ОҚУ Үрдісіндегі рөлдік ойындардың Қолданылуы қабатаева К. Т



Дата08.09.2017
өлшемі104,84 Kb.
#31310
түріСабақ
ОҚУ ҮРДІСІНДЕГІ РӨЛДІК ОЙЫНДАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

Қабатаева К.Т.

Баербекова А.Е.

baerbekova.aliya@mail.ru


Сабақ барысында қолданылатын ойын түрлері – студент білімін берік меңгерту құралы. Әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы студнттердің білімге ынта-ықыласы, пәнге деген сүйіспеншілігі арттады. Ойынды студенттер сабақта шаршаған кездерде сергіту мақсатында емес, оларға берілген ұғым, түсініктерді берік меңгеру мақсатында да жүргізіледі.

Қазақ тілі сабағында ойын түрлерінің қолдану тиімділігі:



  • жаңа тақырыпты ойын арқылы меңгертуде не бір жақсы нәтижеге жетуге болады;

  • сабақты жандандырып, студенттерді ынталандырады;

  • шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін арттырады;

  • өзіне деген сенімділік пайда болады;

  • логикалық ойлау қабілеті дамиды.

Университеттегі оқыту үрдісінің негізгі мақсаты – студенттің білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, шығармашылық қабілеттерін тәрбиелеп дамыту болып табылады.

Ойын жағымды эмоция сыйлаушы құрал. Ойын ойнау барысында студент ешбір бүкпесіз, бар жан-тәнімен ойынға кірісіп кетеді де, белсенділік пайда болады, білімгер лидерлік қасиет танытады. Ойын қатысымдықты қалыптастыратын әдіс болғандықтан, оны оқытудың ешбір әдіс-тәсілімен салыстыруға келмейді. Сабақты ойын арқылы оқыту барысында білімгердің пәнге деген көзқарасы өзгеріп, өзге және өзінің досын басқаша көруге мүмкіндік туады. Ойынды қолдану оқу үрдісінің басқа аспектілеріне де жақсы әсер етеді.

Рөлдік ойынның мәні: а) тіл үйренушінің сол тіл арқылы қатынас жасауына деген қызығушылықтарын арттырады; ә) қажетті сөздерді неғүрлым көп меңгерсем, дұрыс жауап берсем деген ойды туғызады; б) ойын барысында тілдік қатынастар ерекше маңызға ие болады; в) тіл үйренушінің кәсіби қазақ тілі пәні бойынша мамандыққа қатысты біліктілігі мен белсенділігін арттырады.

Рөлдік ойындар студенттердің болашақ мамандығының ерекшелігімен толығырақ танысуға септігін тигізеді. Зерттеушілердің пікірінше, рөлдік ойын, оның табысы көп жағдайда оқытушыға байланысты. Ол оқытушының ұйымдастыру және өткізу қабілеттеріне қатысты.

Рөлдік ойындар дәстүр бойынша микроэтюдтар мен макроэтюдтарға бөлінеді. Микроэтюд бойынша ойыншылар төрт адамнан аспауы керек. Ал макроэтюдта ойынға бес адамнан бүкіл топқа дейін қатысуы мүмкін. Рөлдік ойындар бірқатар проблемалық мәселелерді шешуге негізделеді. Мәселен, білімгерлердің бір-бірімен қарым-қатынасын дұрыстау, әлеуметтік теңсіздікті жою т.б..

Рөлдік ойындарда міндетті түрде білімгерлердің өзара әлеуметтік рөлдік қатынастары қалыптасады. Рөлдік ойын сөйлеу мәдениетін дамытуға да өз септігін тигізері хақ. Ол болашақ маманның өзін-өзі ұстай білу қабілетін, мамандыққа қатысты терминдерді қолдана білу деңгейлерін дамытады.

Сөйтіп, ойын - дұрыс сауатгы сөйлеу, тыңдап түсіну деңгейлерін жоғарылататын, қатысымдыққа жетелейтін құралдың бірі болып табылады. Сабак сөйлеу әрекетіне негізделуі керек. Кәсіби қазақ тілі сабағында ойын ойнату басты мақсат емес. Кәсіби қазақ тілі пәнінің басты мақсаты - ойын арқылы студенттерді мемлекеттік тілде мамандығына қатысты сөйлету болып табылады. Ойынның кұрылымын оқу әрекетіне салғанда оқу үрдісін мақсатты қатысым үрдісіне айналдырарымыз хақ. Мәселен, білімгерлерге бірдей екі нәрсені, не болмаса суретті көрсетіп, осы екі нәрсенің арасындағы айырмашылықтарды атап беріңіз деген кезде, олар оны оқу үрдісінің максаты деп қабылдамайды. Тіл сөйлету мақсатына жету құралы болып табылады. Және сөз соңында айтарымыз кез келген тақырыпқа сабақта рөлдік ойындар ойнатқызуға болады.

Кәсіби қазақ тілі пәні бойынша туризм мамандығының студенттерімен бірге дайындалған «Саяхат жетекшісі» деген тақырыпта өткізілген рөлдік ойынды мысал ретінде алуға болады. Бұл рөлдік ойын арқылы студенттер өз мамандығына қатысты ақпарат ала отырып, саяхат барысында өздерін қалай ұстау керек, саяхатты қалай қызықты жүргізуге болады, сонымен қатар, туризм саласына байланысты терминологиядан да көптеген ақпарат ала алады.

«САЯХАТ ЖЕТЕКШІСІ» рөлдік ойыны

Ойынның мақсаты: «Саяхат жетекшісі» тақырыбына сұхбат жүргізе білуге, қарым-қатынас этикетін сақтауға дағдыландыру, тілдерін жаттықтыру, сауатты жазуға үйрету, саяхат жетекшісінің атқаратын қызметтері туралы мәлімет беру.

Ойынның жүргізілу тәртібі: Ойыншылар өзара рөлдерді бөліп алады. Оқытушы бәрінің дұрыс сөйлеулерін бақылап жүреді. Ойыншылар дәрісханада еркін қозғалыста болады.
Саяхат жетекшісі: Сәлеметсіздер ме, құрметті экскурсияға қатысушылар. Қазақстанға қош келдіңіздер. Бурабай өлкесіне қош келдіңіздер.

Экскурсияға қатысушылар: Сәлеметсіз бе!

Саяхат жетекшісі: Орындарыңызға жайланып отырыңыздар. Бүгін сіздрге қызықты әрі мағыналы, тарихи, мәдени саяхатты ұйымдастырушы мен __________________ боламын. Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі, Көкшетау баурайында орналасқан Бурабай өлкесімен танысасыздар.

Көкшетау – Қазақстанның тарихы бай қалаларының бірі. Көкшетау аймағына халық ежелгі заманда-ақ қоныстана бастаған (Бурабай кеніші, Ботай қоныстары, Бурабай қорымы). Ежелгі заманда Көкшетауға андрон мәдениетін жасаған тайпалар, сақ тайпалары қоныстанса, б.з-дың 1 – 2 ғ-ларынан бастап шығыстан ғұндар келіп қоныстанды. Көкшетау өңірі 6 – 8 ғ-ларда Түрік қағандығының құрамында, ол ыдырағаннан кейін әр кезеңдерде қимақ, қыпшақ, т.б. түркі тайпаларының иеліктерінде болды. Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған жорығынан кейін (1219 – 1922) бұл өңірге Алтайдың арғы бетінен басқа да тайпалар келіп қоныстанып, Дешті Қыпшақта бұрыннан қоныстанған тайпалармен араласып кетті. 13 – 14 ғасырларда Алтын Орда мемлекетінде 200 жыл бойы түркі тайпаларының өзара сіңісуі нәтижесінде біртұтас этникалық топ – қазіргі қазақ халқы қалыптасты. 15 ғ-дың 2-жартысында Жетісуда құрылған Қазақ хандығы күшейе келе, 16 ғ-дың бас кезінде бүкіл қазақ даласын (соның ішінде Көкшетау өңірін) біріктірді. 



Енді Бурабай өлкесіне келетін болсақ, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Ақмола облысының Щучье ауданында орналасқан. Саябақтың жалпы аумағы 83 510 га, оның ішінде орман алқабы 47 361 га, жер беті сулары 8 493,5 га.

Экскурсияға қатысушылар: Бурабай жерінің климаты қандай?

Саяхат жетекшісі: Климаты шұғыл континентальды. Қаңтар айындағы орташа температура -16,70С, шілде айының орташа температурасы +18,60С. Саябақ аумағына Үлкен және Кішкентай Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Майбалық т.с.с. он төрт үлкен-кішілі көлдер кіреді. Көлге құятын Қолшақты, Қылшақты, Сарыбұлақ, Громовая, Иманай сияқты басқа да өзендер бар.

Бурабай көлі теңіз деңгейінен 319 метр биіктікте орналасқан. Көл шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабай нышанына айналған. Бұл таудың келбеті бір жағынан бойжеткенді, екінші жағынан кейуананы бейнелейді. Бурабай  өлкесінің ең биік тауы Көкше теңіз деңгейінен 997 метр биіктікте орналасқан.

Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Биік таулар, көгілдір көлдер, қарағай мен қайың ағаштары өлкенің сәнін кіргізеді. Саябақта жануарлар әлемінің 305 түрі бар. Оның 87 түрі сирек кездесетін я жойылуға жақын.

Өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл Кітапқа енген. Жайқалған ағаштардың 65%-ын қарағай, 31%-ын қайың, 3%-ын көктерек, 1%-ын бұталы өсімдіктер құрайды. Тау қыраттарының үгілуі мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Ұйқыдағы батыр, Бүркіт, Түйе, құдыр, Сфинкс сияқты ерекше тас мүсіндер пайда болған.

Бурабай өлкесінде қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері орналасқан. Демалыс орындарындағы екі кісілік бір бөлмені жалға алудың орташа құны жаз айларында 10 000-15 000 теңгені құрайды. Жаз айларында балалар лагері жұмыс жасайды.

Бұл аймаққа денсаулығын түзету мен демалу мақсатымен жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден демалушылар келеді. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. 

Бурабай демалыс орындарында спорт кешендері орналасқан, экскурсиялық бағдарламалар жүргізіледі. Көктем айларында балық аулау маусымы басталады. Бурабай көлдері мен өзендерінде балық аулау үшін алдын ала рұқсат қағазын сатып алу керек. 

Экскурсияға қатысушылар: Бурабай жері туралы ел аузында көп аңыздар бар деп естідік, айтып берсеңіз.

Саяхат жетекшісі: Ақмола облысының солтүстігінде «Бурабай» ұлттық паркі орналасқандығы баршамызға мәлім. Бурабайдың тау-тасы да, көлі де, жазық даласы да ертегілер мен аңыздарға толы. Көкше жеріндегі Бурабайдың тамаша табиғаты, тылсым бейнесі – қарағайлы орманы, бір-бірінен көлдері арқылы бөлініп жатқан қатпарлы жартастары, биік құз басындағы тастары мен шыңдары небір бейнені көз алдыңа елестетеді.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркі 2000 жылы тамызда құрылды.

Бурабайдың әрбір қия тасына аңыздар негізінде және бейне ерекшелігіне қарай ат қойып отырған: Оқжетпес,Жұмбақтас. «Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаң – бұрымды жас қызға балайсың, екінші қырынан қарасаң - орамал тартқан келіншекке балайсың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кемпірге балап таңқаласың.

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Сонымен қатар, Сары-арқаның, Көкшетау тауларының аралығында бір-біріне жақын орналасқан ұсақ көлдер тобы бар. Олар суының тазалығымен ерекшеленеді.


Оқжетпес туралы мынадай аңыз бар екен: Қалмақ қызына Абылай ханның әскерлері «мен аламын» деп таласады. Сонда Абылай жауынгерлерін ренжітіп алмас үшін “Бұйырдым тұтқын қыздың қалауына” дейді. Тұтқын қыз жігіттердің өнерін сынау үшін үш шарт қояды. Біріншісі — Көкшенің ең биік шыңының басындағы найза ағашқа байланған шәйі орамалды атып түсіруі еді. Қыздан дәмелі хан батырларының барлығы да “шіреніп садақтарын шыңға кезегенімен” ешқайсысы сыннан өте алмайды. Шың содан кейін Оқжетпес аталыпты.

Жеке батыр аңызына келетін болсақ, бір кедей ауылда ақылды парасатты, арманшыл, үлкен күштің иесі батыр өмір сүріпті. Ол жас, өлең айтатын ешқандай қорқуды білмейтін болыпты. Өсе келе айналысындағы кедейшілікті, халықтың көз жасын, қайғысын көреді. Шығыстан және оңтүстіктен ауылға жоңғарлар, батыстан – Волга қалмақтары қысым жасады. Дұшпандары ауылдан адамдарды, малдарды айдап әкетіп жатады. Ел ішінде жігіттер қыз-келіншектер үшін өзара төбелесті. Осындай реніштері үшін олар бір-бірінің жайылымдарына зиян келтірді. Осындай келеңсіз жағдайларға өкпелеп жас батыр ауылдан кетіп, өз бақытын табуға бел буады. Жолда батыр өзге елдің бірнеше әскерлерін жолықтырады. Олар бақытқа жету үшін жердің түбіне жалғыз бару керек емес, қасыңда жора-жолдас болу керек. Күш біріктіріп, еліңді-жеріңді қорғасаң, сонда бақыт өзі келеді, - дейді. Батыр ешқайсысының сөзіне құлақ аспай, өз жөніне кете береді. Алдынан дұшпанның үлкен әскері кездесіп, барлық жолын жауып, қанды шайқас болады. Сонда ғана қанша батыр болса да, жалғыз жолға шығуға болмайтынын түсінеді. Дұшпандарының қолынан дала төсінде мәңгі ұйқыға кетті. Қазіргі кезде «Жеке батыр» тас бейнесі халық жүрегінде аңыз болып қалды.

Саяхат жетекшісі: Құрметті экскурсияға қатысушылар, тағы сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар.

Экскурсияға қатысушылар: Сұрағымыз жоқ. Сізге үлкен рахмет. Бурабай жері туралы көп мәлімет алдық.

Саяхат жетекшісі: Келесі кездескенше!

Экскурсияға қатысушылар: Сау болыңыз!

Қорыта келгенде, кәсіби қазақ тілі пәнінде қолданылатын рөлдік ойындардың басты мақсаты – студенттерді пәнге деген қызығушылығын оята отырып, мамандықтарына қатысты терминдерді меңгерту болып табылады.

Рөлдік ойындардың жетістігі көбіне оқытушыға байланысты, оның ойынды ұйымдастырып, өткізе білу қабілетіне тәуелді. Оған дайындық және оны өткізу процесіндегі оқытушы рөлі үнемі өзгеріп тұрады. Ойынға дайындықтың бастапқы кезеңінде оқытушы студенттердің іс-әрекетін мықтап қадағалайды, студенттердің тілдік қорында бар сөздерді барынша тиімді пайдалануына көмектеседі. Бірақ оқытушының әңгімеге белсене қатысуы мен бақылауы біртіндеп азайып, оның бар-жоқтығы елене бермейтіндей деңгейге жетуі тиіс. Осы мақсатқа жеткен кезде ол жәй ғана байқаушы болады, мұндай жағдайда ол жіберілген кемшіліктерді түзетуге байланысты қандай жұмыс қажеттілігін анықтау ісімен шұғылданады.


Библиографиялық тізім:

  1. Нұрғаева Г. Ойын сабақ // Бастауыш мектеп,2001, №7. -Б. 40-46

  2. М.Жайлауова,З.Сексенбаева. Дидактикалық ойындар және оларды пайдалану // Бастауыш мектеп, 2004, №6. -Б. 28-30

  3. Қоянбекова.С. Ойын мақсатын талдау және оның мәні //
    Қазақстан мектебі, 2002, №1-2.-Б. 45-49

  4. Менте М. ван. Эффективное использование ролевых игр в тренинге. СПб: Питер, 2001.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет