Органикалық тыңайтқышқа көң‚ көң садырасы‚ құс саңғырығы‚ қордалар‚ шаруашылық қалдықтары‚ шымтезек‚ сапропель, сидераттар т.б. жатады. Органикалық тыңайтқыштардың маңызына тоқтала келіп академик Д.Н. Прянишников былай деп жазған: ”Химия өнеркәсібінің дамуына және минералдық тыңайтқыштардың кеңінен таралуына байланысты‚ көңнің маңызы кейінгі екінші кезектегі жоспарға қалдырылады деп ойлау мүмкін емес‚ керісінше‚ минералдық тыңайтқыштарды қолданудың артуына байланысты көңнің мөлшері де арта түседі. Мұны химияландырудың жоғары дәрежесіне жеткен елдердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Бұл жағдай, көңді ауыл шаруашылығы дақылдарына ең басты тыңайтқыштар ретінде қолданудың бірі деп санауға мәжбүр етеді.
Органикалық тыңайтқыштар топырақтың агрономиялық қасиеттеріне жан-жақты әсер етеді және дақылдардың өнімін арттыруда маңызды рөл атқарады. Мысалы‚ Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал тәжірибе стансасының көпжылдық деректеріне қарағанда, гектарына 30 тоннадан көң қолданғанда боз топырақтың құрамындағы гумус (0-25 см тереңдіктегі) мөлшері 1‚125 пайыз‚ азот 0‚136 пайыз‚ ал тыңайтқыш берілмеген жердің топырағында бұл көрсеткіштер тиісінше 0‚573 және 0‚082 пайыз болған. Органикалық тыңайтқыштар құрамында өсімдіктің қоректенуіне қажетті барлық элементтер кездеседі. Мысалы‚ мүйізді ірі қара малының көңінің бір тонна құрғақ затында 20 кг азот‚ 10 кг фосфор‚ 24 кг калий‚ 28 кг кальций‚ 6 кг магний‚ 4 кг күкірт‚ 25 г бор‚ 230 г марганец‚ 20 г мыс‚ 100 г мырыш‚ 2 г молибден‚ 1‚2 г кобальт‚ 0‚4 г йод болады. Сондықтан оларды толық тыңайтқыш деп атайды.
20 тонна жартылай шіріген төсенішті көң 0‚3 тонна аммоний селитрасын‚ 0‚25 тонна жай суперфосфатты‚ 0‚3 тонна калий хлоридін алмастырады.
Минералдық тыңайтқыштарға қарағанда органикалық тыңайтқыштарда қоректік заттардың мөлшері аз болады.
Органикалық тыңайтқыш өсімдік үшін көмір қышқыл газының көзі болып табылады. Топыраққа еңгізілген бұл тыңайтқыштардың ыдырауынан пайда болған көмір қышқыл газы топырақауасын‚ топырақтың үстіңгі қабатын қанықтырады да өсімдіктің ауа арқылы қоректенуі жақсарады. Жасалған есеп бойынша бір гектарға еңгізілген 30-40 тонна көң бірқалыпты жағдайда ыдырағанда күнделікті қосымша 100-200 кг көмірқышқыл газы бөлінеді. Мұндай құбылыстың маңыздылығы сонда‚ дәнді дақылдардың әр гектардағы өнімділігін 20-25 центнерге жеткізу үшін 100 кг СО2‚ ал картоп пен көкөністен 400-500 центнер өнім алу үшін 200-300 кг СО2жұмсалады.
Органикалық тыңайтқыштар топырақ микроорганизмдері үшін энергетикалық материал мен қоректік заттардың негізгі көзі болып саналады. Сонымен қатар олар топырақты түрлі микрофлоралармен байытады‚ аммонификация және нитрификация про-цестерін жеделдетеді.
Органикалық тыңайтқыштарды еңгізу-топырақ құнарлылығын арттырудың басты тәсілі. Әрдайым органикалық тыңайтқыштарды жоғары мөлшерде қолданғанда топырақтың агрохимиялық көрсеткіштері‚ биологиялық‚ физикалық‚ физикалық-химиялық‚ химиялық қасиеттері‚ су және ауа режимдері жақсарады. Топырақтың сіңіру сыйымдылығы мен негізбен қанығу дәрежесі артады‚ қышқылдылығы төмендейді‚ жылжымалы алюминий‚ темір‚ марганец мөлшері кемиді‚ буферлігі жоғарлайды.
Органикалық тыңайтқыштар минералдық тыңайтқыштың тиімділігін арттырады. Топырақ ерітіндісінің шамадан тыс қоюлануын және қоректік заттардың шайылуын кемітеді. Минералдық тыңайтқыштар көбінесе еңгізілген жылы ғана әсер ететін болса‚ органикалық тыңайтқыштардың әсері бірнеше жылға созылады. Органикалық және минералдық тыңайтқыштарды бірге қолданса анағұрлым мол өнім алынады. Ғылыми және өндірістік тәжірибелерде таза көңнің өзі дақылдардың өнімділігін 20-30 пайыз‚ минералдық тыңайтқыш 25-35‚ ал екі түрін бірге пайда-ланғанда 40-60 пайызға дейін арттыратындығы анықталған. Мыса-лы‚ Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында жүгерінің әр гектарына 20 тонна көң бергенде өнім мөлшері 100‚7 центнерге‚ 120 кг азот‚ 60 кг фосфор‚ 60 кг калийді минералдық тыңайтқыш түрінде сіңіргенде 105‚9‚ ал органикалық және минералдық тың-айтқыштарда араластырып пайдаланғанда өнім 126‚9 центнерге жетті. Профессор К.Иманғазиевтың ғылыми талдаулары бойынша әр гектарға еңгізілген 20 тонна көң мақта өнімін гектарына 7 ц‚қант қызылшаны - 100 ц‚ дәндік жүгеріні 15 ц‚ күрішті 10 және бидайды 5 ц арттырады.
Сонымен егілетін дақылдардан мол әрі сапалы өнім алу үшін және топырақ құнарлылығын арттыруда органикалық тыңайт-қыштарды қолданудың маңызы зор. Егіншілікте өте ертеден қолда-нылып келе жатқан органикалық тыңайтқыштардың бірі көң.
Көң құрамдас бөлігіне байланысты төсенішті және төсенішсіз деп ажыратылады.
Төсенішті көң
Төсенішті көң қатты‚ сұйық бөліктен және төсеніштен тұрады. Малдың жеген азығының құрамындағы органикалық заттың 40‚ азоттың 50‚ фосфордың 80 және калийдің 95 пайызы көңге ауысады.
Көңнің құрамы мал түріне‚ оның жасына‚ азық түріне қарай өзгеріп тұрады. Бұл факторлар сол сияқты көңдегі қатты және сұйық бөліктердің арақатынасына да әсер етеді.
Мал денесінен бөлінетін қатты және сұйық бөліктердің химиялық құрамы бірдей емес (41-кесте). Мұнда айта кететін бір жағдай - мал денесінен шығатын фосфордың барлығы жас нәжісте болса‚ азоттың 50-70 пайызы және калий зәрмен бірге бөлінеді. Құрғақ зат‚ азот және басқа элементтердің мөлшері жылқы мен қой малдарының көңінде жоғары болатындықтан тезірек шіриді. Төсеніш-көңнің сапасын жақсартатын және көң садырасы мен азоттың ысырап болуын төмендететін құрамдас бөлігі. Төсеніш ретінде сабан‚ шымтезек‚ ағаш үгіндісі т.б. материалдарды пайдаланады.
Төсеніштің агрономиялық маңызы зор. Ол шаруашылықта жиналатын көң мөлшерін молайтады. Төсенішпен көң құрамына қосымша қоректік элементтер енеді. Бұл элементтер микробиологиялық процестердің әсерінен өсімдікке сіңімді күйге ауысады.
Төсеніш малдың сұйық экскрементін (зәр) және пайда болған аммиакты азотты сіңіреді. Сөйтіп, бұл заттардың ысырап болуын азайтады. Мысалы‚ сабанның бір бөлігі 2-3‚ ойпатты жердің шым-тезегінің бір бөлігі 5-7‚ қыратты жердің шымтезегінің бір бөлігі 10-15 бөлік малдың сұйық экскрементін сіңіреді.
Төсеніш көңнің физикалық‚ физика-химиялық және биологиялық қасиеттерін жақсартады. Атап айтқанда‚ көңнің ылғалдылығы азды-көпті төмендейді‚ онша тығыздалмайды және сақтағанда жеңіл ыдырайды.
Төсеніш үшін сабан мен шымтезекті пайдаланғанда сапасы жақсы көң алынады.
Қолданылатын төсеніш мөлшері оның түріне‚ сапасына‚ малдың түрі мен жасына‚ азықтың мөлшері мен сапасына байланысты (42-кесте).
5.2.8. КӨҢ САДЫРАСЫ
Бұл тыңайтқыш мал денесінен бөлінетін сұйық заттардан тұрады. Орта есеппен оның құрамында 0‚25-0‚30% азот‚ 0‚03-0‚06% фосфор және 0‚4-0‚5% калий болады. Көң садырасы негізінен азотты-калийлі тыңайтқышқа жатады.
Төсенішті көңді әртүрлі әдіспен сақтағанда бірдей мөлшерде садыра бөлінбейді. Мысалы‚ 10 тонна жас төсенішті көңді төрт ай тығыздап сақтаса 170 л‚ қопсытып-тығыздаса 450 л‚ қопсытылған күйде сақталса 1000 л садыра бөлінеді. Жас көң жылдам ыдыраған сайын бөлінетін садыра мөлшері көбірек болады. Орта есеппен жас көң массасының 10-15 пайызы садырадан тұрады. Жиналатын садыраның жалпы көлемі малды қолда ұстау мерзімінің ұзақтығына‚ төсеніш пен азықтың мөлшері мен сапасына‚ тағы басқа жағдайларға байланысты болады. Мысалы‚ ірі қарадан бір жылда (220-240 күн) орта есеппен 2-2‚5 м3садыра жиналады.
Садыра құрамындағы азоттың ысыраптануын азайту үшін төсенішті молырақ пайдаланады және ұнтақ суперфосфат қосады. Мұнда садыраның аммиакты азоты суперфосфатпен әрекеттесіп ыдырамайтын тұрақты қосылыс түзіледі:
Көң садырасын көбірек жинау үшін мал қорасына жақын жерден оны сақтайтын орын жасайды. Садыра үстіне машинада пайдаланылған май шашып қою керек‚ бұл азотты ысырап болудан сақтайды.
Көктемде және жазда көң садырасын ауыл шаруашылығы дақылдарын үстеп қоректендіру үшін пайдаланады. Бір гектар отамалы дақыл егісінің қатар аралығының 10-12 см тереңдігіне 5-10 тонна көң садырасы еңгізіледі. Күздік егістігі мен жайылым жерлерді тырмалар алдында әр гектарға 4-5 тонна есебінен көң садырасымен үстеп қоректендіреді. Жаздық дәнді дақыл‚ картоп‚ тамыр жемістілерге гектарына 15-20 тонна‚ көкөніс егістігіне 20-30 тонна көң садырасын топырақты жыртар алдында еңгізеді.
5.2.9. ҚҰС САҢҒЫРЫҒЫ
Құс саңғырығы тез әсер ететін, құнды органикалық тыңайтқыш болып саналады. Онда өсімдік оңай сіңіретін азот және күл элементтері мол (51-кесте).
Бір жылда әр тауықтан 6-7 кг‚ үйректен 7-9 кг‚ қаздан 10-12 кг саңғырық жиналады.
Құс саңғырығында азот негізінен зәр қышқылы түрінде болады. Олардың құрамында қоректік заттардың қоры берілетін жемнің түрі мен сапасына қарай өзгеріп отырады. Жас саңғырықта азоттың ұшуы онша байқалмайды. Алайда сақталған мерзімі ұзайған сайын аммиактың жоғалуы көбейе бастайды. Зәр қышқылы мочевинаға, ол көмірқышқыл аммонийге, одан әрі көмір қышқыл газына, суға, аммиакка ыдырап кетеді. Мысалы, 1,5-2 ай ішінде азоттың ысырап болуы 30-60 пайызға жетеді.
Саңғырықты жинаудың және азотты өзінде сақтаудың ең тиімді тәсілі-құс қорасына құрғақ төсеніш төсеп тастау. Қаз бен үйректің саңғырығы сұйық болатындықтан оларға төсенішті молырақ пайдаланған дұрыс. Төсеніш ретінде шымтезек немесе ағаш үгіндісін қолданады. Сол сияқты жас саңғырықты суперфосфат немесе құрғақ, толық шіріген көңмен араластырады. Мұндай жағдайларда саңғырық құрамындағы органикалық зат пен азоттың жоғалуы онша көп болмайды.
5.2.10. САБАНДЫ ТЫҢАЙТҚЫШ ЕСЕБІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Сабанның құрамында орта есеппен 0,5% азот, 0,25% фосфор және 0,8% калий бар. Сабанда органикалық қосылыстар түрінде 35-40% көміртек болады. Сабанды тыңайтқыш ретінде қолдану үшін оны топырақ бетіне шашып тастайды. Мұның өзі топырақтағы ылғал қорын сақтауға, физикалық-химиялық қасиеттерінің жақсаруына, су және жел эрозиясынан қорғауға, топырақ құрылымының едәуір жақсаруына ықпал етеді. Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жүргізген тәжірибе жұмыстары қорытындылары бойынша әр гектарға 5 тонна сабанды шашып топырақ бетін бүркегенде, оның жыртылатын қабатындағы ылғал жақсы сақталып, жаздық бидай өнімі 2,5 центнерге жоғарылаған. Ал топыраққа сабанды жамылғы ретінде қолданғанда, фосфор тыңайтқышының тиімділігі артып, қосымша өнім гектарынан 4-5,6 центнерге ұлғайған. Сабанды азот, фосфор тыңайтқыштарымен бірге жерді жыртар алдында еңгізу топырақ құнарлылығын сақтауда шешуші рөл атқарады.
Сабанды әуелі дискімен 8-10 см тереңдікке сіңіреді де одан әрі терең етіп жыртып тастайды. Азот тыңайтқыштарын сабанмен араластырып қолдану көміртектің азотқа қатынасын жақсартып, олардың ыдырауын, азотты қосылыстардың сіңімділігін тездетеді.
Сабанды тыңайтқыш ретінде пайдаланған танаптарға бұршақ тұқымдас немесе отамалы дақылдар сепкен дұрыс.
Ғылыми мекемелердің зерттеу жұмыстары 5 тонна сабан құрамында 20-35 кг азот, 5-7 кг фосфор, 60-90 калий, 10-15 кг кальций, 4-6 кг магний, 5-6 күкірт және 28 г бор, 15 г мыс, 150 г марганец, 2 г молибден, 200 г мырыш болатынын есептеп, бұл элементтер бидай өнімін біршама арттыратынын дәлелдейді.
5.2.11. ЖАСЫЛ ТЫҢАЙТҚЫШТАР
Жасыл тыңайтқышты қолдану топырақ құнарлылығын арттырудың агротехникалық тәсілдерінің бірі. Жасыл тыңайтқыш үшін өсірілетін дақылдарды сидераттар деп атайды. Жасыл тыңайтқыш ретінде бөрі бұршақ, сераделла, сиыр жоңышқа, эспарцет, тригонелла, чина, шабдар, қыша, нут сияқты дақылдарды пайдаланады.
Жасыл тыңайтқыштар топырақтағы органикалық заттар мен азоттың қорын арттырады және фосфор, калий тағы басқа қоректік заттарды сіңімді түрлерімен байытады. Топырақтың ауа, су өткізгіштігі жақсарады. Микробиологиялық процестің жүруі жылдамдайды. Жасыл тыңайтқыш құрамындағы азотты өсімдіктің пайдалануы көңдегі азотқа қарағанда екі есе жоғары болады. Топыраққа еңгізілген жасыл тыңайтқыштар оның негізбен қанығу дәрежесін, сіңіру сыйымдылығын, буферлігін жақсартады.
Жасыл тыңайтқыштар жеке немесе басқа дақылдармен бірге егілуіне қарай дара және тығыздалған (аралас) болып екіге бөлінеді. Дара сидераттар алқапқа бір-екі маусым немесе бірнеше жыл қатарынан егіледі. Вегетациялық дәуірі қысқа негізгі дақыл жиналған соң, ол алқапқа жасыл тыңайтқышты орналастырады, күзге қарай көк балаусаны топырақты жырту арқылы сіңіреді де күздік дақыл себеді. Мұндай жасыл тыңайтқышты аралық сидератдейді. Барлық алқапты немесе оның кейбір учаскелерін жолақ түрінде қамтуына қарай сидераттар жаппай және ықтырмалы болып бөлінеді. Оларды орып алу әдістеріне қарай жер бетіндегі өскіндері мен тамыр жүйелерін бірге, басқа жағдайда жер бетіндегі немесе тамыр жүйелерін жеке-жеке пайдаланады.
Қазақстанның оңтүстік облыстарында егілетін техникалық, отамалы және астық дақылдарына қолданатын азотты тыңайтқыштар мен көңнің орнына сидераттарды пайдалануға болады. А.А.Лукашев пен П.К.Ажигоев Жамбыл және Алматы облысында жағдайында жасыл тыңайтқыштармен егістік тәжірибе жүргізіп, сиыр жоңышқа, тасбеде, жем бұршақ, шабдар және басқа өсімдіктерді егіп сынады. Аталған облыстардың жағдайында күздік бұршақ, сиыр жоңышқа, тас беде, ноғатық, шабдар мол көк балауса беретінін анықтады. Екі жылдың ішінде ноқаттың гектарынан орта есеппен 34 тонна көк балауса жиналды, 207 кг азот алынды, ас бұршақтың гектарынан 28 тонна көк балауса, 91 кг азот, сиыр жо-ңышқаның гектарынан 25 тонна көк балауса және 109 кг азот жи-налды. Мұнда бір гектарға еңгізілетін тыңайтқыш мөлшеріне шақ-қанда сиыр жоңышқа мен ас бұршақ 20 тонна, ноқат 40 тонна көңнің орнына жүреді. Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институтының арнайы жүргізілген тәжірибесі боз және қара қоңыр топы-рақтарда сидераттар көң мен салыстырғанда анағұрлым тез ыдырайтынын көрсетті. Осы ғылыми мекеменің мәліметі бойынша боз топырақты алқаптың гектарына 20 тонна көң еңгізілгенде 111 ц, толық минералдық тыңайтқыш қолданудан 114 ц, ал жасыл тыңайтқыш пайдаланудан 146 ц қосымша қант қызылшасының тамырының өнімі алынады. Жамбыл тәжірибе стансасында тасбеде сидератының орнына егілген қант қызылшасының әр гектарынан 535 центнерден, 20 тонна көң берілген жерден 527 центнерден, ал органи-калық тыңайтқыш қолданылмаған әр гектарынан 480 центнерден өнім алынды. Гектарына 40 тонна көң қолданғанда картоп өнімі 244 ц, тасбедені жасыл тыңайтқыш ретінде қолданғанда 249 ц, ноқатты қолданудан 247 ц өнім жиналды.
Мақта егісінде ас бұршақ пен сиыр жоңышқаны күзде егіп, көктемде мақтаны екпестен екі апта бұрын жыртады.
Қызылорда облысында күріш дақылына жасыл тыңайтқыш үшін сиыр жоңышқа мен ас бұршақ егуді қолданып келеді. Бұл сидераттар шалғынды-батпақты топырақта өсірілетін күріштен мол өнім алуды қамтамасыз етеді.
Жалпы жасыл тыңайтқыш тиімділігі оның өсіп-жетілуіне және өнім деңгейіне байланысты. Бұршақты өсімдіктердің аңыз егістігі өсіп-жетілу кезінде кемінде екі рет суғарған дұрыс. Сидераттар егістігін жыртқанда топыраққа олар неғұрлым көп араласса ол жасыл тыңайтқыш ретінде күшті әсер етеді. Жасыл тыңайтқыш егістігіне фосфор және калий тыңайтқыштарын қолдану,тұқымдарын микроэлементтердің тұздарымен өңдеу оның өнімділігін жоғарлатады, нәтижесінде сидераттың тиімділігі артады.
5.2.12. САПРОПЕЛЬ
Сапропель - органикалық және минералдық заттардан тұратын ылғалдылығы 60-97%, біркелкі коллоидты масса. Құрамында 12-80% органикалық зат және 19-88% күл болады. Органикалық масса гумин қышқылынан (11-43%), фульвоқышқылыннан (2-24%), қиын ыдырайтын қалдықтан (5-23%), гемицеллюлозадан (10-53%), целлюлозадан (0,5-6%), битумнан (6-17%) және суда еритін заттардан (2-14%) тұрады. Азот қиын еритін қосылыстар түрінде кездеседі. Өсімдікке сіңімді фосфор мен калий мөлшері төмен немесе өте төмен болады. Сапропельді құрамындағы күл шамасына қарай былай жіктейді: аз (30-пайызға дейін), орташа (30-50%), көтеріңкі (50-70%), жоғары (70-85%) және өлі балшық (85 пайыздан көп). Сапропель күлі негізінен кремний, кальций, алюминий, темір оксидтерінен тұрады (52-кесте).
5.2.13. БАКТЕРИАЛДЫ ТЫҢАЙТҚЫШТАР
Өсімдік қорегінің аса маңызды көзінің бірі-құрамында бактериялар болатын препараттар. Мұндай микроорганизмдер топырақтағы азот пен фосфорды немесе ауадағы бос азотты және минералдық тыңайтқыштағы заттарды бойына сіңіреді де оларды өсімдіктер оңай пайдаланатын күйге айналдырады. Бактериалды тыңайтқышқа нитрагин, азотбактерин, фосфоробактерин сияқты препараттар жатады. Нитрагин өсімдік тамырына түйін-түйін болып жиналатын бактерия, оның ауадағы бос азотты жинайтын қабілеті өте күшті. Республикамыздың суармалы аудандарының топырақ-климат жағдайларына байланысты беде өсімдігінің тамырына түйнек аз жиналады, сондықтан беде егісіне түйнекті неғұрлым көп жинау үшін оның тұқымын нитрагин препаратымен өңдеудің маңызы ерекше. Түйнек бактериясының жеке түрі өсімдіктің белгілі бір түрінде ғана кездеседі. Мысалы, беденің тамырында өсетін түйнек бактериясы жоңышқа тамырында кездеспейді. Сондықтан нитрагин препаратын бұршақты өсімдіктің белгілі тобына арнап әзірлейді және этикеткасын қандай өсімдікке қолдану керек екенін жазып қояды. Нитрагинде кемінде 100 млн. түйнек бактериясының клеткасы болады. Нитрагин шыны құмыраға 500 грамнан құйылып қойылады. Осындай мөлшердегі нитрагин бір гектарға себілетін тұқымды өңдеуге жетеді. Ол үшін препарат алдын ала суға езіледі (10 кг тұқымды өңдеу үшін 1 стакан су алынады), сонан соң сұйық быламық тәріздес препаратты тұқымға бүркеді де тұқымды күрекпен аударыстырады, көлеңкеде кептіреді, осыдан соң себеді. Түйнек бактериясының әрекет жасауына топырақта тиісті жағдай жасалса, нитрагин өте жақсы нәтиже береді. Мысалы, фосфор тыңайқышы мен молибден қолдану түйнек бактериясының әрекет жасауын күшейтеді, яғни оның ауадан азот жинау қабілеті артады. Азотобактерин топырақта еркін өмір сүретін бактериялардан дайындалатын препарат. Ол бактерияларды азотобактер деп атайды. Оның түйнек бактериясынан өзгешелігі өсімдік тамырында болмайды, түйнек түзбейді, тамыр айналасындағы топырақ қабатында жатып өседі. Азотобактер өзінің өсуі үшін, өсімдік тамырынан бөлінген заттарды және өсімдіктің өлген тамырларын пайдаланады.
Зертханада азотобактер бактериясын екі жолмен көбейтеді: қара шірігі мол топырақта (оны топырақты азотобактерин деп атайды) және қолдан дайындалған қоректік ортада (мұны агарлы азотобактерин дейді) өсіреді. Топырақты азотобактерин препаратын дайындау үшін азотобактерияларды әуелі температурасы 26 градус қоректік ортада көбейтеді де, 2-3 күннен соң көбейген азотобактерияларды жинап алып, үстіне су құяды да әбден араластырады. Сонан соң қайтадан топыраққа еңгізеді. Бұл топырақты жәшікке салып шаруашылыққа жібереді.
Агарлы азотобактерин әзірлеу үшін қоректік ортаны қайнатады да жарты литрлік құмыраларға құяды. Салқындаған құмыра ішіндегі агар қоректік ортаға азотобактерияларды салып агарды жұқтырады. Осындай тәсілмен әзірленген әр құмырада 40-60 млн клетка болады. Топырақты азотобактерин гектарына 3-6 кг есебімен, күздік және жаздық бидайдың, қант қызылшасының, көкөніс дақылдарының, картоптың тұқымымен бірге топыраққа еңгізіледі. Ол үшін 30 кг тұқымды бір литр суда шылайды. Шыланған тұқымға азотобактерин себіледі, араластырады. Егер азото-бактерин тұқымға жақсы жабысбаса, онда тұқымды тағы да шылап азотобактеринді екінші рет бүрку керек.
Азотобактериннің тиімділігін арттыруда топырақ ылғалдылығы мен оның ауа режимі жақсы болу керек. Суармалы егіншілікте бұл жағдайды егісті дер кезінде суару және қатар аралығын өңдеу арқылы жасауға болады. Азотобактеринмен бірге топыраққа фосфор тыңайтқышын еңгізудің маңызы үлкен, өйткені фосфор бактериялардың азотты жинауын арттырады. Қызылша ауыспалы егісінде азотобактеринді бидайға, сондай-ақ күздік бидайдан соң егілетін қант қызылша егісіне пайдаланған дұрыс, өйткені ауыспалы егістің басқа дақылдарына қарағанда қант қызылшасы егісінде азоттың нитратты түрі аз болады.
Фосфоробактерин органикалық заттарды ыдырататын және фосфордың қиын еритін қосылыстарын өсімдік оңай сіңіретін түрге ауыстыратын, бактериялардың спораларынан тұрады. Қазақстан ұлттық ғылым академиясының топырақтану институтының топырақ пен Қаратау фосфоритінен дайындаған фосфоробактерин препараты-ашық-сұр түсті ұнтақ. Оның 250 грамында 40-50 млн бактерия клеткасы бар. Аталған фосфоробактерин суармалы егіншілік аймақтарда жүргізілген тәжірбиелерде жақсы нәтиже береді. Оны тұқымды өңдеу үшін пайдаланады. Қолдану мөлшері гектарына 250 грамм. Препаратты тұқымды өңдеуден екі сағат бұрын жылы суда ерітеді, сонда споралар ісінеді. Қосынды бірнеше рет араластырылады, содан соң тұқымға бүркеді. Препарат тұқымға біркелкі жұғу үшін мұқият араластыру керек. Минералдық тыңайтқышты қолдану микроорганизмнің санын көбейтеді.
Бактериалды тыңайтқыштардың әсері оның құрамына, дайындау тәсіліне, өсімдіктің өсуіне қажетті басқа факторлардың әсеріне байланысты. Өндірісте бактериалды препараттарды олардың тигізетін әсерінің ерекшіліктерін ескере отырып қолданған дұрыс. Мысалы, республикамыздың қуаң далалық аймақтарында бактериалды тыңайтқыштардың тиімділігі байқалмайды.
5.2.14. ҚОРДАЛАР
Көңнің әсерін күшейту және қолданылатын органикалық тыңайтқыш мөлшерін арттыру үшін, шаруашылықта қорданы кеңінен пайдаланудың маңызы үлкен. Қорда даярлау үшін сабан қалдықтарын, көң садырасын, өнеркәсіп қалдықтарын, тамақ қалдықтарын, өсімдік жапырақтарын, түрлі нәжістерді, күлді және минералдық тыңайтқыштарды пайдаланады. Қорда дайындау тазалық-гигиеналық маңызы бар шаралардың бірі болып саналады. Қордаларды түрлі қалдықтардан даярлағанда ерденені қабат-қабат етіп жинайды. Онда әр қабаттың қалыңдығы 50-60 сантиметрге жеткенде, сумен немесе қи садырасымен толық шыланғанша сулайды. Қорда дайындауға пайдаланған қалдық бетіне жұқалап (10-12см) көң, құс саңғырығы салынып осылардың үстіне күл, суперфосфат немесе басқа фосфор тыңайтқышын себеді. Мұнда әр бір тонна қалдыққа 10-15 кг суперфосфат және 20-30 кг күл келуі қажет. Мұнан кейін осылардың үстіне қалдықтың жаңа қабаты салынады да, үстіне қи садырасы себіліп, тағы да құс саңғырығының, көңнің, фосфор тыңайтқышының келесі қабаты салынады. Ердене биіктігі 2-2,5 метрге жеткенге дейін осылай салына береді. Ердене үстін топырақпен жауып, оны нығыздап таптайды, 2-2,5 айдан кейін қорда пайдалануға әзер болады.
Көңге топырақ, суперфосфат қосу арқылы дайындалған қорда құрамындағы азоттың ысырап болу мейлінше төмендейді. Бұл ретте аммиак күкірт қышқыл аммоний түрінде байланыстырылады. Сонымен қатар органикалық заттардың шіруі жылдам өтеді және көңнің әсерін күшейте түседі. Егер 20 тонна көңде 8 кг аммиакты азот болса, көң топырақ қордасында оның мөлшері 35 килограмға дейін көтеріледі. Мұнда көң-топырақ қордасын даярлау үшін 10 тонна көңге 1,5-2 ц суперфосфат қосылады. Форформен байытылған көң-топырақ қордасы 2-4 айда қолдануға даяр болады. Көң-топырақ қордасын жылдың кез келген уақытында дайындайды. Қорданы негізгі тыңайтқыш ретінде, гектарына 15-20 тонна есебінде астық дақылдарына пайдаланады. Отамалы және көкөніс дақылдарына 30-50 тоннаға дейін қолданады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3деңгейлі СМК құжаты
|
ПОӘК
|
Ф Р 042-1.02-2015-02
|
ПОӘК
Зертханалық сабаққа арналған оқу-әдістемелік кешен
|
басылым
|
ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
5В080100 «Агрономия»
мамандығына арналған
«Агрохимия» ПӘНІНЕН ЗЕРТХАНАЛЫҚ САБАҚҚА АРНАЛҒАН
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2016
Достарыңызбен бөлісу: |