуға, мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мазмұнын, әдіснамасын және тиісті оқыту ортасын жаңартуға бағытталған.
Енді құзыреттілік ұғымына тоқталайық, С.Ожегов сөздігіне келесідей анықтамалар берілген:
1) Белгілі бір кәсіби қызметке байланысты қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік;
2) Қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мәселелерді шешуге, іс-әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері [70].
Ал педагогикада «құзыреттілік» әрекеттің күрделі түрлерін жасай алу қабілеті түсіндіріледі:
- танымдық іс-әрекет тәжірибесі;
- іс-әрекет тәсілдерін іске асыру тәжірибесі;
- шығармашылық іс- әрекет тәжірибесі.
Әдетте құзыреттілік белгілі бір әлеуметтік-кәсіби статус иесіне байланысты қолданылады және оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің сәйкестілігі арқылы сипатталады.
Құзыреттілік тәсіл білім сапасын арттыруды, білім мазмұнын ұлғайтуды құзырлылық тұрғысынан ұйымдастырудың құралы ғана емес, оны қазіргі талапқа сай ұйымдастырудың қажетті механизм ретінде де қарастыруға болады. Қазіргі қоғам сұранысының талаптарына сай педагогтардың құзыреттілігін қалыптастыру білім берудің парадигмасының өзгеруі және бүгінгі күнгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен болашаққа қарай ұстанған бағыты білім беру мекемелерінің жаңа бағдарын анықтап, мамандардың құзыреттілігін көтеруді талап етіп отырғандығына байланысты болып отыр.
Зерттеу барысында педагогиканың теориялық тұғырларына сүйену бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:
- нақты мәселені көрсетуге, стратегиясы мен шешу жолдарын анықтауға;
- білім проблемаларын сараптауға және олардың сатылылық тәртібін анықтауға мүмкіндік береді;
- болжауды жүзеге асырады.
Енді өзіміз ұсынған алты теориялық тұғырды келесідей бейнелеп көрсетеміз (Сурет 3).
Сурет 3 - Білім беру ұйымдарында инклюзивті оқытуға педагогтарды даярлаудың теориялық тұғырлары
Инклюзияның теориялық негіздемесінде теория мен практиканың байланысын анықтайтын қағидалар ерекше мәнге ие. Зерттеу жұмысының теориялық тұғырларын нақтылау арқылы зерттеудің келесідей негізгі бес қағидасын тұжырымдаймыз:
Достарыңызбен бөлісу: |