Туыстыққа, шығу тегіне қатысты ММ-дер. Қазақ халқында көп елдерде бола қоймайтын өзіндік ерекшелік те бар. Жеті атасын білу деген ежелден қалыптасып, қазақ елінде сақталған дәстүр бойынша әрбір жасөспірім, ержеткен азамат өзінің жеті атасын, шыққан тегін білуге тиісті. Өйткені қазақ салты бойынша ұл бала ата-бабаларының ең кем дегенде жеті буынға дейінгі таралуын, өткен-кеткенін, жасаған ерлігін, жайлаған қонысын білуі борышы болып есептелген. Әрбір ата-ана өз баласына соны көзі тірісінде үйретуге тырысқан. Әке-шешесінен ерте қалған бала бұл тағлымды білмей кетуі де мүмкін. Ал жеті атасын білмеу «жетесіздіктің, тексіздіктің» белгісі деп саналған. Соған сәйкес тілде ММ-дер қалыптасқан.
Жеті атасын білмеген жетесіз, Арғы тегін білмеген тексіз (қазақша)
Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі (қазақша)
Жеті атаның жөнін біл, Жеті рудың тілін біл (қазақша)
Қазақ елі жеті атаны білуді қатаң қадағалаған. Бұл жерде ел ақсақалдары, қадірлі адамдары қыз алысып, қыз берісуді сегізінші атада жүзеге асырған. Олар қан тазалығын, тек-тұқымның адалдығын қорыған. Осыған байланысты ХІХ ғасырда, тіпті одан да ертеректе сегізінші атаға дейінгі қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, қосыла алмайтын болған. Ел ішінде кездескен ондай бірен-саран оқиғалар болса, қатаң жазаланып отырылған. Өйткені олардың ұрпақтары мүгедек, жарым-жан болып дүниеге келген. Қазіргі күнде де осы дәстүр қатаң сақталып, ел ішінде берік орын алған.