http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=4527&Itemid=23
Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.
Екі көз - екі жүлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты кай-қайдағы.
Япырмай, сен де бір күн сөнермісің
Қап-қара түнек болып маңайдағы?!
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін?!
...Ежелден еркебұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім - жаз, көңілім - көктем, кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.
Сөзім - жыр, лебізім - күй, ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.
Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де
Әйтеуір, әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі неде...
Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді небір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айрылсам ала көңіл он досымнан.
Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң - дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң - сырласыңмын.
Боламын ақын Қасым әлі де мен
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.
Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.
Дариға, о, дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн, дәурен?!
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай
Жүзінде шалқып тұрған күлкім, дәурен.
Тоқтамас өмірімнің сағатындай
Жүрегім енді қанша соғар тынбай?
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып
Мерт болған балапанның қанатыңдай?
Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта,
Бүл күнде саңқылдаған сұңқар үнім,
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.
Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды мол мұрамды.
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бүл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!
1948-1954.
Достарыңызбен бөлісу: |