Өмірбаяндық деректеме



Дата04.11.2016
өлшемі284,03 Kb.
Алғысөз
Қазақ поэзиясының майталман эпик ақыны, көптеген өлеңдер, публицистикалық мақалалар, эпикалық поэмалар, прозалық шығармалардың авторы Хамит Ерғалиев 2016 жылдың 14 қазанында 100 жасқа толар еді.

Хамит Ерғалиев 30-дан астам кітаптың авторы. Ақын шығармашылығының тақырыбы әр алуан. Қазақ халқының өткен өмірін, Октябрь революциясынан кейінгі азат заманының, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігін, жауынгерлердің ерлігі мен тыл адамдарының еңбегін, соғыстан кейінгі бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігін жырлады.

«Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмалардың авторы. Қазақ әдебиетінің тарихында эпик ақын ретінде қалды.

1982 жылы «Алтын зерен» атты кітабы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды, ал 1984 жылы Хамит Ерғалиевқа Қазақстанның халық жазушысы деген құрметті атақ берілді.

Халық ақынының 100 жылдық мерейтойына орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Шын тұлпар өрге шапса өршеленер» атты әдістемелік құрал ұсынып отыр. Бұл әдістемелік құралда «Қазақ поэзиясының Ақтаңгері» атты кітап көрмесінің үлгісі, ақынға арнау өлеңдер, жылы пікірлер беріліп отыр.

Әдебиет халыққа қызмет етеді, ой-танымын байытып, тарихқа тереңдей үңіліп сана сезімін кеңейтеді. Жастарды елін-жерін сүюге, үлкенді сыйлап, оларға тағзым етуге әдебиеттің әсері ұшан-теңіз. Осы әдістемелік құралды ұсыну арқылы туған әдебиетімізді, ұлы ақынды жастарға насихаттаймыз.




Өмірбаяндық деректеме
Хамит Ерғалиев 1916 жылы 14 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Аққыстау ауылында дүниеге келді. Мұнай рабфагін бітірген соң, 1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Бірақ аяқтауға мүмкіншілігі болмай Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан аман келіп еңбекке араласты. 1950 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егеменді Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1950-1957 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қазақ поэзия секциясының, 1958-1959 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») поэзия редакциясының меңгерушісі болды.

Алғашқы өлеңдері 1936 жылы Атырау облыстық газетінде жарияланды. Қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары жарық көрген. Ақын шығармашылығының тақырыбы сан алуан. Қазақ халқының өткен өмірі, Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігі, жауынгерлердің жан алмас ерлігі, тың еңбеккерлерінің еселі еңбегі, соғыстан кейінгі кезеңдегі жаңа өмір ақын шығармашылығына арқау болған. «Әке жыры» поэмасы 1947 жылы жарық көрді, кітапта Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлікті, бейбітшілік жолындағы жан қиярлық күресті жырлайды. «Үлкен жолдың үстінде» поэмасында (1949) жаңа өмір орнатып жатқан жұмысшы табының қажырлы еңбегі, Мойынты-Шу темір жол құрылысындағы еңбек адамдарының ерлік істері суреттеледі. «Сенің өзенің» (1953), «Біздің ауылдың қызы» (1959) поэмаларында шөл даланы суландырып, жасыл орман өсіріп, сол даланы гүл-бақшаға айналдырған еңбек адамдарын бейнелейді. «Оралдағы отты күн» поэмасында (1956) азамат соғысының батыры Чапаев пен оның майдандас серіктерінің ерлігін жырлайды. «Аңыз ата» поэмасы (1965) украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченкоға арналған. «Құрманғазы» поэмасында (1962) қазақ халқының ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың өміріне арналса, «Күй дастан» поэмасы (1970) академик, композитор Ахмет Жұбановтың өмірін, шығармашылық жолын суреттеді.

Хамит Ерғалиев көркем очерк, публицистикалық мақалалары арқылы көкейкесті мәселелерге үн қосып отырды. Байрон, Науаи, Низами, Софокл, Назым Хикмет, Пабло Неруда, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, У.Шекспир шығармаларын қазақ оқырмандарымен таныстырды. Қырғыздың «Манас» дастанын, қарақалпақтың «Қырық қыз» атты халық жырларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ Хамит Ерғалиевтің шығармалары шетел тілдеріне де аударылған.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын (1982) «Алтын зерен» өлеңдер жинағы үшін, Республикалық Жамбыл атындағы сыйлықты 1981 жылы «Біздің ауылдың қызы» өлеңдер жинағы үшін, П дәрежелі Отан соғысы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған, Қазақстан Халық жазушысы.




Ауылға
Армысың ауыл-аймағым,

Атырау, Нарын, Ақ Жайық!

Қош айтысып сенімен

Мен кеткелі ғажайып.

Талай қаңтар қалшылдап,

Талай жаз шықты-ау мал жайып.


Қайранда абзал қарт ана,

Қарайғанға көз салып.

Сағат сайын хат күтіп

Отырған болар қол жайып.

Толқитын болар мұнайшы,

Толқитын болар Жем, Жайық.

Толқитын болар балықшы,

Толқитын болар жел қайық.


Құпия сырлы қыз бала,

Оңаша кезде төңірек.

Ұрланып шығып шарбақтан,

Жібегі баста желбіреп.

Анық сүйген жігіттің

Атын атап елжіреп.

Қарайтын болар біз жаққа

Қарақат көзі мөлдіреп.


Көргенде көзі тоймаған,

Сүйгенде мейірі қанбаған.

Жауынгер құшқан жар-қосақ

Жас бөбегін құшақтап.

Ұйықтап кетсе той-тойлап,

Ояна кетсе ой-ойлап,

Шаршар да шаршар ол рас,

Сүртетін болар көзден жас.

Хамит Ерғалиев


Із
Созып келем, созып келем сапарды,

Сапар мені жер қиянға апарды.

Мен өтсін деп, не істемеді бұл өмір –

Талай таудың қойнауында қопарды.


Құстар шулап айдын көлмен орманда

Көктем қалды есеп-қисап бар ма онда

Қара шашты ағартқалы асығыс

Қарай-қарай кеттім одан арманда.


Қайдан білсін көп жәйітті жазбадым,

Кейде шалқып шектен шыға жаздадым

Күндіз бейне күн орнатып кеудеме

Түнгі жолда алау болып маздадым.


Анкетадан айттым біраз тізімді

Үлкен сөзден осы да бір үзінді.

Бәрі жөн-ау. Әттең-әттең мен енді

Қайтып барып көре алмаймын ізімді.


Жатқан шығар өткен ізді шаң басып,

Аян өмір өз заңынан танбасы

Жоқ!

Өшпестей тым құрыса бір жерде



Жатқан шығар табанымның таңбасы.

Хамит Ерғалиев



Қазақ поэзиясының қара нары

(кітап көрмесінің үлгісі)

І бөлім: «Дуалы сөзді – эпик ақын»

(Бұл бөлімге ақынның өмірі, шығармалары, мақалалары қойылады)


Дәйексөз: Хамит Ерғалиев жыр қанатын қияларға сермейтін эпик ақын деп сүйсінетінімізбен бірге, кеудесі кең лирик деп те бағалап келеміз. Өлең өрнектерінде, әлеуметтік, күнделікті өмір дүбірлерін, заманның тарихи-саяси белестерін белсене жырлайтын публицист ақын.

Қалижан Бекхожин


П бөлім: «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»

(Бұл бөлімде Хамит Ерғалиевтің шығармаларының зерттелуі, әдеби-сын мақалалар, әріптестер пікірлері қойылады)


Дәйексөз: Ұлттық поэзиямыздың ары мен намысын жүрегіне тұмардай түйіп, сөз өнерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, жырын жарындай шексіз сүйіп, аялап өткен қазақтың ұлы Хамит Ерғалиев.

Нұрлан Оразалин



Шын тұлпар өрге шапса өршеленер

(Хамит Ерғалиевты еске алу кешінің үлгісі)


Безендірілуі: Тақырыптық слайд, кітап көрмесі, ақын туралы қанатты сөздер, өлең жолдарынан үзінді, сахналық безендірулер, сахна ортасына «100 жас» деп гүлдермен жазып ақын портреті қойылады. Музыкалық аспап, дауыс үндеткіштерімен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар: қонақтар, оқырмандар, кітапханашылар
Ең негізгісі: еске алып, ой-пікір айту үшін ақынды көзі көрген ізбасарларын, ағайын-туыстарын шақыруға болады.
Жүргізушілер: кітапханашы, бозбала, бойжеткен.
Ескерту: Осы шараны өткізу барысында кітапхана қорының мүмкіндіктерін ескеріп, кітап көрмесінің, еске алу кешінің атын өзгертіп, түрлендіріп алуға болады.
Кітапханашы: Армысыздар құрметті қонақтар, әдебиетті сүйетін оқырмандар!

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы Хамит Ерғалиев 2016 жылы 14 қазанда 100 жасқа толар еді.

Ақын өз заманының түлегі, сол заманның жыршысы. Поэзияға қашанда ерлік, рух керек. Рухсыз өлең – шығарма емес. Адамды алға жетелеген арман да желпінуді, рух танытуды қажет етеді.

Ақын шығармасынан заман мен уақыттың сырын, сол дәуір адамының тіршілік тынысын тануға болады. Осындай уақыттың тежеуіне бой бермей, шын ақындық болмысын тұтастай сақтап, поэзиясын заман шындығын қопара көтеруге жұмсаған ақынның бірі - Хамит Ерғалиев.

Хамит Ерғалиевтің ақындық шеберлігі де, тақырып шеңбері де кең суреткер. Ол жалынды публицистикаға да, эпикалық баяндауға да, реалистік штрих пен детальға да, нәзік лиризм мен жылы юморға да бірдей шебер екенін дәлелдей білді. Хамит Ерғалиев әрқашан ешкімге де ұқсамайтын өзіндік дара сипатымен көрінген еді. Ол қазақ өлеңіне қиыннан қиысқан күрделі ұйқас, жаңа тіркестерді әкелді. Оның өзі қазақ өлеңінің мүмкіндігін молайтып, тынысын кеңейткен жақсы жаңалық болды.
Бозбала: Хамаң өтті дегенше

Заман өтті десеңші,

Ақылдан күш,

Ақыннан шама кетті десеңші.


Бірлік барда тірлік бар

деген Алаш абызы

Бірлік үшін тірлігін

Тамам етті десеңші.

Ақын өлімін естіген тұста ақын Жарасқан Әбдірашев осылай баршамызды бір күрсіндірген еді. Ақын Хамит Ерғалиев өзімен бірге тұтас бір заманның сөзін ала кеткендей алып, адуын ақын болатын. Оның өлеңдерінде Махамбет рухындағы өршілдік басым еді.
Бойжеткен: Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік Абай атындағы, Жамбыл атындағы сыйлықтардың иегері, біртуар ақын Хамит Ерғалиев туралы әңгімеміздің «Біссімілләсін» мына бір өлең жолдарымен бастағымыз келіп отыр:

Кім екен деп тебіренген өрде биік,

Әлде ол қас қыран ба өр ақиық

Жаңғыртқан Алатауды зор даусымен

Ол ақын - өршіл Хамит Ерғалиев!
Ақын ол дауылпаздай буырқанған,

Даусынан түйілгенде бұлттар ауған.

Ішінде көп шынардың бәйтеректен

Еңсесі асқақтаған биік таудан.


Өрлік көп еді өмірінде ой салатын,

Қиындық болмап еді шегініп тайсаланып.

Ерлердей жорықтарда жеңіп шыққан

Хамаң өтті әлуетті - қайсар ақын.


Бозбала: Сыр жасырмай, халқынан мұң жасырмай,

Құйған жыры тұп-тұтас қорғасындай.

Хамаңды біз білеміз қашаннан да

Шырқау шыңның тәкәппар құлжасындай.


Тамыр тартқан туасы күн мен жырдан

Хамаң, Хамаң жырынан үйген қырман.

Бақ та, Даңқ та, Байлық та құзырында

Тәңір несін аясын сүйген құлдан.


Ширыққанда шарт сынар,

Шақпас мұңын

Жыр қулаған қиялы таппай тыным,

Тауым десем, жарасар далам десем,

Аспаныммен астасқан ақбас Шыңым!
Кітапханашы: Міне, құдіретті бұл өлең жолдарында ақынды биік тауға, дархан далаға теңеген. Осы өлең жолдары Хамит Ерғалиев ақынның төлқұжатындай. Баспасөз бетіндегі алғашқы өлеңі 1936 жылы жарияланған. Содан бері қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары жарық көрген жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының ыстық суығына күйіп, оның белді өкілдерінің біріне айналған талантты ақын Хамит Ерғалиев - әдебиетте өзінің дара ізін салып өткен қаламгерлеріміздің бірі. «Әке жыры» (1947), «Үлкен жолдың үстінде» (1949), «Біздің ауылдың қызы» (1958), «Күй дастан» (1970), «Құрманғазы» сияқты жиырмаға жуық поэмалары бар. Шығармалары түгелдей орыс тіліне аударылған.
Бойжеткен: Ақын поэмаларының алғашқыларының бірі «Әке сыры». Ол әкенің баласына айтқан толғанысы, сыр-сипаты, ақылы өлең жолымен беріліп отыр. Әке өзінің өмірден көрген қиыншылықтарын, бақытты шақтарын, жұбанышын үміті мен арманын, әке мен баланың қарым-қатынасын суреттей отырып отаншылдар рухты оқырманға түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. Поэмадағы бас кейіпкер әкенің үні патриоттық рухты баласына аманат етті.

Тақырып жағынан белгілі орыс ақыны П.Антокольскийдің «Ұлым» дейтін тамаша поэмасына үндеседі. «Әке сырының» басты кейіпкері ақынның өзі, оның сәби бөбегі. Мейірімді, ойлы әке сәби бөбегін алдына алып, терең, мағыналы ойға шомады. Сол ой толғағының үстінде екі ұрпақтың бүтін бүгіні мен ертеңін қиял сапары қызықтай қамтиды.


Бозбала: Ақын еліміздегі бала бақытына қуанады. Ол жаңа ұрпақтың – Ұлы жеңіс ұрпағының алғашқы буыны, төгілген қанның өтеуі. Аяулыларынан айырылған халық қасіреті осы бала бақыты арқылы сейілмек, жуылып – шайылмақ.

Бақытына бөленіп күнде еліттім, -

Көрген сайын ғажайып күйді шерттім.

Сендей ұлы заманым күнде туар,

Сол себепті өзіңді мақтан еттім...

Бес тараудан тұратын «Әке сыры» дастаны осылай өрбиді.


Сенің үшін бекініп қайраттандым,

Сені қорғап сан рет жауға аттандым.

Дұға емес, ақиқат заңды үйретіп,

Керегіңе күнімде жарап қалдым...

Поэманың барысында сұрапыл соғыс жалыны шарпыған сәті. Бұл қаланы да, даланы да тыныш ұйқыдан, көңілді зіл басып, ел басына ауыр күн түскен кезі. Жеңіс таңының шапағаты да атты. Өзі сияқты мыңдаған солдат әкелердің қанымен келген қиын да қасиетті жеңіске қол жетті.

Ғасырымды шалқимын көремін де,

Оған үлкен сыйым бар өлеңімде.

Ол ақиқат ұқты енді өзі тұрмақ

Жеңіп шыққан солдаттың бөбегінде...
Бойжеткен: Хамит Ерғалиевтің еңбек тақырыбына, ой-өнер адамдары, замандастарға арналған «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Күй дастан» поэмалары. «Үлкен жолдың үстінде» поэмасында автор өз замандастарының ерлік істерін, жаңалыққа құштарлығын, еңбекқорлығын жырлаған. Бұл шығарманың кейіпкерлері жаңа заман орнатып жатқан колхозшы, мелиоратор, механизатор, экскаваторшы, инженер сияқты бірыңғай еңбек адамдары. Құлазыған Бетпақдаланы жарып өтіп, оған жан бітірген үлкен темір жолды салушылар – қазақ жұмысшыларының алдыңғы қатарлы өкілдері. Поэманың бас кейіпкері Ерболат арқылы қазақ жұмысшыларының өсу жолын көре аламыз.

Бүгінгі ұрпақты еңбек сүйгіштікке, жақсылыққа баулу үшін осындай дастандар сол кезеңде ауадай қажет еді.


Бозбала: Еңбек ерлері тақырыбында жазылған тағы бір поэмасы «Біздің ауылдың қызы». Осы дастанды оқи отырып ақын әр тақырыпта елеп-екшеп, дайындалып келетінін сездік. Поэманың қысқаша мазмұны «Май» колхозының жас түлегі Гүлжан мектеп оқушысы кезінен-ақ туған жерінің табиғатын көркейтуді игі мақсат етеді. Сол кездегі жұмысшы жастар бейнесі, ой-толғамы, мақсаты Гүлжан бейнесі арқылы беріліп тұр. Қатал табиғатты су маманы ретінде қалай жеңгені, Жайық суын шөл далаға алып бару сияқты күрделі еңбек процесінің басы-қасында жүрген Гүлжан – ерлік еңбек иесі. Гүлжанның сүйген жігіті Шапай – тракторшы. Кейін білімін жетілдіріп бас инженер дәрежесіне жетіп жұмысшы табының өсу жолын суреттеген дастан. Еңбек адамдарының арасындағы сүйіспеншілік сезім, махаббат тақырыбы да тыс қалған жоқ.
Кешіріңіз, қиялды алыс жүгірттім,

Сізді-дағы болашаққа үңілттім.

Осыны айтып кейіпкерім оң қолын

Қойды апарып иығына жігіттің.


Тілесеңші жазылмаған хатымды

Ұқсаңшы бір менің махаббатымды.

Бір кездері көлеңкемнен қызғандым

Оңашада атауға да атыңды.

Нәзік сезім, ерлік еңбек, адал махаббат дастанның түп негізі. Оқи отырып қызыға да қызғана да қарайсың!
(Құрманғазының күйі «Балбырауын» ойнап тұрады)
Бойжеткен: Ақынның ірі туындыларының бірі – «Құрманғазы» поэмасы. Поэма қазақтың көрнекті күйшісі, тарихи тұлға, күй атасы Құрманғазыға арналған. Құрманғазы кім еді? Ол – қара дүлей дауылға еңкеймеген, сұрқия заманның қатал заңына бағынбаған, қайсар дарын иесі. Оның құдіретті күйлері бітпес кектен, қайнаған ызадан туындаған.

«Құрманғазы» поэмасы – жеке-дара Құрманғазы туралы, оның тек күйшілік өмірі туралы ғана шығарма емес. Құрманғазы образы арқылы берілген халық тағдыры, сонымен қатар сұм замандағы жан дауысы, зар дауысы құлақты тұндырған әйел теңсіздігі мен халықтар достығы сияқты маңызды тақырыпты қоса қозғаған күрделі шығарма.


Сөз берді домбыраға жыласын деп,

О да бір торға түскен лашын деп.

Саудаға көздің жасын салатұғын,

Обадай осы да бір рас індет.


Танып қал табиғатым құлығымды,

Ішінен түйді қазақ бұл ұғымды.

Шалқыта «Балбырауын» күйін тартып

Шаттыққа душар етті ұлығыңды.


Қадала талай ұлың көп қарады,

Ызғарлы бұған деген леп бар әлі.

Бір ғана бейтаныс жан ынтызардай

Күйшіні сұқты көзбен жеп барады.


Бозбала: Байдың қозысын, кейін жылқысын бағып жүріп аяғынан оқ тиіп жаралы болған киік тағдырын өз тағдырына ұқсатып күй арнады. Ол «Ақсақ киік» күйі еді.

Кел маған

Қарғамай сен!

Түнейік бір

Сен өлмей, жүрегімде шошы да жүр.

Бұйырсын жайлауыңа менің жаным

Кел менің құшағыма күй болып кір!

Дастанның желісінде Құрманғазы көп ұзамай Астрахань түрмесіне айдалып бара жатқанын көреміз. Астрахань түрмесінен қашып шығып адайлар еліндегі атақты Мамырайдың Айжан қызы ауылында болып, жастардың мейір ықыласына бөленіп, ат мініп, шапан киіп қайтатын дастанның көңілді тұстары да бар. Ел кезген күйші жол-сапарлардан сол заманның шежіресін тапқандай. Тағдыр күйшіні Сыр бойы, Сарыарқа атырабына апарады.

Байқасам бал жинаған арадаймын,

Армансыз қазақ жерін аралаймын

Бәлкім мен бір ауылдан шалқып өтсем

Бір тұста жүрегімді жаралаймын.


Уақа жоқ оған дағы разымын,

Тыңдаймын сахараның біраз үнін.

Бастары бірікпеген ағайынға

Айтылмай базынам мен жүр әзілім.


Шығыстың сөз басталды Жоңғарынан,

Қаратау, қарлы таудың заңғарынан.

Сарнаған сахараның сазынан да

Бұрыңғы, бүгінгінің заңдарынан.


Және сөз, қасиетті ән дарыған

Ертіс пен Еділ, Нұра аңғарынан.

Баршаның баяндады Құрманғазы

Осынау сарынынан аңғарылған -

деп дала гимніне айналған атақты «Сарыарқа» күйінің туу тұсынан анық аңғарамыз. Дастанның «Қайран шешем», «Сарыарқа» бөлімдері өте сәтті жазылған. Бұл Хамит Ерғалиевтің тақырыпты ашудағы жаңалығы, күй атасының мінез-құлқын өнер иелері Лавочкин, Савельевпен кездестіріп түрлендіруі қызықты.
Бойжеткен: Хамит Ерғалиевтің «Аңыз ата» көлемі жағынан ықшам келген дастаны. Украин халқының ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко патша үкіметінің қысымымен айдауда болып қазақ жерінде бірнеше жылдар бойы өмір сүргені тарихтан белгілі. Шевченко сол жылдары Каспий маңында, Арал теңізі жағалауында Ырғыз, Ақтөбе атыраптарында болған. Хамит Ерғалиев Шевченконың Маңғыстау түбегіндегі өткен өмірін ғана алған. Өзге ортаға тап болған Кобзарьдің құлазыған көңіл-күйін, жалғыздығын дастанда суреттеу оңай шаруа емес.

Бәрі де қалды, тоналды жолда,

Бояу да сия, қауырсын қалам.

Сыбаға дерлік түгім жоқ қолда,

Апырау неткен ауырсын ғалам

Осыдан кейін Тарас Шевченко қарапайым халықпен бірге адамдар арасында. Адайлар арасындағы алғашқы жиын Тарасты қазақтармен жақындатты. Кеудесі сырлас, көңілі мұңдас, азап салмағы арқаға батқан халықтың мұңы бір, бірін-бірі түсінуге ынтық. Үзіліп бара жатқан үміті қайтадан тұтанып жапан даладағы жандардан қорған табады. Қазақтың кең пейіліне кенеледі. Дала дабылы- құдіретті күйші Құрманғазы мен терең ағынды Днепрден келген Тарас Шевченко ақынның жүздесуі автордың қиялынан туған. Құрманғазы мен Тарас кездесті деген тарихи деректің жоқтығы да рас.


Бозбала: Шевченко қазақ жерінде өткізген жылдарының елесі ретінде соңына қалдырған мұрасы аз емес. Өлеңдері де, салған суреттері де бар. Соның бірі қазақ қызы Катеринаның суреті. Туған жерден жырақта жүрген Тарас жетім қыз Катеринаны – Қаракөзайымды тәрбиелеп өсіреді. Он екі жасынан тәрбиелеген Қаракөзді сүйген жігітіне қосып, Кобзарь елдің әдеп-ғұрпын қастерлеп, барлық салтты ұстанады.

Катеринасы – Қаракөз-әйім

Қазақтың жетім қызы еді бастан.

Арсыздар салты салады уәйім,

Аямай гүлді үзеді жастан.
Махаббат – күйік. Күйрегіш о да,

Аңызақ соққан ащы бұтадай.

Қаракөз ғана қайғыдан ада,

Сүйгені бүгін – жас жігіт адай.

Туған жер, өскен ортасынан қиырға қаңғытып жіберген патша ағзамның мейірі түсіп, оған туған жердің ыстық топырағына оралуына рұқсат берген. Ақын бұған қуанды. Жүрегі лүпіл қағады, сөйте тұра ол бауыр басқан адамдарының ыстық ықыласын да қимайды.

Қош бол, дайым қомдап мініп түйені,

Сарнап көшкен әннің елі, күй елі.

Өлмес тамыр өніп қалды жерінде

Айғақ соған алақаным сүйелі!
Жерлес болдым! Осы соңғы лебізім!

Бұ жақта да қалды менің көп ізім.

Айнымасқа, айрылмасқа жұртыңнан

Айғақ мынау құшақтаған қобызым!


Қош бол! Арал! Қош бол, Түбек! Кеңістік!

Жүрген жерім жүрегіме ең ыстық!

Жұтатпаңдар менің балғын бағымды

Талай ұрпақ жеймін десе жемістік!


Өмір өсер менің балғын бағымдай,

Аңызаққа, аязға да бағынбай!

Бұл жақтада мұңсыз ұрпақ күн кешер

Құдіретке жалбаң қағып жағынбай.


Бойжеткен: «Оралдағы отты күн» поэмасында Октябрь революциясынан кейін өмір суреттелен. Азамат соғысының тарихи майданында тамаша әскери қолбасшылары шықты. Халық Михаил Фрунзені, Дмитрий Фурмановты, Николай Щорсті, Григорий Котовскийді, Александр Пархоменконы, Василий Чапаев сияқты ерлерінің жарқын есімдерін өлең-жырларына, аңыз-әңгімелеріне арқау етті. Олардың теңдесі жоқ ерлігін мақтаныш, ұрпаққа үлгі қылды. Атақты қолбасшы Чапаевтың теңдесі жоқ ерлігі, жау-жүректілігі туралы бірнеше көркем шығармалар дүниеге келді. Елі сүйген, халқы қалаған асыл ердің бірі Чапаевтың тарихи ерлігіне ақын Хамит Ерғалиевтің қалам тербеуі ақын сенімінің айқын жемісі. «Оралдағы отты күн» Чапаев туралы жазылған қазақ әдебиетіндегі көркем туынды. Оған негіз болған ер Чапайдың Жайық бойындағы тарихи түні. Батыр өмірінің қайғылы сағаты соққан түні. Дмитрий Фурманов өзінің майдандас досы Чапаевтың қаза тапқанын естігенде қатты қиналып аза тұтады. Нағыз хас батыр, адал, қастерлі адам еді ол.

Тәкәппар келе жатырмын

Жанымда Жайық жылғасы.

Алдымда биік батырдың,

Қоладан құйған тұлғасы.
Келеді-ау соған ұқсаған,

Ерліктің ол да маягы.

Аспанға жайған құшағын

Астында боз ат баяғы.

Хамит Ерғалиевтің ер Чапай өмірінен жазған дастаны жастарды ел қорғауға, батырлық, ерлікке шақырады.
Бозбала: Хамит Ерғалиевтің атақты поэмаларына тоқталып өттік. Осы поэмалармен ғана шектелмей ақын аударма да жасады. Дүниежүзілік поэзияның белгілі өкілдері В.Шекспирдің сонеттері мен пьесаларын, Д.Байронның, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, Н.Некрасовтың, Ш.Петефидің, Р.Ғамзатовтың өлеңдерін, қарақалпақ эпосы «Қырық қыз», қырғыз эпосы «Манас» үлгілерін қазақ тіліне тамаша аударды. 1996 жылы В.Шекспирдің сонеттерін туған тіліне аударғаны үшін ол Великобританияның Ұлы мәртебелі Елизавета королеваның алғыс хатын алды.
Бойжеткен: Хамит Ерғалиев қазақ поэзиясының реформаторы деп толығымен айтуға болады. Ал қазақ әдебиетінде бұрын тіпті болмаған жанрды – сонеттерді енгізу жолында ақынның еңбегі ұлан ғайыр. «Сонеттер» деп аталатын жинағы бұл күнде қазақ әдебиетінің таптырмайтын інжу-маржаны. Қайран Хамаң! Қабырғасын күйреткен Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, туған әдебиетімізде жарты ғасырдан астам уақыт тер төккен асыл аға – ұлы ақын Хамит Ерғалиев қаламгер атына кір келтірмей, арына дақ түсірмей өткен абыз. Қазақ поэзиясының эпик ақыны Хамит Ерғалиевтың жырлары мәңгі есте!
Кітапханашы: Құрметті қонақтар, оқырмандар!

Көрнекті ақын Хамит Ерғалиевты еске алу кешіне келіп, ақын шығармашылығымен танысып, әдеби әлеміңізді кеңейткендеріңізге рахмет!

Халқы үшін аянбай еңбек еткен абыз ақынның жаны жәннатта болсын. Қазақта «батырдың аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді!» - деген ғұлама сөз бар. Хамит Ерғалиевтің шығармалары жастар үшін әрі қарай оқылып, ғұмыры жалғаса береді деп сенеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт-береке тілейміз. Хош сау-саламат болыңыздар!


Аудармалар әлемі
Әлішер Науаи
Ғәзалдар
Қаш көзінен ол сиқырдың! Оған думан ермек шарт,

Ол сиқырға өзімді емес, рахатымды көрмек шарт!


Садақ сынды имек қастан оқ атпақ ол кеудеме

Демек не ол сол бір оққа басым байлап бермек шарт.


Жайдың оғы жарқ еткенде аспан соған не дейді,

Түпсіз жүрек түкпірінен нәпсіге олжа термек шарт!


Періштенің өзінен де жасырғаным – махаббат,

Махаббатым құпия жаным қуысында жүрмек шарт!


Талап жемек мені өңшең сорға біткен төбеттер,

Құтылар күш жоқ, қан-сөліме тойып солар үрмек шарт.


Ей, шайхы, сен ағзамдарды суық мешітке шақырма

Той тойлаушы таң сипатты қонақ үйге кірмек шарт!


Уа, Науаи, ұят сақта шын адамның ашнасы

Қалың жұрттың баршасымен қатар өмір сүрмек шарт!


А.С.Пушкин
Патша селосындағы ой
Қалғыған кең аспанның көк күмбезін

Салбырап қараңғы түн баса түсті.

Сай-сала тоғайдан да шықпайды үн:

Ақ тұман аулақтағы орман үсті.


Қалың ну саясына сырғып бұлақ,

Үстінде жапырақтың жел тыныстап.

Ай жүзді ақ күмістей бұлт ішінде

Бейне бір көкте кербез аққуға ұқсап.


Ай жүзді нұр себелеп ақ жүзінен,

Айнала жадыратты төңіректі.

Ұласып жасыл жеке сап түзеген

Көрінді көк майса мен төбешік те.


Көр өрім тал мен терек алдындағы,

Төніп тұр мөлдір судың дәл бетінде.

Даланың ханшасындай қызғалдағы

Құлпырып, қызықтырар сәулетіне.


Құлаған қия тастың қыр басынан,

Мөлдір су шымырлайды жар жағалап.

Толқыны сонау тымық көлдің сылаң

Баяулап су тәңірісіне тұр шашырап.

Шекспир
Августаға арналған шумақтар
Үміттің оты бір сөніп

Бір жанып көздің ұшында

Үрейлі түнді бүркеніп

Есімнен танған тұсымда.


Ұрыста жанды жаралап,

Қажытсам деп ем өзімді.

Жазықсыз мені қаралап,

Маңымнан бәрі безінді.


Қадалар оғы қарғыстың,

Мен күткен шақта өлімді.

Жұлдызым болған жалғызсың,

Сәулеңнен таптым жолымды.


Жұлдызым сөнбес, сүйіктім,

Шапағат жаусын бір саған.

Құтқардың өзің күйік пен

Дауылдан мені қоршаған.


Қараңғы түнде көшпелі,

Үстіме бұлттар үйілді.

Сонда да жұлдыз өшпеді,

Сәулесі жерге құйылды.


Дж.Байрон
Кеш кінәмді
Олар сүйіп қосылған қосақ еді,

Әзәзілдің қылғаны осақ еді...

Ет жүректе қалған жоқ адал шындық

Ұшып кетті аспанға одан шығып.

Шаттық оты оларда мәңгі сөнді,

Қараң қалған жастық шақ гүлдей солды.

Ажырасқан, алжасқан егіледі

Құса жанға у болып төгіледі.

Алданыш қып күндерін өткізетін

Бұл дүниеден түк таппас екі жетім:

Қайғы кеулеп, үңгіп жеп көкіректі,

Түк қызықты көрместей соқыр етті.

Олар бөлек: жан дертке бағынышты,

Мерез қылық сақтайды сағынышты.

Тап осындай сұп-суық өлі неткен

Екі жартас найзағай бөліп еткен.

Түпсіз толқын айғай-шу аралары,

Жайдың оғы шошытты, жаралады.

Күн күркіреп, дауыл мен мұзды бұршақ.

Аяз, аптап аңызақ құзды қоршап,-

Жоя алмапты нөсерін, жойқын мұзын

Бір кездегі бірліктің айқын ізін.


Аға туралы сыр
Хамит Ерғалиевке

Бірге өткен талай-талай асу белден,

Жар десе жанын қиып, басын берген.

Осындай той үстінде айтып еді

Дәл қазір төрде отырған асыл жеңгем.
Жар болып жапырақ жайып тайраңдадым,

Ән болып, Әнекем боп сайраңдадым.

Арман жоқ әлі күнге жүрміз міне

Құшақтап қазақтың бір пайғамбарын.


Сөздің де келген шығар кезегі бір,

Болғасын өзі жалын, өзегі – жыр.

Елу жыл Хамит жырды құшақтаған,

Жыр емес, жалпақ дала сөзі еді бұл.


Сол Хамаң отыр бүгін арамызда,

Ұқсайтын өзі де сол даламызға.

Арман жоқ ақында да Аңыз болып,

Жүрсе егер әр жүректе, әр ауызда!


Қарайды ол дүниеге шат түрімен,

Сәбидің кіршігі жоқ пәктігімен.

Құяды ол көкірекке кәусар бұлақ

Сан ғасыр куәсіндей қарт тілімен.


Бәйтерек жапырағын жаяды ерек,

Тау екеш тауларға да сая керек.

Қазақтың ұлан - ғайыр даласына

Осындай ұлан-ғайыр аға керек!

Сағи Жиенбаев
Хамит Ерғалиевке
Мақтау үшін Хамаңды,

Білу керек шамаңды.

Бір көргеннен таниды ол

Жақсы менен жаманды.


Қамал бұзып қырықта,

Көнбей келген ырыққа.

Ақ жол асау және сол

Алдырмаған құрыққа.


Жалған айтып ендеше,

Жалпылдама делбеше.

Естімеген ешкімнен

Сөз естігің келмесе.

Жарасқан Әбдірашев

Арнау өлең


Әбділда Тәжібаевқа
Есіңде ме, Әбе,

Даурығып залда аңғырт жұрт,

Алдында жұрттың

Есіріп есіл албырттық.

Талант басына

Тағдыр таяғы тигенде

Поэзияның

Асыл жүзігін алдырттық.


Ошаққа өртеп

Қиянат, жала, өсекті,

Лирик Ағайлар

Қалайша дұшпан-десекті.

Өйтпек түгілі

Оларды естен шығардық.

О баста солар

Тумаған жандар есепті.


Сонда сен арып

Ботадан бетер боздадың.

Ойната алмай

Отқа да түсе жаздадың.

Мұңая білгенді

Құрметтеу қылмыс кезеңде

Күйдірдік сені

Тәңірге бардай жазғаның.


Өртеніп кетпей,

Қалдың ғой аман әйтеуір

Өткенге - өрей

Қалғанға салауат жәй тәуір.

Абыз боп бірақ

Тағыда қалдың жел жақта

Інілеріңе

Реніш қысса, айт ауыр!


Қасым Қайсеновке
Әжем айтса ертегінің маңызын,

Тез таусылып қалушы еді таң ұзын.

Ендігіге біздің Қасым Қайсенов –

Ертегіден ұзағырақ аңызым.


Ерлерім көп өзім соның бірімін,

Жөні басқа аңыз болған тірінің.

Жөні басқа оттың, судың, жел-құздың,

Адамзаттан жаратылған пірінің.


Қасымым көп, мына Қасым – бір Қасым,

Ақжолменде ойын-сауық құрғасын.

Бір қарасаң жаны нәзік жауқазын,

Бір қарасаң балқымайтын қорғасын.


От көрдің бе қар жамылып, сыз төсеп,

Маздап жанған тамызыққа мұз көсеп.

Ондай отты ала алмаған – Прометей

Ондай отты біз табамыз іздесек.


Ол партизан аталып жүр бертінде,

Бірін атсақ, ертеңіне – екеу ол.

Бес сөндірсең он жанатын бір түнде

Жұртым десең, осыларша жұртым де!


Қасым – сол от! Көркі оттың көркінде,

Жалын жанып тұрады оның бөркінде.

Бақ пен сорға түкірген ол, маңдайдан,

Қос шырақтың бірін алсаң – еркіңде.


Құз басынан құласа да бір түнде,

Бәрібір ол базбаяғы сертінде.

Халық дейтін періштесі қаққан соң

Оған ешбір дарымайды дертіңде!

Ғарифолла Құрманғалиевке
Қайран аға еркелігім жарасқан,

Әзіл айтсам әдеп сөзден әрі аспан.

Білеміз ғой өзің жайлы тынбастан,

Бұл күндерде не деп жатыр жер, аспан.


Артып жүріп ауыр жүгін өнердің

Тағы туды мақтау сөзге көнер күн.

Мақтау сөзге көнбесіңе шараң жоқ –

Анкетада бір азырақ көнердің.


Арта түспек сыйлықтардың құны әлі,

Бұрынғыдан күшейтеміз бұны әлі.

Даурықпас ек, қайталамай өзгені,

Дербес туған демің соған кінәлі.


Аз болғандай қырық бес жыл жаңғырық,

Алақанын жұрттың оттай жандырып,

Тік шырқасаң шайқалады шам біткен,

Аспандағы люстраға жан кіріп.


Сахнаға келген сәтте құйынсың,

Кетер сәтте одан бетер қиынсың.

Кемпір-шалдың ұмытқанын қозғайсың,

Дегендей-ақ басына қан құйылсын.


Хамит Ерғалиев туралы ой-пікірлер...
«Хамит поэзиясының ең үлкен шоқтығы – оның эпикалық шығармалары. Оның мүмкіншілігінің мол ашылған саласы да сол эпикалық жанр. Осы жанрды сөз еткен тұста оның атының алдыңғы сапта тұрары даусыз. Рас, бізде поэмалар аз жазылды деуге болмайды. Бірақ солардың ішінде Хамит поэмаларындай көпшілік назарына түсіп, көңіл аударғандары қазақ поэзиясында онша көп емес.

Сырбай Мәуленов


Хамит Ерғалиев – жапанға біткен жалғыз қайың емес, қазақ әдебиетінің құнарлы топырағында заманымыздың нұр шұғыласына бөлене жайқалып өскен көк ормандай көп қайыңның бірі. Демек, Хамиттің қадір - қасиетін сөз ету қазақ әдебиетінің қалаулы сипаттарын байыптау екеніне дау болмаса керек.

Зейнолла Қабдолов


Осыншама әр қилы қасиеттердің бәрінің де басын қоса отырып Хамит Ерғалиев әрқашан ешкімге ұқсамайтын өзіндік дара сипатымен көрініп келеді.

Тахауи Ахтанов


Хамит Ерғалиев жыр қанатын қияларға сермейтін эпик ақын деп сүйсінетінімізбен бірге, кеудесі кең лирик деп те бағалап келеміз. Өлең өрнектерінде Хамит сонымен бірге әлеуметтік, күнделікті өлең дүбірлерін, заманның тарихи-саяси белестерін белсене жырлайтын публицист ақын.

Қалижан Бекхожин


Хамит әдебиет әлеміне өзін-өзі әбден дайындап, тіпті өзін-өзі біржола танып үлгергеннен кейін ғана келді. Хамит бізге өлеңнің ерлігін, тентектігін, құдіреттілігін алып келді.

Әбу Сәрсенбаев


Ақын өмірде анда-санда бір шаң беріп қалатын оқшау оқиғадан күнде көріп жүрген қарапайым замандасымыздың көзтаныс бейнесін, қай-қайсымызда жақсы білетін етене тағдырын жүрек елжірете жырлап берумен шектелмей, адам қайсарлығының жеңімпаздығы жайлы асқақ дастан тудырған.

Әбіш Кекілбаев


Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазысы» қазақ поэзиясына қосылған қабырғалы туынды. Ұлы бабаларымыз жайында жазылған көркем шығармалардың айрықша бір сәттісі.

Қадыр Мырзаәлі


Біз Хамиттан арқауы қатаң ақылды шабыт жырларын мейлінше мол тосуға болады деп білеміз. Ол ізденгіш те және көбінше тапқыр да. Әсіресе, реалистік дәстүрдегі нақтылық Хамиттың үлкенді-кішілі шығармаларынан жақсы көрінеді. Қуантарлық жаңалықты көп сезінесің.

Мұхтар Әуезов


Хамит шығармашылығын бүгін тұтастай алып қарасақ, оның негізгі жырлағаны – адам, оның еңбегімен өмірі, қуанышы мен қайғысы, тазалық, адалдық, елдің елдігі, ердің ерлігі екенін көрсету.

Серік Қирабаев


Әдебиеттер тізімі


Ерғалиев Х. Көбік шашқан: Дастандар.-Алматы: Жазушы, 1972.-242 б.

Ерғалиев Х. Санаттағы сарбаз: Поэмалар мен өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1975.-144 б.

Ерғалиев Х. Жанарымда жұмыр жер.-Алматы: Жазушы, 1978.-108 б.

Ерғалиев Х. Алтын зерең: Өлеңдер мен поэмалар.-Алматы: Жазушы, 1981.-124 б.

Ерғалиев Х. Үш томдық шығармалар жинағы:

Т.2.: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы, 1983.-456 б.

Ерғалиев Х. Өмір өрнегі: Эссе, очерк, публицистика.-Алматы: Жалын, 1986.-394 б.

Ерғалиев Х. Жедел толғау: Өлеңдер, балладалар, поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1988.-232 б.

Ерғалиев Х. Сонеттер.-Алматы: Жалын, 1995.-192 б.

Ерғалиев Х. Шер толғау: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1993.-216 б.

Ерғалиев Х. Көп томдық шығармалар жинағы

Т.І.: Өлеңдер. Сонеттер. Төрттағандар.- Алматы: Қазығұрт, 2006.-352 б.

Т.2.: Поэмалар.- Алматы: Қазығұрт, 2007.-360 б.

Т.3.: Поэмалар.- Алматы: Қазығұрт, 2008.-265 б.

Т.4.: Поэмалар.- Алматы: Қазығұрт, 2009.-256 б.

Т.5.: Алматы: Қазығұрт, 2012.-400 б.


Ерғалиев Х. Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Ан-Арыс, 2010.-292 б.
Х Х Х
Ерғалиев Х. //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.- 149 б.

Ерғалиев Х. //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Аруна, 2005.- 468 б.

Ерғалиев Х. //Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.-Алматы: Ан-Арыс, 2009.-140 б.

Ерғалиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы: Он томдық.-9 том.-Алматы: Қазақпарат, 2005.-375 б.

Ерғалиев Х. // Бекхожин Қ. Өлең өткелдері: Әдебиет хақындағы ойлар, толғаныстар мен естеліктер.-Алматы: Жазушы, 1986.-252 б.

Ерғалиев Х. // Сәрсенбаев Ә. Ұстаздар мен тұстастар: Әдебиет туралы ойлар, толғаныстар мен естеліктер.- Алматы: Жазушы, 1986.-186 б.

Ерғалиев Х. // Тәжіғұлов С. Ақын творчествосы туралы ойлар.-Алматы: Жазушы, 1983.-176 б.


Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Өмірбаяндық деректеме 2
Қазақ поэзиясының қара нары – кітап көрмесі 5
Шын тұлпар өрге шапса өршеленер – еске алу кеші 6
Аудармалар әлемі 14
Аға туралы сыр 16
Арнау өлеңдер 18

Ой-пікірлер, толғаныстар, жылы лебіздер 20


Әдебиеттер тізімі 22

Құрастырған: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі

Редакторы: Бекмағанбетова С.Б. – оқу залының кеңесшісі






Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы
files -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу