Педагогика саласындағы зерттеулер – бұл білім заңдылықтары, оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясы жөніндегі жаңа мəліметтерді алуға бағытталған ғылыми ізденіс процесі жəне оның нəтижесі. Педагогикалық зерттеулердің міндеті- деректер мен құбылыстарды түсіндіру жəне оларды алдын ала болжастыру.
Бағытталу тұрғысынан педагогикалық зерттеулер іргелі (фундаменталды), қолданбалы жəне болжам-жобалау (разработки) деңгейіндегі болып үш топқа бөлінеді. Іргелі зерттеулер нəтижесінде педагогиканың теориялық жəне практикалық жетістіктерін қорытушы жалпы тұжырымдамалар алынады немесе болжам жобалаумен педагогикалық жүйелерді дамытудың моделдері ұсынылады. Қолданбалы зерттеулер – бұл педагогикалық процестің кейбір тараптарын тереңдей тануға, алуан қырлы педагогикалық қызметтің заңдылықтарын ашуға бағдарланған істер. Болжам жоба – бұрыннан белгілі теориялық көзқарастарға негізделген нақты ғылыми- практикалық ұсыныстар дұрыстығын дəлелдеп, оларды практикалық айналымға қосу бағытында істелетін жұмыс.
Қалаған педагогикалық зерттеу көпшілік қабылдаған əдіснамалық тиектерге орай жүргізіледі. Педагогикада олардың қатарына – зерттелуге тиіс проблема, тақырып, нысан жəне оның дені (предмет), мақсат, міндеттер мен болжамдар, қорғалуы тиіс идеялар – кіреді. Педагогикалық зерттеулер сапасын танытушы негізгі көрсеткіштер: зерттеу көкейкестілігі, жаңалығы, теориялық жəне практикалық маңыздылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |