Үлгі-өнеге - өте əсерлі тəрбие əдісі. Бұл əдіс негізінде жатқан заңдылық: көрумен қабылданған санада тез əрі жеңіл бекиді, себебі оны ойланып сөзбен таңбалап не таңбасын ауыстырып жатудың қажеті жоқ. Үлгі- бірінші, ал сөз – екінші сигналдық жүйе деңгейінде əсер етеді. Үлгі еліктеу үшін нақты өрнек беріп, сана, сезім, сенімді белсенді қалыптастырып, іс-əрекетке қозғау салады. «Уағыз жолы ұзақ, үлгі жолы қысқа» - деген байырғы Рим ғұламсы Сенека. Бала өміріндегі тұңғыш жанды өрнек - ата-ана, тəрбиеші, дос-жаран. Əдебиет, фильм кейіпкерлері, тарихи қайраткерлер, ұлы ғалымдар да үлкен тəрбиелік ықпал жасайды. Үлгінің психологиялық негізі – еліктеушілік. Осыған орай бала əлеуметтік жəне инабаттық тəжірибе жинақтайды. Мектеп жасындағы балалар өздері аса ұнатқан адамдарға еліктейді. Сондықтан, баланың адамгершілік дамуына қамқорлық жасауда оның өнегелі ортаға араласуына басты назар аудару қажет.
Өмір өнегесі ұдайы оңды болса, тіпті жақсы, бірақ олай бола бермейді, балаға əсер етуші кері өрнек аяқ астында. Оқушылар назарын өмір, адам келеңсіздіктеріне аударып бару, болымсыз қылықтар салдарын талдап, олардан қорытынды шығару –міндетті шарт. Мезетімен орынды пайдаланған ұнамды үлгі тəрбиеленушіні жаман қылықтан сақтандыруға жəрдем беретінін де ескерген жөн.
Тəрбие тəрбиешінің жеке басы үлгі-өнегесіне, оның қылық- əрекетіне, қамқорлығындағы балаларға қатынасына, дүниетанымына, іскерлігі мен абыройына тəуелді. Ұстаз үлгісінің оңды ықпалы оның сөзі мен ісінің жарасымдылығына, балалардың бəріне бірдей ақ пейілді қатынасына орай арта түседі. Бұл тəрбиешінің беделіне, ол бастаған істің жүйелілігі мен бірізділігіне де байланысты.
Сонымен, сана қалыптастыру əдістері тұлғаның ізгілену тəрбиесінде маңызды рөл атқарады. Мұндай əдістер түрі: əдептілік əңгімелері, түсіндіру, ұғындыру, əдептілік сұхбаттары, үгіттеу, сендіру, көрсетпе нұсқау, үлгі тəрбие əдістерінің тиімділігі олардың қалай қолданылуына, педагог таңдаған гуманистік бағытқа тəуелді.
Достарыңызбен бөлісу: |