Негізгі бӨлім
Енді Қазақстан республикасының саяси жүйесін, саяси институттарына талдау салып, қысқаша жеке-жеке тоқталайық.
Табанды жүргізілген саяси реформаның нәтижесінде Қазақстанда демократиялық саяси жүйе типі қалыптасты оған мынадай сипаттар тән:
мемлекеттік құрылымда, негізінен, біртұтас мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне тармақталу принципі орнықты;
мемлекет басшысын және өкімет органдарын жалпыға бірдей сайлау жүйесі жүзеге асырылды;
саяси көп түрлілік заңмен нығайтылды, көп партиялықтың орнығуына негіз қаланды;
мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі жасалып, жұмыс істеуде;
үкіметтік емес ұйымдар құрылуда;
тұрғындардың барлық этникалық топтарының тең құқықтылығы заңмен орнығып, іс жүзінде іске асырылуда.
КОНСТИТУЦИЯ
1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз, егемен мемлекет Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Ол жаңа мемлекеттің құрылуы мен республика заңдарының қалыптасуында белгілі бір тарихи рөл атқарды. Алайда қоғамдағы терең өзгерістер жаңа Конституцияны қажет етті, ол 1995ж. 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. 1998ж. 8-қазанда Президент ұсынысымен Парламент Конституцияға Парламенттің өкілеттілігін, қоғамдық өмірдің демократиялық негіздерін кеңейтетін жиырмаға жуық өзгертулер мен толықтырулар енгізді. ҚР Конституциясы кіріспеден, 9 тараудан және 98 баптан тұрады. Конституция бойынша, ҚР өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп есептейді. Мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады. ҚР президенттік басқару формасындағы унитарлық мемлекет. Конституция бойынша, халық мемелекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылады және оны тікелей республикалық референдум, еркін сайлаулар арқылы, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда өз өкілдерін ұсыну жолымен жүзеге асырады. Мемлекеттік билік Конституция мен заңдар негізінде, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөліну принципіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл тармақтар бір-біріне ықпал ете отырып,өзара байланысты болады. Конституция идеологиялық және саяси көптүрлілікті жариялай отырып, әр түрлі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің құрылуына жол ашады. Мемлекеттік және жеке меншіктің танылуы мен тең қорғалуының мәні зор. Жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи қорлар мемлекеттік меншікте болады. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылады. Мемлекет Қазақстан халықтары тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасап, қамқорлық етеді. “Адам және азамат” тарауында азаматтық алу мен оны тоқтату, азаматтардың жеке, экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ, олардың міндеттері туралы нормалар жинақталған. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жұзеге асырудың материалдық, саяси және зандық кепілдіктеріне және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші тараулар Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, Конституциялық кеңестің және соттардың мәртебесіне арналған. Прокуратураға ерекше бап бөлінген, ол заңдардың, Президент жарлықтарының, басқа да нормативті құқықтық актілердің дәл де бірыңғай қолданылуына жоғары бақылауды жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесіне өкілдік етеді. Жергілікті мемлекеттік басқаруға және өзін-өзі басқаруға ерекше тарау арналған. Жергілікті мемлекеттік басқаруға мәслихаттар – жергілікті өкілетті органдар және әкімшіліктер – жергілікті атқарушы органдар жатады. 2001 жылдың 24-қаңтарында “Жергілікті мемлекеттік басқару туралы” жаңа Заң қабылданды, онда мәслихаттар мен әкімшіліктердің құзіреттері, олардың қызмет тәртіптері бекітілді.
ҚР Конституциясы жоғары заңдық күшке ие. Бұл барлық заңдар, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары, барлықмемлекеттік органдардың басқа да нормативті құқықтық актілері оның нормаларына негізделуі тиіс, оған қайшы келмеуі керек дегенді білдіреді. Конституция республиканың территориясында тікелей әрекет етеді. Бұл азаматтар сотта және басқа органдарда, Конституцияның тиісті қағидаларын негізге ала отырып, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқылы дегенді білдіреді. Ал мемлекеттік органдар даулы мәселелерді шешкенде Конституция нормаларын қолдана алады. Қазақстанның халықаралық шарттары Конституцияға қайшы келмеуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |