Отарлық ДӘуір әдебиетіндегі «АҚырзаман» сарынының елдікті сақтау мұраты



бет1/3
Дата05.11.2016
өлшемі413,16 Kb.
#978
  1   2   3
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы

Сарыағаш аудандық білім бөлімі

№141 жалпы орта мектеп


Ғылыми жоба


ОТАРЛЫҚ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫНЫҢ ЕЛДІКТІ САҚТАУ МҰРАТЫ
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары

Секциясы: әдебиет

Орындаған:

Сыныбы: 9 сынып

Жетекшісі: Нарынова Әлия

Шымкент – 2014 жыл



МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ................................................................................................3-бет

ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ

І. 1. ХІХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай.......................................5-бет

1. 2. Қоғамдық өзгерістердің әдебиеттегі көрінісі........................................6-бет

ІІ. ОТАРЛЫҚ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫ

2.1. Тақырыпқа түсініктеме............................................................................9-бет

2.2. Ұлттық таным мен поэзиядағы ақырзаман көрінісі............................10-бет

ІІІ. ЕЛДІКТІ САҚТАУ МҰРАТЫНЫҢ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫ АРҚЫЛЫ ЖЕТКІЗІЛУІ

3.1. Отаршылдықтың көркемдік ой-санадағы таңбасы..............................13-бет

3.2. Заман мен адамның азуы – ақырзамандық қалыптың

бір белгісі........................................................................................................16-бет

3.3. Ұлы апаттар – имансыздықтың жазасы................................................20-бет

ҚОРЫТЫНДЫ..................................................................................28-бет

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.............................30-бет

Ғылыми жобаны жүргізуге арналған оқушы күнделігі




КІРІСПЕ
Бүгінгі қазақ әдебиетінің әлемдік сөз өнеріндегі бет-бейнесі айқын, беделі биік. Жер бетіндегі кез келген ұлт әдебиетімен бой таластыруға қауқарлы, жаһанға жария болған жауһары мол әдебиет. Саны мен сапасы тұрғысынан өзге елдің фольклорына жалын да ұстатпайтын, ауқымы жағынан жүздеген томдарды жұмырына жұқ көрмейтін халықтық мұраны айтпағанның өзінде, етек-жеңі кең эпикалық жанрларда да, текті өнер – театрға тірек саналатын драматургияда да қазақ әдебиетінің әлемдік мәдениетке салған олжасы қомақты. Прозада «Абай жолы», «Оң қол», «Тасбақаның шөбі», «Соңғы парыз», драматургияда «Еңлік-Кебек», «Ақан сері-Ақтоқты» сияқты классикалық дүниелер бізде жүздеп саналады.

Поэзияда ше? Хакім Абай айтқандай, «туғанда дүние есігін өлең ашып, өлеңмен жер қойнына кіретін» қаймана қазақ үшін оның орны тіптен ерек. Фәни мен бақи арасындағы тіршілігі өлеңмен өрілген әрбір қазақ мәртебелі поэзияны ерекше қастер тұтады. Тәні тал бесікте тербеліп жатып-ақ өлең-жырды құлағына құйып өседі. Жаны жақұт жырларды азық етіп ержетеді. Сондықтан әлемдік сөз өнеріндегі қазақ поэзиясының алатын орны туралы ой жұптап, сөз саптаудың қажеті де болмас. Қазіргі дүние жүзі жұртшылығы алашты ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп, абақтысыз-ақ әділ жаза тағайындаған ең демократияшыл халық ретінде танумен бірге, шалқар шабытты, ақынжанды, ерекше дарынды жұрт санайтынына күмәніміз болмас. Жұмыр жердің бетіндегі ұлт-ұлыс біткен бүгін Абай десе қазақты, қазақ десе Абайды таниды.

Ұлт әдебиетінде қай заманда да поэзияның алғы шепте болып келгені белгілі. Проза мен драма тумай жатып та солай болған. Қазір де солай. Ал ХІХ ғасыр қазақ поэзиясының түр мен мазмұн, тақырып пен идея жағынан жаңарып-жасарған, мүлде жаңа арнаға ауысқан кезі болды. Зерттеу еңбегімізде осы кезеңді сөз ететін боламыз.
Зерттеу тақырыбының маңыздылығы

Әдебиет қоғамның рухани кеселін, әлеуметтің соқпа дертін тап басып танып, болашаққа болжам жасай алатын құдіретке ие; оған ұлттық сөз өнерінің Асан қайғы, Бұқар жырау, бертінде Дулат, Шортанбай сияқты өрен жүйріктері туғызған өлмес те өміршең мұралар даусыз дәлел. Бұл ретте ХІХ ғасыр поэзиясындағы сауыр жерден айырылған халықтың жылау күйіне күйінуден, рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан туған және орыс отаршылдығының салдарынан ел мен жердің уыстан шығып, адам мен қоғамның дағдарысқа ұшырауын ақырзаман белгісі ретінде қарастыратын өлең-жырлардың маңызы айрықша. Ал осындай поэзиялық туындылардағы эсхатологиялық сарынның елдікті сақтау, азаттықты аңсау, азғындықты айыптау, т.б. идеяларды таратудан туғандығын зерттеп-зерделеу және оларды тақырыптық-идеялық, көркемдік бітімі тұрғысынан талдап-таразылау қашан да өзекті деп білеміз.


Мақсаты мен міндеті

1. ХІХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың сөз өнеріне жасаған ықпал-әсерін байыптай отырып, отарлық дәуір әдебиеті өкілдерінің өлең-жырлары мен толғауларында ұшырайтын эсхатологиялық сарынның мән-маңызын ашу, түпкі нысанасы мен табиғатын таныту.

2. Адам, қоғам, заманның азғындаған бейнесі бой көрсететін, сондай-ақ оның басты себепшісі орыстың отарлау саясаты деп танылатын бірқатар шығармалардың көркемдік-идеялық бітімін, поэтикалық образдарын ақынның индивидуалды-авторлық шеберлігі ретінде таразылау.

Зерттеу нысаны

Патшалы Ресей мен Қоқан билеушілерінің отарлау саясаты қазақ даласына қоғамның кесірлі дерттерін алып келді. Ел мен жер, салт-сана экспансияға ұшырады, қазақ қоғамында дәстүрлі ұлттық таным мен діни нанымға қайшы оралымсыздықтар орын алды. Бұл жағдайды бірқатар ақындар ақырзаманның таянғанымен байланыстырды. Жұмысымызға осы дәуірдегі ұлт әдебиетінің көрнекті тұлғалары Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Шоқанұлы, Қашаған Күржіманұлының эсхатологиялық сарындағы бірсыпыра шығармалары зерттеу нысаны ретінде алынды.



Зерттеу әдістері

- Ұлттық әдебиеттану ғылымының белгілі өкілдерінің теориялық зерттеу еңбектерінде келтірілген тақырыпқа тікелей немесе жанама қатысы бар ой-пікірлері жинақталып, салыстырылады, оларға сілтеме беріледі;

- әдебиеттану ғылымында нақтыланған жайлар басшылыққа алынып, отарлық дәуір әдебиетіндегі кейбір өлең-толғауларға талдау жасалады;

- осы шығармалардың мазмұнында байқалатын ақырзамандық көңіл-күй көріністері зерделенеді;

- салыстыру-салғастыру және анализ-синтез әдістері негізге алынып, өзіндік түйін-тұжырым жасалады.

Зерттеудің бастапқы материалдары

- Зерттеу жұмысының тақырыбы нақтыланғаннан соң жетекшінің кеңесімен арнайы әдебиеттер тізімі жасалды, негізгі және қосымша әдебиеттермен оқып-танысу, конспектілеу, тезис жасау, күнделік жүргізу, ғалымдардың белгілі тақырыптағы ой-пікірлерін салыстыра отырып талдау жұмыстары жүргізілді; кейбір өлең-толғаулар мазмұнына қарай топтастырылып, поэтикалық образдарға шолу жасалды;

- тақырыпқа сәйкес ғылыми мақалалар әзірленіп, оқушылардың «Жас ғалым» және «Жас зерттеуші» ғылыми-көпшілік журналдарына ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі

Зерттеу жұмысы кіріспе, зерттеу бөлімі, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.



ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ

1.1. ХІХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай

Қазақ елінің озып, үдеген кезі де, тозып, жүдеген кезі де аз емес. Дегенмен, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» [1, 26]. Жер бетінің кеңдігін ат үстінде жүріп таныған даңқты бабалардың арғы тарихында, тарпаң мінезді тұлпар тектес халықтың басына ноқта кигізілген бергі ғасырларда қиын-қыстау кезеңдер аз болмады. Зарлы заманы мен шерлі кезеңі, тар жолы мен тайғақ кешуі көп болды, – жаны сірі халық жоқтыққа жұтылмады.

Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, 1791 жылы Абылайдың қайтыс болуы, оның толып жатқан ұрпақтары арасындағы кикілжіңдер хан билігін әлсіретті. Ол былай тұрсын, 1795 жылы екі сұлтан, 19 ақсақал және 122 360 қазақ императрица ІІ Екатеринаның атына Уәлиді хан тағынан тайдыру туралы өтініш жіберді. Үкімет ол кезде хан билігін жою жөн емес деп тапты, алайда оны әлсірету мақсатында біраз кейініректе орта жүзде бақуатты Уәлимен қатар екінші хан етіп Бөкей сұлтанды тағайындады.

1810 жылы 27 желтоқсанда Сібір әкімшілігі «бодандыққа ант беруді» әзірлеп, Есіл, Верхнеиртышск, Алтай шептерінің барлық бекіністеріне жіберді. Ол Ресей бодандығын қабылдаған қазақтарды Ресейге бағдар алуды қатаң ұстануға міндетті және «ант бұзушылық» үшін қатаң жазалау көзделді. Мұндай пәрмендер орта жүздегі жағдайды, керісінше, шиеленістіре түсті және біршама тыныштыққа қарамастан, ең көреген сұлтандар, билер, ақсақалдар, көптеген қазақ ауылдары төніп келе жатқан қауіпті сезініп, бөтен елдерге көшіп кетті [2, 298].

Бірте-бірте бұрынғы біртұтастық пен бірлікке сызат түсті. Оны жіті бақылап отырған орыс билеушілері де қарап қалған жоқ. Патшалы Ресей өзінің арам пиғылын іске асырып, қазақ елін бірте-бірте бағындыра бастады. Түрлі ережелер қабылдап, қазақ даласын басқарудың жүйе-жосығын күн сайын жетілдіре түсті. Сөйтіп көшпелі қазақтардың шебі сетінеп, керегесі бөлініп, саяси-әлеуметтік тұтастығы әлсірей түсті. Оның есесіне патшаның атқа мініп, дала кезе алмайтын ноқай отаршылдары үшін рахат болды. Бұған дейін құпия болып келген байтақ қазақ даласы, енді бүкіл әлеуметтік құрылымымен, ұлттық ерекшелігімен, рулық тәртіп-жүйесімен көз алдарында. Қалай билеп, қалай төстеп, қалай зерттеймін десе де еркінде. Мұның өзі техникалық дамудың жетіле қоймаған, коммуникацияның әлсіз кезінде, сондықтан да көшпенділердің әлі де болса ауыздық салдырмас асау күш болып тұрған кезінде Ресей патшалығы үшін отаршылдықты шыңдап, жетілдірудің сынақ лабораториясы сияқты еді. Нәтижесінде кешікпей-ақ қалағанын жүзеге асырудың тетігін тапты. Олар бүкіл мақсат-мүддесін хандық билік арқылы жүзеге асырып отырды. Хандық биліктің ішкі құрылымын хан депутаты, хан кеңесі, старшын – есаул, базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізу кеңесі дейтін жүйеге түсіріп, даланың тіршілік-тынысын толық бақылауға алды. Бұл тәртіп ру басыларының, ірі байлардың өз тумаларына деген бас иелігін әлсіретіп, рулық пәтуа-бірлікке сызат түсіріп отырды. Бір кездегі халқы үшін оққа кеудесін тосатын хандар, руларымен бірге у ішетін байлар енді өз халқының қанын соратын қарсыластарына айналды. Хан-сұлтандар мен бай-шонжарлар ендігі жерде патша отаршылдарына қолшоқпар болды...

Қоғам дамуының қай кезеңінде болсын, әдебиет белгілі бір тарихи-әлеуметтік жағдайлармен байланысты қалыптасады. Хакім Абайдың: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» [3, 284], – дейтініндей, ұлт тағдырының сындарлы кезеңдері сөз өнерінде өз таңбасын қалдырып отырды.


1. 2. Қоғамдық өзгерістердің әдебиеттегі көрінісі
Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады [4,7], әдебиеттің нілдей бұзылған заманды да, оны бұзған адамды да тезіне түсіріп, жөнге салып бүгінгі күнге жеткізген, ал бүгінгіні ертеңгіге жеткізе берер аса қуатты да пәрменді құрал ретіндегі қызметі ұшан-теңіз. Әдетте, ең ауыр, емі табылуы екіталай ауру – қоғам дерті, оған дауа боларлық қуат асыл сөзден ғана табылмақ. Қоғамның ауруын емдеу қиынның қиыны. Кейде ем қонбауы да мүмкін. Ақырзамандық сарындағы әдеби шығармаларда жер бетінің жойылуына жеткізеді деп сипатталатын да осы қоғам дерті. Олай болса, оның диагнозын қоюшылар кімдер?

Қазақ қоғамында олар – ақындар, жазушылар, жалпы қаламгер қауымы. Бағзы заманда да солай болған, аздап қадірі кемігені болмаса, қазір де сондай. Желмаясына мініп Жерұйықты іздеген Асан қайғы Жәнібек ханды қоғам дертінен сақтандырды. Бұқар жырау Абылайға ғана кеңесші болған жоқ, сөзі өтер, жыры жетер жердегі күллі алаш баласына ақылын айтты. Ақылы асқан абыз Абай тобықтыға ғана сөз арнаған жоқ. Сөз ұғар, сөз ұғуға ықыласты жұрттың бәріне бағыштады. Ахмет Байтұрсынұлы қараңғы елін сары масадай жырымен шағып оятты, Мағжан ақындық-азаматтық тұғырнамасын отты жырымен жария етті, ұлы Мұхаң ұлт тағдыры, тілі мен ділі талапайға түскенде қара нардың жүгін қайыспай көтерді. Сын сағатта Ғабит пен Ілияс, Сафуан мен Жұбан, Мағауин мен Шахановтар туған халқын шалқыған шабытты шығармаларымен, күндей күркіреген азаматтық үндерімен қорғай білді. Қоғам тәніндегі бүлк-бүлк соққан тамырларды тап басып, дертіне диагноз қойып дауа іздеді, жырымен емдеп жазуға тырысты. Тұжыра айтқанда, қазіргі уақытқа дейінгі ұлттық сөз өнері тарихындағы аты мәлім жырау, ақын, жазушылар әлеуметтің рухани ауруын айқындай қоятын, кезі келгенде одан сақтандыратын тамыршылар ретінде көрінсе, ал олар тудырған классикалық шығармалар қоғам тәніндегі дертке қарсы күресетін иммунитетке айналды...

Бабалардың арғы заманғы Анақарыстардан тамыр тартып жатқан әдебиетіне зер салайық. Ерлік пен елдік тақырыбы, дидактика, адам мен қоғамның бет-бедері... бәрі де бар. Ерте замандарда ел қорғаған Қамбар, Тарғын, Қобыланды сынды батырларды мадақтаған дастандар туғызған, ерлік жайлы аңыз-әпсана, ертегілері де мол. Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Үмбетей, Ақтамберділері сөз баптаған. Қай-қайсысынан да жүрегіңе жылылық, көкейіңе қуат құйылып, құлағыңа «күмбір-күмбір кісінеген» күліктердің үні келмес пе? Әйтсе де, арғы Асан қайғы, Бұқардай абыз жыраулардың, бергі Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты ақындардың бірқатар толғауларынан болашақты болжау, жұртшылықты таяп қалған қауіп-қатерден сақтандыру, азған адам мен қоғамның кеспірсіз кейпіне торығу, мұң-нала, өкініш білдіру, оны ақырзаман көрінісі ретінде бағалау тәрізді сарынның, сөз жоқ, орны оқшау.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамындағы іргелі өзгерістер, бір жағынан, Қоқан хандығының, екінші жағынан, Ресей патшалығының қазақ елін отарлау саясаттарына қатысты өріс алды. Осынау қилы кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдай сөз өнерінде өзінің өшпестей ізін қалдырды. Ол із Дулат, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір Кердері сияқты от тілді, орақ ауызды ақындардың әдеби мұраларында жосылып жатыр.

Кеңес тұсындағы зерттеулерде бұл дәуір әдебиеті «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет», «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет», «Зар заман әдебиеті», «Сал-серілер шығармашылығы», т.б. деп қарастырылғаны белгілі. Ал тәуелсіздік заманында қазақ әдебиеттануында біршама жаңаша көзқарастар, танымдар орныға бастады. Соның бірі – ХІХ ғасыр әдебиетін «Отарлық дәуірдегі әдебиет» деп қарастыру. Оның өзі ішінара тағы да жіктеліп сараланады. Бұл тұжырымдама көрнекті әдебиеттанушы М.Мырзахметтің жетекшілігімен басталып [5], зерттеушілер И.Нұрахметұлының диссертациялық еңбегі [6], С.Өмірзақовтың «ХІХ ғасыр әдебиетін оқытудың кейбір мәселелері» [7, 3-13] және «Қоқан хандығы дәуіріндегі қазақ әдебиетін зерттеу бағыты һәм дерек көздері» [8, 9-18] атты ғылыми мақалалары, т.б. арқылы орныға түсті.

Негізінен қоғамдық даму мен қоршаған ортаның өркендеуі жалпы ұлт поэзиясының даму тенденциясына тікелей әсер етті. Өткен ғасырларда бір ғана жыраулық бағытта, сол дәстүр аясында дамыған поэзия ХІХ ғасырға келіп әр түрлі бағыт, әр түрлі тақырыпты қамтыды. Ақын образының өзгеше сипатта көрінуінің өзі – заман ағысына баға берген ақындардың терең ой мен ішкі сезім дүниесін қабыстыра отырып ой толғауында еді. Адам образын жасауда, жалпы сол кезеңдегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігінің нақты суретін беруде тілдік-стильдік, мазмұны мен түрі, жанры жағынан көп жаңалықтар әкелді.

Жыраулық поэзияның өкілдері – Асан қайғыдан бастап, Бұқар жырауға дейін тікелей мемлекет ісімен айналысып, орданы нығайту жолында қызмет етіп, хан мен би, батыр мен бектерге арнап, солардың образын жасауда шығармашылық таныта отырып, жыраулық өз тұлғасын көтерсе, ендігі жерде ақындар ел басшыларымен бірге жалпы жұртқа ортақ заман адамының жиынтық бейнесін жасауға ойысты. Заман келбетін, оған сай адамдардың мінез-құлық, болмыс-бітімін суреткерлік дәлдікпен бейнелей келіп, кезең шындығына сәйкес жүрек түкпіріндегі ішкі сезім сырларын ақтарды. Бұған бір ғана Дулатты алсақ та жеткілікті деп білеміз. Қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі, ұлттық сөз өнеріндегі сыншыл реализмнің қарым-қуатын қатайтып, іргесін бекіткен ақындардың бірі, бірі де болса бірегейі саналатын Дулат Бабатайұлы өнернамасы тұтас бір кезеңнің рухани айнасы іспетті, замана жүгін арқалаған дүние болғандығы дау тудырмас.

ХІХ ғасыр ақындары алдында ұлы міндет тұрды. Ол міндет – өз еркі қолдан кеткен қазақ қоғамының көрініс-қияпатын бүкпесіз бейнелеу, патшалы Ресейдің зымиян саясатының сырын ұқпастан өзді-өзі өшігіп, өшпенділігі арта түскен қазақ шонжарларының дүрдараз қалпын, атақонысынан ығыстырылған қалың алаш жұртының қайғылы халін жырға қосу, т.б. еді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақындарымыздың жырлары біресе өшпенділік пен ыза-кекке толы болса, бірде зар-нала, бірде қалың жұртты жұбату, біресе ширыққан, күрескерлік рухта көрініс тауып отырды. Айталық,

кезінде ғылыми айналымға «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» дегенді енгізіп-қалыптастырған көрнекті ғалым М.Мырзахмет: «Патша үкіметі отаршылдық мүдде тұрғысынан келіп, жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтырып ұстаудың ең ұрымтал құралы деп қарады. Өйткені бір-біріне мүддесі сәйкес келе бермейтін әр түрлі бытыраңқы руларды 10-12 ауылдан біріктіріп, бір болыстыққа кіргізді. Осы ауылдардың қай-қайсысы болыстықты жеңіп алса, сонысы үстем болуы себепті, араға пара жүрді, партиягершілік науқаны қызды. Ашыққан ұялас иттерге сүйек тастағандай болыстық билікке таластырды. Атқамінер пысықайлардың, таласқа түскен партияшыл топтардың арқасында орыс чиновниктері параға бөкті. Кім параны көп берсе, билік соған қарай ауды», – деп жазды [9, 191]. Осы жағдайдың өзі сыншылдық бағыттағы өлең-толғауларда шынайы көрінісін тапты. Нәтижеде ұлт әдебиетінде соны поэтикалық образдар туды, жаңа бейнелер сомдалды. Ең маңыздысы, мұндай өлең-толғаулар заманның мұң-шерін толғаған ақындардың өз үні ретінде ғана емес, сонымен қатар отаршылдық бұғауындағы жалпы жұрттың ортақ ой-пікірінің, әлеуметтік ахуалдың сипатамасы ретінде де көрініс тапты. Яғни, қоғамдық ойда қалыптасқан қарсылық үні өлеңмен өрілді.

Сөйтіп, отаршылдық қысымын көрген елдің сөз өнерінде бұрынғы өз еркі өзінде, тұрмыс-тіршілігі берекелі кезінің көзден бал-бұл ұшқан шағын қимай торығудан, рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті өткен өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттық танымына, көшпенділік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған және соның қай-қайсысын да ислам дінін діңгек еткен ұлттық танымына сәйкес ақырзамандық құбылыстар ретінде бағалаған сарындар орнықты. Ғылыми әдебиетте діни ұғыммен байланыстырылатын мұндай эсхатологиялық көңіл-күй бұған дейінгі кезеңдердің әдеби үлгілерінде де ұшырасқанымен, дәл отарлық дәуір әдебиетіндегі, әсіресе, зар заман ағымы өкілдерінің шығармаларындағы тәрізді жан-жақты сараланып әрі дараланып, жинақталып, жалпылық сипат ала қойған жоқ-ты.


ІІ. ОТАРЛЫҚ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫ

2.1. Тақырыпқа түсініктеме
ХІХ ғасыр әдебиеті тарихындағы сөз зергерлерінің басты әдеби бағыты отарлық езгіге қарсы туған азаттық танымдарын бейнелейтіндіктен, кейінгі зерттеу еңбектері мен оқулықтарда бұл дәуірдегі сөз өнерін «отарлық дәуірдегі әдебиет» ретінде бағалау басым екендігі ескертілді. Ендігі жерде зерттеу тақырыбының өзегіне айналған «эсхатология» терминінің мәнін ашып көрелік.

Сөздіктерде, ғылыми еңбектерде эсхатологияның ақырзаман туралы діни ілім екендігі түсіндіріледі [10, 434]. Эсхатология (грекше eschatos – соңғы және logos – ілім, сөз) – дүниенің, адам өмірінің баянсыздығы туралы, ақырзаман мен о дүние туралы діни ілім. Аталмыш ұғымның негізіне әлемдік ақиқат дінге ортақ бұл дүниенің пәни, жалған екендігі, о дүниенің бақи екендігі, тозақта күнәһарлардың жазаланатыны және адал құлдардың жұмақта рахатқа кенелетіні туралы діни түсінік алынған.

Исламда иманның негізгі шарттарының бірі о дүниенің барлығына сену болғандықтан, эсхатологиялық ұғымдарды қазақ мұсылмандығы аясында қазақ әдебиетінен, әсіресе зар заман ақындарының шығармаларынан анық көруге болады [11, 97].

Хақ дін ислам дәстүрінде эсхатологиялық ұғымдарды насихаттаудың өзіндік дәстүрі бар. Мәселен, ислам дәстүрінде ақырзаманның болатыны, бұл дүниенің мәңгі емес, бақилық о дүние бар екені айтылады. Бірақ ақырзаманның болатын нақты уақытын кесіп айтпай, оның белгілері туралы, яғни адамзаттың азғындауы жайлы сөз қозғайды.

Ислам дәстүрі аясындағы қазақ діни ғұламалары мен ақындарының шығармаларына назар аударсақ, олар болашақты болжай отырып, ақырзаманды адамдардың мінез-құлқының азғындауымен байланыстыратынын байқаймыз. Тіпті арғысын айтпағанның өзінде, дәл бүгінгі өмірімізде электронды БАҚ арқылы немесе басқа да ақпарат көздерінен ірі апат, көз көріп, құлақ естімеген қылмыс, т.б. жайында естігенде, оны лезде қазақы қисынға сай ақырзаманның таяп қалғандығымен сабақтастыратынымыздың өзі эсхатологиялық түсініктің әрбір мұсылман баласына беймағлұм еместігін көрсеткендей.

Сарын дегенге келсек, ол – ғылыми-теориялық әдебиеттерде мотив деп жүргізілетін қалыптасқан дәстүрлі тақырыптық әуен, оқиға желісіндегі кезең. Бірнеше жазушының шығармасында, әр түрлі әдеби нұсқаларда, әр дәуірдің әдебиетінде белгілі бір сарындар қайталанып келеді. Ұқсас сарындар көп жағдайда өмірдің өзінен туады, оларды халықтардың өмір-тұрмысындағы ұқсас жағдайлардың әдебиеттегі көрінісі деуге лайық. Кейде олар сараланып, іріктеліп, қалыптасқан дәстүрлі сарындар болады [12, 232].

Сонымен, «Отарлық дәуір әдебиетіндегі эсхатологиялық сарын» деген тақырыптың алдына қойылған мақсат-міндеті мынау: зерттеу жұмысымызда ХІХ ғасыр поэзиясындағы сауыр жерден айырылған халықтың жылау күйіне күйінуден, рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан туған және орыс отаршылдығының салдарынан ел мен жердің уыстан шығып, адам мен қоғамның дағдарысқа ұшырауын ақырзаман белгісі ретінде қарастыратын өлең-жырлардың мән-маңызына тоқтала келе, аталмыш поэзиялық туындыларда көрініс тапқан эсхатологиялық сарынның елдікті сақтау, азаттықты аңсау, азғындықты айыптау, т.б. идеяларды таратудан туғандығы зерттеп-зерделенеді. Тақырыптың теориялық негіздемесі ретінде, ең алдымен, ұлы жазушы-ғалым М.Әуезовтің 1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» [13], көрнекті ғалым Х. Сүйіншәлиевтің «ХІХ ғасыр әдебиеті» оқулықтары [14] және профессор Б.Омарұлының «Зар заман әдебиеті» монографиясы (генезис, типология, поэтика) [15] алынды.

Тағы бір мәселе. Идеялық қазығы сонау ежелгі мұраларда, ислам дәуіріндегі әдеби үлгілерде жатқан эсхатологиялық сарын негізінен зар заман ақындарының поэзиясында молырақ көрініс тапқандығы рас; алайда оның белгілері Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір Кердері, Албан Асан сияқты ірі суреткерлердің үркердей тобынан бөлек, өлең өрімі өзгерек Қашаған Күржіманұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сияқты өнер иелерінің шығармаларынан да ұшырасатыны, тіпті, ХХ ғасырда Мағжанда да («Жер жүзін топан басса екен») кездесетіні ескеріліп, тақырып та соған орайластырылды.


2.2. Ұлттық таным мен поэзиядағы ақырзаман көрінісі
Халық қайғысын қалыңдатқан қиын-қыстау кезеңдер қазақта көп болғандығына тарих куә. Әйтсе де, көшпенділер өзінің саяси дербестігінен айрылған ХVIII-ХІХ ғасырлардың сұрқы бөлек. Ендігі жерде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да қиын, одан да ауыр күн туғандай, ұлт әдебиеті де соған орай бағыт алғандай.

М.Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде: «Жырау жырлағанда ел басына келе жатқан жаңа заманның ұлы денесін, нобай суретін сөз қылатын, одан қорқып толғанатын. Олар қазақ жайлаған сахараның бір шетінен шыққан шоқтай қара бұлтты көріп, соның белгісінен шошып, содан келетін бәле қандай екенін болжал, тұспал қылып айтатын.



Соңғы ақындардың заманында сол бұлт бір есептен қазақ даласының үстінен соғып өтті. Сондықтан бұл күннің ақындары баяғыдай шыққан бұлтты сөз қылмай, содан түскен бұршақты, үй жыққан дауылды, мал ықтырған соққынды сөз қылды. Дала жайлаған елдің өмірінде бұлттан түскен қаза менен дерт қандай болды, соларды айтып, күңіренетін болды», – деп жазды [13, 194].

Әйгілі жазушы Ә.Кекілбай қазақ даласының соңғы мыңжылдықта зар заман дәуірін төрт рет бастан кешкенін тұжырымдай отырып, Қорқыт пен Иассауи, Асан қайғы заманынан кейінгі үшінші зар заман ретінде патша отаршылдығы кезеңін атап көрсетеді: «...Қаратау бойында қайтадан ес жиып, өз хандығына ұйысқан қазақтардың төбесіне тағы да қиқу төнді. Тағы да төмпештің астында қап, тағы да басымыз шашылды. Бұл – үшінші Зар заман еді... Дәурені тасқанда көршілерді ықтырып, дәрмені басылғанда бос жатқан қоныстарға ығысып, әйтеуір, кең жүріп, кең тұрғанға үйренген түздіктерге ауып қона салар адыра қоныстар мен бөрікпен басып алар бос белбеу көршілер де қалмады. Өзгенікі түгілі, өз жер, өз суы мұң болды. Атақонысыңның шөлі – сенікі де, көлі – басқанікі, шаңдағы – сенікі де, шалғыны – басқанікі, бетіндегі қылтанақ түгі сенікі де, астындағы алтын қойма қазынасы – басқанікі заман туды... Күллі ұлысыңмен ұлытып жіберетіндей нағыз үлкен Зар заман осы болды» [16]. Сөз зергерінің ой көрігінде құймадай қорытылған дәуір сипаты осындай. Еуропалық зерттеушілер эсхатологиялық пиғылдардың әлеуметтік және саяси дағдарыстар кезінде кеңінен таралатынын дәлелдеген, демек, екінші жағынан, ХІХ ғасырда азаттығынан біржола айрылып, бұрын-соңды көріп-білмеген дәрежедегі саяси-әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған қазақ қоғамында антиутопиялық, ақырзамандық көңіл-күйдің орын алып орнығуы заңды сияқты. Олай болса, ұлттық таным мен поэзиядағы ақырзаман көрінісінің бастау-бұлағы қайда? Эсхатологиялық сарын ежелгі әдеби мұраларда кездесе ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Профессор Б.Омарұлы өзінің «Зар заман әдебиеті» атты монографиясында замананың азғаны мен тозғаны туралы толғамдарды ең әрісі Орхон-Енисей ескерткіштерінен, берісі ислам дәуіріндегі Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани шығармаларынан кездестіруге болатынын мысалдармен дәлелдейді де, ежелгі дәуір әдебиетінен бастау алатын өз ортасына көңілі толмаушылық, заманнан жирену мотиві дами келе отаршылдық кезеңдегі зар заман ағымын қалыптастырған арна екенін атап көрсетеді [15, 72-79]. Осындағы өз ортасына көңілі толмаушылық, заманнан жирену сарыны ақырзаман ұғымымен жалғасып жатыр. Ақырзаман тұжырымы ислам дініне сүйенетін ұлттық танымда бұрыннан-ақ қалыптасқан. Ал ұлттық танымда орныққан түсініктердің әдебиетте де бейнеленетіні екібастан белгілі. Зерттеуші Б.Сағындықұлы: «Ақырзаманның қашан болатындығы жұмбақ болғанымен, оның жақындап келе жатқандығын білдіретін өте үлкен белгілер, нышандар әлмисақтан белгілі» екендігін айтады [17, 36]. Ежелгі дәуірдегі рухани жәдігерлерде көрініс тапқан осы белгі-нышандар бертінгі әдебиеттің идеялық қазығына айналады.

Қазір батыс елдерінде эсхатология діни футурологияның жетекші тақырыптарының бірінен саналады [11, 97]. Футурология (лат. futurum – болашақ, гр. logos – ілім) – адамзаттың болашағы туралы болжам жасауға бағытталған білім саласы десек, діни футурологиядағы болжам ақырзаманмен байланыстырылатыны айқындалады. Оған қазақ әдебиетіндегі болжал өлеңдерді жатқыза аламыз. Ондайда аузымызға әуелі Асан қайғы түседі. Болжал өлеңге мысал болар үзіндіні М.Әуезов зерттеу еңбегіне арқау еткенін көреміз:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып жаман болар:

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тамам болар.

Ол күнде қарындастан қайырым кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер [13, 182].

Осы толғаудан эсхатологиялық сарын айқын аңғарылады. Мұндағы «қилы-қилы заман» – қазақ танымындағы ақырзаман көрінісі. Өйткені, қилы-қилы заман болғанда, заман азады, заң тозады, бейберекеттік орын алады. «Қарағайдың басына шортанның шығуы» жер бетін топан судың басқаны, заманақырдың орнағаны.

Ұлы жазушы-ғалым мұндай қайғылы күйдің Бұқар толғауларынан да кездесетінін айтады. «Бұқардың заманы – ел басына ауыртпалық туған заман... Сондықтан Бұқардың толғауында екі түрлі күй, сарын бар. Біреуі, жоғарыда айтқан шарт, әлеумет қамын сөйлеу, екінші, сол жайды сөйлегенде мұң-зармен, арманмен сөйлеу. Қайғылы пішін, қаралы көңілмен күңіреніп сөйлеу. Бұл сарын көрер көзге бола қолдан жасап алған сарыны емес. Сол заманның дерті улатқан ақынның жүрегінен қайнап шыққан шын жалын, шын қайғы...» [13, 184]. Жыраулар поэзиясы негізінен өрлік пен ерлікке, жауынгерлік рухқа толы болса, ал Бұқар жырларында болашақ заманның сүреңсіз сипатына алаңдаушылық көбірек байқалады. Бұған жыраудың: «Ай, заман-ай, заман-ай, Түсті мынау тұман-ай, Істің бәрі күмән-ай...» деп басталатын толғауы дәлел [18, 84-85]. Ал «Он екі айда жаз келер» деп басталатын толғауында айтылатын болжам одан да сорақы:

...Сол заманың келгенде,

Ата-бабаң қол берген,

Қожаларды қас көрер.

Ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көресің

Ноғайлардың бойлары болар сазандай,

Сәлдесі болар қазандай,

Ахіретке барғанда

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны одан зор тұтқан,

Ноғайларды пір тұтқан,

Тартарсың сонда жазаңды-ай [18, 99].

Мұндай болжамдардың ішінде бәрінен де басымырақ тұратын нәрсе – адамзат баласы ес білгеннен бастап санасына орныққан, әйтеуір түбінде бір болуы мүмкін ақырзаман. Демек, бәрібір болашақта жақсылық жоқ, күндердің күнінде дүниенің бәрі төңкеріліп түседі. Адам баласы құрдымға жетелейтін жолдың үстінде кетіп барады. Болжам өлеңдердің көбіне-көп қолайсыз құбылыстармен, үрейлі үркіншілікпен, кеспірсіз қылықтармен байланыстыруының себебі осыдан [15, 94].



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет