Карл Сэндберг (1867-1967) шведтік эмигрант жұмыскерлердің жанұясынан шыққан. Ол орта білімін аяқтамастан сылақшы, жүк тасушы, кейін ағаш ұстасы болып жұмыс істеді. Әскерде болып, Испан-америка соғысына қатысып, 1890 жылдары әлеуметтік қозғалысқа қатысады. Сэндбертің еңбекшілердің күші мен талантына деген сенімі, демократиялық нанымдары мен оптимизмі оның поэзияларында көрініс табады. Ол Уитмен дәстүрін жалғастырып, поэзияны «Өмір жолын түсіндіретін тізбек» деп түсінеді. Сэндберг өзінің өлең шумақтарын такси жүргізушісі, полиция қызметкері, машинистер мен қарапайым адамдар сияқты оқырмандарға арнады.
Сэндберг өз шығармашылығында еркін өлеңді таңдаған, оның лирикасы халық тілінің байлығы мен әсемдігін көрсетеді. Ол фольклорлық шығармаларды жинап, америкалық халық әндері мен балладалардың антологиясын құрастырып, басып шығарады. Маяковский Сэндбергті «Американың үлкен индустриалды ақыны» деп атаған. Алып елдің тынысы Сэндбергтің шығармаларында шебер суреттеледі. Оның негізгі жинақтарына «Түтін және болат» (1920), «Америка, қайрлы таң» (1928), «Халық, иә!» (1936) атты еңбектерін жатқызуға болады.
Қара нәсілді америкалық Ленгстан Хьюзды (1902-1967) «негрлер Реннессансының» ақыны деп атайды. Ол өзінің алғашқы жинағын 1926 ж. басып шығарады. Осы уақытқа дейін Хьюз қағаз тасушы, қонақ үйде күзетші, жүк тасушы, ыдыс жуушы, матрос сияқты көптеген қызметтер атқарады. Ол Линкольн университетін аяқтап, афро-америкалық поэзияның дәстүрлерін жалғастыра отырып өзін ақын, прозаик, драматург және публицист ретінде көрсете білген. Хьюз қорланғандардың қайғысына ортақтасып, адамдар теңдігі туралы идеяны қорғай отырып, блюздың дәстүрлі формасына жаңаша мән береді («Арман», «Менің түсім», «Портье» атты өлеңдері). Хьюз «Кепілдіктегі ең жақсы заттар» (1927), «Жаңа көлеңке» (1938), «Гарлемдегі Шекспир» (1942) сияқты он үш поэтикалық жинағын басып шығарады. 1930 ж. оның «Жас шығарған күлкі» атты романы мен 1932 ж. «Скотсборо» атты пьесасы жарыққа шығады.
Көркем бейнелеудің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде Джон Дос Пассостың (1896-1970) шығармашылығы ерекше. Архитектура мамандығы бойынша Гарвард университетін аяқтаған соң, Дос Пассос өз қалауымен майданға аттанып, Италия мен Францияда орын алған ұрыстарға қатысады. Оның «Үш сарбаз» (1921) атты романында соғыс пен майданда жауға қарсы күрескен жауынгерлер жайлы жазылған. Пассостың «Манхэттен» (1926) атты романы кинематографияда қолданылатын монтаждау мен конструктивизм техникасы секілді жаңаша әдістердің батылдығымен ерекше көзге түседі. 30 жылдары Дос Пассостың «АҚШ» трилогиясының «42-ші паралелль» (1930), «1919» (1932), «Үлкен ақша» (1936) атты романдары жарыққа шығады.
АҚШ театры мен драматургиясының қайта жаңарып, дамуына драматург Юджин О’Ниллдің (1888-1958) қосқан үлесі зор. Ол драматургияны коммерциялық театр өктемділігінен босатып, оны ұлттық өнердің игілігіне айналдырады. Актердың баласы Юджин О’Нилл театр репертуарларымен жақсы таныс болып, өз шығармашылығын оны қайта құруға арнап, шындықты бейнелеп, өзекті мәселелерді көтеретін пьесалар жазды. Ол өзінің «Көкжиекте» (1920) атты пьесасында фермерлердің кедейленуі жайлы жазса, «Император Джонс» (1920) пьесасында нәсілшілдік мәселесі мен оның түрлі-түсті адамдардың рухани өміріне тигізер әсері туралы сөз қозғайды. Юджин О’Нилл драмалар мен трагедиялар жазған.
АҚШ әдебиетінде модернизмнің қалыптасуы Еуропа елдерінің, әсіресе Франция мәдениетінің әсер етуімен жүрді. ХХ ғ. Францияның астанасын «Идеялар лабораториясы» деп атаған Хемингуэй, Скотт Фицджеральд, Дос Пассос, Гертруда Стайн, Эзра Паунд сынды көптеген америкалық ақындар Парижде өмір сүрді. Франция арқылы Томар Стернз Элиоттың Англияға жолы ашылып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрады. Әдебиет тарихшылары нақты негіздерге сүйене отрып, ғылымға «Америкалық модернизмнің еуропалық мектебі» деген түсінікті енгізеді. Ол Эзра Паунд пен Гертруда Стейннің есімімен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |