Оқу-Әдiстемелiк кешен



бет11/15
Дата08.09.2017
өлшемі3,21 Mb.
#30171
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Дәріс жоспары:

1. Бұл дәуірде пайда болған философиялық бағыттар

2. Ежелгі заман лингвистикасына тән ортақ сипаттар мен кемшіліктер.

3 Ежелгі Қытай тіл білімі

4 Ежелгі Үнді тіл білімі

5 Ежелгі Грек тіл білімі

6. Рим тіл білімі.

1. Біздің жыл санауымыздан 5-6 мың жылдар бұрынғы египеттіктердің, шумерлердің, т.б. шығыс халықтарының жоғары мәдениетті болғандығын, әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл ғылымы көне ғылымдардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты жазылып сақталған, біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үндістан, Ежелгі Греция елдеріне тән.

Сөйтіп, тіл тарихы дегеніміз тарихи кезеңдерде жалпы тіл туралы, жеке тілдер туралы жинақталған теориялық ілім-білімдердің, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдердің, тілді, адам, қоғам қызметінің әр саласында пайдалану тәжірибесінің жиынтығы болып табылады.

Тіл ғылымы тарихын әр түрлі кезеңдерге бөлушілік бар. Бірақ онда бірізділік жоқ. Дегенмен, шартты түрде болса да, төмендегідей жіктеуді ұсынуға болады. Олар:



  1. Ежелгі дәуір тіл білімі.

  2. Орта ғасыр тіл білімі.

  3. Қайта өркендеу дәуіріндегі тіл білімі.

  4. 19 ғасыр тіл білімі.

  5. 20 ғасыр тіл білімі.

Бұлардың әрқайсысы - өз ішінен тағы да түрлі кезеңдерге бөліне алатын күрделі дәуірлер. Олардың зерттеу нысандары, әдіс-тәсілдері, философиялық негіздері әр түрлі болды. Тіл білімі тарихындағы дәуірлерді анықтау – кезінде үстем болған ілімдерге негізделеді. Көне замандағы классикалық тіл білімінде тілдер жеке-жеке зерттеліп, олардың логика-философиялық мәнін сипаттау талап етілсе, салыстырмалы-тарихи тіл білімінде тілдердің өзара туыстығына мән беріліп, шыққан тегі зерттелетін болды. Жас грамматиктер тілді зерттеуде тарихи және психологизм принциптеріне сүйенсе, структуралистер тілдің құрылым ерекшеліктерін, оны құрайтын элементтердің арақатынасын, бір-бірімен байланысын зерттеуге ерекше мән берді.

  1. Қоғам тарихының көне дәуірі де, жазу мен ғылымның алғашқы бастамалары да Таяу Шығыста, Месопотамия мен байырғы Египетте басталғанымен, олардан қалған тілге байланысты еңбектер біздің заманға жеткен жоқ, сондықтан ежелгі дәуір тіл білімі деген көне Қытай, Үндістан, Грек-Рим заманынан қалған, біздің заманға жеткен жазба нұсқаларға байланысты қаралады. Біз де осы жолмен жүреміз.

Ежелгі дәуір - тіл біліміне қатысты ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейлінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында тіл біліміне тән түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі тіл біліміне қатысты мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған іргетасы деп санаған жөн.

Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі – атау, ат қою теориясы да, екіншісі – грамматикалық өнер (искусство) проблемасы.

Мұның біріншісінде – зат атаулары қалай пайда болған, атаулардың өздері атауы болған заттармен, құбылыстармен, оқиғалармен қандай байланысы бар? Атаулардың дұрыс я теріс қойылуының қандай мәні бар? Дегендерді сөз етушілер – философтар болған және бұл проблеманы олар философияның ең мәнді саласының бірі ретінде қараған. Ғылым тарихында ат қою теориясы деп аталатын бұл сала қытайда да, үнділерде де, герктерде де бір-біріне өте ұқсас бағытта талданып, біртектес шешімге сайып отырған.

Грамматикалық өнер теориясы тілді дұрыс қолданудың ережесін белгілеуді мақсат еткен. Бұл ереже бірде грамматикалық өнер делінсе, енді бірде жазу өнері деп те аталады. Грамматикалық теория жазба ескерткіштер тілдерін зерттеуден туған. Сондықтан ежелгі дәуір тіл білімі, әдетте, филология дәуірі деп те аталады (филология – герк сөзі, мағынасы – сөзді сүю).

Филология - жазба ескерткіштердің тілін, стилін, тарихи жақтарын зерттейтін ілім. Оның дүниеге келуі жазба ескерткіштердің пайда болуымен, оны зерттеу қажеттігінің тууымен тығыз байланысты. Грамматика теориясы көне заман елдерінің әрқайсысында әр түрлі мақсатта және әр түрлі дәрежеде болған.

Бірақ соған қарамастан ежелгі дәуір тіл біліміндегі ой-пікірдің барлығына тән ортақ сипаттар да болды.

Біріншіден, бұл кезеңдегі грамматикалық өнер біраз мәселеде философияға байланысты болған.

Екіншіден, грамматикалық өнер тілдің құрылысын түсіндіруді мақсат етпеген. Тілді дұрыс қолданудың, дұрыс сөйлеудің ережелерін жасауды, жазу тілі мен сөйлеу тілі арасындағы қарым-қатынасты түсіндіруді көздеген. Сондықтан да грамматикалық өнер пікірді дұрыс, әдеби етіп бере білуге үйрететін тәжірибелік ілім деп саналады.

Үшіншіден, филология дәуірінде тілдің морфология, фонетика саласында едәуір істер атқарылғанымен, олар тек тәжірибелік сипатта ғана болған, ал, лексикология, синтаксис мәселелерінің зерттелуі тым мардымсыз.

Төртіншіден, әр елдің филологтары тек өз тұсындағы бір тілге тән нұсқауларды зерттеген. Сондықтан әр түрлі тіл фактілерін салыстыра қарау дегенді олар білмеген.

Бесіншіден, бір елдің тіл біліміндегі ой-пікірдің екінші елге жетуі де нашар болған.


  1. Ежелгі Қытай тіл білімі. Қытай – мәдениеті, ғылыми ой-пікірі ертеде дамыған, дүниежүзілік мәдениетке зор үлес қосқан ежелгі ел. Қытай тіл білімінің тарихы екі мың жылдан астам уақытты қамтиды. Қытай тіл білімі 19 ғасырдың аяғына дейін басқа елдердегі тіл білімінің әсерінсіз өз бетінше дамыған. Тіл ғылымы тарихында өзіндік дәстүр қалыптастырған. Бірақ Қытай тіл білімі әлемдік тіл ғылымына мәнді үлес қосқан жоқ, ұлттық шеңберден шыға алмады. Қытай жазба ескерткіштері біздің заманнан 15 ғасыр бұрын пайда болған. Олар мал сүйектеріне, әсіресе жауырынға жазылып сақталған.

Ат қою теориясы мен грамматикалық өнер теориясы Ежелгі Қытайда да болған. Ат қою теориясын қалыптастырған адам, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 551-479 жылдар арасында өмір сүрген философ ғалым – Конфуций (Кун-Цзы).

Оның ойынша, зат пен оның атауы арасында табиғи байланыс болады. Атау заттың табиғатына сай болуы керек. Бұл – қате тұжырым. Ат қою теориясымен Ежелгі Қытайда грамматикалық өнердің де негізі қаланған. Грамматикалық ілім қытайлардың көне жазуы – иероглифке негізделген. Қытай иероглифі біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының өзінде-ақ белгілі нормаға келтіріліп, уставтық, жартылай уставтық және жылдам жазу делініп үш стильге бөлінген, грамматикаға байланысты пікірлер де осы иероглиф жазуын талдап түсіндіруге негізделген.

Грамматикалық өнер ежелгі дәуірден сақталған діни жазбалар тілін зерттеу негізінде туған. Көне және Ортағасырлық Қытайда тілге байланысты үш түрлі филологиялық мәселеге ерекше көңіл аударылған. Оның бірі – көне сөздердің мағыналарын айқындау, екіншісі – иероглифтің құрылысы мен этимологиясын айқындау, үшіншісі – фонология. Тілдегі дыбыстық өзгешеліктерді айқындауда, тілді зерттеуде қытайлықтардың өзіндік ерекшелігі, дәстүрі болған. Оларда ежелден қалыптасқан ұғым бойынша, тілдегі ең негізгі тұлға – сөз. Сондықтан иероглиф жазуы жеке дыбысты емес, сөзді таңбалайды. Ежелгі Қытай лингвистикасының негізгі міндеті – тілдегі әр сөзге жеке таңба тағайындау, ол таңбалардың мағынасын, оларды қалай оқу, қалай қолдану жолдарын айқындау болған. Ол үшін таңбалар сөздігі жасалған. Біздің заманға жеткен сондай сөздіктердің бірі және қытайлар үшін ең беделдісі – қытайша «Эрья» деп аталатын сөздік. Біздің заманға дейінгі 3-2 ғасыр шамасында жасалған бұл сөздік бұрыннан сақталған діни жазбаның сөздерін – иероглифін түсіндіруге арналса керек. Ол жазбалардың сөздері – киелі, жоғары стилді, канондық сөздер деп саналған. Сөздікте оның иероглифін талдау, жүйелеу, оларды оқудың, түсінудің ережелері берілген. Сөздікті грамматикалық еңбектер қатарына жатқызуға себепші болатын да сол ережелер.

Кейінгі кездерде «Эрья» сөздігіне еліктеп, оның сырын аша түсуге арналған тағы да бірнеше сөздік жасалған. Біздің заманымыздың басында «Фан янь» («жергілікті сөз») деп аталатын диалектизмдер сөздігі жасалған. Біздің заманымыздың 121 ж. жасалған «Шо вянь» («Жазулар түсініктемесі») сөздігінде 10 мыңға жуық иероглиф қамтылған, бұл әлемдегі бірінші толық түсіндірме сөздік болып табылады. Олардың барлығы да Қытайдың иероглифін талдауға, олардың этимологиясын, мағынасын ашуға арналған. Сол себепті бұл сөздіктерді кейде иероглифтік грамматика деп те атайды.

Қытай тілінің даралық сипатына байланысты грамматика жете дамымаған. Иероглифтік грамматикаларда морфема, сөз мағынасы, этимология мәселесі болмаса, қалыпты грамматикалық әдебиеттердегідей грамматикалық категория мәселелері сөз болмаған. Қытай лингвистикасының өзіндік ерекшелігі, өзіндік дәстүрі де осында.

Қытай тіл білімі көрші жатқан Корея, Жапония, Вьетнам, 11-13 ғасырларда Таңғұт тіл білімдеріне зор ықпал еткен.



4. Ежелгі Үнді тіл білімі. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы 5 ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелілігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үнді тіл білімі бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған «Веда» деп аталатын жазба ескерткіштері болған. Олардың ең көне түрі «Ригведа» көне үнді тілі санскритке жатады. Санскрит – сол кездегі брахмандардың, ғалымдар мен шайырлардың өңделген, қолданылуы заңдастырылып қағидаға айналған, нормативті әдеби тілі. Ол халықтың ауызекі сөйлеу тілі пракритке қарама-қарсы қойылып зерттелген. Біздің дәуір алдындағы 6 ғасырларда белгілі болған бұл ескерткіштер жинағын үнділер қасиетті, киелі деп санаған және қазірде де солай санаушылық бар көрінеді. Бұл «киелі» жырлар тілінде сол уақыттағы үнділерге мағынасы түсініксіз көптеген сөздер, сөйлемшелер болған. Соларды айқындау және «Веда» тілін сөйлеу тілі әсерінен қорғау, оның айтылу мәнерін, беретін түсінігін өзгеріссіз сақтау мақсатымен «Веданың» тілін зерттеген. Бұл зерттеу төрт түрлі бағытта жүргізілген: а)дыбыстық жүйесі мен айтылу мәнерін, яғни фонетикасы мен орфоэпиясын зерттеу; ә) жырдың құрылысы мен өлең өлшемдерін зерттеу; б) грамматикасын зерттеу; в) жеке сөздердің тіркесін және оның мән-мағынасын, яғни лексикасы мен этимологиясын зерттеу. Ежелгі Үндістандағы тіл білімі, негізінде, осы төрт бағытта дамыған. Бірақ бұлардың даму тарихы, зерттелу дәрежесі біркелкі болмаған. Өз кезі үшін айтарлықтай жақсы, жан-жақты зерттелген мәселелер қатарына ғалымдар фонетика мен морфологияны жатқызады. Бұлар жөніндегі зерттеулер үнділердің атақты лингвисі Яски мен Панини жазған еңбектер арқылы біздің заманға жеткен. Яски біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда өмір сүрген. Ол - «Веда» тілінің бес томдық сөздігін жасап, түсінік берген адам.

Панинидің біздің дәуірге дейінгі 6 ғасыр шамасында жазған «Аштадхьян» (грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі) деген еңбегінде төрт мыңдай грамматикалық ереже берілген. Бұл еңбегінде Панини «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, көне әдеби тілінің және «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, сөзжасам, сөз өзгерту жолдарын жан-жақты зерттеген. Зерттеушілердің айтуынша, Панини еңбегі - тіл білімі тарихындағы біздің дәуірге жеткен тұңғыш сипаттама грамматика. Ол санскрит тілінің грамматикасы деп те аталады. Мұнда сөздерді тапқа, түбірге, түрлі қосымшаларға бөлу, жұрнақ, жалғау, префикс дегендердің бәрі де бар. Панини грамматикасы ережелерінің дәлдігіне, зерттеулерінің терең және жан-жақтылығына қарап, бірсыпыра ғылымдар Үндістанда тіл білімі Паниниге дейін де даму басқышынан өткен, бірнеше грамматикалық еңбек жазылған болу керек деп жорамалдайды. Бірақ ондай еңбектердің болған-болмағаны ғылымда әзірше белгісіз.

Үнділер тілдегі барлық сөздерді есім, етістік, предлог, демеулік деп төрт топқа бөлген де, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттаған. Етістіктің шаққа бөлінуі, есімдерге жеті түрлі септік жалғаудың барлығы, т.б. көптеген грамматикалық мәселелер өте дәлдікпен шешілген.

Үнділер синтаксис мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеген.

Ежелгі Үнді тіл білімінде морфологиядан кейінгі мол зерттелген сала - фонетика. Фонетика ежелгі заман тіл білімінің ешқайсысында Үндістандағыдай зерттеудің жоғарғы сатысына көтеріле алмаған. Дыбыстардың физиологиялық сипаттары, сөйлеу органдарының тіл дыбыстарын жасаудағы артикуляциясы, дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып кездесетіндіктері, олардың себептері жан-жақты және дұрыс сөз етілген.

Үнді тіл білімінің тарихын сөз ете келіп, В. Томсен: «Үндістан тіл білімінің көтерілген биігі ерекше. Бұл биікке, көп нәрсені үнділерден үйрене тұрса да, еуропалық тіл білімі 19 ғасырға дейін көтеріле алмады», - деп жазды.

Ал, И.А. Бодуэн де Куртенэ «19 ғасырдағы тіл ғылымы немесе лингвистика» деген еңбегінде: «Егер де үнді грамматистерінің 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бас кезіндегі Еуропа зерттеушілерінің ақыл-ойына тигізген орасан зор әсері болмаса, салыстырмалы грамматиканың, тіпті Еуропа мен Америка топырағында пайда болған тіл ғылымының гүлдеп дамуы болмаған болар еді», - дейді.

Шынында да, үнділер тіл білімінің дамуына елелі үлес қосқан. Тіл фактілерін зерттеуде олар синтетикалық тәсілді де қолданған. Сол арқылы тідік элементтердің өзара ұқсастығын және бір-бірінен өзгешеліктерін айқындаған.

Кейінгі дәуірлерде Үндістанда Панини грамматикасының мән-мағынасын талдап түсіндірген, оның жолын ұстанған бірнеше лингвист ғалымдар болған.

Эдинбург университетінің прфессоры Джон Лайонз 1978 жылы орыс тілінде жарияланған «Теориялық лингвистикаға кіріспе» деп аталған еңбегінде Панинидан кейін Үндістанда он шақты грамматикалық бағыт болған. Бізге олардан көне үнді грамматикасын зерттеген мыңға жуық еңбек жетті. Олардың көпшілігі Панини дәстүрін қолдаған деп жазды.



5. Ежелгі Грек тіл білімі. Ежелгі дәуір тіл білімінің тағы бір отаны - Ежелгі Греция. Грецияда туған тіл біліміндегі ой-пікір бүкіл Еуропа тіл ғылымының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. Ф. Энгельстің: «Греция мен Рим қалаған негіз болмаса, қазіргі Еуропа да болмас еді» деген сөзін тіл біліміне байланысты да айтуға болады. Тіл мәселелеріне байланысты бұл елден біздің дәуірге жеткен жазба материалдар жыл санауымыздан бұрынғы 5 ғасыр жыл санауымызға дейінгі 5 ғасыр шамасынан басталады.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, Грек тіл білімі Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» жырының тілін зерттеуден басталыпты. Көне заманнан сақталған бұл дастан тілінің көп жері гректердің сөйлеу тілінен мейлінше алыстап, оларға түсініксіз бола бастаған да, герк ойшылдары соны зерттеу, айқындау істерімен шұғылданған. Бұл жағынан алғанда, Үнді тіл білімі мен Грек тіл білімін туғызған себеп бірдей.

Әдетте, Грек тіл білімін екі кезеңге бөліп қараушылық бар. Оның бірі – философиялық кезең, екіншісі – филологиялық кезең деп аталады. Бірінші кезең біздің дәуіріге дейінгі 5-3 ғасырлар арасын қамтиды. Бұл – Грек тіл білімі қалыптасуының алғашқы кезеңі. Мұны қалыптастырушылар философтар болған. Олар тіл мәселелерін лингвистикалық тұрғыда емес, философия тұрғысынан сөз еткен, философияға тәуелді, соның ажырамайтын бір саласы деп есептеген жөн деп нақтылы тілдік фактілерге сүйенбей, абстракты болжаулар, философиялық тұжырымдар жасаумен шұғылданған. Бұл бағыт Грек тарихында эллинизм деп аталатын дәуірге дейін сақталады.

Ежелгі Грек философтарының тілге қатысты мәселелерден ерекше сөз еткендері – атаудың табиғаты, зат пен оның атауы арасында қандай байланыс болатыны, тілдің қайдан, қалай пайда болғаны және тілдің грамматикасы мен логика арасындағы қарым-қатынас жөніндегі мәселелер.

Заттың өз атауына қатысы жөніндегі мәселе Ежелгі Грецияда бірнеше ғасырға сөзылған және Грек философтарын екі топқа бөлген аса күрделі мәселе болған. Олардың Героклит бастаған бір тобы – атау зат тың табиғатына сәйкес жаратылыстан берілген, сөз табиғат туындысы десе, Демокрит бастаған екінші тобы оған қарсы – зат пен оның атауы арасында табиғи байланыс болмайды, ол екеуінің арасындағы байланыс – шартты, кездейсоқ байланыс деген тұжырым жасайды.

Грек философтары арасында болған бұл айтыс Платонның «Кратил» деп аталатын диалогы арқылы біздің дәуірге жетті. Демокрит атаулардың жаратылыстан берілген табиғи еместігіне төрт түрлі дәлел айтады. Олар тілдерде бір затты әр түрлі атаумен білдіретін синоним және атауы біркелкі бола тұра әр түрлі мағынаны білдіретін омоним сөздердің болуы, сондай-ақ, көптеген заттардың тілдік атауларының болмауы немесе зат атауларының кейде өзгеріп кететіні – осылардың барлығы атаудың зат табиғатына тән еместігін білдіреді деген дұрыс қорытынды жасайды.

Ежелгі Грек философтарының тілге байланысты сөз еткен екінші проблемасы – тілдің шығуы жөніндегі мәселе. Бұл мәселеде де олар дұрыс шешімге келе алған жоқ. Олардың бір тобы тілді дыбысқа еліктеуден шыққан десе, екінші бір тобы ертедегі адамдардың өзара келісуінен барып шыққан дегенді айтады. Тіл білімінде мұның алғашқысын дыбысқа еліктеу теориясы десе, соңғысы келісім теориясы деп аталады. Бұл екі тұжырымның екеуінің де ғылыми негізі жоқ.

Грек ғалымдары көтерген тағы бір проблема – грамматикалық мәселелері. Грамматиканы да алғашында философия, әсіресе логика ғылымына тәуелді, соның бір саласы ретінде, логикалық категориялардың көрсеткіші ретінде ғана қараған. Бұл саладағы алғашқы пікір Платон мен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Платон тілдегі сөздерді есім, етістік деп екі топқа бөлсе, Аристотель алдыңғы екеуінің үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа бөледі. Аристотель – грамматика мен логика арасындағы қарым-қатысты алғаш сөз еткен ғалым. Оның логика мен поэтика жөніндегі ілімі кейінгі заман оқымыстыларына да күшті ықпал жасады. Аристотель логиканы ұғым, байымдау сияқты категорияларды зерттейтін ғылым деп анықтайды да, сөз табы деген – сөйлемнің элементтері, ал, сөйлем – есім мен етістіктің байланысы, бұл екі категория арасында елеулі өзгешеліктер бар: етістік шақты білдіреді, предикативтік қызмет атқарады, ал, есім септеледі, сөйлемде субъектілік қызмет атқарады дейді. Бірақ Платон да, Аристотель де сөздерді тапқа бөлгенде, біздің қазіргі түсінігіміздей тілдік категория ретінде емес, логикалық категория ретінде қарайды. Есім мен етістік – байымдаудың мүшелері, бұлардан басқа сөздер осы екеуінің төңірегінде топталып, жалғауыштық қызметтер атқарады деп түсіндіреді. Соған қарамастан Аристотельдің лингвистикалық көзқарастары бұл ғылымның кейінгі замандардағы дамуына зор әсерін тигізді. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген грамматикалық категориялардың, терминдердің көпшілігі сол Аристотельден қалған.

Бұл елдегі тіл ғылымы өз дамуының ең биігіне Греция тарихында эллинизм деп аталатын дәуірде көтерілді. (Бұл - жыл санауымызға дейінгі 3 ғасыр мен біздің дәуірдің 4 ғасыры арасы). Тіл білімі тарихында грамматистердің Александрия мектебі деп аталатын бағыт та осы дәуірде қалыптасқан. Бұл кезең Грек тіл білімі тарихында филология дәуірі деп аталады. Оның басты бір ерекшелігі – грамматикалық ілімнің философияның, логиканың ықпалынан босанып, өз алдына дербес пән ретінде қаралуы еді. Грамматистердің Александриялық мектебін қалыптастырып, грамматика ілімін дамытушылар: Аристрах Самофракийский (б.з.д. 200-150 ж.), оның шәкірттері Дионисий Фракийский, Аполлоний Дискол (біздің заманымыздың 2 ғасыры) болды. Аристрах тілдегі сөздерді есім, етістік, есімше, член (артикль), есімдік, предлог, үстеу, жалғаулық деп сегіз топқа бөлген. Дионисий Фракийский негізгі сөз таптарының көптеген грамматикалық категорияларын, Аполлоний Дискол синтаксис мәселелерін зерттейді. Дегенмен, Ежелгі Грецияда морфологияға қарағанда синтаксис, фонетика, лексикология аз зерттелген.

Бұл дәуірдегі жазба ескерткіштерді жинау, зерттеу ісімен ерекше шұғылданған. Ежелгі Грек дәірінен келе жатқан зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынас жөніндегі талас бұл кезеңде де болды. Бірақ бұл кездегі талас тілде белгілі бір заңдылық деген бола ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде болды. Оны бар деушілер аналогистер, жоқ деушілер аномалистер деп аталады.

Аномалистер (Ктатес Малос) зат пен оның атауы және грамматикалық категориялар мен логикалық категориялар арасында ұқсастық, заңдылық жоқ десе, аналогистер (Аристрах Самофракийский) тілде аналогияның рөлі ерекше, тілдік элементтерде аналогия жолымен бірыңғай, біркелкі болу тенденциясы күшті болады, тілдегінің барлығы да белгілі заңдылыққа бағынады деді.

Тіл білімі тарихында елеулі мәні барлығына қарамастан, Ежелгі Грек тіл ғылымының әлсіз жақтары да мол болған. Тіл мәселелері алғашқыда философия, логика ғылымдарына тәуелді, соның бір саласы ретінде қаралғандықтан, тілдік категорияларды логикалық категориялармен теңестіріп қарау, алдыңғысын соңғысының мүддесіне бағынышты ету әрекеті кейінгі заманға дейін арылмай келді. Тілдік категорияның өзгеріп, дамып отыратын тарихи құбылыс екеніне гректер де жете мән бермеді. Оның үстіне гректер өз тілінен басқа тілдерді зерттемеді. Сондықтан олардың зерттеулері бір ғана тіл фактілеріне негізделеді. Бұл – олардың лингвистикалық мәліметтерінің өсуіне, жалпы тілдік теориялық терең тұжырымдар жасауларына мүмкіндік бермеді.



6. Рим тіл білімі. Грецияны жаулап алған римдіктер тіл білімін дамытуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Олар Александрия грамматистерінің ілімін өз тіліне сәйкестендіріп қолданудан аса қойған жоқ. Рим грамматистері ішіндегі ең көрнектісі – Варрон (жыл санауымызға дейінгі 1 ғасырда өмір сүрген), кейінірек Доната (4 ғасырда) болды. Бұлар латын тілі грамматикасын жазды.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1. Тіл білімінің дамуын шартты түрде неше кезеңге бөледі

2. Ежелгі Қытай тіл білімі

3. Ежелгі үнді тіл білімі

4. Ежелгі грек тіл білімі

5. Ежелгі рим тіл білімі


10 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ОРТА ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ

Дәріс жоспары:

1. Орта ғасыр дәуірінің ерекшеліктері.

2. Әлемдік діндердің, канондық тілдердің пайда болуы, тіл біліміне тигізген әсері.

3. Араб тіл білімі.

1. Орта ғасыр – адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір. Еропа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөлуге болады: а) 3-5 ғасырлар арасы. Бұл – құлдық дәуірдің ыдырап, феодалдық қоғамның құрыла бастаған кезеңі; ә) 6-10 ғасырлар аралығы. Бұл – феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы; б) 11-16 ғасырлар аралығы. Бұл - феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта қайта өркендеу дәуірі (ренессанс) деп аталатын кезең.

Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің әлемдік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.

2. Дүниежүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүннет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Жергілікті халықтар ол тілде жазылған аят-хадистардың мағынасын, тілін түсінбесе де жатқа біліп, құдайға құлшылық ететін дұға ретінде айтуға міндетті болды. Бұл тіл – тіл ғылымында канондық тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен қатар канондық тілді де қолданды. Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халықтың өз ана тілі, сөйлеу тілі – теріс тіл, пендешілік тілі деп есептелді. Жазба тіл, әдеби тіл канондық тіл болып саналады. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Араб тілі оқу пәні болды. Оны молдалар, дін иелері оқытты. Оқытудың I-сатысында әліпби, екінші сатысында иманшарт, үшінші сатысында әптиек, одан кейін құран оқытылды. Еуропа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылыми тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқытылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жеке тідер грамматикасы латын тілі грамматикасы негізінде сөз болып, соның үлгісіне түсірілді. Латын тілі грамматикасы барлық тілдерге бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ құрал деп есептелінді. Солай бола тұрса да орта ғасырдағы грамматикалық ой-пікірдің бір мәнді жағы бар: ол кейінгі заманғы жалпы тіл ғылымының сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Әлем халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізді. «Қайта өркендеу дәуірінің» өзі де орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын. Сондықтан кейбір мәселеде кертартпалығына, діни қарсылықтарына қарамастан, орта ғасырды прогресс үшін, ғылым үшін құралақан болды деу жөн емес.

Зерттеудің өзіндік жаңа жүйесін жасай алмағандарымен, қолтума еңбектер бермегендерімен, филологиялық, грамматикалық мәселелермен орта ғасырда шұғылданушылар да аз болған жоқ. Олардың баса назар аударған бір мәселесі – көне канондық жазбалар тілінің өзіндік нормасын өзгеріссіз сақтау, кейінгі заман жазба тілін көне канондық тілмен үйлестіру, олардың арасындағы алалықтарды бір ізге салу сияқты нормалаушылық жұмыстар болды. Бұл жұмыстарында олар антикалық қоғам қалдырған грамматикалық, поэтикалық, риторикалық, логикалық тұжырымдарға сүйенді, соларды басшылыққа алды.

Канондық жазбалармен қатар біраз елдерде жазба жұмысы мен әдебиет едәуір дамыды. Жергілікті тілдерді зерттеу, нормалау, оларлың грамматикаларын жазу талабы күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, 7-15 ғасырлар аралығында иран, исланд, француз, испан, итальян, түркі, ағылшын т.б. тілдердің грамматикалары жарық көрді.

Грамматика мәселелерімен қатар ежелгі дәірден келе жатқан зат атауларының табиғаты жөніндегі мәселе де ескерусіз қалмады. Оны сөз етушілер бұл дәуірде де екі топқа бөлінді. Оның бірі – реалистер, екіншісі - номиналистер деп аталады. Реалистер заттар жөніндегі жалпы ұғым – ақиқат, ол алғашқы, зат соңғы деген идеалистік бағытты ұсынды. Номиналистер керісінше, зат болмаса, ол туралы ұғым да болмайды, сондықтан ақиқат нәрсе – зат, ол алғашқы, ал, зат туралы ұғым соңғы деген материалистік бағытты уағыздады.



2. Араб тіл білімі. Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары 4 ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі рөл атқарды. Ортағасырлық арабтарда тіл білімінің ерекше дамыған кезі – Халипат дәуірі деп аталатын 7-12 ғасырлар шамасы. Тілдің грамматикалық жүйесін сипаттауда араб тіл ғалымдары бір-біріне байланысты үш түрлі мәселенің сырын ашуды көздеді. Олар – сөз таптары мен сөйлем синтаксисін зерттейтін Нахв,сөздердің сөйлемдегі орын жағынан түрленісін, мағыналық құбылыстарын зерттейтін Сарф,сөйлеу прцесінде болатын дыбыстардың фонетикалық құбылыстарын, жалпы дыбыс жүйесін зерттейтін Таджив деп аталатын бөлімдер. Арабтар Үнді, Грек тіл ғылымы табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешеліктерді айқындайды. Дыбыстың физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөлді. Кейбір ғалымдар (Сибавейхи) жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде (көрнекті өкілі - Сибавейхи), әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотельге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөлді. Араб тіл білімінде өзіндік тың жол салған, соны пікірлер айтқан.

Араб тіл ғалымдарының тілдің грамматикалық жүйесін зерттеу тәсілдері дле, грамматикалық терминдері де бұрынғылардан өзгеше болды, өзіндік дәстүр қалыптастырды. Арабтар киелі, қасиетті, канондық тіл деп саналатын құран тілінің нормасын зерттеудің өзінде де, көп жағдайда, сөйлеу тілі нормасына сүйенеді, соны зерттеді. Бұл - Ежелгі дәуір тіл ғылымының ешқайсысында да кездеспеген жаңалық. Араб тілі грамматикасын зерттеудің дәстүрін, өзіндік жүйесін қалыптастыруда Сибавейхидің 796 жылы жазған «Әл-китаб» деп аталатын еңбегі шешуші рөл атқарған. Араб тіл ғалымдары қалыптастырған біртұтас зерттеу жүйесі кейінгі замандарда туған Еврей тіл ғылымына да елеулі әсерін тигізген.

Араб оқымыстыларының ерекше көңіл бөлген және зор табысқа жеткен саласы - лексикография көрінеді. Арабтың бір ғана әл-Фирузабади деген лингвисі «Хомус» (мухит) атты 60 томдық сөздік жасапты.

Араб тіл ғалымдары ғылым тарихында бірінші болып, әр түрлі тілдер материалын бір-біріне салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін қолданған. Осы тәсілді қолдана отырып, олар түркі, моңғол, парсы тідерін зерттеп, олардың салыстырма сөздіктерін, шағын көлемді грамматикалық еңбектерін жазған. Осындай еңбектердің ғылымда белгілі ең көнесі және ең толығы түркі халқынан шыққан, арабияда оқып білім алғандықтан, араб ғалымы деп аталып кеткен Махмуд Қашқари жасаған «Түркі тілдерінің сөздігі» (Девону лугат-ит-түрк). Бұл сөздік 1073-1074 жылдары жазылған. Сөздікте сол дәуірдегі түркі тайпаларының көпшілігінің тілдік материалдары қамтылған және ол тайпалар тілдерінің өзара бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері тілдік материалдарды салыстыра қарау арқылы айқындалған. Бұл – түркі тілдері жөніндегі ең тұңғыш, ең көлемді және ең терең мәнді ғылыми еңбек. Сонымен қатар, бұл сөздік – тіл ғылымы тарихында әр түрлі тілдер фактілерін бір-біріне салыстыра зерттеу әдісімен жазылған тұңғыш еңбек. Мұның түркі тілдері үшін мәні ерекше.

Араб тілді ғалымдар Махмуд Қашқари сөздігінен кейін де бірсыпыра сөздіктер, грамматикалық еңбектер жазып қалдырған. Олар туралы түркітану мәселелерін сөз ететін еңбектерден мол мәлімет алуға болады.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1. Орта ғасырлық тіл білімінің ескерткіштері

2. Араб тіл білімі

3. Қайта өркендеу дәуіріндегі тіл білімі


11 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ХІХ ғасыр тіл білімі

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет