Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Өлеңдер мен аудармалар. Поэмалар. Қара сөздер.
Алматы. «Жазушы», 2002. 124-146 бб.
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДИЕВ
АДАМДЫҚ БОРЫШЫҢ
Адамдық борышың –
Халқына еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл түл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәрінді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт –
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
ДҮНИЕ МЕН ӨМІР
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
Дүниені «сұм, алдамшы» деп жазады.
Мұндағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы, –
Дедім, - алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғаңдығы.
«Мен де соққы жедім, – деп, – сұм дүниеден»,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп токтай ма алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк1 –
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл — тағдырға наразылық,
Түбі аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен — білімсіз шала молда,
Қу қазыкқа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық, қылған іс – бәрі де ұмыт,
На көлеңке, яки түс, у өмір» деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердін келеді тілі ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тура,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?
Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол – болмай ма тағдырлы жамандаған?
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық – дүниені жамандатқан
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзіңнен, иә біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір – қу, дүние – алдамшы дегеніңмен?
Дүние – алдамшы, өмір – қу есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.
Достарыңызбен бөлісу: |