Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі


ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНІҢ ӨРЕЛІ ӨРІСІ



бет10/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНІҢ ӨРЕЛІ ӨРІСІ
Поэзия жанрында ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері ойлы да суретті өлеңдерімен көзге көрініп, өлең өлкесінің өрелі өрісінде өз орны бар айтулы ақындардың бірегейі Нармахан Бегалыұлы дер едік. Бұл есім – көркем әдебиетпен тыныстайтын оқырмандар үшін елеулі әрі белгілі есім. Ақынның өлеңдерін сүйсіне оқып, қызығушылық танытатындардың қатары қалың. Қолымызға белгілі ақынның бір топ кітаптары түсті. Бүгінгі тәуелсіз ел мүдделері тұрғысынан ақынның өлеңдерін оқып шықтық. Ой түйдік. Сезімді сергіткен кестелі, өрнекті, келісті сөз тіркестерімен, сөз орамдарымен қайтадан қауыштық.

Солардың алғашқыларының бірі – 1974 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Шаттық күйі» өлеңдер жинағы. Сол кезеңдердегі жастық жалынға тән «Тұрсың ба сергек қарап, сөйлеп күймен» өлеңінде Ұлы Дала болмысы ақындық көзқараспен ғажайып суреттелген. Бейнебір Дала портреті оқырман жанын жадыратқандай әсерге бөленесіз. Дала төсіндегі жібек жел, моншақ секілді тізілген қызғалдақтар, осы көріністі сағына күткен аңсар, іңкәр сезім, бәрі-бәрі де шаттық көңілді одан әрі биіктетеді.

Туған жер, туған дала – ақын өмірінің жалғасты кезеңдері. Сол Далада ақын алғаш рет күлген, ғашық болған, мұңға батқан. Сұлулық әлемінің өзінен адасқан да. Көз ұшында Дала таусылып, көк аспанмен астасқан ғалам басталады. Нөсерлете төккен жаңбырдан соң Дала гүлдерін көктегі сан алуан бояуы өз құшағына орап, еміреніп жатқандай суреттерді сөзбен оқып, өлең тармақтары арқылы жаныңыз жарқырай түседі.

Ақын ұғымындағы сағыныштың да жөні бөлек. Өткен күндерге қиялмен шегініс жасаған сәттерде өмір жолында қаншама қиындықтарды жеңгенімен автордың бала көңіл махаббатқа деген сағынышы бәрібір басымдыққа ие болып тұрады екен.

Өткенге, балалық шаққа деген іңкәрлік, сағыныш қайсы-қайсымыздың бойымызда болмасын, ағыл-тегіл аңсарымен өзіне қарай бұратыны заңды да. Бұны өткен іздерді аңсау дейсіз бе, ностальгия дейсіз бе, өз еншіңізде, әрине. Автор осынау балаң көңіл-күйді ақындық көркемдікпен бере білуі – сөз өнерінің құдіретімен жүзеге асыра білгендігі тәнті етеді. «Қиялыммен өткен күнге шегінем» өлеңі осыны аңғартады.

Ақын өлеңдерінде адам өмірі, оның тағдыры менмұндалайды. Өмір кей-кейде қаншама өз арнасымен ағады дегенмен, оның қалтарыстары, иірімдері, көзге көрінбес су асты ағыстары бар екендігі өлеңдері арқылы сезіледі. «Бір бақытым қателіктен өртенген» өлеңінде дәл осындай тағдырды өз жүрегімізден өткіземіз. Жастық шақта бастан өтетін ірілі-ұсақты қателіктер, солай бола тұра ертеңгі күнге деген үміт жүгінің арта түсуі, сабырлы күйге түсу, жым-жырт халге ойысу, жүз мәрте тіріліп, соншама рет өлген үміттер, ендігіде сол үміттер жүгі бір бағытқа бағытталса да, поэтикалық кейіпкердің жүрекпен аңсаған сыңарының тағдыры, қосылмаған қос рельс секілді қалыпта суреттеледі. Адамдар тағдырының әр алуандығын, психологиялық иірімдер мен қатпарлардың әр тектілігін ақын өз жүрегі арқылы өткізіп, өзгелердің де өз жүректерінің тыныш сәтін дір еткізеді. Тербетеді.

Ақын поэзиясында адам баласының жан дүниесіндегі күрделі сезімдерді де оймен топшылап, сезіммен сезініп, ақыл таразысымен өлшей аласыз. Рас, жүрекке әмір етуге бола бермейді. Көндікпейді ол. Сезім сергелдеңге түседі. Бірақ поэтиканың кереметі де сонда; автордың ақындық тілі арқылы нәзік жан иесі ендігіде «Бесікті қимай, мені де аяп, ант еттің, Екінші рет жылаған бақыт көрмеуге» деп сөз береді. Рас, тағдыр талайымы мен өмір бұралаңдарында адаспас үшін ол өз сезіміне тізгін салады. Жүрек қалауын өмір-бақи орындамас үшін ендігіде ақылға жүгінгендей сыңайлы. Бұл да өмір көшіндегі болмай қоймайтын жағдаяттар. Бәлкім Абай данышпан айтпақшы «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген талғамды жадында тұтқан, ендігіде ақылдың билігіне кезек берген ұрпақ өкілінің бірі ғой бұл деген қорытынды жасайсыз.

Ақынның «Пәк жүрекпен өз бақытын аңсаған» деген өлеңінде сезімі суынбаған жанның жастық шақтағы сағынышымен қайтадан жолыққандағы жалын отының әлі де маздап жанған отын, жылуын сезінгендей боласыз. Нәзік үміт оты әлі де жоғалып үлгермегендей. Әлдеқашан өтіп кеткен он сегіздегі арумен лирикалық кейіпкердің қайтадан жолығысып, кеудесіндегі жастық жалынының қайта оянғанын қарасаңызшы! Сезімге, шіркін, дауа бар ма?!

Осы орайда жадымызға қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньнің шағын бір әңгімесі оралады. Аштық жылдары. Егістіктен талғажау болар дән жинаған ана мен бала. Олардың жинаған масағын тартып алып, ана мен баланы сабаған адам. Ер жетіп, анасы екеуі қалада әлгі адамды кездестіреді. Баласы анасына: «Әлгі адамға ендігіде сазайын тартқызайын ба?» дейді. Анасы: «Балам, ол адам мен бұл адамның арасы қазірде жер мен көктей. Бұл адам қазірде баяғы сол адам емес» деп, қол тигізбеуін сұрайды. Біздің түсінігімізше, араға тым ұзақ жылдар салғанда, баяғы сезім мен ұғымнан түк те қалмайтын сияқты. Өйткені олар ендігіде мүлдем бөлек жандар. Аты бар да, заты қалмаған дегендей.

Ал Нармахан ағада, оның поэзиясында өткенге абайлап қарау, пәктік, мөлдірлік сезім тұп-тұнық қалпын мәңгілікке сақтап қалғандай тебірентеді. Бәлкім, қазірде нақ осындай өлмес-өшпес сезімдер жетіспей ме, қалай? Қорытынды жасау, әрине, өз еркіңізде. Әйтсе де, ақын өзінің «Киіз сауыт киініп» деген өлеңінде былай деп сыр шертеді: «Ұқсап албырт алауға, Шықпаушы едің естен еш, Жүрегіме жамауға, Жарымады ескі елес.» Демек, ұлы уақыттың ғаламаты күшті; қандай алау сезім болса да, кезі келгенде саябырсиды. Өзгереді. Бәріне – уақыт төреші, уақыт қажет.

Шығармашылық еңбек – ақынның екінші мені. Өлеңдері арқылы ақынның өзін тануға болады. Бірақ әр оқыған сайын ақынның әр қыры да, әр сыры да жаңғырып, жаңаша танылатыны да шындық. Бұл – ақынды танудың ешқашанда бір ғана ой-пікірлермен, тұжырымдармен шектелмейтінінің айғағы. «Өлеңімде – шындықтың шырай таңы, Қуантады ол сені, мұңайтады. Анам, жарым, жұртымның айтпағанын, өзіңе өлең айтпай кім айтады?» дейді ақын «Құлыным, бейуақ мені танырсың ба?» өлеңінде. Әкені тану, ақын әкені тану өмірдің өзіндей өр, биік болса керек. Өзіндік болмыс-бітімі, ары да, нар мінезі де бүгінгі күрделі тірліктегі көз алдымызға мейлінше таза, қарапайым да, нағыз ерлерге тән іс-әрекеттері артық бейбастық қимыл жасауға қорған болған ақын ағаның биік мерейі мен мәртебесі ешқашанда төмендемек емес.

Ақын Нармахан Бегалыұлының поэзиясында арнау өлеңдер көркем ой мен сананы сергітер сезімдердің бір болмысқа айналдырар қауышуымен үйлесім тапқан. Сырбаз ақын Сырбай Мәуленовке арналған өлеңінде айтулы ақын жырларының ендігіде Сырдария секілді қазіргі қазақ жырының Аралына құйылып жатыр деп, бейнелі де суретті өлең жолдарымен кейіптейді.

Отызында бақилыққа аттанған арда ақын Төлеген Айбергеновке арналған арнау да айтулы ақынның портретін ақындық тілмен әсем өрнектеген дер едік. Ақынның кестелі сөздерімен өрілгендей, өзен сағасының сарқылатын тұстарындай болатын шақтары, сондай-ақ кей-кейде ашуланса, Арқаның ақ түтек боранындай мінез танытатын кездері, Әмудария толқындарындай бұйра шашы, жанары жұлдыздай жанған дарынды да, арманшыл ақының тың да соны бейнесі көз алдымызда әп-сәтте-ақ жатталып қалады.

Еліміздің оңтүстік өңірінде, оның ен даласында көркемсөзге, нақтылап айтқанда, поэзияның туын жығылтпауға ақ адал қызмет жасап жүрген тұлғалар жеткілікті. Олардың ішінде дара шауып, дарабоз атанғандары жоқ деуге әсте болмайды. Нармахан аға Бегалыұлы солардың бірегейі. Сөз өнерінің, адами іс-әрекеттер мен мінсіз мінездің адамы деп білеміз азамат болмысты ақын ағаны. Поэзиядағы сөз саптаулары тірліктегі текті қадамдарымен жалғасқан ақын ағамыздың болмыс-бітімі замандастарына өнеге болғандай-ақ түйіледі.

Оңтүстіктегі және бір дарабоз Мархабат Байғұттың 70 жылдық мерейтойымен сәйкес келген Ұлы Жеңістің дәл осындай датасына орайласқан Мәртөбе – Қызылшұбай (Сайрам – Түлкібас) жаяу жүріп өту маршрутында талай-талай ізгі де қызықты, мәнді де маңызды жағдаяттарға куә болдық сонда. Соның ішінде бірде ен далада бір көлік иесі: – Ағалар, көлікке мініңіздер. Шаршадыңыздар. Кім көріп жатыр. Жетер жерге сәл де болса, рахаттанып барыңыздар. Сіздерге жаным ашыды. Інілік илтипатым бұл. Рас, – деп қиыла сөз сөйлеген азаматтар болды. Сонда ішім қылп ете қалды. «Солай етсек те дұрыс қой» деген ойымды жасырмай, әрі інілік назбен: «Нармахан аға, сөзін жерге тастамайық» дедім ерке мінез таныта. «Біздер осы қалауымызды өзіміздің шын пейілімізбен қабылдағанбыз. Бізді ешкім зорлықпен жаяу жүріске әкеліп қосқан жоқ. Адал болу керек» деді де, ақын аға сөзінің дәлеліндей, қам-қарекетінің мығым да әлжуаз еместігіне куә еткісі келгендей, әдеттегінше жаяу топтың көш басында одан әрі бара жатты. Дарабозға тән қасиеттердің бірі сондай-сондай ірілі-ұсақты іс-әрекеттерден, мінез-құлықтардан, сан алуан сөз иірімдерінен, өзіне ғана тән адами табиғатынан аңғарылатыны және де менмұндалады.

Ақынның «Жиде жұпар шашқанда» атты 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан өлеңдер жинағында «Жесір сөзі» өлеңі бар. Күні кешегі зұлмат соғыстың қасіреті шалған жесір ананың жан әлемі бүгінде де серпінді сезімді селк еткізеді. Жесір тағдыр. Жесір тіршілік. Жесір өмірі, әрине, аянышты. Қуанышты ғұмырды ұзатпаған тағдыр. Жесірлік жылдар. Жүректегі жаралар. Соғыстан қайтпаған ері. Жесір ана жас әлі. Қызуланған кезі. Керім шағы. Өзге жұртта оған деген аяушылық бар. Ақынның тілімен өрнектегенде “Біреулерге бүкір айдай бүгіліп көрінемін”. Үкілі үмітін соғыс өрті шалған. Жесір ана ендігіде уақыт шіркіннің бұған ендігіде жастық дәуренін бермейтінін, ал соғыс зұлматы жан-жарын қайтармайтынын біледі. Жесір ана еріне адал. «Жар тілегін теппеспін, Ізгі күйде сақтармын» дейді. Өз үйіне қызық, қызығушылық атаулысы өгей екендігін де ол түйсінеді. Бұл да ақындық бояудың қап-қара түсін баттастыра жағу емес, өзіне ғана тән дара бояуындай ұғынылады. «Жұбатпаңдар. Онсыз да тамыр байлап, Жүгіріп жүр қанымда жүз мың ине!» деген өлең жолдары лирикалық бейненің сан батпан жойқын ауыртпалығын, әсерлілігін айрықша сөз, ой орамдарымен арттыра, көркейте, кемелдендіре түскен.

“Соғыстан қайтпаған солдаттар” өлеңі мұз бен ақ қарды төсеніп, майданнан қайтпаған солдаттардың рухын, тұтас болмысын ашуға арналған поэтикалық дүние. Соғысқа аттанған жауынгерлер бейнесі осы күнге шейін атойлап, ”Ұрандап барады әлі алға” болмысындағы мәңгі жас боздақтар көз алдымызда тұнып тұрады.

Әуезін әсемдіктің әуендеткен” өлеңі ақын ағаның көгілдір көктем шағының сәулесіндей аңғарылады. Табиғаттың тылсым да тіршілікке қозғау салар маусымы жайлы ақындық көзқарасы мен дүниетанымы табиғи, шынайы суреттеледі. Ақынның сезім әлемі мен табиғаттың осынау әсем шағы үндесе үйлескен. ”Әуезін әсемдіктің әуендеткен, жеттің бе, жаурап қалмай, желең көктем? Арусың сәтке мені ойламай-ақ, Өзіңе секөнт сайын елеңдеткен”.

Ақын өлеңдері жаңа бояуларға, суреттеулерге, соны теңеулерге, өзгеше метафораларға өте бай. Бұның бәрі өлең солай болуға тиіс деген заңдылықтан емес. Шынайы поэзия өзгелер көре алмаған, сезбеген, түйсінбеген, байқалмаған, жүрекке жеткізіп, одан өткізетін толқындар мен тербелістерден тұратындығын түйсіндіруінде. Толқытуында. Мысалы, ”Таудағы жаз” өлеңіндегі тармақтарға қараңызшы. ”Көктем жазған өлеңді оқиды жел, Жапырақ – парақтарды судыратып”. Апырай, қандай ғажайып көрінісі дерсіз. Бүр жарып, жапырақ жайған гүл көктемнің уақыт өте келе жерге жапырлап түсетін жапырақтары сол екі аралықтағы өмір, тағдыр атты кітаптың парақтарындай қаншама сырларға тұнып тұрғаны жадыңызды жаңғыртады десеңізші.

«Тұнжыр бақ қайта тұр жырлап» өлеңінде де жауып өткен жаңбырдан соңғы пайда болатын жеті түсті кемпірқосақ ақындық тілмен былайша кестеленеді: ”Аспан тұр жебе тауысып, Асынып сырлы садақты.” Ақындық поэтика, көркемдік тіл, суретті көрініс көз алдымызда, санамыздың түкпірінде, шыны керек, шынайы сәулеленетіні рас-ақ.

Ал ”Таңдану да емес бізге аз бақыт” өлеңі тұрған жерді, оның экологиясын, аңы мен құстарын қорғау жайлы сезімге қозғау салар ақындық көзқарасымен ерекшеленеді. Жаздағы сейіл, жаздағы құстар әні, бұлақтардың адам көңілін масаңсытқан ағысы және сонымен бірге құстарды ату – ақын үшін жазғы маусымды көздеп атумен бара-бар болып суреттеледі. ”Мылтығыңды атпай-ақ қой, жаз мынау, Жалынсаң да жаныңда ұзақ қалмайды” деген ой түйіні оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Ақын үшін, мінеки, оқырманға ой салар, жігерге күш-қуат дарытар, серпінді сезімдерге ұмтылдырар сөз қасиеті, әрине, ерен олжа. Таптырмас ақындық шабыт жемістері болса керек деп ойлаймыз.

Бүгінде өлең оқылмайды дейді. Неге оқылмайды. Оқылады. Ол үшін өлең атты әлемді мойындау керек. Өзіндік мойындамау амбициясынан, яғни көрсоқырлыққа тең кеудемсоқтықтан арылған жөн. Амбиция қажет. Егер ол арманға, үмітке талаптану секілді өршіл іс-әрекеттермен қамтамасыз етілсе, қанеки, ондай-ондай қасиеттерді қолдап-қуаттайсыз. Сол сияқты, қасиетті өлең секілді тамыры терең төл халқымызға тән сөзі көркем, тілі ақындық шабытпен өрілген поэзияға деген іңкәрлік халқымыз барда ешқашан өлмек емес. Қызығушылық атаулысы оған деген мәңгілік болмақ. Ақын өлеңдері соған дәлел, соған уәж.

1981 жылы Алматыдағы “Жалын” баспасынан шыққан “Жотадағы жол” атты жастық шақ жырларында дархан өңір – Дала жайлы сезімді самала желдей аялайтын сырлы суреттер аз емес. Адам өмірінің гүл көктемі қашанда есте сақталатыны секілді, лирикалық кейіпкер – ақынның да жадында көңілді көктем жадта берік орнаған. “Жас ағашты кеспе, өз балаң, Мылқау боп қалса қайтер ең?” деген төл халқымыздың жаман іс-әрекетке тыйым салған ырымы да суреткерлік тәсілмен ойға қозғау салады. Көктемнің алғашқы белгілері, ендігіде ызғырық жел емес, ызыңдай бастаған бал араларының қозғалысы құлаққа жеткендей. Мейірімді шуақтың лебімен бірге талдарға да тіл біте бастағандай. Баққа рең қайта кіргендей. Осының бәрі Дала еліндегі кәдімгі де кәнігі табиғи көріністер. Ақындық тіл, поэтика әлемі Дала төсіне барша құнарымен, нәрлі сөлімен сыршыл қуат дарытқан. Ұйқас та, сыр да, сурет те, тіл де, ой да, сезім де бар бұл жырда.

Ақын өлеңдерінде адамзат баласы мен табиғат, онда өмір сүретін әр алуан объектілер мен субъектілер айрықша көркемдік тілмен бейнеленеді. Ақындық қуат та сондай ерекшеліктермен дараланады. Мысалы, балапан көз бүршіктер, ақпан – ақмылтық (“Мұзарттардың маңдайынан ыршып тер”) , ақпаныңыз – шақар шал (“Көктем келіп қалғандай“), жұлдыз бүлкілдейді, бөдене бөтегесіндей («Еркелей еркіндейді») деген өлеңдегі сөз орамдары, эпитет және жыр жолдары оқырманды өзгеше әлемге ендіреді.

Ал мына бір өлең жолдары ше?»?! «Сүйікті есім қайыңдағы жаралы, Жарар еді жүрегіне жара болып көшпесе». Сүйіспеншілік сезімінің де ауыр дерт екендігін осылайша суреттеу де ғажайып қой. Бұл жыр жолдарындағы ойды ақынның мына бір аудармасынан да кездестіруге болады. Үнді ақыны Кәбірдің «Ғашықтықтан жараланса кімде-кім, Қанды жасы қансырата төгілер» деген сезімге суарылған өлең тармақтары қос ақын өлеңдеріндегі үндестікті аңғартады.

Адам баласының бойындағы сезімдер атаулысының қай-қайсысын болмасын, оларды кінәлаудан аулақпыз. Әр сәтте, әралуан оқиғаға, әрбір жағдайға байланысты олардың өзгеріп немесе өзгермей қалатын жәйттері де болатыны рас. Оған не дерсіз. «Қажет емес саған да бақыт жалған, Қайтем алдап? Мен сенен кетіп болғам. Енді еріте алмассың кеудемдегі, Сұп-суық найзағайды қатып қалған.» Сөнген жалын мен үкілі үміттің өшуі де аянышты, әрине. Әйтсе де, сезімді не етпексіз. Сенімі жоғалған, семсері майырылған сезімге әмір жүргенмен, баяны байыз таппасы мәлім емес пе?!

Ақынның жастық шақ жайлы жазған өлеңдері албырт сезімдерге, жалындаған, алаулаған мезеттерге тола. Қызу қан, дүрсіл қаққан жүрек, асып-тасыған толқулар лирикалық жанрда дүниеге келген поэтикалық туындыларына тән дер едік. «Көкірегі – албырт толғаныс», «Гүл-гүл дәурен бұл-бұл ұшып басыңнан», «Жиде жұпар шашқанда» және тағы басқа да өлеңдері сөзімізге дәлел. «Жас күлкінің қоңырауы соғылған, Жағалаулар кейін қалып барады» деп ақын аға айтпақшы, жастық шақтың әлемі адам өмірінің ғаламат бір дәуіріндей ғажайып бояуларымен жалт-жұлт етіп оқырман көңілін жадыратады.

Зымыран уақытта көз қиығының ауқымы дүниені түгел қамти алмайтын көктем көрінісі ақындық көркем таныммен құлпырып, жайнап, жарқылдаған кейіпке енген. Шуақ пен сәуле, жылылық пен құштарлық лебі еседі осынау жалғыз-ақ шумақ өлең жолдарынан дегіміз келеді.

Осы ретте біздер ақынның бар-жоғы бірер өлеңдеріне ғана тоқталдық. Мақала ауқымы ақын шығармашылығын қамтуға мүмкіндік бермейді. Ақын өлеңдерін оқу керек. Сезіне, ұғына, тесіле, төселе үңілу қажет. Сонда ғана ақын аға өлеңдері өз әлеміне жол ашады. Жүрегіңнің, жүйкеңнің жұмбақ сырларының кілтін ашуға жәрдемі тиеді. Ықпал жасайды. Күпті көңілді қуантады. Қуану – бақыт қой. Соны сезіндік біз.

Ақын өлеңдерінде тағылым, ғибрат, меңзеу, ойландыру, сезімді серпілту секілді иірімдер өте көп. Оқырманға өмір сахна емес, өз рөліңді абайлап, сақтана ойна дегендей ескертеді. Өмір – сахна емес, өз рөлімізді ойнадық деп, талайлы тағдырды одан бетер қиындатпаған жөн деген секілді тәмсілді де көңіл төріне орнатамыз.

Бүгінде шынайы поэзия бар, оны тыңдап, талғап оқитын оқырмандар да жетеғабыл. Біз солайша ұғынамыз. Сол деңгейден көріну мақсатында сөз қозғадық біз. Солай болғаны жөн. Абзал-ақ. Поэзияны түсіну, ұғыну деңгейін тым төмендетіп алсақ, қарадүрсін поэзия ауылына тап келеміз. Біздің түсінігімізше, бүгінгі таңда ауылдың да ауылы бар. ”Ауылым – алтын бесігім“ дегендей, поэзия да сөз өнерінің алтын бесігі. Бұл бесікте тербелген, бөленген жанның әлемі де алтындай жарқырап, нұрланып тұрады. Ақын Нармахан Бегалыұлының поэзиясы дәл сондай. Солай деуімізге әбден татиды. Осынау сөздер насихат яки ұрандатқан сөздердің қатарынан емес. Солай деуімізге лайықты өрбіген өз ойларымыз.Түйген толғауларымыз.

Ақын поэзиясын бүгінде жан-жақты, терең әрі кешенді түрде зерттеуге, оның ақындық шеберханасы мен мектебін талдап, сараптауға назар аударатын уақыт пісіп-жетілгенін толық аңғарамыз. Сол үшін ақын поэзиясына арналған курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар мен рефераттарды, тиесілі тақырыптарды студент-жастардың қорғауы үшін нақты жұмыстарды жүргізудеміз. Бұл болашақ ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, оңтүстік топырағында түлеген ақынның ақындық әлеміне барлау жасауға, тұтас қазақ әдебиеті мен оның белгілібір кезеңіндегі өкілінің жай-күйін жете ұғынуға өз септігін тигізері хақ.

Ақын аға арамызда жүр. Ақындық шабыты толастамаған, толысқан шақта қазір. Сөз қадіріне жетік оның киесі мен қасиетіне берік ақын әлі күнге шейін төл халқымыздың әрбір сөзіне, әрбір дыбысына, дауысына, үніне зер салатындығына кәміл сенеміз. Ал ата қырандай қырағы қабағы жалт еткен сәттерде бүтін болмысы жоталанып, кеуделеніп кетеді. Нағыз нардың өзі дерсіз. Болмыс-бітімі, кескін-келбеті солай деуімізге үндейді. Аман болғайсыз әманда, өзін сөз өнерінің шынайы иесі сезінген ақын аға.

***
ЖАЗУШЫ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ КӨРКЕМДІК ШЫНДЫҚ
Өткен ғасырдың 60–70-жылдарында қазақ әдебиеті атты көшелі де келісті көшке бір топ ақын-жазушылармен бірге белгілі қаламгер Сайын Мұратбеков те келіп қосылды. Оның прозасы ұлтымыздың ұстыны болған ауыл өмірін замана биігінен шынайы суреттеуге арналған еді. Солардың арасынан «Басында Үшқараның», «Жусан иісі» атты повестері «Бір ел – бір кітап» оқырмандар акциясы ауқымында 2014 жылы көпшіліктің талмағы мен талқысына ұсынылды. Бұл акцияның мақсаты анық: көркем әдебиетті насихаттау. Сол арқылы бүгінгі ұрпақтың рухани әлемін байыту; олардың сана – сезімін, ұлттық болмысын өркениет дамуына сай халқымыздың бай құндылықтарына, қадір-қасиеттеріне, төл тіліне, діліне деген аса құрметті биіктете түсу болып отыр.

Қазақ әдебиетінде ауыл тақырыбы арқылы халқымыздың бойындағы іңкәр сезімдерді, қуаныштары мен мұндарын, реніші мен риясыз қабілет-қарымдарын шынайы әрі көркем суреттеген, сөйтіп, ойлы да ойнақы, сергек те сезімтал кейіпкерлер психологиясының иірімдеріне терең барлау жасаған көрнекті қаламгерлердің бірі – Сайын Мұратбеков болатын. Жазушының «Басында Үшқараның» повесінде дәл осындай көркем де келісті оқиға-өмір суреттелген.

Повесте тоғыз жыл бойы туған ауылына ат ізін салмаған басты кейіпкер – Әсеттің ендігіде өз еліне, әпкесінің тұңғыш қызының ұзатылу тойына келеді. Қызмет деп, жұмыс деп туған аулы мен әпкесін соншама жылдар бойы көрмеуі де ұлттық болмыстан бірте-бірте ажырауымыздың сыры деп ұғынамыз. Осы жылдар ішінде Әсет үйленген. Ғылым жолын қуған. Кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан. Балалы да.

Әйтсе де, Әсеттің осынау повесте адами қасиеттерден кеңде еместігі анық байқалады. Поезда келе жатқанда жолсерік қыздың қазақ қызына тән барша әсемдікті бір бойына жинап алған тұла бойына өзінің ынтық көңілі арта түседі. Күтпеген кездесудің өзі Әсеттің жанына көрген түстей әсер қалдырады. Өзімен бірге ауылда өскен, бір сыныпта бірге оқыған Зағипа да Әсеттің өміріне тап сондай ықпал жасаған. Бала махаббатының куәсіндей сырға бөленген. Зағипамен сегізінші класта емтихан тапсыру күндерінде алғаш рет Әсет сүйіспеншілік сезімін бастан кешкен. Сегізінші сыныпты бітірген Зағипаның мінезі әскер қатарынан ауылға бір жігіт келген соң күрт өзгереді. Кейін малшы жігітке тұрмысқа шығып кетеді.

Соңыра Әсет өзі өсіп, өзі оқу бітірген ауылына келген кезде өзінен бірер жас үлкен Сәулетайға ғашық болады. Сәулетай оны алғашқыда менсінбейді. Бірақ, Әсет оның мазақтағанына қарамастан, онымен балаша алысатын. Сөйтіп жүріп, не ойынға, не шынға жатпайтын қызық қарым-қатынас арқасында Әсет ер азаматқа тән мінез көрсетіп, Сәулетайды күндердің күнінде сүйіп алады. Бірақ, бұл сүйіспеншілік пе, махаббат па, екеуі де түсініксіз болатын. Сол бір көктемде ауыл шаруашылығы институтынан ауылға практикаға келген бір студент жігітке Сәулетайдың көңілі ауып кетеді. Әсет қаншама рет қызды өзіне қайтармақшы болып әрекет еткенімен, бұл ниетінен ештеңе де шықпайды.

Әсет ауылға келгенде оның сезімін және де оятқан қыздың бірі – Шынар. Шынардың бейнесі автордың суреттеуінше сүйкімді-ақ. Секпілдеу жүзді болса да тартымды. Шынардың нағыз дер шағы. Балғын кезі. Піскен уақыты. Уыздай уылжыған шағы. Әрі сөзге ұтқырлығы, әрі әдемі қылығы жазушы тілінің көркемдігі арқылы өте шебер өрнектелген. Мысал келтірелік: «Қыз денесінің балғындығы, піскендігі керемет еді. Әсеттің әзілдегісі келді, оны кішкене балаша аяғын жерге тигізбей тік көтеріп тұрғысы, мазақтағысы келді, қыздың мектепті бітіргенін біле тұра:

– Айналайын, нешінші класта оқисың? – деді. Қыз жымың ете қалды, қу қыз іші бәрін сезіп тұр».

Және де үзінді келтірелік.

«– Айналайын, жасың нешеде?

– Айналайын, он сегіздемін.

– Айналайын, мен жиырма сегіздемін.

– Маған жасыңыздың керегі жоқ. Нүкте.»

Әсет ендігіде үйлі-жайлы, балалы болғанына қарамастан, ауылға келгенде осынау әсем де сүйкімді, сөзге шешен де қылықты Шынарға ғашық болып қалады. Тіпті, оның үйіне барады да. Бірақ, оның үйіндегі әкесі Шалғынбай мен жасы кіші інісінен қаймығып, үйіне кіруге бата алмайды. Әйтсе де, Шынармен ауыл тойында кездеседі. Бірақ, Шынар ендігіде Әсетке көз қырын салмайды да. Ол бұл жолы Әсеттің нағашысының баласы Әдібаймен бірге билеп жүреді. Соның еркінде болады.

Әсет сол түннің ертесінде қалаға аттанады. Бірақ, өзімен бірге сыныпта бір кезде бірге оқыған, бүгінде алты баланың анасы, қой бағумен өз тірлігін тербетіп жүрген Зағипаның той соңында айтқан әні көкірегіндегі талай мұң мен шердің, сырдың құлпын ашып кеткендей әсерге бөленеді.

Шынында да, Үшқараның басында су болып аққан дария, сұлу қыз бен көркем жігіттің бәрі сонда болса, сол арадан япырым-ай неге келдім деген сауал Әсеттің де көңілін сол сәтте ойсыратқан еді. Бәлкім, сол Үшқарада да Әсеттің туып-өскен Ешкіөлмесінің бір жотасы шығар. Қалай десек те, туған ауылға келіп, балғын балалық шақтағы, бозбалалыққа өтер кездегі, ендігіде ес жиып, отбасылы болған уақыттағы Әсеттің санасын жарқ еткізген, жүрегіне от жаққан сәттер, туған жерге деген перзенттік борышының ешуақытта да түгесілместігін аңғартатындай. Жазушы повесінде ауыл өмірі, тіршілігі, оның салт-дәстүрі, іс-әрекеттері қала тірлігіне бейімделіп қалған Әсетті бастапқыда зеріктіргенімен, оқиғалардың дамуы, саналуан кейіпкерлердің мінез-әрекеттері ауыл өміріне деген оқырман қызығушылығын арттыра түседі. Ауылға деген махаббат сезімі нығаяды. Туған жерге деген сағыныштан үлкен нәрсе жоқ екендігіне иландырады. Ауылда өскен, оның топырағын кешіп, шалғынында аунап өскен, балаң бозбалалық, жігіттік дәуірін өткізген біздің замандастар үшін осынау көркем туынды сол уақыттың шынайы шындығы іспеттес екендігіне еш күмән жоқ.

Повестегі Әсет, Зағипа, Шынар, Сәулетай, вагондағы жолсерік қыз, бәрі де өзіндік бейнелер. Олардың іс-әректтері, мінез-қылықтары әртүрлі, саналуан. Сол ерекшеліктерімен повестің мазмұны мен мәнін, көркемдік-психологиялық иірімдерін толықтыра түскен.

Әсет сұлулықты, әсемдікті сүйеді. Әйел балаларына деген оның көзқарасын түсінуге боларды. Өйткені, ғашықтық сезім адам баласына тән. Бірақ ғашықтықты көрсеқызарлықпен салыстыруға болмайды. Мәселен, повестің бастапқы бетінде-ақ Әсет жолсерік қыздың сүйкімділігіне, қазақ қызына тән ибалығы мен адам баласын үйіріп әкетер тәтті де өзіне тартар бойжеткен қылығына қызығады. Сонымен бірге, ауылға түсіп қалмай-ақ кетіп қалуға пейілді де еді. Бірақ, оқиға олай дамымайды. Әсет өз аулында қалады. Себебі, қалай дегенмен де, Әсет жігітшіліктің аулымен қоштасқан шақ еді ол кез. Уақыт бәрібір өз дегенін істейді емес пе.

Ал, Зағипамен арадағы сүйіспеншілік – адам өміріндегі балалық шақта болған балаң махаббат. Оның өмірі келте, яки баянды болатындығы да басқа мәселе. Алайда, Әсет пен Зағипа ортасындағы балалықтан айырылмаған махаббаттың ғұмыры ұзаққа бармайды. Бірақ, осынау сәт екеуінің де жүрегіне өшпестей із қалдырғаны көркем шығармада еске түсіру, өлең жолдары арқылы оқырманның жадын жаңғыртады. Бозболалық шақтағы Сәулетайға ғашық болу да – Әсеттің махаббат қамалын алудағы сәтсіз амалдарының бірі. Бұл ретте Сәулетайдың жүрегі басқа адамды қалайды.

Ал, отбасылық болған шақта бойжеткен Шынармен арадағы жылы қарым- қатынас, әрине, мүлдем өзгеше. Әсет үйленген. Алайда, оның жүрегінің отына Шынар әдемі де ұтымды, тапқыр да қылықты мінезімен, сөзімен алау жағады. Адам табиғаты да қызық. Әсет Шынармен одан әрі де кездескісі келеді. Жүрегі соны қалайды. Бірақ жалт етіп, жарқылдаған мінезімен көрінген Шынардың бейнесі де ерекше. Ол ендігіде өзімен қатар-құрбылас жігіттің көңіл иірімдерінің құшағында болады. Өмір шіркіннің небір қатпарлары кездесетіні секілді адам болмысының, оның ішкі және сыртқы әлемі де саналуан құпиялар мен сырға тола болатынына осынау көркем дүние дәлел.

Мұндағы кейіпкерлердің дүниетанымы, түсінігі, нанымы, іс-әрекеттері әрқилы. Кінәлағың, айыптағың келмейді. Әрине, оқырман ретінде олай емес, былай болғанда дегіңіз келері хақ. Бірақ шығарма-өмір дегеніңізге көнер ме екен?!. Авторлық стиль, қаламгердің уақыт және жазушылық жады повесть тағдырын өзгеше өрнектеген. Сонысымен де көркем туынды тағылымды.

Жазушының «Жусан иісі» атты повесі тұтастай алғанда, халқымыздың құнарлы да кестелі сөздеріне өте бай. Алыста қалған балалық шаққа оралу қазақ қаламгерінің көпшілігіне тән. Жусан иісі мен балалық шақтағы оқиғалардың көз алдымызда тізбектеле өтуі қаламгердің сөз өнеріне деген адалдығын айқын аңғартады. Күні кешегі десек те, араға жетпіс жылдай уақыт тастаған қанды соғыс кезеңіндегі қазақ аулының, оның адамдарының қиын да, күрделі тіршілігі жазушы туындысы арқылы көркем сөз құдіреті нәтіжесінде ой әлеміне, қиял дүниесіне жан дарытады.

Соғыс жылының ойын балалары. Олар да үлкендерше екі топқа бөлініп алып, атысады. Жан берісіп, жан алысады. Бірақ, бір-біріне мейірімді. Әрине, олардың да Садық секілді атаманы, көбінесе үндемей жүретін Қосым сияқты тырнауық атанғандары, Есікбай есімді төбелесқор, сотқорлары бар-тын. Сырттан көшіп келген Аянды осы балалар құрметтеп қарсы алады. Онымен дос болуға ұмтылады. Өздерін жақсы көрсетуге әрекеттенеді. Өйткені, жақсы атану, жақсы жақтан көріну – сол жылдардағы ойын балаларының басты қасиеті болатын. Бұл балалар да өзге балалар секілді суға шомылады. Ойын рахатына батады. Тіпті, төбелесіп те қалады. Бәрі де ойын балаларына тән жағдаяттар көрінісіндей әсерде қалдырады.

Алғашқы танысу сәтінен бастап Аян өзінің бойындағы кейбір мінез- қылықтарымен өзінің өзгеше екендігін аңғартады. Ол басқалар секілді төбелеспейді де. «Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрысады ғой» дейді ол. Сөз қуып, айтыспайды да. Ондай кикілжің сәттерде ол жаңа достарынан сырт айналатын. Бірақ, жаңа ортаға келген Аянды тұқырта түсуді, өзіне тәуелді ете түсуді ойлап, төбелескіш Есікбай оны мазақ ете бастайды. Аян бастапқыда бұған мән бермегенімен, онымен жекпе-жекке шығып, төбелесуге бел буады. Сөйтіп, сайға барып төбелеседі. Ауыл адамдары көрмесін дейді. Есікбай бұл жолы Аяннан оңбай таяқ жейді.

Күзде оқу басталып, балалардың бәрін бір сыныпқа жинап, Иманжанов атты ағай балаларды сауаттылыққа оқыта бастайды. Аян әрі сергек, әрі зерек болады. Соғыстағы ағасына хат жазуды да бәрінен бұрын үйренеді. Өзгелердің хат жазуына көмегін тигізеді. Күндердің күнінде Аян өзінің қасқа бұзауын үйретемін деп, оның үстіне мінеді. Семіз бұзаудан құлаған Аянның тобығы тайып кетеді. Содан ол оңалмайды. Тобығы шығып ойнап қалады. Сөйтіп, ол балаларды сырттай қызықтап отырумен ғана шектеледі.

Әкесі соғысқа аттанған, туған анасы содан соң екі айдан кейін бақилық болған бала Аянның тағдыры соғыс ауыртпалығының белгісіндей оқырман көңіліне түйіледі. Ол төркінін сағалап келген, тіршілік ету үшін қалбақтап күн кешкен әжесінің шынайы қолғанаты еді. Сол ауылдағы бір топ балалардың қайсыбіріне кінә артарсыз. Бала ғой бәрі де. Ойларында, көңілдерінде мысқалдай кір жоқ. Бәрінің қимылы, қылығы – табиғи. Балалық шаққа сай жарасымды. Тіпті, Аянның әжесі өліп қалғанда бір-бірінен сүйінші сұрағандай сол қаралы хабарды лезде жеткізгендерін айтсаңызшы. Дауыс шығарып, көңіл айтуға келе жатқандарға жалтақтай қараған Аян ендігіде не істер екен деп, балалардың оны қызықтағанына да не дерсіз. Әжесі өліп жатқанда, Аян неге жыламайды деп те, оған естірте тіл қатқандарына қараңызшы.

Қаралы сәтте Аян өз тұрғыластарына ертегі айтып береді. Ертегіні күлкілі сипатта баяндайды. Бәрі сықылықтап мәз болады. Оның және де айтуын өтінеді. Түннің бір уағына дейін ертеде өткен бір жетім баланың хикаясын айтумен сол күні кезекті ертегісін доғарады.

Ең соңғы тіршіліктегі тірегі – әжесін қара жердің қойнауына бергенде де Аянның көзінен мөлтілдеп жас тамбайды. «Жетім қозы – тасбауыр» демекші, ендігіде қорған болар, қалқан болар әжесінің тумаласы Бапай шалдың үйіне күнелту, күн көру үшін кете барады. Ерте есейіп, ерте жетілген Аянның балалығынан гөрі естілігі повесте айқын аңғарылады. Әжесінен естігендіктен болар, ол ауа райының күні ертең ашық болатынын көктегі жұлдыздардың жарқырай көрінген хал-ахуалына қарап пайымдайды. Бапай шалдың үйіне көшкен сәтте, жалғыз сиырының жетекке көнбей, ыңырана мөңірегеніне қарап, «Жануар бәрін біледі» дейді үлкендерше үн қатып. Қоңыр сиыр кейуананың дүниеден қайтқанын сезеді-ау, дегендей ой санаға түйіледі.

Өзі жетім болғандықтан, ертегіні «баяғыда бір жетім бала болыпты» деп, бастайтын Аянның ертегілерінен тек жақсылықтың, адалдықтың, батырлықтың лебі сезілетінін оқырман жете түсінеді. Жауға қарсы сілтенетін көк семсері пулеметтен де, автоматтан да айбарлы болып аңғарылады. Балалардың өзі осынау ертегіні тыңдай отырып, менде де сондай семсер болса, фашистің қақ басынан шауып алар ем, сөйтіп, әкеммен майданда жолығар ем, деп арман етеді. Олай үміттенуіне Аянның айтқан ертегілері мықты әсер етеді. Сол сәттерде ойын балалары әлемде қайғы-қасірет әкелетін қанды соғыс бар екенін, ол жерде әкелері мен ағалары соғысып жатқанын біржолата ұмытып, Аянның ертегілерін еліте тыңдайтын. Ауыл шетіндегі атқора төбесіндегі үйілген шөптің ішіне тығылып, қыстың суық түндерінде ертегі айту және ертегі тыңдау да балалық шақтың тәтті күндері болса керек, сірә.

Әрине, Аян мен оның жанындағы балалар сонымен бірге балалық еліктеу мен солықтауға беріліп, үлкендерше темекі тартуды әдет етеді. Үйреніп те алады. Күн сайын ертегі. Күн сайын үлкендерше темекі тарту үдерісі. Бұның ақыры атқораның төбесіндегі шөптің өртенуімен тынады. Өрттен қашқан балалардың соңында дерті бар аяғының кесірінен ұзаққа қаша алмай, Аянның жалғыз өзі қалады.

Өртті көрген, сол қолын соғысқа берген бригадир Түржан қатыгездікпен Аянды қатты соққының астына алады. Бұның бәрін балалар көріп тұрады. Бірақ, Аянға көмек беруге батылдары жетпейді. Аян қатты тепкіге тап болады. Қорғаушысы, панасы жоқ Аянның ауыр халі тым аянышты. Тым мұңды. Темекінің зардабы өртке ұласқан, одан соң өз тағдырын белден соққан жағдайдан кейін Аян ендігіде өлсе де темекі тартпасқа шешім қабылдайды.

Аян әрі жетім, әрі аяғын тобығынан тайдырған соң балалардан мүлдем шет қалады. Жаны ауырғанына қарамастан, ол Асылбек сынықшыға аяғын қайтадан салып беруге өтінеді. Сынықшы өтінішін қанағаттандырады. Алайда, соғыстың тауқыметі мол күндерінің бірінде дала жұмыстарына қатысып, өгіздің үстінде отырып, жерді соқамен жыртып жүргенде жерге құлап, тобығын тағы да шығарып алады. Жұмыстан қажып, тамақты тоя жемеген Аян өзге балалар секілді ағымдағы күндерін соғысқа кеткен әкелері мен ағаларын сағына күтумен өткізеді. Олар келсе, бәрі де ойдағыдай болатындығына ешбір күмәндары болмайды. Әкелері мен ағаларының киімдерін еліте иіскеп, жусан иісіндей иісі бұрқырап шығатынын айтсаңызшы деп, ертеңгі күнге зор сеніммен илана өмір сүреді.

Повесте авторлық баяндау көркем шығарманың мазмұны мен идеясына тікелей қызмет етеді. «Қу соғыстың бесіктен беліміз шықпай жатқанда-ақ біздің жүрегімізге салған жарасы қаншама еді. Сол жараның тыртығы өмір бойы удай сыздап, жанға батып өтер-ау! Еш уақытта ұмытылмас. Асыр салар балғын шағымызда тағдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой. Сонда да болса, басқамыздан гөрі Аянға қатты батып еді. Тағдыр оған дегенде ештеңесін аямады» деген сөйлемдердің салмағы соғыс өрті шалған жас ұрпақтың өмірі өксік пен өкінішке тола екендігіне кепіл бола алады. Әрине, қазіргі жас өскін бұны бастан кешпегендіктен, сағымы мен бұлдыры көптеу секілді түсінілетіні бүгінде мәлім.

Жетімдіктің соққысын мейілінше татқан Аянның жаны соншалықты сірі болғанына кейде қайран қаласың. Әлде өзінен өзгеге сенуді білмеген, қамқоры жоқ екенін жанымен де, тәнімен де сезініп, ерте есейген Аян қамырдай әбден иленіп, тіршіліктің, тағдырдың игеніне көнгендіктен бе екен. Бәлкім, солай да шығар. Қара қағаз Аянға да келеді.

Әркім де жылай алады, бірақ нағыз еркек болу керек деп жүрген Аян сол күні ел-жұрттан бөлектеніп, әр түн сайын ертегі айтып беретін атқора ішінің ең түкпіріне барып, бір уыс болып бүрісіп, екі алақанымен бетін басып, солқылдап жылайды. Жаны егілген баланың психологиялық хал-ахуалы, повестегі тұтас оқиғалар желісі, диалог сөздер, сөз бен ой жинақылығы көркем шығарманы көркем киноға өзінен-өзі сұрап тұрғандай әсер етеді.

Повесть соңында Аян балалар үйіне кетеді. Оның кейінгі өмірі авторға да беймәлім. Туған аулына да. Тағдыры талқыға түскен ойын баласының ғұмыры көзді еріксіз мөлтілдетеді. Қайран, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ойын жасындағы жас өскіндер-ай! Халқымыздың көрнекті қаламгерінің «Жусан иісі» повесін оқығанда аға ұрпақтың, ел тарихының өткен парақтарын ақтара отырып, олардың жан-дүниесімен, ішкі әлемімен қайтадан таныстық. Несін жасырамыз, егілдік те.
***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет