ПӘН БОЙЫНША ГЛОССАРИЙ
Салыстырмалы – тарихи тіл білімі – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді зерттейтін тіл білімінің саласы.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.
Типологиялық тіл білімі – тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу нәтижесінде 19 ғасырдың орта шенінде туған. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.
Ареалдық тіл білімі – (лат.аrea – кеңістік, аудан) – лингвистикалық география әдістері арқылы тіл құбылыстарының таралу жайын, тіларалық (диалектаралық) байланыстарды зерттейтін тіл білімінің саласы, 19 ғ. 2 – жартысы мен 20 ғ. Басында пайда болған.
Структуралық тіл білімі – тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін тіл білімінің саласы.Оның жеке сала ретінде қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.
Психологиялық тіл білімі – сөйлеу процесінің қалай іске асатыны, адам психикасындағы қабылдау, түйсік, байымдаумен сөйлеудің байланысын, оның тіл жүйесіне қатысын зерттейтін тіл білімінің саласы.Бұл бағыт 19 ғасырдың орта шенінде пайда болған.
Этникалық тіл білімі. Этнолингвистика – грекше ethnos халық, тайпа) – тілдің халық мәдениетіне қатысын зерттейтін тіл біліміндегі бағыт.Этнография ғылымының құрамында 19-20 ғасырлар арасында дербес бағыт ретінде пайда болған.Оған 19 ғасырдың 70-ші жылдарында Солтүстік және Орталық Америка жеріндегі көптеген үндіс тайпаларының зерттелуі ықпал етті.
Социологиялық (әлеуметтік) бағыт (социолингвистика) тілді адамдардың қоғамдық қызметіне, кәсіби тіршілігіне қызмет ететін әлеуметтік құбылыс, қарым – қатынас құралы деп қарайтын бағыт, 19-20 ғасырлар аралығында пайда болған.
Эстетикалық бағыт - тілді эстетикалық философия тұрғысынан зерттеу нәтижесінде 20 ғ. басында Батыс Еуропа тіл білімінде туған бағыт.
Синхрониялық тіл білімі – тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын сипаттап зерттейтін тіл білімі.Оны сипаттама тіл білімі, нормативті тіл білімі деп те атайды.
Диахрониялық тіл білімі – тілдің тарихи уақыт ішінде өзгеруі мен дамуын зерттейтін тіл білімі.Оны тарихи тіл білімі деп те атайды.
Дескриптивтік тіл білімі – Америка үндістерінің тілін зерттеуге байланысты америкалық структурализм құрамында 20 ғасырдың 30-50- жылдарында пайда болған тіл білімі.Оның мақсаты – тілдің лексикалық, грамматикалық мағыналары туралы мәліметтерді пайдаланбай – ақ, тіл элементтерінің өз айналасында болатын өзгерістерін (өзара тіркесімділігі т.б.) зерттеу арқылы сөйлеу процесін сипаттау.
Бұл – дистрибуция әдісін қолдану арқылы тілді формалды түрде зерттейтіндіктен, дистрибуциялық тіл білімі деп те аталады.
Қолданбалы тіл білімі – тілді практикалық талаптарға сәйкестендіріп қолданудың ғылыми жүйесін қалыптастыратын тіл білімінің саласы.Ол ғылыми пән ретінде 20 ғасырдың орта кезінен белгілі болды.Мысалы, графика мен орфографияны қалыптастыру, сөздіктер жасау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әдеби норманы орнықтыру, терминдерді жүйеге келтіру т.б. қолданбалы тіл білімінің қарайтын мәселелері.
Функционалдық тіл білімі – структуралық тіл білімінің тілдің қатынас құралы ретінде функциялық жағына баса назар аударатын саласы.20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап дамыған.
Паралингвистика - (грекше рara – жанында, қасында) – сөйлеу үстінде қолданылатын тілдік емес, қосымша құралдарды (дауыс ырғағы, дауыс әуені, интонация, бет, қол, дене қимылы т.б.) зерттейтін тіл білімінің саласы.
Салыстырмалы – тарихи зерттеу әдісі - – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді салыстыра зерттейтін әдіс.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.
Типологиялық зерттеу әдісі– тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.
Структуралық әдіс– тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін әдіс. Қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.
Математикалық әдіс – табиғи және кейбір жасанды тілдердің құрылысын аппарат арқылы формалды түрде зерттейтін әдіс. Тіл біліміндегі негізгі ұғымдарды нақтылау қажеттілігіне байланысты 20 ғасырдың 50-жылдарында пайда болған.
«Жалпы тіл білімі» пәні бойынша дәріс сабақтарының конспектісі
№1 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМНІҢ НЫСАНЫ МЕН НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМАЛАРЫ, САЛАЛАРЫ.
Негізгі сұрақтары:
1 Жалпы тіл білімі дегеніміз не?
2. Жалпы тіл білімінің нысаны.
3. Жалпы тіл білімінің салалары.
4. Тіл білімін зерттеуде өолданылатын әдіс-тәсілдер
1. «Жалпы тіл білімі» деген атау – тіл ғылымының жалпы тілдік теориялық саласы және оқу пәні деген екі мағынада қолданылады.
Жалпы тіл білімі тіл ғылымының теориялық саласы ретінде 19 ғасырдан бері қалыптаса бастады.Жеке тілдер жөніндегі ғылым бұдан көп бұрын пайда болғанымен, олар бір – біріне байланыссыз, жеке – жеке қаралды.Тілдердің өзара туыстас, төркіндестігі, дыбысты тілдің жалпы адамзаттық құбылыс екендігі, олардың арасында бірліктің де, өзгешеліктің де, жалпы заңдылықтың да, даралықтың да болатыны онша белгілі бола қоймады. Сондықтан зерттеулерден жалпы тілдік теориялық қорытындылар жасалмай келді.
Дыбыстық тілде толып жатқан ортақ сипаттардың, универсалды құбылыстардың барлығы алуан тілдердің фактілерін бір – біріне салыстыра қарау нәтижесінде айқындалады. Оның айқындалуы адам баласының тілінде болатын ортақ заңдылықтарды, универсал құбылыстарды зерттейтін, соның негізінде жалпы тілдік теориялық тұжырымдар жасайтын жалпы тіл білімін дүниеге келтірді.
Жалпы тіл білімі – тіл ғылымының жалпы тілдік теориясы. Ол – бүкіл тіл туралы ғылымның бағыт – бағдарын белгілейтін компас ғылым. «Жалпы тіл білімі» пәнінің алға қоятын мақсаты – оқушыларды теориялық тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінен хабардар ету. Оларға тіл туралы ғылымның өткен тарихынан, қазіргі күйінен, негізгі бағыт – бағдарынан, ғылым алдында тұрған басты – басты проблемалардан оқу бағдарламасы талабына сай жүйелі білім беру. Осындай мақсаттарға сәйкес курс күрделі үш бөлімге бөлінеді: тіл теориясы, тіл ғылымының тарихы, тіл ғылымындағы әдістер мен әдістемелер. Бұл бөлімдердің әрқайсысы өз ішінен бірнеше тарауларға, параграфтарға жіктеледі.
2. Жалпы тіл білімінің нысаны – адамдардың дыбыстық тілі.Жалпы тіл ғылымы тілдің құрамын, функциялық сипаттарын, даму заңдылықтарын, сыртқы дүниемен, қоғаммен, ой – санамен, мәдениетпен қарым – қатынасын түгел алып, жан – жақты зерттейді. Тіл ғылымы үшін дыбыстық тілге қатысты мәселелердің бәрі де керек, бәрі де маңызды.Тіл ғылымына даму сатысына, қоғамдық рөліне, генеалогиялық, типологиялық сипаттарына, қолданушы қауымның сандық шамасына, функциялық көріністеріне қарамастан, дүние жүзіндегі тіл атаулының барлығы да нысан бола алады.
Жалпы тіл білімі дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән универсалды мәселелерді қарастырады.Ғалымдардың айтуына қарағанда дүние жүзінде 3000 – нан 5500 – ге дейін тіл және диалектілер бар көрінеді.Олардың дәл санын анықтау мүмкін емес, себебі әр түрлі тілдер мен бір тілдің диалектілері арасында айырмашылық шартты түрде қабылданған.Бірақ тілдер сан жағынан қаншалықты көп және құрылымы жағынан алуан түрі болғанымен, олардың бір – біріне ұқсас, бәріне тән ортақ қасиеттері, ортақ заңдылықтары болады. Мысалы, тілдердің бәрі де адамдардың өзара қатынас жасау құралы; тілдердің қай – қайсысында да дыбыс, сөз, грамматикалық тұлға, сөйлем болады; тіл атаулының, тілдік элементтердің қай – қайсысы да бір қалыпты болмайды, өзгеріске ұшырап, дамып отырады және дамуға, өзгеріске түрткі болатын әр алуан ішкі және сыртқы себептер тілдер тарихының қай – қайсысында болса да кездеседі; тілдік туындылардың ауызекі немесе жазба түрде болатыны да тіл атаулының барлығына тән.
Сонымен бірге тіл білімінде жалпы тілдік теорияның қалыптасу тарихы, әр түрлі тілдік кезеңдерге, бағыттарда қалай шешілгені қамтылуға тиіс.Ондай өзекті проблемалар қатарына мыналар жатады:
1.Тілдің өзіндік табиғаты мен мәні, сөйлеумен, ойлаумен, қоғаммен байланысы, атқаратын қызметі.
2. Тілдің құрылымы, құрылымдық элементтерінің бір – бірімен байланысы, арақатынасы.
3. Тілдің таңбалық, жүйелік сипаттары.
4. Тіл деңгейлері. Грамматикалық категориялар.
5. Дыбыс тілінің шығуы.Тілдер дамуындағы ортақ заңдылықтар, тілдік құбылыстарға түрткі болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, тілдер дамуында болатын дифференциялық (даралану), интеграциялық (жақындасу) процестер, жалпыхалықтық тіл, диалект, сөйлеу тілі мен әдеби тіл, тілдік одақ т.б.
6. Тілдердің типологиялық, генеалогиялық топтары, жіктелісі.
7. Тіл білімінің өзіндік зерттеу әдістері.
8. Тіл білімінің негізгі салалары, басқа ғылымдармен қатынасы, өзіндік орны.
9. Тіл білімінің тарихы, ондағы басты кезеңдер.
10.Тіл білімі тарихындағы негізгі бағыттар мен мектептер.
Бұл проблемалар – тіл білімінің өзіндік сипаты бар дербес ғылым екенін танытатын және өзара байланысты мәселелер. Жалпы тіл білімі қарастыратын проблемаларды сөз еткенде, олар жөнінде белгілі тұжырымдар жасағанда, жеке тілдерді немесе тілдік топтарды зерттеу нәтижелері басшылыққа алынады.Теориялық тұжырымдар жеке тілдерді зерттеу, айқындалған топшылауларды жинақтау, қорытындылау негізінде жасалады.Сондықтан ғылыми негізде зерттелген тілдер неғұрлым көп болса, жалпы тіл білімінің мазмұны тереңдей, ғылыми нәтижесі молая түседі.Ал, тіл ғылымының жеке тілдерді зерттейтін саласы өз зерттеулерінде жалпы тіл білімі жасаған теориялық тұжырымдарға сүйенеді, соны басшылыққа алады.
3. Дыбыстық тіл – қыры мен сыры мол, өте күрделі құбылыс. Оны бір ғана тәсілмен, бір бағытта зерттеу арқылы танып – білу мүмкін емес. Бұл жағдай тіл білімінің түрлі салаларға бөлшектенуін туғызады және зерттеу ісін түрлі бағытта, түрлі мақсатта жүргізуді қажет етеді.Тіл ғылымында тіл білімін, алдымен, жеке тілдер туралы ғылым, жалпы тіл білімі деп екі топқа бөледі. Жеке немесе туыстас тілдерді зерттейтін ғылым сол тілдің я тілдердің атымен аталады: қазақ тіл білімі, өзбек немесе орыс тіл білімі, болмаса түркітану т.б.
Тіл туралы ғылымның алғашқы қадамы жеке тілдерді сипаттаудан басталады. Ондай сипаттау тілдің құрылымдық салаларын айқындауға арналған.Тіл құрылымын зерттеу – күні бүгінге дейін жеке тілдер туралы ғылымның негізгі нысандарының бірі. Осыған сәйкес жеке тілдер туралы ғылымды өз ішінен: фонетика, фонология, лексикология, семасиология, морфология, синтаксис, диалектология, т.б деп бөлушілік бар.
Тіл ғылымының жеке тілдерді я тілдер тобын зерттейтін саласы сол өзі зерттеп отырған тілге қатысты мәселелерді сөз етеді, оның сүйенетін материалдары да, одан шығаратын қорытындылары да сол тілге тән болады.
Жалпы тіл білімі – көп қабатты, сан – салалы күрделі ілім. Оның күрделілігінің, қиындығының басты себебі – нысанының қыр – сыры молдығында.Тіл ғылымының бірден – бір нысаны болып есептелетін дыбыстық тіл жалпы адамзаттық құбылыс бола тұра, екінші жағынан, бір – біріне ұқсамайтын ала – құлалықтарға толы жеке – жеке тілдерге бөлшектенеді. Ал, тіл ғылымы солардың ешқайсысын да назардан тыс қалдырмауға тиісті. Екіншіден, тіл ғылымы - әлемдік ғылым бола тұра, сонымен қатар, жеке ұлттық та ғылым. Өзінің туған тілін зерттейтін әр ұлт өкілдері оған ұлттық түр, сипат енгізбей тұрмайды.Тіл ғылымында жарыса қолданылатын, көп жағдайда мәселені мейлінше қиындататын алуан түрлі терминдердің болуы да осыдан.
Тіл білімі - өзіндік ерекшеліктері бар мектептерге, зерттеудің әдіс – тәсілдеріне мейлінше бай. Олардың арасында ымыраға келмейтін қайшылықтар да аз емес. Бірақ соған қарамастан қазіргі заман тіл білімінде қалыптасқан бірнеше күрделі салалар бар. Олар:
Интралингвистика (лат.intra мағынасы – ішкі) тілдің ішкі жүйелік құрылымын, жүйе элементтерің бір бірімен қарым – қатынасын зерттейді. Кейбір әдебиеттерде бұл терминнің орнына микролингвистика,ішкі лингвистика дейтін атаулар да қолданылады. Интралингвистиканың негізгі салалары – фонетика, лексикология, грамматика.
Экстралигвистика (лат.extra,мағынасы – сыртқы,сыртқары) тілдің сыртқы дүниемен, қоғаммен байланысын зерттейді.Экстралигвистика социолингвистика, менталингвистика дейтін екі салаға бөлінеді.Менталингвистика тіл мен ойлаудың қарым – қатынасын,тілдік мағынаның теориясын, сөулеу әрекетімен,жағдайымен байланысын зерттейді.
4. Тіл білімін зерттеуде қолданылатын әдіс – тәсілге, зерттеушінің ұстанған бағыт – бағдарына қарай жіктеушілік бар.Ондай жіктеулер қатарына салыстырмалы – тарихи, типологиялық, ареалдық, структуралық, психологиялық, этнографиялық, эстетикалық, синхрондық, диахрондық, қолданбалы тіл білімі т.б.жатады.
Салыстырмалы – тарихи тіл білімі – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді зерттейтін тіл білімінің саласы.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.
Типологиялық тіл білімі – тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу нәтижесінде 19 ғасырдың орта шенінде туған. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.
Ареалдық тіл білімі – (лат.аrea – кеңістік, аудан) – лингвистикалық география әдістері арқылы тіл құбылыстарының таралу жайын, тіларалық (диалектаралық) байланыстарды зерттейтін тіл білімінің саласы, 19 ғ. 2 – жартысы мен 20 ғ. Басында пайда болған.
Структуралық тіл білімі – тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін тіл білімінің саласы.Оның жеке сала ретінде қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.
Психологиялық тіл білімі – сөйлеу процесінің қалай іске асатыны, адам психикасындағы қабылдау, түйсік, байымдаумен сөйлеудің байланысын, оның тіл жүйесіне қатысын зерттейтін тіл білімінің саласы.Бұл бағыт 19 ғасырдың орта шенінде пайда болған.
Этникалық тіл білімі. Этнолингвистика – грекше ethnos халық, тайпа) – тілдің халық мәдениетіне қатысын зерттейтін тіл біліміндегі бағыт.Этнография ғылымының құрамында 19-20 ғасырлар арасында дербес бағыт ретінде пайда болған.Оған 19 ғасырдың 70-ші жылдарында Солтүстік және Орталық Америка жеріндегі көптеген үндіс тайпаларының зерттелуі ықпал етті.
Социологиялық (әлеуметтік) бағыт (социолингвистика) тілді адамдардың қоғамдық қызметіне, кәсіби тіршілігіне қызмет ететін әлеуметтік құбылыс, қарым – қатынас құралы деп қарайтын бағыт, 19-20 ғасырлар аралығында пайда болған.
Эстетикалық бағыт - тілді эстетикалық философия тұрғысынан зерттеу нәтижесінде 20 ғ. басында Батыс Еуропа тіл білімінде туған бағыт.
Синхрониялық тіл білімі – тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын сипаттап зерттейтін тіл білімі.Оны сипаттама тіл білімі, нормативті тіл білімі деп те атайды.
Диахрониялық тіл білімі – тілдің тарихи уақыт ішінде өзгеруі мен дамуын зерттейтін тіл білімі.Оны тарихи тіл білімі деп те атайды.
Дескриптивтік тіл білімі – Америка үндістерінің тілін зерттеуге байланысты америкалық структурализм құрамында 20 ғасырдың 30-50- жылдарында пайда болған тіл білімі.Оның мақсаты – тілдің лексикалық, грамматикалық мағыналары туралы мәліметтерді пайдаланбай – ақ, тіл элементтерінің өз айналасында болатын өзгерістерін (өзара тіркесімділігі т.б.) зерттеу арқылы сөйлеу процесін сипаттау.
Бұл – дистрибуция әдісін қолдану арқылы тілді формалды түрде зерттейтіндіктен, дистрибуциялық тіл білімі деп те аталады.
Математикалық тіл білімі – табиғи және кейбір жасанды тілдердің құрылысын аппарат арқылы формалды түрде зерттеп сипаттайтын тіл білімі.Тіл біліміндегі негізгі ұғымдарды нақтылау қажеттілігіне байланысты 20 ғасырдың 50-жылдарында пайда болған.
Қолданбалы тіл білімі – тілді практикалық талаптарға сәйкестендіріп қолданудың ғылыми жүйесін қалыптастыратын тіл білімінің саласы.Ол ғылыми пән ретінде 20 ғасырдың орта кезінен белгілі болды.Мысалы, графика мен орфографияны қалыптастыру, сөздіктер жасау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әдеби норманы орнықтыру, терминдерді жүйеге келтіру т.б. қолданбалы тіл білімінің қарайтын мәселелері.
Функционалдық тіл білімі – структуралық тіл білімінің тілдің қатынас құралы ретінде функциялық жағына баса назар аударатын саласы.20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап дамыған.
Паралингвистика - (грекше рara – жанында, қасында) – сөйлеу үстінде қолданылатын тілдік емес, қосымша құралдарды (дауыс ырғағы, дауыс әуені, интонация, бет, қол, дене қимылы т.б.) зерттейтін тіл білімінің саласы.
Бұл салалар жеке тілдер туралы ғылымның да, жалпы тіл білімінің де қарауына жатады.Әрине, әрқайсысында әр түрлі көлемде сөз етіледі.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
1. Интралингвистика деген не?
2. Экстралигвистика деген не?
4. Тіл білімін зерттеуде қолданылатын әдіс – тәсілге, зерттеушінің ұстанған бағыт – бағдарына қарай қандайжіктеушілік бар?
5 Салыстырмалы – тарихи тіл білімі
6. Типологиялық тіл білімі
7 Ареалдық тіл білімі
8 Структуралық тіл білімі
9 Психологиялық тіл білімі.
10 Этникалық тіл білімі. Этнолингвистика
11 Социологиялық (әлеуметтік) бағыт (социолингвистика)
№2 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ТІЛ БІЛІМІНІҢ БАСҚА ҒЫЛЫМДАРМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Дәріс жоспары:
1. Ғылымның жіктелу түрлері
2. Ғылымдар байланысының себептері
а) Тіл білімі және философия
ә) Тіл білімі және логика
б) Тіл білімі және психология
в) Тіл білімі және физиология, физика, медицина
г) Тіл білімі және әдебиеттану ғылымы
д) Тіл білімі және тарих, этнография, археология
ж) Тіл білімі және география
з) Тіл білімі және кибернетика
е) Тіл білімі және семиотика.
1. Ғылым – шындық өмірдің ақиқат заңдылықтары туралы білімнің жоғарғы формасы, теориялық ойлаудың жемісі.Ғылым адам баласының ой – санасының, дүние танымының өсуіне байланысты бірте – бірте туып қалыптасады.Қазіргі заманда ғылымның алуан түрі бар.Олар зерттейтін нысанының сипатына қарай әр түрлі топтарға жіктеледі.Әдетте, ғылымға нысан болатын мәселелерді жаратылыс құбылыстарына және қоғамдық құбылысқа жататын мәселелер деп ажыратып сол нысандарға орай бар ғылымды жаратылыстану ғылымдары және қоғамдық ғылымдар деп екі үлкен топқа бөледі.Бұл екеуіне қосылмайтын ғылым да бар: ол – философия ғылымы.Мұның оқшау тұратын себебі – ол жоғарыда аталған екі топтағы ғылымның екеуіне де қатысы бар жалпы заңдылықты зерттейді.Бұл – табиғаттың да, қоғам мен ойлаудың да жалпы заңдылықтарын қарастыратын методологиялық ғылым.
Тіл білімінің даму тарихында тіл білімін қай ғылым тобына қосамыз деген сұрауға әр түрлі жауаптар беріліп келді.Ол – ғалымдардың тілдің өзіндік сипатын әр түрлі түсінулерінен туды.Біреулер тілді биологиялық организм десе, екіншілер психологиялық құбылыс, ал үшінші біреулер физикалық құбылыс деген т.б. пікірлер айтты.Олардың әрқайсыларының өздерінше дәлелдері, сүйенген негіздері болды.Ал, шындығына келсек, тілде аталған сипаттардың барлығы да бар.Әңгіме солардың қайсысының негізгі екенін дұрыс тануда.
2. Ешнәрсемен байланыссыз томаға – тұйық болып тұратын құбылыс қоғам өмірінде де, табиғатта да кездеспейді.Түрлі құбылыстар өзара байланысып, бір – біріне ықпал - әсерін тигізеді, біріндегі өзгеріске екіншісі себепші, түрткі болады.Бұл – ғылымға да тән.Тіл білімінің басқа ғылымдармен қатысы жөнінде де осыны айтуға болады. «Тіл білімі, - деп жазады Н.И.Конрад, - басқа да барша ғылымдар сияқты қоғамдық өмірдің барлық құбылыстары, сонымен бірге, табиғат дүниесі де өзара байланысты және бір – біріне әсерін тигізіп отыратын дүниеде өмір сүреді.Сондықтан басқа ғылымдардың мейлі ол қоғамдық болсын, мейлі жаратылыстану ғылымы болсын, тіл туралы ғылымға әсер ететіні заңды және ол тіпті болмай қоймайды да, солай болуы, белгілі шамада, қажетті де».
Ғылымдардың бір-бірімен байланысы, олардың зерттейтін нысандарының ортақ болуынан да туады.Ғылым жаратылыстағы, қоғамдағы белгілі бір құбылысты, затты өзіне нысан етіп тұтас алуы да немесе оның белгілі бір жағын, бір саласын ғана алуы да мүмкін.Осыдан барып жаратылыстағы, қоғамдағы белгілі бір болмыс, құбылыс бірнеше ғылымға ортақ нысан болады.Мысалы, жерді география ғылымы да, геология ғылымы да зерттейді, бірақ екеуі екі түрлі бағытта, екі түрлі біліміндей байланысы мол ғылымды табу қиын.Ол қоғамдық ғылымдардың да, жаратылыстану ғылымдарының да алуан түрлерімен ұштасып жатады.
Тіл білімінің кең өрістілігі оның нысаны – сөйлеу тілінің орасан күрделі, сан – сапасы, қыры мен сыры шексіз мол нысан болуынан.
Дыбыс тілінде бір ғана ғылымның, оның әдіс – тәсілдерінің шеңберіне сыймайтын ғылымдараралық мәселелер аз емес.Өйткені дыбыс тілінде қоғамдық сипат та, физика, физиологиялық, философиялық сипаттар да орасан мол.Сондықтан тіл білімі қоғамдық ғылымдармен де, табиғаттану ғылымдарының алуан түрлі салаларымен де, философия ғылымымен де байланысты.Бірақ бұл ғылымдардың ешқайсысы да тіл білімі сияқты тілге тән мәселелерді тегіс қамтып, жан – жақты зерттемейді, тек өздеріне тиісті мәселені ғана алып, өз мүддесі тұрғысында сөз етеді.Бұған көз жеткізу үшін басқа ғылымдардың тіл білімімен байланысты жайына тоқталайық.
Тіл білімінің философиямен бірлігі ежелгі замандардан басталады.Сөз бен сөз атау болған зат арасында қандай байланыс бар? Атау заттың табиғатына сәйкес қойыла ма, болмаса тағайындалған, әдетке, дағдыға айналған шарттылық бойынша қойыла ма? – деген мәселеге қатысты айтыс ежелгі грек философтарынан басталады.Содан бері тіл мен ойлаудың бір – бірімен қарым – қатынасы жөніндегі мәселе күн тәртібінен түскен емес.
19 ғасырға дейін тіл білімі, көп жағдайда, философия ғылымының бір саласы ретінде қаралды.Тіл мәселелерімен айналысушылардың басым көпшілігі философтар немесе әрі философ, әрі тіл ғалымдары болды.Тіл білімі өз алдына дербес ғылым болып қалыптасқаннан кейін де, философиядан біржола қол үзіп кеткен жоқ, қол үзбейді де.Өйткені философия, қандай бағыт ұстанғанына қарамастан, өз жақтаушыларына тілдің көптеген жалпы теориялық мәселелерінде (тілдің мәні, қоғам өмірінде атқаратын рөлі, даму заңдылықтары, шығу, қалыптасу жолдары, ой – санамен байланысы, тілдегі форма мен мағына бірлігі, т.б.) бағыт – бағдар сілтейді, методологиялық негіз болады.
Қазіргі кездегі тіл білімі философияның тіл философиясы дейтін тарауымен байланысады.Бұл екеуіне ортақ нысан болатын мәселе – тіл мен ойлаудың, мағына мен форманың байланысы.Олай болатын себебі ойлау мен оның заңдары – философияның негізгі проблемаларының бірі.Ал, тіл – ойдың жемісі, ойды қалыптастыратын, оны жарыққа шығаратын форма, яғни ой құралы.Адамдар өз ойын тіл арқылы басқа адамдарға білдіріп, тіл арқылы, сөйлеу арқылы басқаның ойын біледі.Сондықтан ойлаудың жемісі, оның материалдық формасы, құралы болып табылатын тілге философия ғылымы мән бермей тұра алмайды, онсыз ойлау заңдылықтарын дұрыс шешу мүмкін емес.Екінші жағынан, тіл – ойлау құралы, ой – оның мазмұны, мағынасы, ал мағынасыз жалаң қуыс форма.Сондықтан тіл ғалымдары тілдің мағыналық жағына, оның ойды қалай жарыққа шығаратынына, форма мен мағынаның арақатынасына селсоқ қарай алмайды.Ал, оны білу үшін ойлау заңдылықтарынан хабардар болуы, бұл мәселе жөніндегі философия ғылымының жетістіктеріне сүйенуі қажет.
Тіл білімі мен философия арасындағы байланыс екі жақты: философия жалпы заңдылықтарды зерттейтін ғылым ретінде тіл біліміне методологиялық негіз болса, тіл білімі ойды қалыптастыруда, оны жарыққа шығаруда тілдің қандай қызметтер атқаратыны және қалай атқаратыны жөнінде философияға материалдар береді.Дегенмен, философия үшін тіл – жалпы заңдылықтар тұрғысында ғана қаралатын жанама нысан.
Тіл білімі мен логиканың түйісетін жері – тіл мен ойлаудың арақатысы мәселесі.Логика – ойлау формаларын, ол формалардың өзара байланысын, даму жолдарын зерттейтін ғылым.Ал, ойлаудың заңдылықтарын тілдік материалдарсыз білу мүмкін емес.Ойлау формалары тілдік элементтермен тығыз байланысты.Сондықтан ұғым, байымдау, ой қорытындысы сияқты логикалық категориялардың тілдік элементтер арқылы көріне алатыны да, олардың арасындағы бірлік пен өзгешелік те логиктер үшін өте қажетті.Сол сияқты тіл ғалымдары үшін тілдің мағыналық, мазмұндық жағы да аса маңызды.Ал, тілдік мазмұн дегеніміз – ой, байымдау.Бұлар – логикалық категориялар.Айтылғандарды жете меңгеру үшін логиктер мен тіл ғалымдары бір – біріне өзара көмектеседі.Бірақ әрқайсысының көздейтін мақсаты әр басқа: логиктер тіл арқылы ойлаудың заңдылықтарын, ал тіл зерттеушілер тілдегі заңдылықтарды білуге тырысады.Тіл білімін қызықтыратын мәселе – ойлау заңдылықтарын тіл құрылысына қандай дәрежеде әсер ететіні.Ойлау заңдылықтары жалпы адамзаттық, ал тілдердің құрылымы мен заңдары, негізінде, жеке халықтық, ұлттық, дара – дара болады.Сондықтан да белгілі бір ұғым, мағына, байымдау әр тілде әр басқа тәсілмен беріледі.Тілдің логикалық категорияларды, ұғым мен байымдауды білдіруі оның толып жатқан функциялық құбылыстарының бір жағы ғана.Тілде бұдан басқа да өзіндік ішкі мағыналық, формалық құбылыстар, өзіндік категориялар мен заңдылықтар көп.Онда тіпті ешқандай логикаға сыймайтын жайттар да аз емес.Мысалы, орыс тіліндегі ночь сөзінің – женский родқа, день сөзінің мужской родқа жатуын, қарным ашты, түйе көзіңе түсті ме? Көз – құлақ бола жүр деген тәріздестердің білдіретін мағыналарын қазіргі логикаға сай деуге болмайды.
Бірақ бұл айтылғандар логика ғылымының тіл білімінің дамуындағы қызметін төмендету емес.Логика тіл білімінің қалыптасуында, дамуында елеулі қызмет атқарады.Көптеген грамматикалық ережелер, терминдер логиканың әсерімен және соның тікелей қатынасымен жасалып қалыптасады.Тіл білімі тарихи логикалық грамматикалардың болғанын да біледі.
Логиканың бір саласы – математикалық логика соңғы жылдары тіл білімінің алдына жаңа проблемалар, тіл зерттеу ісінде математикалық формулаларды қолдану міндетін қойып жүр.Мұндай формула күрделі есептерді шығаратын және мәтінді бір тілден екінші тілге аудару міндетін атқаратын электрон машинасына әрекет үстінде басшылыққа алатын нақтылы нұсқау – ережелер жасау үшін, тілдік мазмұнды шартты белгілерге, кодтарға айналдыру үшін керек.Айтылғандарға қарамастан, тіл – логика үшін де негізгі нысан емес, жанама, көмекші нысан.
Тіл білімі және психология. Психология – психика туралы ілім. Психологияның мақсаты – адамдардың психикалық әрекеттерінің объективтік заңдарын, адамның ой – санасын, психикалық қасиеттерінің қалыптасып, даму жолдарын айқындау.Ал, психикалық құбылыстарға сезу, қабылдау, түйсіну, ойлау, байымдау, қиялдау сияқтылар жатады.Бұлардың барлығы да мидың жемісі және барлығы да сөйлеу процесімен тығыз байланысты.Сондықтан ойлау мен сөйлесудің арақатысы жөніндегі мәселе психологиялық зерттеулерде де көрнекті орын алады.Бұл салада психологияның ерекше мән беретін мәселесі – сөйлеу процесінің қалай іске асатындығы, сөйлеудің түрлері, оның адам психикасымен байланысы, сөйлеу процесіндегі мидың қызметі мидың зақымдануының сөйлеу әрекетіне, сөйлеу органдарының қызметіне тигізетін зиянды әсерлері тәрізді мәселелер.Бұлар тіл білімі үшін де маңызды.Осы мәселелерді шешуде психология тіл біліміне, тіл білімі психологияға қол ұшын беріп, екі жақты байланысқа, қарым – қатынасқа түседі.Сөйлеу, сөйлесу процестерін, сөйлегенді қабылдау, түсіну жағдайларын психологияның қатынасынсыз шешу мүмкін емес.Сөз мағынасындағы алуан түрлі құбылыстар, сөздердің келтірінді мағыналарында қолданылуы, т.б. психологияның ассоциация заңына негізделеді.
Адамның сөйлеу әрекеттерінің көп жағдайда психологиялық құбылыстармен ұштасып жататынына қарап, бірсыпыра ғалымдар психологияның қызметін сыңаржақ, асыра бағалап келді.Олар тілді – психикалық құбылыс, тіл білімін психологияның бір саласы деп жариялады, сөйтіп, тіл мәселелерін зерттеуде психологияға сүйенді.Психология сөйлеу әрекеті мәселесінде ғана тіл білімімен ұштасады.Бірақ тілде адамдардың психикалық құбылыстары тұрғысынан қарап қана шешуге болмайтын толып жатқан мәселелер бар.Оның үстіне, бұл екі ғылымның ортақ нысанды зерттеудегі көздейтін түпкі мақсаты да екі басқа: бірі – тілдік материалдардың жәрдемі арқылы психикалық құбылыстардың сырын ашуды, екіншісі (тіл білімі) – психология ғылымының табыстарына сүйене отырып, тілдік құбылыстарды жете түсінуді айқындауды көздейді.
Тіл білімі және физиология, физика, медицина. Сөйлеу, сөйлесу дыбыс органдарының артикуляциялары арқылы жасалатын дыбыстар тасқыны түрінде іске асып, ауа толқыны арқылы құлаққа естіледі.Сөйлеу әрекеті – физиологиялық күрделі процесс.Оған мидың да, сөйлеу органдарының да, нерві жүйесінің де қатысы бар.Бұл жағынан тіл білімі физиология,физика, медицина ғылымдарымен де байланысты болады.
Тіл білімі физиологиямен тіл дыбыстарының қалай жасалатындығы жөніндегі мәселеде істес болады.Тіл дыбыстарын жасауда қандай мүшелердің қызмет атқаратынын физиологияның артикуляция немесе артикуляциялық физиология деп аталатын саласы зерттейді.Ал, тіл дыбыстарының қалай жасалатынын білу – тіл білімі үшін, әсіресе оның фонетика саласы үшін өте қажет.Бұл мәселеде физиологиялық артикуляция тіл зерттеушілеріне көп жәрдем бере алады.
Дыбыстардың жасалу жағымен қатар естілу жағы, дыбыстық сапасы деген болады.Мұнымен физиологияның есту физиологиясы дейтін саласы да, физиканың акустика дейтін саласы да айналысады.
Акустика тек тіл дыбыстарын ғана емес, құлаққа естілетін басқа дыбыстарды да зерттейді.Ол – жалпы дыбыс әуезі жөніндегі ілім.Оған тіл дыбысының сапасын зерттеу – оны тек электр жазуына түсіруді айқындау үшін ғана керек.Ал, тіл дыбыстарының фонетика зерттейтін басқа толып жатқан мәселелерінің оған қажеті жоқ.
Сөйлеу әрекеті мимен, жоғары нерві жүйесінің сөйлеу, есту органдарымен тығыз байланысты.Бұлардың зақымдануы сөйлеу әрекетіне зиянды әсерін тигізеді.Бұл мүшелердің ауру – саулығын медицина ғылымы, оның психиатрия, дефектология, логопедия деп аталатын салалары тексереді.Олардың афазия (сөйлеудің бұзылуы, мылқаулар, саңыраулардың «тілдері») жөніндегі ғылыми табыстары тіл білімі үшін де пайдалы.Сол сияқты, физиология ғылымының сигналдар жүйесі жөніндегі ілімінің де дыбыс тілінің қалыптасу тарихын айқындауда берері аз емес.
Тіл білімі және әдебиеттану ғылымы. Бұл екі ғылым ежелгі заманнан бірлікте және филология деген ортақ атаумен аталып келеді.Әдебиет пен тіл – айрылмас бірліктегі құбылыстар.Тіл - әдебиеттің жаны.Тілсіз әдебиет жоқ.Тіл әдебиеттің материалдық жағы болса, әдебиет – тілдің материалдық қызметінің жемісі.Тіл әдебиеттен бұрын пайда болған.Тіл білімі де, әдебиеттану ғылымы да ежелгі заманнан сақталған тілдік нұсқаулардың мазмұнын, тілін, пайда болу тарихын зерттеу негізінде қалыптасқан филология ғылымынан бөлініп өрбіген төркіндес, кіндіктес ғалымдар.Осы тұрғыдан алғанда, тіл маманы әдебиет заңдылықтарын, әдебиетші тілдің заң – ережелерін жақсы білуге және оны қатал сақтауға тиісті.Бұлай болу – аталған екі ғылымның арақатынасын күшейтуге, ортақ мәселелерін бірлесе отырып, терең де жан – жақты шешуге мүмкіндік береді.
Бірақ тәжірибеде бұлай бола бермейді.Кейде екі пән мамандары арасында қайшылықтар, «менің ісіме қол сұғасың» деушіліктер ұшырасады.Мұндай қырғиқабақтық сөз болып отырған екі ғылымның әрқайсысына тән нысанның ара жігі жете ашылмағандықтан болса керек.Бірақ ұқыптылықпен кіріскен адамға ондай нысанды айқындау онша қиынға соқпайды.Қорыта айтқанда, көркем туындының тілдік, стильдік сипаттарын айқындау – тіл білімінің қарауына жатады да, оның идеялық – көркемдік жақтарын ашу, көркем образдар, характерлер жасаудағы тілдік тұлғалардың қызметі деген тәрізділер әдебиеттану ғылымының үлесіне тиеді.Басқаша айтқанда, көркем мәтін талданғанда тіл мамандары тілдік тұлғалардың, тілдік категориялардың шығарманың көркемдік – эстетикалық мазмұнындағы қолданысын зерттесе, әдебиетшілер, керісінше, шығарманың идеялық – көркемдігінен бастап, оларды ашуда тілдік құралдардың қызметін зерттейді.
Тіл білімі және тарих, этнография, археология. Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі статикалық қалпын да, әр Тіл білімі және тарих, этнография, археология. Тіл дәуірді қамтитын динамикалық күйін де зерттейді.Тілдің тарихи дамуын зерттеу сол тілді туғызған, оны қатынас құралы ретінде қолданған халықтың тарихымен тығыз байланысты.Сондықтан тіл тарихын зерттеуші ғалым сол тілді қолданған қоғам тарихы жөніндегі ілімнің табыстарына сүйенбей, ал тарихшы өз зерттеулерінде тіл фактілерін ескермей тұра алмайды.
Тіл фактілері тарихшыларға халықтың шығу төркінін, оның даму тарихының әр кезеңдеріндегі мәдени дәрежесін, қандай халықтармен қарым – қатынаста болғанын, шаруашылықтың қандай түрлерімен айналысқанын айқындауға жәрдемін тигізеді.Бұл мәселелерде тілдің өзгелерден гөрі септігін молырақ тигізетін саласы – сөздік құрамы.Өйткені сөздік құрам – жаңалықты бойына сіңіргіш, қоғам өмірінің барлық саласына да талғаусыз енгіш, бір елден бір елге көшімпаз, жүрдек сала.Сонымен бірге, ол қоғам өмірінің әр дәуірдегі бейнесін, ізін жоғалтпай сақтайтын қойма.Бұл қойманы аша білген, онда сақталған сөздерді сөйлете білген тарихшы қоғам тарихы үшін де, тілдің өз тарихы үшін де пайдалы материалдар табады.Басқа тілдерден енген сөздер – тарихы зерттеліп отырған халықтың өткенде қандай халықтармен байланыста, қарым – қатынаста болғанын айқындауға септігін тигізеді.
Тіл білімінің халықтың материалдық мәдениеті тарихын зерттейтін – этнография, археология ғылымдарымен де байланысы бар.Қоғам өмірінде пайда болған, қоғам мүшелерінің кәдесіне жараған заттардың қай – қайсылары болса да тілде белгілі атауға ие болады.Сондықтан атауыш сөздердің қалыптасуы, даму жолдары, олардың мағыналық жақтарынан түрлену, жаңару немесе көнеленіп, ескіру тарихы сол атау болған заттар тарихымен байланысты.Демек, тілде сақталған атау арқылы қоғам дамуының белгілі бір тарихи кезеңдерінде қолданылған материалдық игілікті, әдет – ғұрыптық дәстүрді білуге болады.Мысалы, қазіргі әдеби тілімізге көнеленіп бара жатқан садақ, қорамсақ, жебе, сыңсу, ұрын келу, бәдік айту, жамбы тәріздес сөздер – қазақ халқы өмірінде қолданылған қару – жарақтардың, бұйымдардың, салт – ғұрыптардың атаулары.Аталған бұйымдар, ұзатылған қыздың сыңсуы, күйеудің ұрын баруы, бәдік айтып ауруды емдеу салттары бұл күнде жоқ, бірақ тіліміздегі бұл атаулар бір кезде солардың болатындығының куәсі.
Тіл ғалымдары мен археологтардың, этнографтардың бірлесіп еңбек етуі – тіл тарихы, ел тарихы сырларын ашуға өлшеусіз пайда келтіреді.Ондай бірлесе істеген еңбектердің нәтижесінде бір кездерде болып, кейін де құрып кеткен бірсыпыра халықтар, мемлекеттер, қалалар тарихының ашылған фактілері ғылым тарихында аз кездеспейді.
Сөз бен сөз білдіретін заттар тарихын бірлікте қарап зерттеу тек тарих үшін ғана емес, осы күннің қажеті үшін де керек: қазіргі замандағы алуан түрлі терминдік атауларды, термин ретінде алынатын сөздердің мағынасын, сол терминмен атамақшы болып отырған зат пен ұғымның қасиеттері мен қазіргі сипаттарын жете білмейінше, дұрыс қолдану мүмкін емес.
Тіл білімі және география. Тіл білімінің география ғылымымен ұштасуы 19 ғасырдың соңғы кездерінен басталады.Ондай ұштастық жергілікті диалектілік ерекшеліктерді зерттеу, олардың тараған аймақтарын диалектологиялық карталарға түсіру мақсатынан туды да, лингвистикалық география деген атқа ие болды.Оны кейде диалектография, ареалды (аймақтық) тіл білімі деп те атайды.
Диалектографияның ең негізгі мақсаты – диалектілік атластар жасау.Диалектологияның дамуында лингвистикалық географияның шешуші мәні болды.Бірақ лингвистикалық географияның міндеті тек диалектілік атластар жасаумен ғана бітпейді (рас, бұл негізгі міндеті). Әрбір тілдегі диалектілердің орналасқан аймақтарын айқындау – белгілі бір аймақта қандай тілдік ерекшеліктердің барын біліп, олардың тіл тарихын, оның қалыптасуын, даму жолдарын, қандай халық тілдерінің әсері болғандағын айқындауға мол материал береді.Халықтардың қоныс ыңғайының, географиялық жақтарының тілдерде болатын интеграциялық, дифференциялық процестерде, тілдер қарым – қатынасында мәні барлығы тіл білімінде ертеден мәлім.Мұны да лингвистикалық география қарастырады. Лингвистикалық география – тіл білімінің бір саласы.Оның мамандары тіл фактілерін картаға түсіру ісін жете білулері керек.География ғылымының тілдік зерттеулерге берері негізінде осы.Ал, географтардың тіл ғалымдарынан алары мол.Ол, ең алдымен, топонимикаға байланысты. Топонимика – география мен тіл білімінің аралық категориясы. Топонимикалық атаулар – ұзақ замандар бойына сақталатын, бір халық тілінен екінші халық тіліне көшіп отыратын, тіпті бұл күнде жоқ халықтың я тілдің қалдығы ретінде де сақталатын болғандықтан, ол – халық тарихы, оның ертеде мекендеген қоныстарын, алғашқылардың мекеніне кейін киімдер ие болғанын, ол жерде қандай этникалық топтардың бас қосқанын байқататын материал.Оны топонимикалық атауларды тілдік тұрғыда зерттеу арқылы ғана айқындауға болады.Ал, топонимикалық атаулардың ондай сырларын білу географтар үшін аса қажет.
Тіл білімі және кибернетика. 20 ғасырдың 50 жылдарынан бері қарай тіл біліміне ерекше әсер ете бастаған ғылым - кибернетика. Кибернетика – грек сөзі.Мағынасы – басқару, басқару шеберлігі дегенді білдіреді.Бұл сөзді мемлекет басқару деген мағынада қолдану керек деген пікірді өткен ғасырда француз физигі А.Ампер айтқан.Ал, кибернетиканы ғылым атауы ретінде қолдануды және оның алға қоятын мақсаты туралы алғаш айтқан – Америка профессоры Н.Бинер. Кибернетика – математика, физика, психология, физиология, тіл білімі сияқты көптеген ғылымдардың табыстары негізінде туып, соларға сүйенген, солардың жинақталған түрі ретінде дүниеге келген синтетикалық ғылым.Электрондық теорияның дамуына, автоматика мен телемеханиканың қалыптасып, өмір салаларына кең тарауына байланысты осы ғылымдардың табыстарын басқа ғылымдарға енгізу, пайдалануға болмас па екен деген талаптар күшейді.Бұл ғылымның соңғы жылдары өте тез қарқынмен дамуына себепші болған тағы бір жайт – хабарлар, мәліметтер теориясының дамуы.Бірақ кибернетикадағы хабар деген сөзді қазақтың байырғы тіліндегі біреудің біреуге тіл, хат арқылы беретін хабары мағынасында ғана түсінуге болмайды, оның мағынасы бұдан әлдеқайда кең. Мұнда есту, көру, сезіну, тату, иіс арқылы қоршаған өмірден алынатын неше түрлі мәліметтердің барлығы да хабар деп аталады. Кибернетика үшін тіл – хат арқылы берілетін мәлімет те хабар, көше, жол бойларына қойылатын, мекеме, кәсіп орындары маңдайшаларына қағылатын белгілер, түсініктемелер де хабар, теміржол, су жолдарында және әскер бөлімдерінде, тағы басқа жерлерде қолданылатын, әр түрлі жолдармен берілетін алуан түрлі белгілерде, сигналдар да хабар, бір сөзбен айтқанда, бірдемелерді білдіру, байқату, ескерту, әлденелерден сақтандыру, әлденелерге көңіл аударту үшін қолданылатын алуан түрлі белгілердің, сигналдардың бәрі де хабар.Хабар беру, хабар алу, хабарды есту сақтау, хабарды қайта еске түсіру – кибернетика үшін ең өзекті мәселе. Кибернетиканың алға қоятын мақсаты – осыларды және осыларға ұқсас басқа да көптеген жұмыстарды, солардың ішінде ми қызметін керек ететін біраз жұмысты машинаға, техникаға істету.
Мұндай ізденіске түрткі болған, оның болашағынан үміт күттірген бір жайт – түрлі мәліметтерді қабылдау, хабарлау, сақтау, басқару, өзгерту, қайта шығару әрекеттері жағынан электрон машиналары мен тірі организм арасында біраз ұқсастықтардың болуы.Мысалы, қатты жүріспен келе жатқан шофер жол бойына қойылған «шұғыл бұрылыс» немесе «қауіпті» деген белгіні көріп, жүрісін бәсеңдетеді, болмаса «түс қайта күн райы бұзылады, қатты боран болады» деген хабарды естіген бақташы алдын ала қам жасайды т.б. Мұндағы шофердың көргені де, бақташының естігені де – хабар (информация). Ол хабарды шофер көру мүшесі арқылы, бақташы есту мүшесі арқылы қабылдап білді.Мұндай мүшелерді кибернетика қабылдау аспабы деп атайды.Қабылдау аспабы хабарды алысымен сезім мүшелері арқылы миға береді.Ми түрліше әсерленіп, алған хабарға жауап қайтарады.Мидың әрекеті кибернетика тілінде шығаратын (жауап қайтаратын) аспап деп аталады.Миды жауап қайтаратын, меңгеретін, басқаратын аспап дегенде, оның алған хабарға лайықты шараларды жүзеге асыратын мүшелер мен органдардың қимыл әрекеттерін реттеп, басқаруын айтады. Айталық, жоғарыда сөз болған хабарларды алысымен шофер де, бақташы да тиісті сақтық шараларын істейді.Ондай шаралар кибернетика тілінде басқару (меңгеру) аспабы арқылы іске асады. Басқару аспабы арқылы жүзеге асырылатын шаралар, әрекеттер бұрын да әлденеше рет істеліп, бақыланып, өмір тәжірибелерінен өтіп, солай істеудің бірден – бір дұрыс болатындығы есте сақталған.Оны сақтайтын орынды кибернетика ес аспабы дейді.
Бұл сияқты қабылдау, басқару, жауап қайтару, сақтау, өзгерту әрекеттерін өзінің аспаптары арқылы электрон машиналары да атқарады. Кибернетиктердің қарағанда, электрон машинасының негізгі міндеті – хабарды қабылдау, меңгеру, сақтау, өзгерту, қайта хабар беру.
Тіл білімі үшін кибернетиканың маңызды ісінің бірі – материалды, мәтінді электрон машинасы арқылы бір тілден екінші тілге аудару мәселесі.Бұл мәселе 1954 жылы алғаш рет Америкада басталды, бірақ машинамен аудару ісі жан – жақты шешілді деуге болмайды.
Электрон машиналарының қоғам өміріне өлшеусіз пайда келтіретіні даусыз.Бірақ ол кейбіреулердің айтатынындай, адам орнын түгелімен ауыстыра да алмайды, адам істегеннің бәрін істей де алмайды.Ол қаншалықты істер тындыратынына қарамастан, адамға жәрдемші, оның ақыл – ойы туғызған жаңалықты, адам міндеттейтін, үйрететін тапсырмаларды ғана орындай алатын жансыз техника.
Ғылыми – техникалық революция дәуірінің бұлар тәріздес жаңалықтары тіл біліміне де әсерін тигізбей қойған жоқ.Қолданбалы тіл білімі деп аталатын математикалық әдіс сондай әсерден пайда болған.
Тіл білімі және семиотика. Семиотика - әр түрлі хабарлар, мәліметтер беру үшін қолданылатын таңбалар жүйесі / знактар / туралы ғылым, семиотика сөйлеу тіліне таңбалар ретінде қарайды.Тілде таңбалық сипаттың барлығын тіл білімі де бекер демейді.Оны анықтауда кездесетін басқа таңбаларға төмендегідей ұқсастығы барлығын басшылыққа алады.Олар:
1.Таңба атаулының барлығы да, соның ішінде дыбыс тілі де, қатынас құралы қызметін атқарады, бірдемелер жайынан хабар береді.
2.Таңбаның барлығы да, соның ішінде дыбыс тілі де, қоғамдық кәдеге жарату үшін қоғам мүшелері туғызғандықтан, қоғамдық, әлеуметтік сипатқа ие.
3.Олардың барлығы да, солардың ішінде дыбыс тілі де, сезім мүшелері арқылы білдіретін материалдар.
4. Олардың барлығы да, солардың ішінде дыбыс тілі де, объктивтік өмірді, болмысты бейнелейді.
5.Таңбалардың барлығы да (ымдау, нұсқаудан, пиктографиялық таңбалардан басқалары) өздері білдіретін мағынамен шартты қатынаста болады.
Семиотиктер дыбыс тілін де таңба деп санап, оны өз нысандарының бірі есептеледі.Ал, тіл ғалымдары болса, жалпы семиотикалық заңдылықтарға, қағидаларға сүйене отырып, дыбыс тілінің басқа таңбаларға азды – көпті ұқсастығымен қатар, өзіндік ерекшеліктері қандай, тілдік элементтер ішінде таңбаға нелерді жатқызуға болады, нелерді жатқызуға болмайды деген тәріздес толып жатқан арнайы мәселелерді шешеді.
Сонымен, тіл білімімен байланысты ғылымдар көп және алуан түрлі.Бірақ олардың ешбірі тілге қатысты мәселелерді түгел қамтып жан – жақты зерттемейді, тек оның өздеріне қатысы бар жеке бір мәселесіне ғана тоқталады және тілді өздерінің негізгі нысаны деп санамайды.Тілді өзінің негізгі нысаны деп санайтын және оны терең де жан – жақты зерттейтін ғылым тек – тіл білімі.
Ал, тіл білімінің жоғарыда айтылғандай қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының қай тобына жататынын анықтауда ең алдымен тілдің пайда болу табиғаты, қызмет ету аясы ескерілуі қажет.Тіл - өзінің пайда болуы, дамуы жағынан адамзат қоғамымен тікелей байланысты қоғамдық құбылыс, ол – қоғамда аса маңызды қарым – қатынас құралы қызметін атқарады.Сонымен бірге тіл, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық санамен, ойлаумен тығыз байланысты.Сол себепті тіл білімі адамды, адамзат қоғамын зерттейтін қоғамдық (әлеуметтік) ғылымдарға жатады.Бұл – осы күнгі ғылымда анықталған қағида болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |