2.3. Оқыту үрдісінде оқушылардың физикалық ойлауын дамыту Окушылардың физикалық ұғымдарды түсініп, талдап ұғуы, олардың логикалық және диалектикалық ойлауын дамытуға зор ықпал етеді. Академик С.И. Вавилов айтқандай, физикалық ойлауға дағдылану керек, оған көп жаттығу мен ұзақ үйренудің нәтижесінде қол жеткізуге болады, бұл физиканы оқытудың ең басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Физика – табиғат туралы ғылым. Оның басты мақсаты – заттар мен денелердің, құбылыстар мен процестердің негізгі қасиеттерін біліп–тану, табиғат құбылыстарының заңдылықтарын зерттеу. Сабақта мұндай танымдық үрдіс оқушылардың физикалық ойлауын дамытуды қажет етеді. Бұл үшін оқыту үрдісінде анализ және синтез, салыстыру мен аналогия, классификация және жүйелілік, абстракция және жинақтап қорытындылау сияқты логикалық ойлау амалдарын пайдаланамыз. Демек, физиканы осындай логикалық талапқа сай оқытып, физика ғылымы негіздерінің логикалық жүйесін ашу арқылы оқушы жастардың физикалық ойлауы дамытылады. Бұл, әрине, алдымен мұғалімнің физикалық білімдер жүйесі мен оның құрылымының ерекшелік сипаттарын білуін қажет етеді.
Оқушылардың физикалық ойлауын дамытуда ең алдымен оларды диалектикалық ойлауға, яғни физикалық құбылыстар сырының қалай ашылғандығына (мысалы, Архимед күші, электрмагниттік толқын, радио байланыс, т.б.) үйретіп, әлі шешілмеген мәселелердің зерттеліп толық білімге айналатындығын (атомның және ядроның құрылысы, ғарыш кемелерін ұшыру, теледидарлық хабар беру, т.б.) түсіндіріп, физикалық заңдылықтардың өзара байланысын (газ заңдары, уранның тізбекті реакциясы, т.б.) ашып көрсетуіміз қажет.
Мектепте физиканы оқыту кезінде окушыларды логикалық ойлаудың негізінен мынадай түрлеріне үйретуіміз керек:
физикалық ойлау;
ғылыми-техникалық ойлау;
диалектикалық ойлау;
индуктивтік ойлау;
дедуктивтік ойлау;
абстракты ойлау.
Әрине, мұның бәрі бір сабақта немесе бір тарауды оқытумен бітетін іс емес, мұны оқушылардың мектепті бітіргенге дейін дамытылатын қабілеттері деп түсінуіміз тиіс.
Физикалық ойлау деп оқушылардың:
а) физикалық құбылыстарды бақылау,
ә) күрделі құбылыстарды құрамды бөліктерге жіктеу,
б) олардың арасындағы өзара байланыстар мен қатынастарды анықтау,
в) физикалық құбылыстар мен шамалардың арасындағы сандық және сапалық байланыстарды тағайындау,
г) физикалық теориялардан шығатын салдарларды көре білу,
д) физикалық білімдерді тәжірибеде қолдана білу ебдейліктерін дамытуды
түсінеміз. Мұның сапалық дәрежесін оқушылардың мынадай іс-әрекетінен көруге болады: а) ой еңбегін жеңілдететін логикалық тәсілдерді қолдана білуі,
ә) физикалық өрнектердің дұрыстығына сеніп, тексере білуі, б) есеп шығаруда тиімді тәсілдерді дұрыс тандап ала білуі, в) физикалық шамалардың өлшем бірліктерін тексере білуі, физикалық заңдылықтардың өмірде қолданылуын түсіндіре білуі, т.б.
Оқушылардың ғылыми–техникалық ойлауы физика мен математиканың арасындағы терең байланысты таба білуге, олардың техникада қолдану мүмкіндіктерін алдын ала болжай білуге, физикалық идеялардан түрлі техникалық конструкциялар мен модель, сүлбелерді жасай білуге үйрету арқылы дамытылады. Бұған жартылай өткізгіштер мен электрмагниттік толқын теорияларын мысал ретінде алуға болады, себебі оның негізінде электрониканың және радио–теледидарлық техниканың дамығаны белгілі.
Табиғаттың объективті заңы – энергияның сақталу және айналу заңы-мектепте оқытылғанда, табиғат құбылыстарының өзара байланыстылығы, энергияның сақталуы туралы ол заңның негізгі идеясы бүкіл физика курсын «қызыл жіптей көктеп» өтеді. Бұл оқушылардың диалектикалық ойлауын дамытуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Физикалық құбылыстардың арасындағы байланыстардың себеп-салдарларын анықтай білуге үйрету-оқушылардың диалектикалық ойлауын дамытуға өте пайдалы әдістемелік тәсіл. Мысалы, капиллярлықтың себебі – сұйықтардың беттік керілу кұбылысы, жарық жылдамдығының бір ортадан екінші ортаға өткендегі өзгеруі–жарықтың сынуының себебі; дене жылдамдығының өзгеруі–күш әсерінің салдары, ал ауа салмағының салдары–атмосфералық қысым болып саналады; физикалық парадокстарды шешу де – бұл мақсат үшін әсерлі тәсілдің бірі.
Оқушылардың индуктивтік ойлауы логиканың синтездік (жалпыдан жекеге көшіп, жинақтау) тәсілі негізінде дамытылады. Мысалы, балалардың жұқа резеңке шарларын, футбол мен машина баллонының камераларын насоспен үрлеп толтыруы, сабын суы көпіршіктерін шығаруы, Паскаль шарымен (сумен және түтінмен толтырылған) тәжірибе жасауы арқылы жеке фактыларды қорытып, Паскаль заңын түсіндіріп, оның тұжырымдамасын береміз.
Анализ (жалпыдан жекеге көшу арқылы талдау) тәсіліне сүйеніп оқушылардың дедуктивтік ойлауын дамытуға болады. Мәселен, Паскаль, Бернулли, Ленц заңдары энергияның сақталу және айналу заңының дербес түрі ретінде қорытылып шығарылады; Ньютон заңдары, қозғалыс мөлшерінің сақталу заңының және бір дербес түрі ретінде қарастырылады; Бойль-Мариотт, Гей-Люссак, ІІІарль заңдары–газдың кинетикалық теориясының дербес түрі.
Ойлаудың аналитикалық және синтездік тәсілдері физикалық есептерді шығаруда да көп қолданылады. Индуктивтік ойлауды дамытуда бақылаудан және зерттеуден алынған фактілерді қорытындылаудың (элементар бөлшектердің қасиеттері, электролиз туралы Фарадей зандары, т.б.) маңызы зор. Дедуктивтік ойлауға дағдыландыруда физикалық құбылыстарды классификациялау мен жүйелеу, салыстыру мен аналогия тәсілдерін пайдалану да тиімді. Мысалы, физика сабақтарында термометрлердің, насостардың, механикалық қозғалыстардың түрлері, тегі, класы бойынша классификациясы беріледі.
Оқушыларды физикалық құбылыстарды салыстырудың күрделі формаларына (жоғары сыныптарда) үйретуге болады. Мысалы, активті, сыйымдылықты, индуктивтілікті кедергілердің немесе электроңды, ионды, аралас электр өткізгіштіктердің өзара жалпы ұқсастықтары мен ерекшелік айырмашылықтарын олардың ажырата білгені жөн.
Төменгі сыныптарда денелерді (қатты, сұйық, газ тәрізді), көлемі мен формасын сақтау қасиеті бойынша, механикалық қозғалыстарды жылдамдығы мен траекториясы бойынша классификациялауға үйретудің мүмкіңдігі бар. Меншікті салмағы, тығыздығы, жылу өткізгіштігі, жылу сыйымдылығы, электр өткізгіштігі, балқу температурасы бойынша денелердің физикалық қасиеттерін талдап, салыстыруға, жүйелеуге, классификациялауға болады. Талдаудың нәтижесінде әр түрлі құбылыстардың бәріне бірдей тән қасиетті анықтаудың да оқушылардың физикалық ойлауын дамытуда маңызы үлкен. Мысалы, өсімдіктердің қөректенуі, сорғыш қағазды пайдалану, май шамның пілігі (фитиль), үй қабырғасының сыз болуы, қызанақты банкіде тұздау қаңдай физикалық ортақ бір құбылысқа негізделген екеңдігін тағайындау.
Бірқатар түсіндіруге қиын физикалық құбылыстарды баяндауды оңайлату мақсатында сабақта абстракты ойлау (қиялдау, ойша тұжырымдау) тәсілін қолдануға мәжбүрміз. Мысалы, идеал газ, Карно идеал циклы, абсолют қара дене сияқты ұғымдар, үрдістер, объектілер–абстракты ойлаудың жемісі. Физикалық құбылыстар мен объектілерді нобайлау (модель) арқылы да оқушылардың абстракты ойлауын дамытудың ескерерліктей мүмкіндігі бар.
Оқушыларды физикалық ойлаудың осындай түрлері мен тәсілдеріне үйретудін нәтижесінде олардың физикаға қызығушылығы артады, біліп-тану қарекеті жақсарады, оқу үрдісіндегі белсенділігі жоғарылайды, мұның бәрі оқытудағы жастарды тапқырлыққа, ебдейлікке, бақылай білушілікке, ізденушілікке, дәлел келтіруге, оқудағы қиыншылықты және білуге, ғылыми құмарлыққа тәрбиелейді.