Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1. Ғылымның жіктелу түрлері
2. Ғылымдар байланысының себептері
3 Тіл білімі және философия
4 Тіл білімі және логика
5.Тіл білімі және психология
6.Тіл білімі және физиология, физика, медицина
7.Тіл білімі және әдебиеттану ғылымы
8.Тіл білімі және тарих, этнография, археология
9.Тіл білімі және география
10.Тіл білімі және кибернетика
11.Тіл білімі және семиотика.
№3 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ТІЛДІҢ ӨЗІНДІК СИПАТТАРЫ
Дәріс жоспары::
1. Тіл теориясы
2. Тілдің анықтамасы
3. Тілдің мәні, құрылымы мен функциясы
4 Тіл және сөйлеу
1. Тіл теориясы – тілді я тілдерді зерттеуден туатын ғылыми тұжырым.Сөйлеу тілі – сан – салалы, өте күрделі құбылыс.Ол біртұтас болғанымен, өз ішінен әр түрлі ұсақ бөлшектерге бөлінеді, ол бөлшектер бір – бірімен ажырамас бірлікте, шартты қатынаста бола тұра, екінші жағынан, бір – біріне қайшы сипатта болады.Сондықтан дыбыс тілінің барлық саласын бір шеңберге сыйғызып, бір ғана амал – тәсілмен зерттеу мүмкін емес.Тіпті тілдің жеке бір ғылым өрісіне сыймай, ғылымдараралық нысан болып келетін тарау – тармақтары да аз емес.Тіл адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын болғандықтан, ол жеке адамдардың сөйлеу әрекетімен, ой – санамен, қоғаммен тығыз байланысты.Тіл ғылымының даму тарихында болған және болып келе жатқан социологиялық, этнографиялық, психологиялық, семиотикалық, математикалық тіл білімдері және менталингвистика деп аталатын күрделі терминдердің барлығы да ортақ нысанды бірлесе зерттейтін екі түрлі ғылым атаулары.Тіл ғылымының бұл салалары – бұрын да, қазіргі заман тіл білімінде де зор беделге ие болып келе жатқан негізгі проблемалар.
Теориялық тіл білімінің бұдан басқа нысандары да аз емес.Солардың ішінде күрделі, өзекті проблемалар: дыбыс тілінің табиғаты мен өзіндік мәні (тіл білімі тарихында бұрын – соңды болған әр түрлі лингвистикалық мектептердің, бағыт бағдарлардың барлығы да осы мәселенің қалай шешілуіне қарай аталып жіктелген); тілдің функциясы, ол функцияның қандай жолдармен іске асатынын айқындау; тілдің тіршілігі, оның қоғаммен, ой – санамен қарым – қатынасы; тілдің құрылымы, оның қандай элементтерден тұратыны, элементтердің бір – бірімен арақатынасы; тілдік элементтерде болатын өзгеріс – құбылыстар, тілдің дамуы, оның ішкі – сыртқы себептері; тілдің диалектілік және әлеуметтік салалары, т.б.
Тіл білімінің негізгі пәндерін, өзекті проблемаларын, олардың арақатынастарын айқындау мәселесі де даусыз, бірден айқындалған жоқ.Бұл тақырып төңірегінде күні бүгінге дейін пікір таластары толастамай келеді, яғни ғылым нысаны деген мәселе де теориялық тіл білімінің басты проблемасының бірі.Өйткені қандай ғылым болса да нысанды айқындаудан басталады, нысансыз ғылым болмайды.Ғылыми тұжырым нысанды зерттеуден туады.Зерттеу белгілі тәсілдер, амалдар арқылы жүргізіледі.Ондай тәсілдер зерттеу әдісі деп аталады.Ғылым үшін нысан қандай қажет болса, зерттеу әдісі мен әдістеме де сондай қажет.Теориялық тіл білімі үшін өзіндік зерттеу әдісі мен әдістемені айқындап, қалыптастыру да өзекті проблемалардың бірі.Тіл білімі құрамына түрлі ағымдар, лингвистикалық мектептер енеді.Айтыс – тартыстардың, түрлі көзқарастардың, қайшылықтардың барлығына қарамастан, тіл білімі солардың жиынтығы болып есептеледі.
Қазақ тілі деген сөзді екі мағынада – анатомиялық атау және сөйлеу, дыбыстау мағынасында қолданады.Тіл білімінде бұл сөз соңғы мағынаға ие.
Дыбыс тілі дегеніміз? Деген сұрауға тіл білімі тарихында берілген жауап көп.Оған анықтама бергенде біреулер тілге тән белгілерінің бірін басшылыққа алса, енді біреулер екіншісін басшылыққа алады.Оның үстіне анықтама беруде тілдің қандай белгісін басшылыққа алу – анықтама берушілердің философиялық көзқарастарына, тілдің өзіндік мәнін түсіндірулеріне де байланысты.Тіл білімі тарихында болған әр түрлі лингвистикалық мектептердің, әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың тілге анықтамалары көп жағдайда бір – бірімен өте жақын, ұқсас бола тұра сол анықтамалардың мәнін талдап ашқан шақта, бір – бірінен мейлінше алшақтап кететіні де бар.
Тілдік теорияны қалыптастыруда тілге берілген анықтаманың шешуші мәні бар.Тілдің табиғатын, мәнін айқындау – көп жағдайда соған да байланысты.
2. Дыбыс тілін анықтауда оған – тіл дегеніміз не? Деген бір сұрау қою да, бұл сұрауға бір сөйлеммен жауап беруді талап ету де дұрыс бола қоймайды.Өйткені дыбыс тілінің өзіндік сипаттары бір сұраудың да, бір сөйлемнен құралған анықтаманың да шеңберіне сыймайды.Әңгіменің түйіні дыбыс тілінің несін, қай сипатын айқындағымыз келетіндігінде.Егер дыбыс тілін қоғамдағы қызметі жағынан айқындағымыз келсе, оған – дыбыс тілі дегеніміз – «адамдардың бір – бірімен қатынас жасайтын құралы» деп, егер дыбыс тілінің ой – санамен қарым – қатынасын айқындағымыз келсе, «ойды қалыптастырып, жарыққа шығаратын құрал, ойлау құралы, ақиқат, шын сана» деген анықтама береміз.Дыбыс тілін құрылымдық, материалдық жағынан айқындағымыз келсе, «қатынас жасауға қажетті элементтердің, ереже, үлгілердің жиынтығы», қоғам өміріндегі рөлін, алатын орнын байқатқымыз келсе, «қоғамның күресі мен дамуының құралы, мәдени өмір формаларының ең негізгілерінің бірі» деп атаймыз, т.б. Бұл тәріздес анықтамалар тіл ғылымы тарихында орасан көп, кейбір ғалымдар екі жүзге тарта анықтама бар дегенді айтады.
Олардың ішінде ең негізісі тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы дейтін жалпы анықтама.Басқа анықтамалар тілдің жеке сипаттарын ашуға арналған, сондықтан олар тілге жалпы анықтама бола алмайды.Жалпы анықтамада тілдің коммуникативтік қызметі де, экспрессивтік қызметі де ескеріледі. Коммуникативтік қызметі жағынан алғанда, «Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы» (В.И.Ленин), ал эксприссивтік қызметі жағынан алғанда, «тіл – ойдың тікелей шындығы... практикалық шын сана, ойды қалыптастырып жарыққа шығарушы құрал» (К.Маркс).Тілдің бұл екі функциясы айрылмастық бірлікте, бірінсіз бірі жоқ.
Тілдің қатынас құралы болу қызметі коммуникативтік деп аталса, оның ойды қалыптастыру, жарыққа шығару, адамның психикалық күйін, жан сезімін, ішкі толғанысын білдіру қызметі эксприссивтік деп аталады.
Қатынас құралы болу – тілдің ең маңызды қызметі.Тілдің басқа қызметтерінің барлығы да осы негізгі қызметке тәуелді. Тілдің ең кіші бөлшегі фонемадан бастап, ең күрделісі сөйлемге дейінгі барлық элементтері де бір ғана қажеттіктен, қатынас жасау қажетінен туған және осы мақсатқа қызмет ету процесінде бірте – бірте жетіліп, жаңарып отырған.Тілдің мән – мағынасы, қасиеті, өзіндік сипаты – оның коммуникативтік қызметінде. Тілдің ойлаумен, қоғам өмірімен қарым – қатынасын да, өзіндік даму заңдылығын да оның осы қызметінен іздеу керек.Егер тіл адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқарып тұрса, ол тірі тіл делінеді де, осындай қызмет атқарудан қалса, өлі тіл деп аталады.
Тілге оның сипатына, құрылымына қарай беріліп жүрген анықтамалар ішінде тілді таңбалар жүйесі, семиотикалық жүйе дейтін анықтама да бар.Тұтас алғанда тіл таңбалар жүйесі, семиотикалық жүйе емес, өйткені семиотикалық таңбалар – бір жақты, тек материалдық қана белгі.Ал, тілдік тұлғалар екі жақты: материалдық көрсеткіш пен мағына бірлігінен тұрады.Сондықтан ол семиотикалық таңбалардан бөлек, онда тек таңбалық кейбір сипат қана бар.
3. Тілдің табиғаты дегенге оның қандай құбылыстар қатарына – қоғамдық, табиғи, психофизикалық екені жатады.Тіл білімі тарихында натуралистік мектеп деп аталатын бағыттағы ғалымдар тілді биологиялық құбылыс – демалу, қоректену, жүріп – тұру сияқты адам организміне тән, жаратылыстан берілген биологиялық қасиет деп саналады.Бұлай болғанда тіл атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа беріліп отырылуы керек.Бірақ өмір тәжірибесі тілдің тұқым қуалайтын биологиялық қасиет емес екндігін, тілді адам баласы өмірден, өзін қоршаған қауымнан үйренетіндігін көрсетеді.Қандай халыққа, қандай нәсілге жататындығына қарамастан, жас баланың өзін қоршаған қауым қай тілде сөйлесе, сол тілде сөйлеп кететіндігі тілдің биологиялық құбылыс еместігін білдіреді.
Сондай – ақ, тіл жеке адамның рухани қасиетіне тән психикалық құбылыс та емес.Олай болғанда, әр адамның тілі әр басқа болар еді де, халықтық, ұлттық тіл деген болмас еді.Сонымен, тіл – биологиялық та, психикалық та құбылыс емес, әлеуметтік құбылыс.
Тілдің шығуы туралы ежелгі Грецияда туған, 17-18 ғасыр ойшылдары тарапынан қолдау тапқан келісім теориясының өзі де, белгілі шамада тілдің әлеуметтік сипатын мойындағандық. «Тіл - қоғамдық» деген тезисті ұсынбағанмен, тілдің қоғам өмірімен байланыстылығы, қоғамдағы орны, рөлі деген мәселелермен 19 ғасырда өмір сүрген көрнекті тіл ғалымдарының көпшілігі – ақ айналысты.Я.Гримм, В.Гумбольдт еңбектері кейініректе туған лингвистикалық мектептердің тілдің әлеуметтік сипатына ерекше мән берулеріне түрткі болды.Бұл мәселеге Н.Я.Марр мектебі де ерекше мән берді.Тіл қоғам қажетін өтейтін, қоғамға қызмет ететін қоғамдық құбылыстар қатарына жатады.Пікір алысу, сөйлесу қоғамдасқан адамдар бар жерде ғана болады, адам жоқ жерде тіл де жоқ.Адам қоғамы қашан туған болса, тіл де осы кезеңде пайда болған.
Қоғамдық құбылыстардың барлығы да қоғамға қызмет етеді, қоғамдық қажеттікті өтейді. Қоғамдық қызметтерінің сипатына қарай әр қоғамдық құбылыстың өзіне ғана тән өзгешелігі болады.Сондай өзгешелік тілде де бар.
4. Тілдің қоғамдық қызметінің өрісі өте кең, тіпті шексіз дерлік.Бұл жағынан ол басқа қоғамдық құбылыстардың бәрінен: өндірістен, техникадан, ғылымнан, ойлаудан, базис пен қондырмадан да ерекше.Басқа қоғамдық құбылыстар қоғамға қызмет еткенде, тек белгілі бір салада, бір бағытта ғана қызмет етеді.Мысалы, базис қоғамға экономика тұрғысынан, қондырма қоғамға саяси, заңдық, эстетикалық және басқа идеялар арқылы қызмет етеді, ал, тіл адамдардың қатынас құралы ретінде қоғам өмірінің барлық саласымен де, қоғам мүшелерінің барлық ісімен де тікелей байланысты.Ол қоғамдық тіршіліктің барлық саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қызмет етеді.Бұл – тілдің өзіндік мәні, басқа қоғамдық құбылыстардан елеулі өзгешелігі.Соның нәтижесінде тіл қоғамдық қондырмаға да жатпайды, қоғамдағы белгілі бір тапқа тәуелді емес, соның идеологиясы да бола алмайды.
Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі тағы бір белгісі – қоғамдық сананы білдіретіндігі.Қоғамдық сананы қоғамға қызмет ететін басқа құбылыстар да белгілі шамада көрсетуі мүмкін.Бірақ олардың бірде – бірі оны дәл тілдей толық, жан – жақты көрсете алмайды.
Тіл қоғамға қызмет ететін болғандықтан, қоғам өмірінде болған өзгеріс- құбылыстар, белгілі мөлшерде тілде де әсерін тигізеді, онда өзінің ізін қалдырады.Тіл, негізінен алғанда, өзінің объективтік заңы бойынша дамиды, бірақ оның дамуы қоғамның дамуымен, өзін қолданушы қауымның өмірімен тығыз байланысты, көп жағдайда соған тәуелді болады.Тілдің қоғамдық құбылысқа тәуелді басқа қоғамдық құбылыстардай, мысалы, қоғамдық базис пен қондырмадай емес, соңғы екеуі өздері өмір сүріп тұрған әлеуметтік құбылыстың жойылуымен бірге жойылып отырса, тілде ондай кенет өзгеріс болмайды.Тіл алдыңғы қоғамға да, оның орнына келген жаңа қоғамдық құрылысқа бірдей қызмет етеді.Оның себебі тіл базис пен қондырма сияқты таптық болмайды, оны белгілі бір тап жасамайды, ол адамдардың бүкіл даму тарихы бойында, сол тілде сөйлеп жүрген барлық ұрпақтардың күшімен жасалып, бірте – бірте жетіліп отырады.Бұл – тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан тағы бір іргелі өзгешелігі.
Тілдің құрылымы мен функциясы. Бұл екеуі өзара байланысты, бірақ бір емес.Тіл жалпыхалықтық дегенде, оның құрылымының жалпыхалықтылығы ескеріледі, өйткені бұл жағынан әр халық, әр ұлт тілі – бір бүтін.Ал, қызметі жағынан алғанда, тілде айырмашылық, өзгешелік кездесе береді.Істейтін кәсіптеріне, мамандықтарына, білім дәрежесіне, жас мөлшеріне, жынысына қарай әр түрлі әлеуметтік топтардың өз сөйлеу мәнерлері, өзіндік лексикондары болатыны даусыз.Бір кездерде «тіл таптық құбылыс» деушілер оның осы ерекшеліктеріне сүйенеді, сөйтіп олар тілдің қызметтік жағын оның құрылымдық жағымен шатыстырды.
Қоғамның әлеуметтік құрылысының тілге тигізетін әсері, ең алдымен, тілдің қызметінен анық көрінеді.Өйткені тілді қолданушы әлеуметтік топтар, таптар оған немқұрайды қарамайды.Оны өз талап – тілектеріне, өздерінің әлеуметтік жағдайларына сәйкес қолдануға тырысады.Мұндай талап тілдің құрылымдық негізін өзгертпегенімен, оны функциялық құбылыстарға, өзгешеліктерге, әр түрлі жіктерге бөлшектемей қоймайды.Ондай жіктелулердің ең елеулеріне қоныс ыңғайынан туатын ерекшелікті (яғни жергілікті диалекті), тіл қызметінің қандай жолмен іске асуынан туатын ерекшелікті (жазу тілі, ауызекі тіл), қоғам мүшелерінің таптық, кәсіптік ыңғайларынан, бірліктерінен туатын ерекшелікті, қоғам мүшелерінің жас мөлшері, мәдени өзгешеліктерінен туатын ерекшеліктерді жатқызуға болады.Бұлардың басым көпшілігі функционалдық стиль өзгешеліктері болып келеді.Тіл ғылымындағы әдебиеттерде бұл тәрізді өзгешеліктер жалпыхалықтық тілдің функционалдық нұсқалары деп те аталады. Функционалдық нұсқалар қауымның тілге тигізетін әр түрлі әсерінен болады.Тіл білімінің бір саласы – социологиялық тіл ғылымының (экстралингвистиканың) міндеті – қоғамның әлеуметтік таптарының тілге тигізетін әсерлерін зерттеу болмақ.
5. Тіл дегеніміз не? деген сұрауға жауап берілді. Енді сөйлеу дегеніміз не, ол қалай пайда болды? деген сұрауға жауап берілуі қажет.
Жай қарағанда сөйлеу арқылы қатынас жасау оп – оңай сияқты: біреу сөйлейді, екінші біреу тыңдайды, сөйтіп, өзара ұғынысады.Сөйлеудің мұндай жеңіл көрінуі – оның үйреншіктілігінде.Тереңірек ойласақ, сөйлеу актісі - өте күрделі құбылыс.
Психологтар тілімен айтқанда, сөйлеу дегеніміз - әрекет.Әрекет белгілі бір нәтижеге жету үшін, бағыты, мақсаты бірлігі арқылы топтасқан процестердің күрделі жиынтығы.Сөйлеу адам әрекеттерінің бір түрі болғандықтан, оның анықтамасы да әрекетке берілген анықтамаға ұқсас.Мұнда да алға белгілі мақсат қойылады, сол мақсатқа жету үшін адам сөйлеу мүшелері арқылы әр түрлі артикуляциялық, акустикалық әрекеттер жасайды.Айырмашылығы – сөйлеудегі әрекет тілдік таңбалардың жанама қатысы арқылы іске асады.Сондықтан да сөйлеу дегенді психологтар тілдік таңбалардың ынталандырушы құралы қызметінде қолданылатын әрекет деп анықтайды.
Сөйлеу тілдік материал арқылы жүзеге асады және тілдік заң – ережелерге, тілдік нормаға бағынады.Тіл мен сөйлеу бір – бірінен ажырамас бірлікте.Тілсіз сөйлеу жоқ, сөйлеу жоқ жерде тіл жоқ.Сөйлеу – тілдің тіршілік ету, өмір сүру формасы.
Сөйлеу әрекеті сөйлеу мүшелерінің артикуляциялары арқылы пайда болып, ауа толқыны арқылы құлаққа естіледі.Сөйлеу әрекеті сөйлеу, есту, ұғыну деген үш бөлімнен тұрады.Бұл үшеуі бір – біріне ұқсамайтын үш бөлек дүние.Сөйлеуші ми орталығынан хабар алады да, сөйлеу мүшелерін қозғалысқа келтіреді, артикуляция жасайды.Соның нәтижесінде дыбыс пайда болады да, ол ауа толқыны арқылы тыңдаушының құлағына жетеді.Тыңдаушы есту мүшелерінің тітіркенуі арқылы сезінгенін есту талшықтарымен ми орталығына жеткізеді.
Сөйлеушінің айтқандары артикуляциялық жиынтық (комплекс) болады да, тыңдаушының еститіндері, қабылдайтындары акустикалық жиынтық болады.Сөйлеуші мен тыңдаушы бірін – бірі түсіну үшін, екі жиынтық берік бірлікте болуы шарт, яғни «көз» деген сөзді айтушы да, тыңдаушы да бір ғана мағынада түсінуі керек.Айту мен есту арасында бірлік болмаса, ұғынысу деген де болмайды.
Сөйлеу дегеніміз – тілді қатынас процесінде, өз ойын басқаларға білдіру, басқаның ойын білу мақсатында қолдану деген сөз.
Тілдік элементтер (дыбыс, морфема, сөз, сөйлем) қоғам мүшелеріне өздерінің ойларын, сезімдерін білдіру үшін керек.Адамдар ойлау процесінде өздерінің сезгендерін, түйгендерін тілдік тұлғалармен білдіреді.Сөйтіп, тіл дерексіз тұлғадан жеке адамдардың нақты ойын білдіретін құралға айналады.Осыдан жалпының жалқымен, жекемен бірлігі пайда болады.Бірақ бұл екеуінің бірлігі тепе – теңдік, абсолюттік бірлік болмайды.Тіл дегеннен ондағы бүкіл дыбыстардың, сөздердің, грамматикалық формалардың жиынтығын түсінсек, сөйлеу дегеннен сол тілдік элементтердің өзара қарым- қатынасқа келуін, яғни тілдің қимыл үстіндегі күйін түсінеміз.Бұл жағынан алғанда тіл сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы, Ф.де Соссюрше айтқанда, акустикалық бейненің қоймасы, ал сөйлеу – сол қоймадағы материалдардың жанданып іске қосылуы, адамдардың қатынас айналымына түсуі.
Тілдік материалдар да, тілдік заң – ережелер мен нормалар да жалпыхалықтық, қоғамдық, ал, сөйлеу тілдік материалдарға, тілдік нормаларға тәуелді.Бірақ соған қарамастан, сөйлеудің тілге, тілдік жүйеге, тілдік заң – ережелер мен нормаларға тигізер кері әсері өлшеусіз.Сөйлеу процесінде тілдік элементтер, тілдік нормалар жанданып, өз бойындағы мағыналық, функциялық мүмкіндіктерін жан – жақты көрсете алады.Мысалы, «қабырға» деген жеке тұрғанда жан – жануардың дене мүшесінің атын (яғни анатомиялық атау) немесе үйдің қабырғасы деген мағынаны білдірсе, «қабырғасы қайысу», «қабырғасына бату», «қабырғаңмен кеңес», «қабырғалы ел» дегендерде ол сөз жеке тұрғанда ойға кіріп – шықпайтын мағыналарды білдіреді.Сөздердің алуан түрлі келтірінді мағыналары да, экспрессивтік мәндері де сөйлеу процесінде ғана көрінеді.
Тіл, тілдік норма қоғамдық бола тұра, жеке адамдардың сөздері, сөйлеулері арқылы көрініп, өмір сүреді.Тілді пайдаланушы индивидуумдар да бірдей емес.Қоғамдық мүлікті олардың әрқайсысы өз шама – шарқынша әр түрлі пайдаланады: біреулер оның ішіндегі ең асылдарын іріктеп алып, оларды өз орындарына дұрыс қоя білсе, енді біреулерде ондай шеберлік, дарындылық болмайды.
Тілде бар нәрсенің бәрі сөйлеуде бола беруі мүмкін, бірақ сөйлеуде болғанның бәрі тілде бола бермейді.Сөйлеу процесінде сөздер кейде тілде қалыптасқан, үйреншікті мағынасында қолданылмай, тек контекст арқылы ғана түсінуге болатын келтірінді мағыналарда қолданыла береді.Мысалы, Абай өлеңдерінде кездесетін «Көңілдің жайлауынан ел кеткен соң...Жас жүрек жайып саусағын... Кірлетпей кетті жүректі... Ат жараттық, сән тараттық, әуейлік күйлестік...Көңілдің күні өшкен соң...Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын.Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін» т.б. дегендердегі көңілдің жайлауы, жүректің саусағы, жүректі кірлетпеу, әуейлік күйлеу, көңілдің күні, қулық сауу, бұлттың сүті деген тіркестердің мағынасы тілде жоқ.Бұлар сөйлеу (жазу) процесі туғызған мағыналар.
Сондай – ақ, әр адамның өзіндік сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, үн құбылысы, интонациясы, рифмі, акценті, көңіл күйін, ішкі толғаныстарын, айтып тұрған хабарға өз көзқарасын сездіретін алуан түрлі модальдық жайттардың барлығы тек сөйлеу процесінде ғана болатын құбылыстар.
Тілге «жақсы», «жаман», «норма жатады, жатпайды», «керек, керексіз» деген ұғымдарды қолдануға болмайды.Тілдегінің барлығы да керек, барлығы нормалы.Керексіздік, жамандық, нормасыздық, сөйлеуде (жазуда) болады.Сөйлеуші (жазушы) тіл материалын орынды, дұрыс қолдана білмейді де, тіл шұбарлығын, нормасыздықты туғызады.Осыдан келеді де, қоғамдық сипаттағы тіл жеке адамдардың сөйлеу (жазу) процесінде даралық сипатқа ие болды.Тіл мен сөйлеудің бір – бірінен өзгешеліктері де осында.
Тіл мен сөйлеу арасындағы өзгешелік жеке адамдардың сөйлеу шеберлігіне, даралығына ғана емес, одан әлдеқайда күрделі факторларға да байланысты.Ондай факторлар қатарына диалектілік ерекшеліктер, көршілес тілдердің әсері мен ықпалдары, сөйлеу тілі мен жазу тілі, әдеби тіл арасындағы өзгешеліктер, қоғамның, ой – сананың күрделене дамуы, тағы сол сияқтылар жатады.
Сөйлесуді екі я бірнеше адамдардың бетпе – бет отырып, ауызша сөйлеуді деп қана түсінбеу керек, оған жазба тіл де, іштен сөйлеу де, үн шығармай, ойды іште топшылау да жатады.Бірақ бұлардың әрқайсысының мән – мағынасы, көріну, қабылдану жолдары әр басқа.
Тіл мен сөйлеудің бір еместігі, бұлардың арасында айырма барлығын ғалымдар ертеде – ақ байқаған. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жете ашып, екі бөлек мәселе етіп қоймағандарымен, сөйлеу мен тілдің бір еместігін 19 ғасырда өмір сүрген В.Гумбольдт, Г.Штейнталь, Г.Шухардт сияқты ғалымдар да айтқан.Бірақ тіл мен сөйлеуді екі бөлек мәселе етіп қараудың қажет екенін ғылыми тұрғыдан алғаш дәлелдеп берген ғалым деп, әдетте, Ф.де Соссюрді атайды.
Оның басқа теорияларының (ішкі және сыртқы лингвистика, синхрондық және диахрондық зерттеу, т.б.) барлығы да тіл мен сөйлеуді екі бөліп қарау тезисінен туатын логикалық қорытынды. В.А.Звегинцев: егер Ф.де Соссюр ілімінің тіл мен сөйлеу арасына шек қою жөніндегі тұжырымын алып тастаса, онда оның ішкі және сыртқы линвистика, синхрондық және диахрондық линвистика деп бөлулері ақылға сыймайтын, ештемемен дәлелдеуге болмайтын бірдеме болып шығар еді, - дегенді айтады.
Ф.де Соссюр тіл ғылымын тіл лингвистикасы, сөйлеу лингвистикасы деп екі салаға бөледі де, мұның алғашқысы – негізгі, оның нысаны – тіл, тіл индивидуумға тәуелсіз, әлеуметтік құбылыс, соңғысы негізгі емес, көмекші нәрсе, оның нысаны – сөйлеу әрекетінің индивидуалдық жағы, ол – таза психофизикалық пән, бұл екі пән өзара тығыз байланысты: тіл сөйлеу түсінікті болу үшін және өзінің барлық әрекетін жарыққа шығару үшін қажет, ал сөйлеу тіл қалыптасу үшін қажет деп біледі.
Ф.де Соссюр «сөйлеу әрекеті» деген терминді де қолданады.Оның пікірінше, тіл мен сөйлеу – сөйлеу әрекетінің екі саласы, екі жағы.Ол: «Тіл – сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі, рас, маңызды бөлшегі ғана», - деп жазады.Бірақ Ф.де Соссюр сөйлеу әрекеті дегенді сөйлеу мағынасында да қолдана береді.
Ф.де Соссюрдің тіл мен сөйлеуге қатысты көптеген құнды пікірлерімен қатар кейбір қайшылықтары да бар, ол сөйлеуді тек индивидуумдық даралық құбылыс, онда әлеуметтік ештеме де жоқ дей тұра, тілді сол сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі дейді.Бұл арадағы қайшылық – тілді әлеуметтік, сөйлеуді индивидуалдық дей тұра, тілді сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі деп қарауында.Егер тіл әлеуметтік болса, онда ол индивидуалдық болып табылатын сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі болмауы керек не болмаса сөйлеу әрекеті таза индивидуалдық болмауы керек.Сол сияқты, тіл «сөйлеу әрекеті» түсінікті болу үшін, ал, сөйлеу тілдің іске асуы, әжетке жарауы үшін қажет дей тұра, сөйлеуді таза индивидуалдық құбылыс деуі де қисынсыз.Егер сөйлеуде тек индивидуалдық қана сипат болса, адамдардың бір – бірімен түсінісуі мүмкін болмаған болар еді.
Сөйлеген адам жалпыхалықтық тілдегі бар тұлғаларды, формаларды пайдаланады, оларды тілде қалыптасқан жалпы ережеге, нормаға сәйкес бір – бірімен байланыстырады,ал, тыңдаушы адам айтылған тілдік тұлғаларды, олардың тіркестерін тілде қалыптасқан, қауым қабылдаған мағынада түсінеді.Бұл жағдай сөйлеуді түгелдей индивидуалдық құбылыс деп қараудың, оны тілге қарсы қоюдың жөн еместігін байқатады.Жоғарыда айтылғандай, сөйлеуде даралықтың болатындығы даусыз.Бірақ ондағы даралық сөйлеудің индивидуалдығын сөз еткенде, оның әлеуметтік негізде құрылатынын, әлеуметтік материалды (тілді) пайдаланатынын естен шығармаған жөн.Сөйлеудің индивидуалдық сипаты дегенді жеке адамдардың сөйлеу (жазу) процесінде кездесетін жалпы нормадан, қабылданған, орын тепкен дәстүрден ауытқуы деген мәнде түсінген жөн.Тілдегідей жүйе, норма сөйлеуде де болады.Сөйлеудегі өзгешелік қауым мүшелерінің бәріне бірдей міндетті сол тілдік жүйеден, нормадан ауытқудан көрінеді.
Ф.де Соссюрдің жоғарыдағы көрсетілген қайшылықтары бұл проблеманы одан кейін зерттеушілер арасында елеулі ала ауыздықтар туғызып келеді.Олардың кейбіреулері (Л.Ельмслев, А.И.Смирницкий, Н.Хомский т.б.) Ф.де Соссюр қағидаларын негізінен қабылдай отырып, оны дәлелдей, толықтыра түсуді көздесе, екінші бір топ ғалымдар бұл мәселені пікір таластарына нысан боларлықтай мәнді проблема деп есептемейді.Ал, дескриптивтік лингвистиканың өкілдері тіл мен сөйлеу арасына шек қойып, оны екі бөлек мәселе етіп қараудың тіпті қажеті жоқ деп есептейді.
Бір – біріне қарама – қайшы пікірлердің барлығына қарамастан, тіл мен сөйлеу арасындағы бірлік пен өзгешеліктерді айқындау талабы – қазіргі заман тіл білімінің өзекті бір мәселесі ретінде әбден орнықты.Сондықтан бұл екеуінің арасындағы байланысты көрмеу немесе оларды бір – біріне мейлінше қарсы қою, сондай – ақ олардың арасындағы өзгешеліктерді ескермеу, тіпті оны лингвистикалық проблемалар қатарына қоспау сияқты әрекеттер негізсіз, бос талас.
Өзін-өзі тексеруге аранлған сұрақтар:
Тіл теориясы
Тілдің анықтамасы
Тілдің табиғаты
Тілдің мәні
Тілдің құрылымы мен функциясы
Тіл және сөйлеу
№4 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ТІЛ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
Достарыңызбен бөлісу: |