Терминжасам ісі бүкіл халыққа ортақ іс болғандықтан, баршамыз терминдерді талдап, ғалымдардың жұмысын өз деңгейінде бағалап, терминдерге өзіміздің ұсынатын балаламаларымызды мақала ретінде жарыққа шығарып тұруымыз қажет. Себебі, тілдің дамуы терминдердің дұрыс баламасының болуымен, оның дұрыс қолданылуымен тығыз байланысты. Терминологиялық сөздіктер - құрамына қарай әр салаға қатысты терминдерді жинақтап, жүйелеп беруге ұмтылатын құрал.
Терминдер туралы мәліметтер нақты әрі сол ғылым саласындағы дефинициясына сәйкес беріледі. Былайша, терминологиялық сөздіктер арнайы бір ғылым саласына қатысты терминдерді барынша жинақтап, қамтып беруге тырысатын анықтағыш қызметін атқарады. Сондықтан да оның жүгі ауыр болуы, әрі терминологиялық сөздікті шығару барысында мамандардан үлкен сапа, сапаның жоғарғы деңгейде болуын қамтамасыз ете алатындай жауапкершілік талап етілуі қажет.
Сөздік шығару, оның ішінде, терминологиялық сөздік шығару ісі соңғы кездердегі тілдегі белең алып отырған түсініктер сияқты жеңіл шара емес. Бұл сөздікте терминдер жұрнақ жалғау, түбірлерді біріктіру, сөз тіркесі, бұрынғы сөзге жаңа мағына жүктеу т.б. терминжасам тәсілдері арқылы жасалған. Бұл сөздік көлемді болғандықтан, терминжасам тәсілдерінің көптеген түрі қолданылған.
30 томдық «Қазақша-орысша терминологиялық сөздіктің» медицина саласына арналған 14-ші томына көз жүгірттім. Шынында да, аталған томның 189 және 470-беттерінде «реанимация» сөзінің баламасын «реанимация, жан сақтау бөлімі» деп тайға таңба басқандай етіп жазып қойыпты. «Реанимация» түсінікті, оған қоса «жан сақтау бөлімі» дегені бар. «Реанимацияны» қазақшалап «жан сақтау бөлімі» деп алайық, сонда онымен салалас, түбірлес «реанимировать», «реаниматор», «реаниматолог», «реанимобиль» деген сөздерді қалай аударамыз?! Егер жоғарыда айтылған «жан сақтау» түбірін сақтайтын болсақ, олар «жанын сақтау», «жан сақтаушы (дәрігер?)», «жан сақтау (машинасы?)» болады да. Бірақ, неге екені белгісіз, жоғарыда аталған сөздікте медицина саласына қатысты болса да біз айтқан түбірлес сөздер берілмепті. Сөздікке толымсыз сипат беретін бұл кемшілік біздің түгел дерлік сөздіктерімізге тән олқылық болып табылады.