Д.Бабатайұлы шығармаларының тақырыптық-идеялық мазмұнын баяндаңыз.
Дулаттың шығармашылығында өзі өмір сүрген Аягөз – Семей өңіріндегі жер-су атаулары жиі кездеседі. Шығармаларында туған өлкенің тамаша бейнесі жасалады. Алайда, өлеңдерінде бейбіт дала көріністерінен гөрі отаршылдықтың езгісінен қисайып, сұлулығы мен сәнінен ,бастысы еркіндігінен айырылып бара жатқан өлкесі суреттеледі. Дулаттың өлеңдерінде Аягөз, Сандықтас, Ақжайлау, Сарыарқа, Сыр, Бұхар, Қаратау, Түркістан, Арыс, Келес, Талас, Шу, Тұран, Тарбағатай, Алатау, Көксала, Бақанас, т.б. деген жер-су атаулары кездеседі. Ақын жер мәселесін жырлау арқылы ұлттық, халықтық намысты жандырып, жігерді шыңдайды. Осы орайда ол кең даласының кешегісі мен бүгінін, қазіргісі мен ертеңін салыстырып,терең қорытындылар жасайды. Мысалы:
Ақжайлау мен Сандықтас –
Атамның қонған қонысы:
Түн асса тұтам түгі өскен
Басылмайтын сонысы!
Дулаттың ұлтжандылығына, елжандылығына байланысты оның шығармаларында ел, жұрт, халық, қазақ, алаш сияқты жалпы ұғымдардың қолданылуы көрініс табады. Өлең мәтіндеріндегі әлеуметтік терминдердің жиі қолданылуы да өлең тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келеді. Бұл әлеуметтік терминдер мыналар: патша, атқамінер, сұлтан, қазы, бай, кедей, би, болыс, старшын, хан, дуан, ұлық, бек, батыр, аға сұлтан, сопы, пір, абыз, падыша, майыр, т.б.
Көркем сөз дүниесіндегі жаңалықтардың бірі – образдар саласында. Образ тіл элементтері арқылы жасалады. Соны образ – тілдік тұлғалар мен тәсілдерде өзгерістер мен жаңалықтар әкеледі. Дулат бұл орайда да екі қырынан көрінеді: бірі – бұрынғы қазақ поэзиясы қолданып, қазақ әдеби тілінде нормаға айналған материалды еркін және орынды пайдаланған тұста, екіншісі – тың, жаңа сападағы образдарды ұсынған сәттерінде[2,167]
Біріншіден, Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай аңқылдау, қыран құстай саңқылдау, көл қорыған қызғыштай, еңбегі еш, тұзы сор, бел шешпей жорту, айдын ала ту алып жауға тию немесе ту ұстап тұлпар жарату, аузын айға білеу сияқты кәнігі образдарды шебер пайдаланады.
Тіпті кей тармақтарда:
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып...
деп, халық ауыз әдебиетінің батырлар жырында қолданылатын тіркестер мен оралымдар арқылы сөз ойнатады.
33. Д.Бабатайұлының отаршылдыққа қарсылық сарыны туралы жазыңыз.
Дулаттың өлең-жырларының басты сарыны – 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету. Ақын өлеңдерінде қазақ жерінің отарлануын, ел билеушілердің отаршыл саясаттың шылауында кетуін кекті де отты жыр жолдарына айналдырған. Туған халқының екі жақты езгіге түсіп, көз жасының көл боп ағуы, қайғысы мен мұңы ақынның жан сыры ретінде жыр болып төгілді. 1947 жылғы ҚКП ОК-нің әдебиет, өнер жөніндегі қаулысындағы Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деген теріс бағадан кейін, 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми конференцияның ұсыныстарында Дулат жөнінде “... творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын”, - деген саяси қорытынды берілді.
«Тегімді менің сұрасаң», «Ал, қарағай сұлу сындарлы», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Асқар таудың сәні жоқ» атты өлеңдерінде ел басқару ісіндегі озбырлық, әділетсіздікті, патшаның отаршылдық саясатының әсерінен жер-қонысынан айрылған ел жағдайын сөз етсе, «Сүлейменге», «Кеңесбайға», «Бараққа», «Ел аралаған ишанға», «Еспембет» өлеңдерін жеке кісілерге арнайды. Ақын 19 ғасырдың 40-50 жылдарында өндіре жазған. Бұл — Ресей патшалығының қазақ жерін отарлау саясатының барлық салада бел алған кезі. Дулат осыны жыр өзегі етсе, кертартпа феодалдық-хандық дәуірді жоқтағаны емес, тәуелсіздікті, еркіндікті аңсағаны еді.
34. Д.Бабатайұлының «Бараққа» туындысының мазмұн, мәнін танытыңыз.
Тұсыңда сенің, хан Барақ,
Азулы бейне аң Барақ,
Содырлы, сойқан төлеңгүт
Елге қарап анталап,
Ашынғанда таптады,
Ел етегіне қымтарды.
Алтын еді бір күнде,
Ағаш болды тұғырың.
Тиюсыз тентек төлеңгүт
Шығарды елдің ұрлықпен
Дығыры мен ығырын.
Алалға қарсы хан болдың,
Тентекті сүйеп неғұрлым,
Азған сені көргенде,
Қайнайды менің зығырым.
Өгізді бөлдің жегілген,
Арамдыққа егілген
Айдайтұғын шығырын.
Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа,
Малсыздарды таптадың,
Малдыларды жақтадың.
Тентекті жақсап қақпадың,
Өсекшіні мақтадың,
Арамдық болды баққаның.
Қашан сенің ашылар,
Момындарға құрылған
Қанды қара қақпаның?
Қараңғысыз ел мен жұрт,
Төрелік түскен дағыңа,
Ие болмай айрылдың
Атаңның алтын тағынан.
Қара толқын жау толды
Шығыс, батыс жағыңа.
Тұлпардан туған тұқым ең,
Ере алмадың жабыға.
Етегін ашып кім күлмес
Азғындаған шағыңа?
Алдыңа келсе жүгініс,
Қарамай қара, ағына,
Алалды сатып параға,
Болыстың арам жағына.
Рухына нәлет келтірдің,
Қабың менен сабаңа.
Бұзықты құрап ел етіп,
Қондырдың оң жағыңа.
Ұрыңа елді торытып,
Өтірік дауды қорытып,
Бүлдіре бер тағы да...
35. Д.Бабатайұлының «Кеңесбайға» туындысының мазмұн, мәнін түсіндіріңіз.
О, Кеңесбай мырза, тыңда, сөз,
Айтатұғын келді кез,
Кекіреттеніп паңданбай,
Сыртын көріп таңданбай,
Менің сөзім құйылса,
Кеудеңе шырақ жанғандай.
Арғы атаң сенің - Нарынбай,
Кең қолтық ұзын қарымдай,
Елдің жүгін көтерген
Ақ өңеш шеңгел нарындай.
Көкейіңе қондыра
Сөйлесін жаршың сарындай,
Қу дауысты Құттыбай
Қазақ туын көтерді,
Даналықпен айырды
Келер менен кетерді.
Өтірік деші қанеки,
Мен айтпаймын бекерді.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Олжа салды еліне.
Тояттаған сұңқардай,
Құйылып еді жеміне.
Қазықтай жерге қадады,
Дұшпанын деген «сеніме».
Тізе қосып теңесті,
Текпісі тең теңіне.
Ой, ол кездегі өткен күн
Түсім бе едің, өңім бе?
Байқара атаң бай болды,
Төрт түлігі сай болды,
Қайыры елге мол болды,
Анық әділ сол болды,
Серкештеп жылқы айдалды,
Көшкенде жұртта тай қалды.
Алдына келген дау болса,
Әділетпен жайғалды.
Дәулетіне ел кенелді,
Жетім - жесір теңелді,
Опасыз мына жалғаннан
Демі біткен күнінде
О да көшіп жөнелді.
Өз әкеңді айтайын,
Қара тіл ділмәр Ақтайлақ.
Топта жалғыз сөйлеген
Асыл сөзді тақтайлап.
Тұқымың дегдар болғанмен,
Кеңесбай азғын туғансың,
Тістеуік айғыр секілді
Үйіріңді сұйылтып,
Тай - құнанды қуғансын.
Ел білерлік ісің жоқ,
Дегдар емес, будансың,
Будан дейтін себебім,
Айналаңды торисың ,
Түзден тоят тілемей,
Өлексені қорисың.
Алдыңа келсе жүгініс,
Терісті оң деп жорисың.
Қол бала құс секілді
Биялайға қарайсың.
Не тұлғама тұтқа боп,
Ішің аяз ақ қырау,
Сырты сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның,
Қотара құйса толмайтын.
Ашылған әбден араның,
Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай бір - ақ толғайтын.
Айтты десең, Кеңесбай,
Бергеніңді санап ал,
Тоқылдап елді тұжырып,
Осы елде жалғыз өзің қал.
Тінейдің сары құсындай
Өзіне - өзің шеңгел сал.
Ел тереңге сүңгіді,
Қарамайтұғын қалмай тал.
Серпілер күн болар ма,
Елге түскен ауыр хал
Көз жасында болмады,
Қара қазан, сарбала,
Жетім - жесір, кемпір - шал
36. М.Өтемісұлы шығармаларының тақырыптық-идеялық мазмұнын
баяндаңыз.
Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуін де көрсетеді.
Лирикалық сезінуге бөлене отырып оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімге де болса мәлім.
Бұлай баяндау сарыны (мотив) Махамбеттің "Соғыс", "Мінкен ер", "Баймағамбет сұлтанға айтқаны", "Исатай сөзі" деген өлеңдерінде айқын сезіледі.
"Соғыс" деген өлеңінде Махамбет көтерілістің әрбір кезеңдерін тарихи оқиғаның ізіне сәйкес етіп суреттейді. Кейбір көріністері баяндау, суреттеулері тарихи фактылармен тығыз байланысты болып отырады. Бір қарағанда осы "Соғыс" пен өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жар өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл өз алдына жеке тексеруді керек ететін мәселе. Өйткені, ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі зерттелген емес. Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдерімен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайсы деген сұрақ - әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан, оны басы ашық қалдырамыз.
Ал біздің бұл жерде айтпағымыз, ақынның тарихи уақиғаларды тамаша шындықпен бұлжытпай көрсете алуы. Осы жағынан алғанда оның өлеңдерінің тарихи шындықтың салмағы басымдығы және Махамбет өлеңдерінің тарихи мәні үлкен екендігі аңғарылады.
37. М.Өтемісұлы шығармаларындағы ұлт-азаттық көтерілісінің көрініс табуын танытыңыз.
Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға тақырлы. «Мұнар күн» жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында»дейді ол отты жырларында. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы Исатайбатыр. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арнаған 106 өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды. Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн жағынан байыта, жетілдіре түсті. Махамбеттің лирикалық өлеңдері, көбіне, толғау, жыр, терме үлгісінде жазылды.
38. М.Өтемісұлының танылуы, зерттелуі, жариялануы туралы жазыңыз.
Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Х.Сүйішәлиев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, М.Мағауин, Қ.Сыдиықов, т.б. ғалымдар мен қаламгерлер зерттеулер, мақалалар жазды, пікірлер айтты. Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Таймановбастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы.
Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен — он ұл, Шыбынтайдан — төрт ұл, Қобылайдан — үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |