СЕНІМ ТУРАЛЫ ЖЫР
... Сенемін! Сенемін мен!
Сенемін мен
Сенбесең, оқып қара өлеңімнен.
Мына жер, ана аспанның тереңінен
Сенделіп, сенімді іздеп келемін мен.
Сенемін,
Мейлі аңсарым табылмасын,
Сенімім тек сертінен жаңылмасын,
Сенімсіз тұңғиыққа табынбасын.
Тынымсыз қозғалыстың барлығын да,
Тынысым сенімменен қабылдасын:
Сенемін, сенемін деп дамылдасын,
Сенімнің ақ көрпесін жамылғасын...
Сұрама.
Неге сенем, кімге сенем,
Мүмкін мен мына жарық Күнге сенем,
Жанамын, жанамын да бірге сөнем.
... Күннен де өткен жарықты білмесем мен,
Бір минут өмір сүріп жүрмес ем мен.
Сенемін...
Сенем Жердің Серігіне,
Бұған және сендірем сені міне.
... Ей, дүние!
Тағзым ет, басыңды иіп,
Адамның құдіретті сеніміне!
(Мақатаев М. Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1982. – Т.2. Соғады жүрек. – 384 бет. 143- бет)
Достарыңызбен бөлісу: |