ШУАҚТЫ КҮНДЕР
... Атамның қасында отырып шай құйып беруді күнделікті дағдылы тіршіліктің ешқайсысына теңемеймін. Бұл деген мен үшін өзгеше бір үлкен дәреже, ұсынған кесені қолымнан алып шай ішуі маған істеліп жатқан ерекше құрметтей сезінемін.
Атамның ақ жүрегінің мейірімді шуағына бөленіп, дауысын естіп, жүзін көріп отырғаным үшін тағдырыма мың мәрте рақмет айтатынмын.
*** *** ***
... Қазіргі әңгіме жемісі ерлік туралы болып жатыр екен. Дастарқанды дыбыссыз жасап, шай құя отырып, сөзге құлақ түрдім.
- Ешкім батыр болып тумайды. Басында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағатыны секілді, өнегелі ата-ананың тәліміне сусындап – адалдық, еңбек сүйгіштік, бауырмашылдық рухта ер жеткен бала, мектеп, қоғам тәрбиесін де бойына жақсы сіңіреді.
Мен бауырмалдық дегенді бірнеше рет қайталадым. Оның кең мағынасы халықаралық достық - интернационализм. Батырлықтың бір негізі осы бауырмашылдықтан шығады. Ерлік аспаннан түспейді, ол Отанды сүюден туады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, от басынан өседі. Ата-ананы, апа-қарындасты, аға-ініні сыйлап құрметтеген халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген сын-сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады. өйткені ерлік бірлікте емес, елін сүйе білген адал жүректе...
Атам қашан да «Отан, Халық» дейтін ұлы ұғымдар жайлы ой қозғағанда «айту керек» болғандықтан емес, өзінің бар болмыс-жаратылысымен елін, жерін қалтқысыз сүйіп, қастерлегендіктен бүкпесіз ағытылатын. Сондықтан да... Отаны үшін отқа түскен... атамның өмірі халық өмірімен жіксіз бірігіп, халық тағдырымен тұтас өріліп кеткен.
*** *** ***
... Қазір атам арамызда жоқ, бірақ «Артында баласы қалса көзі қалды де, сөзі қалса өзі қалды де» дегендей, атамның өзі де, сөзі де арамызда. Сондықтан болар әкеміз бар кездегідей үйімізден кісі үзілмейді. Ырым әлі жалғасып жатыр. Дастарханымыздан нан ауыз тиіп, Бақытжан мен Ержанды көруге келеді. Атам отырған көнетоз креслоға отырып, «Москва үшін шайқас» кітабы жазылған үлкен жазу үстелінің үстін алақандарымен сипайды. Атам ойған оюға сүйсінеді, атам салған суретке таңданады. Осының бәрі – халықтың атама деген аппақ пейілі, толастамас сүйіспеншілігі. Халық кез келгенге сенбейді, өзі қадірлеген, өзі қастерлеген қыран перзенттерін ғана ырым көреді. Атамның биіктігінің, даралығының тағы бір қыры - өзі қайтқан соң да адамдарға көңіл сыйлап, сенім тарту етіп жатқаны еді. (Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: Жалын, 1987. – 264 бет. 29, 69, 83- беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |