Мақсаты: Студенттерді толығымен даму кезеңінің ерекшеліктерімен таныстыру.
Міндеті: Жалпы өсімдіктің қоректенуі топырақтағы қоректік элементтердің сіңімді түрінің мөлшеріне байланысты. .
Түйінді сөздер: Қоректену диагностикасы, визуалдық диагностика, жетіспейтін қоректену
Дәріс жоспары:
1. Өсімдіктердің әр түрлi даму кезеңiнде қоректену ерекшелiктерi
2.Өсімдіктердің қоректену диагностикасы
1. Өсімдіктердің әр түрлi даму кезеңiнде қоректену ерекшелiктерi
Өсімдік өзінің бүкіл вегетациялық дәуірінің барысында қоректік заттарды бірқалыпты сіңірмейді. Өсімдік тіршілігінде қоректік заттардың жетіспеуі өнімнің төмендеуіне және оның сапасының нашарлауына әсер етеді. Сондықтан өсімдіктің өсу кезеңінде қандай қоректік элементті қанша мөлшерде қажет ететін білу, тыңайту жүйесін тиімді түрде дайындауға көмектеседі.
Сыртқы ортадағы қоректік заттарды қабылдайтын уақыт аралығын, өсімдіктің қоректену кезеңінің ұзақтығы дейді. Өсімдік алғашқы өсу кезінде тұқым құрамындағы қоректік заттарды пайдаланады. Ал вегетациялық дәуірінің аяқ кезінде бұрынырақ қабылдаған қоректік заттарды пайдалануды жалғастырады. Демек‚ өсімдіктің қоректену кезеңімен оның вегетациялық дәуірінің ұзақтығы бірдей бола бермеуі мүмкін. Мысалы‚ арпаның вегетациялық дәуірі 80 күн‚ ал оның қоректену кезеңінің ұзақтығы 40 күн. Жаздық бидайдың қоректену кезеңінің ұзақтығы 70 күнге созылады. Қант қызылшасы‚ картоп‚ жүгері‚ асбұршақ сияқты дақылдардың қоректену кезеңінің ұзақтығы олардың вегетациялық дәуірімен сәйкес болады. Өсімдіктің қоректену кезеңінің ұзақтығын тыңайтқыш қолдану әдісін белгілеуде ескеру керек.
Вегетациялық дәуірінде өсімдіктер қоректік заттарды бірқалыпты қабылдамайды. Мысалы‚ қант қызылшасы тіршілігінің алғашқы айында гектарынан екі килограмнан азот‚ фосфор‚ калий қабылдаса, вегетациялық дәуірінің ортасында (шілде айы) ол гектарынан 96 кг азот‚ 34 кг фосфор және 133 кг калий қабылдаған. Ал вегетациялық дәуірінің соңғы айында азотты‚ фосфорды‚ калийді қабылдауы гектарынан 7 килограмм болған. Астық дақылдары түтіктену мен масақтану кезеңі аралығында қоректік заттарды мейлінше мол қабылдайды. Мысалы‚ азот‚ фосфор‚ калий элемент-терінің жалпы мөлшерінің бидай 76%-ін‚ арпа 67%-ін‚ сұлы 47% -ін масақтану кезеңінде қабылдаған (16-кесте).
16-кесте. Жаздық астық дақылдарының қоректік заттарды сіңіруі‚ %.
Өсімдіктердің қоректік элементтерді сіңіру қарқыны да түрліше болып келеді. Мысалы, бастапқы кезде азотты, гүлдеу-жаппай пісу фазаларында фосфор мен калийді көбірек сіңіреді (17-кесте).
17-кесте. Мақта өсімдігінің қоректік заттарды қабылдауы,%.
Өсу кезеңінде қоректендіру режимі дұрыс сақталып, тиісті мөлшер бойынша қоректендіріліп тұрса барлық ауыл шаруашылығы дақылдары жақсы өсіп, мол өнім береді.
2.Өсімдіктердің қоректену диагностикасы
Өсімдіктің өсіп-даму кезеңдерінде оның құрамындағы қоректік элементтердің мөлшерін анықтау әдісін өсімдіктің қоректену диагностикасы дейді. Жалпы өсімдіктің қоректенуі топырақтағы қоректік элементтердің сіңімді түрінің мөлшеріне байланысты. Сонымен қатар өсімдіктің қоректік заттармен қамтамасыз етілуіне метеорологиялық жағдай, топырақ ерітіндісінің құрамы мен реакциясы әсер етеді. Өсімдік қоректенуін диагностикалау үшін агрохимиялық картограмма мәліметтерін және өсімдікті химиялық талдау қорытындыларын пайдаланады. Өсімдіктің қоректену диагностикасының негізгі әдістеріне мыналар жатады:
1. Өсімдіктің сыртқы түрінде байқалатын өзгерістер арқылы диагностикалау. Бұл әдіс өсімдік қоректенуінде элементтердің жетіспеушілігінен оның жеке мүшелерінің (сабақ, жапырақ) түсінің, пішінінің, көлемінің өзгеруіне сүйенеді.
Өсімдіктің қоректенуінде азот жетіспесе өсуі нашарлайды. Жапырақтары бозғылт, сары-жасыл түсті майда болады. Даму кезеңі мерзімінен бұрын басталады. Түптенуі нашарлайды. Жемістері майда, әрі ертерек піседі. Сабақтары жіңішке, әлсіз келеді.
Фосфор жетіспесе өсімдіктің өсуі мен дамуы өте баяу өтеді. Сөйтіп оның гүлдеуі мен пісуі кешігеді. Жапырақтары күңгірт-жасыл түске боялады және қызғылт-күлгін, ақшыл-көк немесе қошқыл-қоңыр реңдер пайда болады.
Калий жетіспесе өсімдіктің өсуі кешігеді. Жапырақтарында көгілдір рең түзіледі және қошқыл-жасыл түске боялады. Кейбір көкөніс дақылдарының жапырақтарында сұрғылт-жасыл немесе сұрғылт-сары түстер пайда болады.
Кальций жетіспесе өсімдік бүршігінің ұшында ақ рең, жапырақ жиегінде ақ түсті жолақ пайда болады. Жаңа пайда болған жапырақтың өсуі мен дамуы баяу өтеді.
Магний жетіспесе өсімдіктің төмен орналасқан жапырақтарының түсі ашық-жасыл, сарғыш-жасыл түске ауысады. Жапырақ тақтасында ашық рең пайда болады.
Бор элементі жетіспесе ең алдымен өсімдіктің сабағы мен тамырының өсуі нашарлайды. Жоғары орналасқан бүршіктер мен олардың айналасындағы жас жапырақтарда сарғылт түсті рең пайда болады. Тамырдың өсу нүктесінің тіршілігі өте баяу өтеді.
Марганец жетіспесе сабақ бойының жоғары жағында орналасқан жапырақтарда ашық-жасыл, қызыл немесе сұр түсті реңдер пайда болады.
Мырыш жетіспеген жағдайда өсімдік сабағының буын аралығы қысқарып, жапырағында ашық түсті рең пайда болады.
2. Химиялық диагностика өсімдік үлгісінің немесе оның шырынының құрамы химиялық талдауға негізделген. Химиялық диагностика әдістері екі топқа бөлінеді: өсімдік құрамындағы элементтің жалпы мөлшерін және оның құрамындағы қоректік заттардың органикалық емес түрінің мөлшерін анықтау. Химиялық диагностикада өсімдіктің белгілі бөлігінің құрамындағы элементтің немесе сол элемент қосылысының концентрациясын анықтайды. Ескеретін жағдай - үш элементтен кем анықтауға болмайды. Химиялық диагностика қорытындысын өсімдік массасының мәнімен салыстыру керек. Өсімдіктің қоректену диагностикасы агрохимиялық әдіс тобына жатады. Бұл әдісті пайдаланғанда топырақ қасиеттерін, ауа-райының жағдайларын және агротехникалық шараларды ескеру қажет.
Химиялық диагностика нәтижелерін өсімдікті үстеп қоректендіру қажеттілігін анықтап, келесі жылға дайындалған тыңайтқышты қолдану жүйесіне түзету еңгізу мақсатына пайдалануға болады. Әлемдік және отандық агрономиялық ғылымының және тәжірибесінің ең бір күрделі мәселесі - ауылшаруашылық дақылдарына қоректену элементтерінің қажеттігін және тыңайтқыштардың қолайлы шамасын болжау болып табылады. Бұл мәселені шешуде топырақтар мен өсімдіктерге химиялық және физиология-биологиялық әдістерді қолдануға болады. Осыған байланысты өсімдіктердің қоректену диагностикасын келесі әдістер бойынша жүргізеді:
• топырақ диагностикасы;
• өсімдік диагностикасы.
Визуалдық диагностика
Минералдық тыңайтқыштарды қолдану практикасында ең ертесі болып өсімдіктердің қоректенуін сыртқы нышандары бойынша диагностикалау саналады. Минералдық қоректенудің визуалдық диагностикасына С.М.Воробьев (1917), М.А.Белоусов (1937), А.В.Соколов (1944), К.П.Магницкий (1960,1964), В.В.Церлинг (1960) жұмыстарында көп көңіл бөлінген.
Кейбір қоректену элементтерінің жетіспеуіне әр түрлі өсімдіктер бірдей сезінбейді. Оған кейбір өсімдіктер өте сезімтал келеді, олардың бастапқы өсу кезеңінде-ақ сыртқы өзгерістері пайда болады. Өсімдіктердің сыртқы түрлері бойынша кейбір қоректену заттардың жетіспеушілігін білуге болады.
Мәдениленген дақылдар сәл қышқыл, нейтралды және сәл сілтілі жағдайда жақсы өсіп, дамиды:
• жемісті дақылдар -шие, қараөрік, өрік, шабдал;
• көкөніс дақылдар-жуа, салат, қияр, қызылша, түйебұршақ;
• гүлдер-қашқаргүл, ақсәуле, жұлдызшешек, раушангүл, бақытгүл, пералгония, наурызгүл.
Қышқыл ортада ақ қауданды және түсті капуста, шалғам жақсы өседі.
Жоғары қышқылдыққа шығыс гүлі және бөрібұршақ төзімді.
Орташа қышқылды ортада құлпынай, бүлдірген, ал сәл қышқыл ортада қарлыған жақсы өседі.
Жетіспейтін қоректену элементтерін білдіретін өсімдіктер:
• азот үшін - капуста;
• фосфор үшін - картоп, қызанақ, тарна, жүгері, алма, мал азықтық шалқан;
• калий үшін - картоп, қызылша, капуста, жүгері, түйебұршақ, алма, жоңышқа;
• магний үшін - капуста, картоп, қарақат, алма;
• темір үшін - капуста, картоп, таңқурай, алма;
• бор үшін - қант қызылшасы, күнбағар, алма, зығыр;
• марганец үшін - капуста, қызылша, картоп, сұлы;
• жез үшін - бидай, арпа, сұлы, алмұрт;
• цинк үшін - жүгері, соя, түйебұршақ, алма, алмұрт, шырын жемісті өсімдіктер;
• молибден үшін - капуста, салат, бұршақ шөптер, шырын жемісті өсімдіктер.
дәріс 9
Тақырыбы: Өсімдіктерге қажетті қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Мақсаты: Қоректену элементтерін өсімдіктердің қажет етуін визуалды диагностикалау келесілерді білуге негізделінген.
Міндеті: Топырақта элементтердің мөлшері аз болған жағдайда жас, өсіп жатқан органдар қажетті қоректену элементтерін ала алмай қалуын қадағалау.
Түйінді сөздер: Жетіспейтін қоректену, индикатор-органдар,симптомдар
Дәріс жоспары:
1. Картопқа қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
2.Көкөніс дақылдарына қоректенуэлементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Қоректену элементтерін өсімдіктердің қажет етуін визуалды диагностикалау келесілерді білуге негізделінген:
• индикатор-органдарды (ең алдымен бұларда қоректену элементтерінің жетіспеушілік нышандары байқалады);
• қоректену элементтері (өсімдіктің бір бөлігінен басқасына ауысу қабілеті бар).
Дж. Мак-Мертри (1957) өсімдіктердің минералдық қоректену жетіспеушілігінің симптомдарын екі ірі топқа бөлуді ұсынады.
Бірінші топ - сиптомдар өсімдіктердің кәрі жапырақтарында байқалады. Оларға азоттың, фосфордың, калийдің, цинктің, магнийдің жетіспеушілік симптомдары жатады. Топырақта бұл элементтер жетіспесе, олар өсімдіктің кәрі, төменгі бөліктерінен өсіп жатқан жас бөліктеріне (жетіспеу нышандыры дамымаған) ауысады.
Екінші топ - симптомдар жоғарғы жапырақтарда, өсу нүктелерінде байқалады. Бұл жетіспеу тобына кальций, бор, күкірт, темір, мыс, марганец жатады. Бұл элементтер өсімдіктердің кәрі органдарынан жастауларына қарай ауысуға қабілетті емес.
Сонымен, топырақта бұл элементтердің мөлшері аз болған жағдайда жас, өсіп жатқан органдар қажетті қоректену элементтерін ала алмайды. Осының нәтижесінде өсімдіктерде жапырақтардың сипатты түсі, габитусы, орналасуы түрінде сигналды функциялар пайда болады.
Симптомдардың бірінші тобы ескі, кәрі жапырақтарда байқалады. Бұл топты екі топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша - толық өсімдіктің немесе тек қана кәрі органдарының күй-жайына әсер етеді (мысалы, азоттың және фосфордың жетіспеуі).
• екінші топша - жергілікті (локальды) түрде байқалады, яғни жапырақтардың кейбір бөліктерінде байқалады (магний, цинк, калий).
Симптомдардың екінші тобы жас жапырақтарда немесе өсімдіктің өсу нүктелерінде байқалады. Бұл топты үш топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша - хлороз байқалады немесе жас жапырақтар жасыл түсін жоғалтады, бірақ жоғарғы бүршік өлмейді (темірдің, күкірттің, марганецтің жетіспеуінен);
• екінші топша - жоғарғы бүршік өледі және жапырақтар жасыл түсінен айырылады (кальций, бор жетіспеуінен);
• үшінші топша - жоғарғы жапырақтар тұрақты сарғаяды (мыстың жетіспеуінен).
1.Картопқа қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Азоттың жетіспеуі
Түсінің өзгеруі жапырақтың басынан және шеттерінен басталып, біртіндеп барлық жапырақтардың жасыл түсі ақшылданады, кейін жапырақтар түсі ақшыл-сары түске айналады. Азоттың қатты жетіспеу жағдайында төменгі жапырақтардың шеттері хлорофиллден айырылып, қайырылады, кейде «күйікке» шалдығады. Өсуі тоқтатылып, жапырақтары түседі.
Фосфордың жетіспеуі
Жапырақтары жиырылған, күңгірт-жасыл. Фосфордың қатты жетіспеуі жағдайында төменгі жапырақтардың түсі күлгінденеді. Өсімдіктер қатты, түзу болып келеді. Жапырақтардың діңі және шеттері жоғары қарай қайырылады. Жапырақ пішіні тостағантәрізді болып келеді. Жапырақтар тиісті шамасына жетпейді. Фосфордың қатты жетіспеуі өсімдіктің өсуін бәсеңдетеді. Түйнектерде датты-қоңыр дақтар пайда болады.
Калийдің жетіспеуі
Өсімдіктердің пішіні қисықтанған, буынаралығы қысқарған, жапырақтардың түсі кәдімгі түсіне қарағанда күңгірттеу, жапырақтары жиырылған, ұсақтау болып келеді. Кейіннен кәрі жапырақтар сәл сарғыштана бастайды. Алдымен жапырақтың басы және шеттері, кейінінен өсімдік толығымен қола түсіне ие болады. Вегетация кезеңінің соңында өсімдіктерге паразит ағзалары зиян келтіреді.
2. Көкөніс дақылдарына қоректенуэлементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Азоттың жетіспеуі
Өсімдіктердің өсуі бәсеңдейді. Сабақтары жіңішке, талшықты және қатты болып келеді. Жапырақтарда ірі сарғыш-жасыл дақтар пайда болады. Азоттың қатты жетіспеу жағдайында бүкіл өсімдік сарғайып кетуі мүмкін. Басында тамыр жүйесі жер бетіндегі органдарына қарағанда жақсылау дамығанымен, азоттың жетіспеушілігі күшейген сайын тамырлардың өсуі тоқтап, түсі қоңырланып, өледі.
Фосфордың жетіспеуі
Сабақтары жіңішке, ағаштанған. Жапырақтары ұсақ, жасыл түсі күңгірттеу болып келеді. Жапырақтардың астыңғы бетінде қызыл түс пайда болады. Талшықты тамырлары өте әлсіз дамиды. Жемістің салынуы және пісуі кешігеді.
Калийдің жетіспеуі
Өсімдіктің төменгі бөлігінде сұрша-жасыл жапырақтар пайда болады. Өсімдіктің жапырақтары қола немесе сары-қоңыр түсін қабылдайды. Олардың шеттері сарғайып, кейінінен қоңырланады. Жапырақтың жүйкелері бойында дақтар пайда болады. Жапырақ ұлпалары іріп, өледі. Тамырлары қоңыр түсті, әлсіз дамыған.
Сабақтары жіңішке, біртіндеп олар қаттыланып, ағаштанады. Бұршақ дақылдарына қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Азоттың жетіспеуі
Өсімдіктердің түсі ақшыл-жасыл болып келеді. Азоттың жетіспеуінен бірінші болып төменгі жапырақтар қиналады, кейін жетіспеушілік белгілер басқа жапырақтарда да байқалады. Төменгі жапырақтар солып, түсі ақшыл–сарыға айналып, одан кейін қоңырланып, түсе бастайды. Өсімдіктердің бойы аласа болады.
Фосфордың жетіспеуі
Өсімдіктердің түсі күңгірт-жасыл болып келеді. Жапырақ сағағы және жапырақ беттері жоғары қарай қайырылады. Өсімдіктердің бойы аласа болады. Сабақтары жіңішке, қызғылт түсті.
Калийдің жетіспеуі
Жапырақтардың шеттерін бойлай сары теңбілдік пайда болады. Хлорозға ұшыраған учаскелері қосылып, жапырақтың басын және бүйір жақтарын бойлай анық үздіксіз сары жолақтарды құрады. Жапырақтың бұл аймағы кеуіп, өлген ұлпа ыдырайды. Майда жапырақты бүршік тұқымдастардың жапырақтары өсімдіктің барлық бөліктерінде зардаптанады. Жапырақтардың шеттерінде майда ақ дақтар пайда болады. Өсімдіктің өсуі тоқтатылады.
дәріс 10
Тақырыбы: ӨСІМДІКТЕРДІҢ ҚОРЕКТЕНУI МЕН ТЫҢАЙТҚЫШ ҚОЛДАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТОПЫРАҚ ҚАСИЕТТЕРIНIҢ ӨЗГЕРУI
Мақсаты: Топырақтың потенциалды құнарлығының деңгейін себептейтін жайлармен танысу.
Міндеті: Топырақ қасиеттері көрсеткіштерінің жиынтығын шартты түрде бөліктеуін түсіну.
Түйінді сөздер: Топырық құндылығы,потенциалды (жасырынды) ,эффективті
Дәріс жоспары:
1.Потенциалды құндылығы
2. Эффективті құндылығы
Топырақ құнарлығы - бастапқы тау (аналық) жынысынан өзге топырақтың айрықша қасиеті. Топырақ құнарлығы оның генетикалық ерекшеліктерімен байланысты.
Агрономиялық тұрғыда топырақ құнарлығы өзіне тиісінші климаттық жағдайда өсімдік шаруашылық өнімін өндіру қабілетімен себептеледі, жыртылған жерде а. -ш. пайдалану сипатымен байланысады және ауылшаруашылық дақылдардың түсімділігімен өлшенеді. Топырақ құнарлығы - өсімдіктердің тіршілігі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін топырақ қасиеттерінің жиынтығы. Топырақ құнарлығы - топырақтың биосфера компоненті ретінде өсімдіктерге қажетті факторларын және қоректену, су, ауа, t0, тотығу-тотықсыздану құбылыстарын себептеуші жағдайларды қамту қабілеті. Топырақ құнарлығының ең маңызды көрсеткіші өсімдіктерге қажет топырақтағы қоректену элементтерінің мөлшерінің деңгейі болып келеді.
Докучаев В.В, Костычев П.А, Сибирцев Н.М. өсімдіктер өнімділігінің климат, ауа райы, геоморфологиялық, топырақ жағдайларына тәуелді екенін көрсетіп, топырақ құнарлығын топырақ қасиеті және өнімділік бойынша бағалауды ұсынған.
Топырақ құндылығы 2 түрде болады:
• потенциалды (жасырынды);
• эффективті (ақиқат, актуальді, ал жыртылған жерлерде -экономикалық).
1.Потенциалды (табиғаттық) құнарлықтың деңгейі өсімдіктерге керек қоректену заттардың (макро-және микроэлементтердің) жалпы мөлшерімен (қорымен), сондай-ақ топырақтың агрофизикалық, агрохимиялық, физикалық-химиялық қасиеттері бойынша анықталады (тың жер, егістіктерде). Бұл құнарлық топырақ құраушы жыныстардың минералогиялық құрамына және климаттық жағдайларға (су, жылы режимдеріне) байланысты болады. Топырақтағы коректену элементтерінің жалпы мөлшері өсімдіктердің жылдық қажеттілігінен көп есе артық болады, бірақ ол шама өсімдіктердің қоректену заттарымен қамтылуын көрсететін сенімді көрсеткіш бола алмайды. Өйткені ол коректену элементтерінің жалпы мөлшерінің тек аз ғана бөлігі еритін түрде болады.
Топырақтың потенциалды құнарлығының деңгейін себептейтін жайлар:
• гумус мөлшері және оның сапасы;
• қоректену заттардың (N, P2O5, K2O) мөлшері;
• гранулометриялық құрам;
• алмасу-сіңіру катиондар құрамы;
• микробиологиялық және ферментативтік белсенділік;
• химия-минералогиялық құрам;
• топырақ ерітіндісінің реакциясы (рН), тұздық құрам, фитотоксикалық заттар;
• сіңірілген негіздер жиынтығы;
• сіңіру сыйымдылығы.
2.Топырақтың эффективті (жасанды) құнарлығы өсімдіктер пайдалана алатын қоректену элементтерінің мөлшерімен және өсімдіктердің күй-жайына, өсуіне, дамуына тікелей әсер етуші басқа да бір қатар факторлармен себептеледі. Эффективті құнарлық потенциалды құнарлық негізінде жүзеге асады және агротехникалық шаралар арқылы реттеледі. Топырақтың эффективті құнарлығы климаттық жағдайларға, өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктеріне, адам әрекетіне тәуелді.
Эффективті құнарлық деңгейін келесі көрсеткіштер себептейді:
• топырақ;
• ауа-райы және климаттық жағдайлар;
• фитосанитариялық жағдайлар;
• антропогендік әрекет.
Топырақтың эффективті құнарлығын сипаттаушы топырақ қасиеттері көрсеткіштерінің жиынтығын шартты түрде былай бөліктеуге болады:
• агрохимиялық-гумус мөлшері, топырақ ерітіндісінің реакциясы, сіңіру сыйымдылығы, сіңірілген негіздер жиынтығы, өсімдіктер пайдалана алатын топырақтағы қоректену заттардың (макро-және микроэлементтердің) жылжымалы түрлерінің мөлшері;
• агрофизикалық-топырақ тығыздығы, кеуектілігі, гранулометриялық және агрегаттық құрам, су сыйымдылығы, жыртылған қабаттың қалыңдығы және т.б.;
• биологиялық-топырақтағы жәндіктердің түрлері, саны, белсенділігі және топырақтың фитосанитарлық күй-жағдайы.
Ауылшаруашылық алқаптарының өнімділігін арттыруға бағытталған шараларды келесі екі санатқа бөлуге болады:
• топырақтың құнарлығын тікелей оның химиялық құрамын және физикалық қасиеттерін өзгерту немесе қоректену элементтерінің мөлшерлері қолайлы шамадан ауытқуын тыңайтқыштарды қолдану арқылы орнын толтыру;
• ауылшаруашылық дақылдарды өсіру технологиясын жетілдіру жолымен топырақ құнарлығын пайлалану жағдайларын қолайландыру.
Жыртылған жерлерде эффективті құнарлықтың деңгейін өсімдік өнімділігі көрсетеді. Ауылшаруашылық дақылдардың ең жоғарғы түсімділігі сыртқы факторлары және топырақтағы қоректену элементтерінің шама деңгейі өсімдіктердің ішкі физиологиялық қажеттілігімен толық сәйкестенген жағдайда ғана қалыптасады.
Ауылшаруашылық өндірісінің экономикалық дамуының белгілі әр деңгейіндегі байқалатын эффективті құнарлықты экономикалық құнарлық деп атайды.
Нақты аймақта қолданатын технология (эталондық) бойынша ауылшаруашылық дақылдарын өсіру жағдайындағы нақты топырақтың эффективті құнарлығын нормативті құнарлық деп атайды.
Топырақ қатты, сұйық және газ тәрізді бөліктерден тұрады. Макро- және микроэлементтердің 99% артық шамасы топырақтың қатты бөлгінде болады. Олар топырақ ерітіндісінде аз мөлшерде болғанымен өсімдіктердің қоректенуі негізінде осы топырақ ерітіндісіндегі элементтер шамасымен және олардың топырақтың қатты бөлігімен өзара әрекеттесуі сипатымен себептеледі.
дәріс 11
Тақырыбы: ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ‚ ҚАСИЕТТЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ. АЗОТ ТЫҢАЙТҚЫШТАРЫ
Мақсаты: Минералдық тыңайтқыштардың қолдану нәтижелігін арттыру, олардың дұрыс сақталуын ұйымдастыру, тасымалдауындағы ысырапты азайту үшін тыңайтқыштардың негізгі химиялық, физикалық, механикалық қасиеттерін білу.
Міндеті: Минералдық тыңайтқыштарды сақталуын ұйымдастыру.
Түйінді сөздер: Ылғалдылық, гранулометриялық құрам, азот тыңайтқыштары
Дәріс жоспары:
1. Минералдық тыңайтқыштар
2. Азот тыңайтқыштары
3. Азот тыңайтқыштарының құрамы мен қасиеттері және тиімділігін арттыру жолдары
1. Минералдық тыңайтқыштар
Минералдық тыңайтқыштардың қолдану нәтижелігін арттыру, олардың дұрыс сақталуын ұйымдастыру, тасымалдауындағы ысырапты азайту үшін тыңайтқыштардың негізгі химиялық, физикалық, механикалық қасиеттерін білу керек. Бұл қасиеттерге тыңайтқыштардың суда ерігіштігі, гигроскопиялығы, шекті су сыйымдылығы, басылуы, шашылғыштығы, гранулометриялық құрам және гранулардың беріктігі жатады. Оларды сақтауда, олардың бұлінуін алдын алу үшін үйінді тығыздығын, жаратылыс еңіс бұрышын, кабаттану қабілетін (аралас тыңайтқыштар үшін), жабысқақтығын ескеру қажет. Минералдық тыңайтқыштарды сақталуын ұйымдастыруда от және жарылыс қауіпсіздік сипаттамаларын, сондай-ақ химиялық қасиеттерін – еркін қышқылдығын, аммиакты бөліп шығару, бекітілу қабілетін білу қерек.
Ылғалдылық. Тыңайтқыштардың ылғалдылығы бекітілген техникалық шарттардағы шамалардан аспау керек. Мысалы, аммонийлі азот тыңайтқыштарының ылғалдығы 0,2-0,6%, аммонийлі-нитратты және амидті тыңайтқыштардың ылғалдығы 0,2-0,3% және нитратты тыңайтқыштардың ылғалдығы 1,0-2,0%-дан жоғары болмау керек. Кальций селитрасының ылғалдығы 14%-дан аспау керек. Суда еритін фосфорлы тыңайтқыштардың ең жоғарғы ылғалдығы 3-5%, ал суда ерімейтін фосфорлы тыңайтқыштардың ылғалдығы 1,5-2%-дан 8%-ға дейнгі шекте болу керек. Калийлі тыңайтқыштардың ылғалдығы 1-4%-дан 5-6% шегінде болуы керек.
Гигроскопиялық. Бұл қасиет 10-баллдық жүйемен бағаланады. Жоғары гигроскопиялы тыңайтқыштар басылып қалады, гранулалары беріктігін жоғалтады, олардың сусымалылығы және шашылғыштығы нашарлайды. Күшті гигроскопиялы тыңайтқыштар 7-10 баллмен бағаланады. Мысалы, кальций селитрасы 9,5 баллмен, түйіртпектелген аммимак селитрасы 9,3 баллмен бағаланады, ал мочевина - 3,6 баллмен, түйіртпектелген қос суперфосфат - 4,7 баллмен, ұнтақ жай суперфосфат 5,9 баллмен, калий хлориді 3,2-4,4 баллмен, калий сульфаты 0,2-0,0 баллмен бағаланады.
Су сыйымдылығы. Шекті су сыйымдылығы тыңайтқыштың ең жоғарғы ылғалдылығына сәйкес болады.
Басылуы. Бұл көрсеткіш ылғалдылыққа, гигроскопиялыққа, гранулометриялық құрамға, сақтау жағдайларына тәуелді. Басылып қалуы 7 баллдық шкала бойынша бағаланады. Тыңайтқыштардың басылу дәрежелері: карбамид (фракция 0,2-1,0 мм)-7; ұнтақ жай суперфосфат-7; түйіртпектекті аммонийленген суперфосфат, майда кристаллды калий хлориді, сильвинит-6; калий сульфаты, калимагнезия және калий хлориді –электролит – 1.
Шашылғыштығы. Гранулометриялық құрамымен, сусымалылығымен, гранулалар беріктігімен себептеледі. Бұл қасиет 12–баллдық жүйемен бағаланады.
Гранулометриялық құрам. Бөлшектер мөлшерлері механикалық талдау арқылы анықталады. Тыңайтқыштардың басылуы және шашалғыштығы әсер етеді.
Гранулалардың беріктігі. Тыңайтқыштардың ылғалдығына, бөлшектерінің мөлшерлеріне, түріне қаптау тығыздығына тәуелді. Химиялық құрамы бойынша барлық тыңайтқыштар минералдық және органикалық түрлеріне бөліктенеді. Пайда болу және алу орнына байланысты тыңайтқыштар өнеркәсіптік (азотты, фосфорлы, калийлі, күрделі және микротыңайтқыштар) және жергілікті (көң, торф, күл және т.б.) деп айырылады (3-сурет).
Қоректену заттарына, олардың санына байланысты минералды тыңайтқыштар екі топқа бөлінеді:
• қарапайым - азотты, фосфорлы, калийлі, борлы, молибденді және т.б.;
• кешенді - екі немесе бірнеше негізгі қоректену заттардан тұрады.
3-сурет. ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ ЖІКТЕУ.
Достарыңызбен бөлісу: |