Сатиралық жанрлар «Сатира» грек тілінен аударғанда «қоспа», бұл нақты шындықты көрсету, жетілдіру мақсатында оны сынау деген мағына береді. Сатира ежелгі заманда қоғамдағы әлеуметтік құрылыстың пайда болуымен пайда болды. Журналистикадағы сатиралық жанрлар суреттеудегі шыншылдығымен, деректерінің нақтылығымен өзгешеленеді.
Журналистика теориясын зерттеушілер сатиралық жанрлардың мынадай түрлері: фельетон, памфлет, эпиграмма, мысал, шарж, карикатура, анекдот т.б. бар екенін айтады. Журналистиканың басқа жанрларынан сатиралық жанрлар сатира, әзіл, ирония, сарказм, гротеск, гипербола және басқа көркемдік әдістерді қолдануымен ерекшеленеді.
Фельетон – бұл ауқымды сатиралық жанр, үш бастаудың синтезі: публицистикалық дерек нақты, көкейкесті, өзекті ғана емес, сондай-ақ жедел болуы тиіс, сатиралық дерек әзілді мазмұнмен анықталады, оның бағасы сатиралық талдауды қарастырады және көркем сатиралық бейнені жасау, фельетонды сатиралық қысқа жазбадан айырады.
«Фельетон» сөзі француз тілінен аударғанда «парақ» деген мағына береді. 1800 жылдың 27 қаңтарында «Де Пари» журналына театр афишалары, ұсақ хабарламалары бар парақ салынған екен. Фельетон жанры өз бастауын осы парақтан алады, соңынан осындай парақтардың дұрыс дамуына кедергі болатын өмірдің күлкілі және қисынсыз құбылыстарын келемеждейтін сатиралық шығармалар басып шығарылып отырған.
Фельетон түрлері: фельетон-мақала, фельетон-корреспонденция, фельетон-очерк, фельетон-суреттеме, іскер қағаздары стиліндегі фельетон: фельетон-шағым, фельетон-арыз; драмалық фельетондар: фельетон-пьеса, фельетон-скетч және т.б.
Қазіргі уақытта фельетондар баспасөз беттерінен мүлдем жоғалып барады. «Время» газетінде «Азиопия елінен» айдарымен Сапа Мекебаевтың фельетондары басылған, онда біздің еліміздегі саяси жағдай, саясат пен қоғам қайраткерлері сыналады. «Казахстанская правда» газетінде «На взгляд фельетониста» айдарында С. Ковалевтің сатиралық шығармалары басылып тұрады, бірақ екеуінің де көркемдік жағы кемшін, бұл ол шығармалардың жанр дәрежесіне көтерілуіне кедергі болып тұр.
Фельетон. Сатиралық жанрдың бір түрі – фельетон. «Фельетон дегеніміз – шағын көлемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма» [94,78-б]. Фельетон негізінен баспасөз беттерінде жиі көрініс табады. Бірақ, зерттеушілердің айтуынша, фельетон талаптары жоғары, бір сыншының бойынан әрі көркем, әрі публицистикалық ой айту, әрі әдеби тілмен өрнектеп жеткізу қабілеті кездесе бермейтіндіктен бұл жанр өте сирек кездеседі.
Қазақ басылымдарының соңғы бетіне басылатын сатиралық шығармалар ішінде фельетон талаптарын қанағаттандыратын ойлар ұшырасып жатады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005 жылдың 22-28 шілдесінде шыққан санында «Қалжыңқалта» айдарындағы «Бас-бизнес» атты Г.Құрбанбаеваның жазған фельетон-мақаласының мазмұны әзіл арқылы бастағы биттердің ереуіл жасағанын жеткізіп, бас иесінің битке көнген шаруасы битті дәріханаға өткізу бизнесіне айналғанын жеткізеді. Материал көркем-публицистикалық сарынға бой ұрмаса да, өмір шындығы шағын әңгіме түрінде жазылған. Ал, әдеби шығармаға жататын фельетон-рецензия туралы зерттеуші Д.Ысқақов біршама ой өрбітеді. Фельетон-рецензияға мысал ретінде «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы 27 сәуіріндегі санында Т.Әлімбекұлының Бекежан Тілегеновтің «Күйкі өмірдің шикі өсегі» кітабына жазылған фельетон-рецензиясында: «Құдай салмасын, бір керемет кітап жарық көріпті. Айтылмай келген шындықты шырқыратып отырып, судың бетіне сүйреп шығарған көрінеді» сияқты жолмен басталады.
«Қазақ әдебиеті» газеті сатиралық жанрды жариялауда алдына жан салған жоқ десек артық емес. Себебі, бүгінгі «Сатира стадионы», «Қалжың қалталардан» бұрын «Қожанасыр қоржыны», «Бүйенбайдың пұшпағы», «Тураби трибунасы» сияқты беттік әзіл бұрыштары үзілмей жарық көріп тұрды. Сатира қашанда жақсының кемшілігін көрсетіп, жақсылығын арттыруға қызмет етеді. Сондықтан сатира жанрының өміршеңдігі «Қазақ әдебиеті» газетінен анық байқалады. Аталмыш газетке сатира жанрына қалам тербеушілер қатарына Көпен Әмір-Бек, М. Шерім т.б. атауға болады.