1. Қазақстанға Ресей және шетел капиталының енуі. Қазақстан жері таскөмір кеніне бай. Олардық ірілері Орталық Қазақстанда еді. Қарағанды көмірін алғашқылардың бірі болып 1833 жылы Аппақ Байжанов ашты.
Ертіс бойындағы және Орталық Қазақстандағы көптеген кен орындарын тұңғыш рет ашқан адам Қосым Пішенбаев болды. Ол Екібастұз көмірі, Майқайың полиметалл кен орындарын ашқаны туралы бірінші болып мәлімдеді. Қ. Пі- шенбаев Павлодардағы миллионер-көпес А. И. Деровқа жалданып, кен көздерін іздеуші және маркшейдер болып жұмыс істеді. Ол Баянауыл даласындағы Александровка, Талдыкөл, Жамантұз, Қарасор, Шөптікөл, Майкөбен сияқты тас- көмір кен орындарын ашты.
Ресей кәсіпкерлері жергілікті қазақтардан аса бай кен орындарын су тегін бағаға сатып алды. Мәселен, XIX ғасырдың 40-жылдарында Н. Ушаков, А. Рязанов деген көпестер қазақтардан Қарағанды көмір кен орындарын, Успенск мыс кеніштерін, Жезқазған және Спасск-Воскресенск мыс кеніштері аймағын өте арзан бағаға сатып алды.
Алайда XX ғасырдың бас кезіне қарай тау-кен кәсіпорындарының басым бөлігі шетелдік кәсіпкерлердің қолына көшті. Патша үкіметі шетелдік кәсіпкерлерге шет аймақтарды игеруіне кең жол ашып берген еді. Кен орындарын игеруге орыс кәсіпкерлерінің жеткілікті тәжірибесі де, заманауи техникалық құралдары да болған жоқ. Олар өндірілген дайын өнімді өткізуде қыруар көп қиындықтарға душар болды. Ал Ресей шенеуніктері шетелдік кәсіпкерлер жағында болды. Олар шетелдік кәсіпкерлерден қолдау көрсеткені үшін пара алып тұратын. Шетелдік кәсіпкерлер көбінесе кездейсоқ адамдар, яғни олардың арасында қатардағы мұғалімдер, ет сататын қасапшылар, ұсақ саудагерлер, тіпті тілмаштар да бар еді. Өздерінің жекеменшігінде капиталы болмаса да, Батыс елдеріндегі банктердің берген несиесіне Қазақстандағы кеніштер мен шахталарды су тегін дерлік бағамен сатып алып, тез байып шыға келді. Жергілікті арзан шикізатты өздерінде қымбатқа сатып, банктерден алған қарыздарынан құтылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыруар пайданың астында қалды.
Кен орындары мен шахталар жыртқыштықпен талан-таражға салып тонаудың салдарынан бірте-бірте істен шыға бастады. Олардағы техника іс жүзінде жаңартылған жоқ. Ал өндірілген шикізат шетел асып кетіп жатты.