Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ринолалия кезінде операцияға дейінгі логопедиялық жұмыстың
негізгі міндеттерін атаңыздар.
2. Операцияға дейінгі кезеңнің логопедиялық принциптерін атаңыздар.
Бұл сұраққа жауап беру үшін А. Г. Ипполитованың «Открытая ринолалия» (М., 1983) деген жұмысымен танысыңыздар.
3. Операциядан кейінгі логопедиялық жұмыстың негізгі міндеттері
қандай? Операцияға дейінгі жұмыстың міндеттерінен қандай айырмашылығы бар?
4. Педагогикалық – түзету жұмысының дайындық периодының
кезеңдері. Әр кезеңнің мақсаттарын ашып айтыңыздар.
5. Операциядан кейінгі кезеңнін логопедиялық принциптерін
атаңыздар. Бұл жерде кешенді принцип қалай жүзеге асырылады?
6. Операциядан кейінгі логопедиялық жұмыс қандай бағыттардан
тұрады?
7. Операциядан кейінгі логопедиялық жұмыстың негізгі кезеңдерін
атаңыздар. Әр кезеңде логопедтің алдында тұрған міндеттері қандай?
8. Неге ринолалияны алдын алу шараларына көп көңіл бөлу маңызды?
9. Массаж түрлері. Өткізу әдістемесі.
10. Дыбыстарды түзету кезектілігінің кестесін құрастырыңыздар.
Ұсынылған әдебиеттер
1. Логопедия. Л. С. Волкованың ред. М., 2004.
2. Ипполитова А. Г. Открытая ринолалия. – М., 1983.
3. Ермакова И. И. Коррекция речи при ринолалии у детей и подростков. – М., Гном- пресс, 1999.
4. Өмірбекова Қ. Қ., Серкебаев Қ. Логопедия. - Алматы, 1996.
5. Өмірбекова Қ. Қ., Ибатова Г. Б., Төлебиева Г. Н. Ринолалия, Алматы,2009
6. Логопедия. Методическое наследие. Кіт 1, 2 бөлім: Ринолалия. Дизартрия. М., Владос, 2006.
10 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУДІҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ
Сөйлеудің жылдамдығының бұзылуына брадилалия мен тахилалия жатады. Сөйлеудің мұндай бұзылыстары әртүрлі деңгейде байқалады: жеңіл, орташа, ауыр. Ауыр түрінде қатынас процесі бұзылады. Себептері: психогендік, соматикалық, зиянды әдеттер.
Брадилалия – сөйлеу жылдамдығының патологиялық баяулауы. Термин bradus- баяу, lalia - сөйлеу деген грек сөздерінен шыққан. Брадилалия өзіндік жеке бұзылыс ретінде сонымен қатар психикалық аурулардың кейбір түрінде байқалуы мүмкін. Брадилалияның белгілері (симптомдары) әртүрлі: ішкі және сыртқы (экспрессивтік) сөйлеудің баяулауы, оқу мен жазудың процестерінің баяулауы, дауысы бір қалыпты, сөздердің арасындағы үзілістердің (паузаның) баяулауы немесе ұзаруы, дыбыстарды созып айтуы. Балалар фразаны бөліп, буындағы дыбыстарды созып айтады. Мұнда сөйлеу айналасымен қатынасты қиындатады. Аталған белгілер сөйлеудің әр түрінде байқалады: диалогтік сурет бойынша әңгіме құрауда, мәтінді оқығанда, мазмұнын айтуда. Оқу кезіндегі мәтінді көріп қабылдауы сөйлеудің жылдамдығына әсерін тигізбейді. Балалар сөздерді дұрыс айтады, бірақ баяу, сөзді, фразаны да баяу жазады.
Брадилалияның сөзсіз белгілеріне тән: жалпы саусақтардың ұсақ моторикасының, беттің бұлшық еттерінің бұзылуы байқалады, қимылдары баяу, солғын, көлемі толық емес. Психикалық процестерінің ерекшеліктері байқалады: қабылдаудың, зейіннің ойлаудың баяулығы. Нұсқауды бірнеше рет қайталағаннан кейін орындайды. Персеверацияға бейімділігі бағдарлаудың жеткіліксіздігі байқалады.
Тахилалия - сөйлеудің патологиялық тез (шапшаң ) сөйлеу. Термин tachis - тез, шапшаң, lalia - сөйлеу деген грек сөздерінен шыққан. Тахилалияның себептерімен механизмі туралы әр түрлі көзқарастар айтылады. D. Weiss (1950) шапшаң сөйлеуде орталық сөйлеу механизмінің бұзылуымен байланыстырады. М.Зееман (1950) шапшаң сөйлеу экстрапирамидалық жүйенің функциясының бұзылуынан деген ой айтты. М. Е. Хватцев (1959) тахилалияның негізгі себебі сөйлеу аппаратының қимылының туа біткен жеткіліксіздігінен деп санайды. Г. Гутцман тахилалия қабылдаудың бұзылу салдары деп есептейді.
Тахилалияға тән белгілер: фонетика мен синтаксистің ауытқуынсыз шапшаң сөйлеу ( секундіне он – он екі дыбыстың орнына жиырма – отыз дыбыс айтылады). Шапшаң сөйлеген кезде сөйлеу зейіні бұзылуы тоқтап қалу, қайталау, буындардың орнын ауыстыру, сөйлем бұзып айту, дыбыстарды анық айтпау т.б. кездесуі мүмкін. Егер сөйлеуге баланың көңілін аударса, жылдамдығы сақталғанымен сөз арасында тоқтап қалуы байқалуы мүмкін. Сыртқы сөйлеудің бұзылуымен қатар оқу мен жазудың бұзылуы байқалады. Жазуда, оқуда кездесетін қателер: алмастыру, әріптердің, дыбыстарды, буындарды алмастыру, орын ауыстыру. Тахилалиямен зақымдалған адамдардың жалпы қимылының жылдамдығы бұзылады. Қимылдары тез (тез жүреді, тез тұрып, тез тоқтайды) моторлық беймазасыздық ұйықтап жатқан кезде де байқалады. Ондай балалар ашуланшақ, мазасыз келеді. Ашуланған кезде мынадай реакциялар байқалады: бетінің, құлағының қызаруы, қолының терлеуі, сууы. Есейген сайын өзінің ақаулығына әртүрлі көзқарас пайда болады:
Біреулер сөйлеу шапшаңдығын тұлғаның психомоторлық қалпына сай табиғи түрі деп бағалайды;
Екіншілері шапшаң сөйлегенін сезініп, уайымдайды, көбінесе оларды тұтықпаның кешеуілдеген түрі деп есептейді.
Үшіншілері өте қатты уайымдайды, соның салдарынан сөйлеу жылдамдығы күшейе түседі.
Тахилалияның жіктелуі.
Патологиялық жылдам сөйлеу көп жағдайда лексикалық - грамматикалық және фонетикалық сипаттағы басқа тіл бұзылыстарымен қосылып келеді. Мұндай тіл кемістіктерін жалпылама терминдермен атайды (баттаризм, кідіру).
Баттаризм (парафразия) – сөйлеу жылдамдығының ауыр бұзылған түрінде сөйлеу зейінінің бұзылу салдарынан фразаның дұрыс қалыптаспауы. Көбінесе басқа сөйлеу тілінің бұзылуларымен қоса байқалады.
Себептері ретінде соматикалық, психогендік факторлар мен әдеттер қарастырылады. Психикалық факторлардан зейіннің жеткіліксіз шоғырлануы, ойлау мен сөйлеу жылдамдығының үйлесуін атауға болады.
Анатомиялық – физиологиялық тұрғыдан баттаризмнің механизімін орталық нерв жүйесінің ақаулығының салдарынан қозу процесінің тежеу процесінен басым болуы деп түсіндіреді.
Лингвистикалық тұрғыдан парфразияны синтаксистік бұзылу деп қарастырады (А. Гутцман, 1885 Х. Пик 1913 ) Ю. А. Флоренская парафразия мен афазиялық механизмі бірдей деп есептейді. Афазияда және параафазиядағы бұзылыстар сөздің ерікті табу қиыншылығымен сипатталады ( сөйлегенде еріксіз қосымша элементтер қосу, сөздің әріптік құрамының бұзылуы).
Полтерн (кідіру) - тырысусыз сөйлегенде үзіп, жылдам сөйлеу (тоқтап қалу, себепсіз үзіліс жасау) жалпы және сөйлеу моторикасының бұзылуымен сипатталады. Көбінесе тіл кемістіктерінің басқа түрлерімен тіркесіп келеді.
Қазіргі кезде кідіруді екі түрге бөледі. D. Weisst (1964): таза түрі және кідіру – синдромы. Кідірудің таза түрі дамудың туа біткен конституциональдық ақаулығымен негізделеді. Онда аграмматизмнің белгілерімен синтаксистің бұзылуы байқалады ( қайталану, фразаның арасындағы байланысы бұзылу), оның бәрі ішкі ойлаудың ретсіздігінен деп қарастырады. Тез сөйлеудің салдарынан сөйлеудің әуезділігі жеткіліксіз, ырғақтылығы тұрақсыз болады.
D.Weiss (1961) кідірудің таза түрін келесі топтарға бөледі:
Бірінші топ – моторлық бұзылуы: бұзылудың негізгі белгісі жылдам сөйлеу мен дыбыс айтудағы артикуляцияның ауытқуы.
Екінші топ – сенсорлық бұзылу: белгілерінде керекті сөзді табу қиыншылығы мен есту зейінінің бұзылуы басым болады.
Үшінші топ – сөз қорының жеткіліктілігіне қарамастан сөйлеудің қалыптасуында қиыншылықтар кездеседі.
Төртінші топ - сөйлегенде жеке дыбыстарды (а – а, э – э) созып айтады немесе лепті үн шығарады.
Полтерн хореяда, жалған бульбарлы параличте, бас миының дистрофиялық органикалық ауруларында, сонымен қатар психопатияда, психикалық ауруларда, олигофренияда байқалады.
Баттаризм мен полтернде жалпы моторикалық, зейіннің, жадының, тәртібінің ауытқулары кездеседі. Жалпы моторикада тез жүру, шұғыл бұрылу, қимылдың шашыраңқылығы байқалады. Сөйлегенде қолдың, беттің, дененің ретсіз қимылдары қоса жүреді. Сөйлеу зейіні дамымаған, сондықтан басқалардың айтқанын аңғармайды және есте сақтай алмайды.
Тахилалияны тұтықпадан ажырату қиындық туғызады. Тахилалия мен тұтықпаның негізгі айырмашылықтары D. Weiss, J. Lonqova, М. Зееманның, В. С. Кочергинаның зерттеулерінде қарастырылған (кестеде көрсетілген)
Тахилалия мен тұтықпаны ажырату.
фактор
|
тахилалия
|
Тұтықпа
|
ақаулықты сезіну
|
болмайды
|
Болады
|
зорланып қызу сөйлегенде
|
жақсарады
|
нашарлайды
|
сөйлеуге зейінін аударса
|
сөйлеуі жақсарады
|
Жақсарады
|
нақты жауапты талап ететін сөйлеуде
|
жақсарады
|
нашарлайды
|
таныс мәтінді оқуы
|
нашарлайды
|
жақсарады
|
таныс емес мәтінді оқуы
|
жақсарады
|
Нашарлайды
|
жазу
|
Жылдам, жазуы түсініксіз
|
Күштеніп, баяу
|
Өзінің сөйлеуіне көңіл бөлуі
|
Ұқыпсыз, қалай болса солай
|
Қорқынышпен
|
Психологиялық уайымдау
|
Артта қалады
|
Алдын ала
|
Академиялық мүмкіншілігі
|
Қажетті деңгейге жетпейді
|
Жақсы ,биік
|
Электроэнцефалограмма
|
Дизартрия
|
Көбінесе қалыпты
|
Эффект Ли
|
Сөйлеуі нашарлайды
|
Сөйлеуі жақсарады
|
Аминазан
|
Жақсарады
|
Нашарлайды
|
Психометриялық тәсілдер
|
Нашарлайды
|
Жақсарады
|
Емделуге ынтасы
|
Тым аз немесе жоқ
|
Мол
|
Емдеу мақсаты
|
Зейінін сөйлеудің детальдарына бағыттау
|
Зейінін көңілін детальдан басқа жаққа аудару
|
Сөйлеу жылдамдығының бұзылуын түзету логопедиялық жұмысының негізгі бағыттары.
Кешенді емдеу - педагогикалық жұмыс жүйесі жалпы дидактикалық және арнайы қағидаларға негізделіп жүргізіледі.
Түзету жұмысында анализаторлардың байланысына сүйенеді: көру, сөйлеу қимыл, сөйлеу, есту. Түзету жұмысы сөйлеуді ішкі және сыртқы түрлеріне бағытталуы тиіс. Мысалы: брадилалияда сабақ барысында баланың вербальсыз және вербальды ойлауын дамытуға, ойын тез жинақтап айтуға т.б бағытталған тапсырмалар қолдану қажет. Сонымен қатар баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатымен, тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып оның тәртібін, эмоциональды - ерік сферасын түзетуге бағытталған жұмыс жүргізіледі.
Жүйелі түзету жұмысымен қоса үнемі сөйлеуі мен тәртібін бала өз бетімен бақылауға бағытталған жұмыс, медициналық ықпал (дәрімен емдеу, физиотерапия, психотерапия) логопедиялық ритмика, физкультура қолданады.
Брадилалияны түзетудің логопедиялық әдістемесі.
Брадилалияны түзету барысында қолданатын логопедиялық тәсілдер сөйлеу процессінде сөйлеу қимылдарының жылдамдылығы мен нақтылығын тәрбиелеуге бағытталады: сөйлеу реакциясының жылдамдығын, ішкі сөйлеу жылдамдығын оқу мен жазудың жылдамдығын, сөйлеудің просодикалық жағын (ырғақтылығы, әуезділігі, екпін, үзіліс).
Брадилалияның ауыр түрлерінде алдымен жалпы моториканы қалыпқа келтіру қажет: координацияны, бағыттылығын, жалпы қимылдарын жылдамдату, қолдың праксисін қалыптастыру, естіп, көріп қабылдауын дамыту, ырғақты қабылдап қайталау т.б. Моторика қалыпқа келе бастағанда сөздік материалдар қосылады.
Түзету жұмыс барысында әртүрлі сөздік жаттығулар қолданады. Негізгі жаттығулар: әртүрлі деңгейдегі сөздік материалдарды айтқызу (буын, сөз, фраза, жаңылтпаш т.б); оқу (логопедпен бірге сосын өз бетімен магнитофонға жылдам жазылған сөздік материалдарды тыңдап, қайталау, ырғаққа сәйкес сөздік материалдарды айту, оқу т.б.
Логопедиялық жұмыста логопедиялық ритмика, музыканың ырғағымен жүру, жүгіру, секіру, ритмикалық жаттығулар, өлең айту, сюжеттік қимыл – ойындар кеңінен қолданады.
Сонымен, брадилалияны түзету жұмысының негізгі бағыттары:
Нақты сөйлеу артикуляциясын тәрбиелеу;
Сөйлеу реакциясын жылдамдату;
Оқу мен жазудың жылдамдығын күшейту;
Моториканы қалыпқа келтіру;
Қолдың праксисін қалыптастыру;
Көру және есту зейінін дамыту;
Ырғақтылықты қабылдау мен қайталауын дамыту.
Тахилалияны түзетудің логопедиялық әдістемесі.
Тахилалияны түзету жұмысының негізгі мақсатына: баяу, жатық, біркелкі дем алу мен дауыс шығаруға тәрбиелеу; баяу ырғақты оқу; байсалды, ырғақты сөйлеу, ұжымда қатынас кезінде тиімді жағдай жасау, сөйлеуде жалпы және есту зейінін қалыптастыру жатады.
Тахилалиямен зақымдалған жасөспірімдер мен ересектермен логопедиялық жұмыс кезеңдерге бөлініп жүргізіледі.
Бірінші кезең – үндемеу тәртібі. Сабақтан басқа уакытта көп сөйлемеу ұсынылады. Үндемеу тәртібі оқушылардың үрейін басып, тынышталып, зейінін сабақ ережелеріне шоғырландыруға әсер етеді.
Екінші кезең – баяу сөйлеуді меңгеру алдымен дауыстап оқудан басталады. Алдымен оқу үлгісін логопед көрсетеді, сосын логопедпен бірге, соңынан, кезектесіп оқылады. Әр сабақ сөйлеу жаттығуларынан басталады. Барлық жаттығуларда қосарланып баяу сөйлеу орын алады. Ауызша сөйлеумен қатар баяу да психомоторлық процесстерді баяулатуға нұсқау беріледі (қимыл – қозғалысын, тәртібін).
Үшінші кезең - мазмұнына сай фразаларды қолдану, айтылатын ойларын алдын – ала тұжырымдау жұмысы жүргізіледі.
Төртінші кезең — коллективтік әңгіме құрастыру. Логопедтің немесе кезекшінің сигналы бойынша әр бала әңгімеге қатысады. Бұл кезеңде іштен баяу оқу қолданады. Сабақта әр түрлі тәсілдер пайдаланады: еліктеу, бірге қайталап айту, ырғақты оқу, ырғаққа сай сөйлеу жаттығулары, дұрыс сөйлеу үлгілерін тыңдау т.б. Бұл кезеңде сабақтан тыс сөйлеуге жаттығу жұмыстары кеңінен қолданылады. Диалогтық қатынасты әр жағдайда (көшеде, көлікте т.б) жаттықтыру.
Бесінші , қорытындылау кезеңі – көпшілік ортада сөйлеуге жаттығу. Өзін – өзі ұстауы, сөйлеу жылдамдығы өзіндік жеке сабақтарда қайталанады, жаттығады, соңында мазмұны, сөйлеуі талқыланады.
- Сонымен, тахилалияны түзету жұмысының негізгі бағыттарына:
- Баяу, жатық, біркелкі дем алу мен дауыс шығаруға тәрбиелеу;
- Баяу, ырғақты оқуға тәрбиелеу;
- Байсалды, ырғақты сөйлеуге тәрбиелеу;
- Сөйлеу қатынасын тәрбиелеу;
- Жалпы және сөйлеу зейінін тәрбиелеу жатады.
Түзету жұмысы келесі кезектілікпен жүргізіледі:
- Үндемеу тәртібі;
Оқу мен әңгімелеу барысында сөйлеу жылдамдығын баяулату дағдысын меңгеру.
Мазмұнға сай фразаны айтатынын лайықтап, тұжырымдау, редакциялау.
Топпен әңгімелесу.
Көпшілік алдында сөйлеуге дайындау.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
Сөйлеу жылдамдығының бұзылу түрлеріне анықтама беріңіздер.
Тахилалияның жіктелуін атаңыздар.
Сөйлеу жылдамдығын түзету жұмысының негізгі бағыттары қандай?
Брадилалияны түзету-логопедиялық әдістемесінің негізгі бағыттары қандай?
Тахилалияны түзету-логопедиялық жұмыс кезеңдерін сипаттаңыздар.
ТҰТЫҚПА
Тұтықпа - сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысу салдарынан, сөйлеудің жылдамдығы мен ырғақтылығының бұзылуы. Синонимдері: balduties, disphemie, spasmophemie, laloneurosis.
Арнайы әдебиеттерде тұтықпаның механизміне қатысты әр түрлі көзқарастар кездеседі.
Ерте заманда тұтықпаны бас миы мен тілдің ылғалдылығының кемшіліктерінің салдарынан болатын ауру (Гиппократ) немесе артикуляциялық аппаратының бөліктерінің дұрыс сәйкеспеуінен (Аристотель) деген түсініктер болған.
XVII – XVIII ғ. тұтықпаны перифериялық (шеткі) сөйлеу аппаратының жетілмеуінің салдары деп түсіндіреді. Мысалы: Санторини тұтықпаны да қатты таңдайдағы жарықшақтан тілге шырышы ағып жиналады да тілдің қимылын қиындатады соның салдарынан тұтықпа пайда болады деп есептейді.
Басқа зерттеулер тұтықпаны сөйлеу мүшелерінің функциясының бұзылуымен байланыстырады: дауыс саңылауының тырысып жабылуы ( Арнот, Шультесс); өте тез дем алу ( Беккерель); тілді ауыз қуысында ұстап тұратын бұлшық еттерінің қысқаруы ( Итар, Ли, Диффенбах)-; ойлау мен сөйлеу процесстерінің келіспеушілігі (Блюме).
XIX ғ. аяғында тұтықпаны күрделі психофизикалық бұзылу деген пікір тұрақтала бастайды. Кейбір авторлардың пікірінше, ақаулықтың негізінде физиологиялық бұзылыстар біріншілік, ал психологиылық көріністер екіншілік сипат алады деген. ( А. Гуцман 1879; А. Куссмауль 1878; И. А. Сикорский 1889 т.б). Ал көптеген зерттеушілер психологиялық ерекшеліктері көрініс табады , ал физиологиялық көріністер соның салдарынан болады деп есептейді. (Хр. Лагузен 1838; Р. Коэн 1878; Г. Д. Неткачев 1913 т.б)
Р. М. Боскис тұтықпаны баланың сөйлеу тілінің дамуымауына жатқызады және оның негізіне күрделі сөйлеуді өңдеп құрастырумен байланысты туындайтын сөйлеу қиыншылықтары жатады деп есептейді.
Р. Е. Левина тұтықпаны сөйлеу тілінің дамымауы деп қарастырып оның мәні сөйлеу тілінің коммуникативтік функциясының бұзылуы деп біледі.
Көптеген авторлардың пікірінше сөйлеудегі қиыншылықтар әртүрлі жағдайға байланысты: жүйке жүйесінің типіне, сөйлеу ортасына, жалпы және сөйлеу тәртібіне т.б.
Көптеген ресейлік ғалымдар, И. П. Павловтың жоғарғы жүйке жүйесінің іс – әрекеті, соның ішінде невроздық механизмі іліміне сүйеніп тұтықпаны неврозға жатқызады. Кейбір зерттеушілер тұтықпаны невроздың белгісі деп қарастырса ( Ю. А. Флоренская, Ю. А. Поворинский т.б), басқалары – невроздың ерекше түрі деп қарастырады (В. А. Гиляровский, М. Е. Хватцев, И. П. Тяпугин, С. С. Ляпидевский, Н. И. Жинкин, В. С. Кочергина т.б)
Тұтықпа балаларды клиникалық зерттеу нәтижесінде В.С. Кочергина тұтықпаны симптом да емес, синдром да емес, ол орталық нерв жүйесінің ауруы деп тұжырымдайды.
Тұтықпаның пайда болуына бас ми қыртысының жүйке процесстерінің (олардың күші мен қимылының шамадан тыс зорлануы) -өзара қатынастарының бұзылуының маңызы зор.
Мидың үлкен жарты шарының іс – әрекетіндегі жүйкенің босаңсып шектен шығуы, бір жағынан жағымсыз экзогендік факторлардың әсерінен болуы мүмкін. Жүйкенің шектен шығуы жоғары жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Бастапқы ми қызметінің бұзылуы, ми мен ми қыртысы асты бөлімдерінің арасындағы индукциондық қатынастарының және ми қыртысы асты құрылымдардың қызметін реттейтін шартты рефлекстік механизмдерінің бұзылуына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда стриопаллидарлық жүйенің қызметінде жағымсыз өзгерістер орын алады. Ал стриопаллидарлық жүйенің тұтықпаның механизіміндегі орны ерекше, өйткені ол жүйке дем алудың жылдамдығымен ырғақтылығына, артикуляциялық бұлшық еттердің тонусына жауапты. Тұтықпа стриопаллидумның органикалық өзгерістерінде емес, оның динамикалық функциясының ауытқуынан пайда болады.
Тұтықпаны И. П. Павловтың невроз туралы ілімі тұрғысынан қарастыруды көптеген зерттеушілер қолдайды (Чехословакияда – М. Зееман, М. Совак, Ф. Досужков, И. Досталова, А. Конделькова; Болгарияда – Д.Доскалов А. Атанасов, Г. Ангушев, Польшада – А. Митринович – Моджеевска; Германияда – К. П. Беккер т.б)
70 жылдары психиатрия саласында невротикалық және неврозға ұқсас бұзылыстарды ажырату үшін клиникалық критерилер ұсынылады, сонымен қатар тұтықпаның да невротикалық және неврозға ұқсас түрлерге бөліп қарастыру тенденциялары байқалады. (Н. М. Асатиани, Б. З. Драпкин, Л. И. Белякова, т.б.).
Қазіргі уақытқа дейін тұтықпаның механизмін зерттеушілер тек клиникалық және физиологиялық жағынан ғана емес, нейрофизиологиялық, психологиялық, психолингвистикалық тұрғыдан қарастыруға әрекеттеніп келеді.
Нейрофизиологиялық зерттеудің мағлұматтары (И. В. Данилов, И. М. Черепанов 1970) бойынша тұтығушының доминантты жарты (сол жақ) шары сөйлеу кезінде өзінің басқарушы, жетекші ролін толық тұрақты атқара алмайды, оң жақ жарты шарға қарсы тұра алмайды.
Тұтығушылардың зейінін, жадын, ойлауын,психомоторикасын зерттеулер нәтижесінде олардың психикалық іс – әрекеттерінің құрылымының, оны өзіндік реттеуінің өзгергені анықталған. Тұтығушылардың тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Клиникалық бақылау және эксперименталдық психологиялық әдістемелерді қолдану арқылы олардың бір қатар тұлғалық ерекшеліктері анықталған: секемшілдік, үрейлік, өзіне өзі сенбеушілік, тұйықтық, депрессияға бейімділік т.б.
Тұтықпаның механизімін психолингвистикалық тұрғыдан қарастыру – сөйлеудің тууының қай кезеңінде тыртысу пайда болатынын анықтауға бағытталған. Сөйлеу қатынасының мынадай фазалары болады.
Сөйлеуге қажеттіліктің немесе қарым-қатынасқа ниетінің болуы;
Іштен сөйлеуде түпкі ойдың тууы;
Дыбысты айтуын іске асуы;
Сөйлеу іс–әрекетінің әр түрлі құрылымдарында бұл фазалар өзінің толықтылығы мен ұзақтылығы жағынан әр түрлі болады. Барлық жағдайда ойланғаны мен іске асырғанын салыстырып отырады.
Сонымен, тұтықпа мәселесіне қатысты әртүрлі көзқарастарды қарастыра отырып, тұтықпаның механизімі біртекті емес деген қорытынды жасауға болады.
Бір жағдайда тұтықпаны бас миының жүйке процесстерінің шектен шығуы, ми қыртысы, ми – қыртысы асты бөлімдердің өзара іс – әрекетінің бұзылуы, сөйлеу қимылдарының (дауыстың, тыныс алудың, артикуляцияның) жылдамдығын бірге автоматты реттеудің бұзылуының салдарынан болатын күрделі невротикалық бұзылыс деп түсіндіреді.
Екінші жағдайда – әртүрлі себептердің салдарынан туындаған сөйлеудегі алғашқы қиыншылықтар дұрыс сөйлеу рефлексі ретінде бекіп қалудың нәтижесінде болатын күрделі невротикалық бұзылыс деп есептейді.
Үшіншіден – жалпы және сөйлеу дизонтогенезінің, тұлғаның үйлесімсіз (дисгармониялық) дамуының салдарынан байқалатын сөйлеудің функциональды бұзылуы.
Төртіншіден - тұтықпаның механизімін орталық жүйке жүйесінің органикалық өзгерістерімен түсіндіреді. Басқаша да түсіндірулер болуы мүмкін.
Тұтықпаның этиологиясы
Арнайы әдебиеттерде тұтықпаның себептеріне әр түрлі көзқарастар айтылады. Хр. Лагузен (1838) тұтықпаның себептеріне аффектті, қорқуды, ұялшақты, қатты ашулануды, бас миының зақымдалу мен ауруын, тұтығуға еліктеуді жатқызады. А. И. Сикорский тұтығудың негізгі себебі тұқым қуалаушылық деп есептейді. Г. Д. Неткачев (1909) отбасында дұрыс тәрбиенің болмауы деп санайды. Көптеген зерттеушілер тұтықпа инфекциялық аурулардың салдарынан организмнің әлсіреуінен (А. Г. Гутцман) экзогендік және эндогендік факторлардың қосылып әсер етуінен деп санайды (В. А. Гиляровский, М. Е. Хватцев, Н. А. Власова, Н. П. Тяпугин, М. Зееман т.б)
Қазіргі кезеңде тұтықпаның себептерін екі топқа бөледі: бейімдеуші және қоздырушы.
Біріншісіне баланың нерв жүйесін әлсіретіп, оның жұмысының бұзылуына әкеліп соғатын жағдайлар жатады (құрсақта жатқанда, туу кезеңдегі зақымдалу; инфекциялық аурулар; тұқымқуалаушылық яғни ата-аналарының нерв жүйесінің әлсіздігі, ерекшелігі; конституциональдық бейімділігі, педагогикалық қараусыз қалу).
Қоздырушы себептерге жататындар: күшті жүйке күйзелісін тудыратын кенеттен психиканың зақымдалуы, тәрбиелеу тәсілдерін дұрыс қолданбау, сөйлеу ортасының жағымсыздығы, сөйлеу тілінің дамуының кешеуілдеуі.
Осы уақытқа дейін тұтықпаның этиологиясына бірдей көзқарас жоқ. Дегенмен, барлық зерттеушілер, тұтықпаның пайда болуына бірқатар факторлардың маңызын атайды.
Баланың жасы.
Баланың орталық жүйке жүйесінің жағдайы.
Жеке тұлғаның ерекшелігіне байланысты сөйлеу онтогенезінің өтуі.
Бас миының функциональдық ассимитриясының қалыптасу ерекшеліктері.
Психикасының зақымдалуы.
Генетикалық фактор.
Жыныстық деморфизм.
Тұтықпаның пайда болуына ықпал ететін көптеген факторларды атауға болады (соматикалық әлсіреу, мінезінің жағымсыз жақтары, әлеуметтік жағдайы мен ортасы т.б). әдетте, тұтықпа бір емес, бірнеше факторлардың қосылып келу салдарынан пайда болады. Этиологиялық факторлардың әрқайсысына жекеше тоқталайық.
Баланың жасы тұтықпа екі – алты жас арасында пайда болады. Ол мектепке дейінгі жастағы баланың сөйлеу іс – әрекетінің координаторлық механизмдері қарқынды қалыптасу сатысында болуымен байланысты. Көптеген физиологиялық зерттеулерде, қарқынды даму сатысында, кез – келген функциональді жүйенің зиянды факторлардың салдарынан ауытқуға шалдыққыштығы дәлелденген.
Көп жағдайда тұтығатын балаларда бас миының резидуальдық сипаттағы органикалық зақымдалуы байқалады. Жалпы тұтықпаларға әртүрлі деңгейде қимыл сферасының жетілмеуі байқалады.
Орталық жүйке жүйесінің жағдайы кейбір тұтықпа балаларда бас миының органикалық зақымдалуы байқалмайды. Сонда да, қалыпты балаларға қарағанда тұтықпа баланың жүйке жүйесінің ерекшелігін көрсететін үрейлену, жаңа жағдайдағы бейімділігінің төмендігі сияқты белгілері байқалады.
Сөйлеу онтогенезінің өту ерекшеліктері.
Көптеген балаларда тұтықпа пайда болғанға дейін, сөйлеудің қарқынды даму кезеңінде, физиологиялық итерация, сөйлеу кезіндегі тыныс алу мен күрделі фразалы айтудың психикалық мүмкіншіліктерінің арасындағы үйлеспеушілік байқалады.
Тұтықпаның пайда болуына сөйлеудің қарқынды даму жылдамдығының да әсері зор. 1,6 – 1,8 айдағы ауызша толық сөйлеуі жаңа қалыптасып келе жатқан сөйлеудің функциональды жүйесіне қауіп төндіреді. Ондай жағдай кейбір сөйлеу тілінің кешеуілдеуінде де байқалады. Сөйлеуі кешеуілдеп дамыған балаларда 3,5 – 4,5 жаста фраза қарқынды қалыптаса бастайды, бұл қалыптасып келе жатқан сөйлеу жүйесінің координаторлық механизімін әлсіретеді және тұтықпаның пайда болуына мүмкіншілік тудырады.
Бас миының функциональдық ассимитриясының қалыптасу ерекшеліктері.
Тұтықпа балалардың арасында солақайлар жиі кездеседі және сол қолды оң қолға қайта тәрбиелеу кезінде тұтықпа пайда болуы мүмкін.
Тұтықпа балалардың ауызша сөйлеуін ұйымдастырудағы сол жақ жарты шардың басқарушы ролінің бұзылатындығы электрофизиологиялық зерттеулерде анықталған (И.В. Данилов, И.П. Черепанов, 1970)
Бас миының симметриялық құрылымдарының арасындағы байланыстың әлсіреуі алдымен сөйлеу функциясына әсерін тигізеді.
Психиканың зақымдалуы.
Көптеген авторлар тұтықпаның пайда болуы психикалық зақымдалуымен байланыстырады. Психикалық зақымдалу әртүрлі болып келеді. Көбінесе тұтықпаның алғашқы рет пайда болуы психиканың зақымдалу кезімен сай келеді, оның қоздырушы себебі болып табылады.
Генетикалық фактор.
Әлемдік әдебиеттердің деректері бойынша тұтықпадағы ауыр тұқым қуалаушылық бірнеше ұрпақта байқалуы мүмкін. Тұтықпасы бар ата – аналарды қалыпты ата – аналарға қарағанда, балаларында тұтықпаның байқалу мүмкіншілігі бірнеше рет көбірек болады. Шамасы, орталық сөйлеу механизмдерінің әлсіздігі тұқым қуалауы мүмкін. Кез келген ауытқу генетикалық тұқым қуалаушылыққа қосымша зиянды факторлар қосылғанда ғана байқалады.
Тұтықпа қыздарға қарағанда, еркек балаларда үш есе жиі кездеседі. Мұның механизмі әлі де түсініксіз. Қыздардың моторлық функциялары: жүруі, сөйлеуі, ұсақ моторикасы ұлдарға қарағанда тезірек қалыптасады деп болжамдайды. Бәлкім, соған байланысты қыздардың сөйлеу қимыл механизмдері экзогенді зияндықтарға төтеп беру қабілеті жоғары болуы мүмкін.
Тұтықпаның белгілері
Тұтықпа – сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысу салдарынан ауызша сөйлеу тілінің жылдамдығының, ырғақтылығының бұзылуы. Тұтықпа көбінесе баланың сөйлеу функциясының қалыптасу кезеңінде ( 2-6 жас аралығында) пайда болады. Арнайы әдебиеттерде мектеп жасына дейінгі балаларда басталған тұтықпаны өз бетінше сөйлеу ақаулығы деп қарастырады, ал бас миының әр түрлі органикалық ауруларында немесе жүйке психикалық бұзылыстарында байқалатын түрлерін симптоматикалық тұтықпа немесе екінші реттілік деп есептейді. Тұтықпаның негізгі белгісі – ауызша сөйлеу процессінде сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысуы. Тыртысу тек сөйлеу кезінде немесе сөйлей бастағанда байқалады.
Тыртысу негізгі екі түрге бөлінеді: тоникалық және клоникалық, сонымен қатар кейде аралас түрге де бөледі.
Сөйлеудегі тоникалық тыртысу бірнеше топтағы бұлшық еттердің (мысалы: еріннің, тілдің т.б.) тонусының қатаюымен сипатталады. Тұтығушы сөйлеу кезінде тоқтап, бөгеліп қалады (к – ітап). Ауыз бұл кезде жартылай ашық немесе еріндер қосылып тұрады.
Тырысудың клоникалық түрі сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің біркелкі қайталанып қысқаруымен сипатталады. Көбінесе тұтықпада тыртысудың клоникалық және тоникалық түрлері бірдей байқалады.
Тыртысудың оқшаулануы (локализациясы)
Тыртысу сөйлеу аппаратының барлық бөлімдерінде: артикуляциялық дауыс шығару және тыныс алу мүшелерінің бұлшық еттерінде кездесуі мүмкін. Тұтықпаның асқынған түрінде тыртысудың аралас түрлері жиі кездеседі: демалу – артикуляциялық, артикуляторлық – дауыс шығару т.б.
Демалу аппаратының тыртысуы. Инспираторлық тыртысу. Кенеттен шұғыл дем алудың салдарынан сөйлеудің әр кезеңінде пайда болатын үзіліс немесе кідіріп қалуымен сипатталады. Мұндай тыртысулар фонацияны, сонымен қатар сөйлеу артикуляциясын бұзады. Инспираторлық тыртысулардың күші әртүрлі болады. Көбінесе олар әлсіз болып келеді, өте сирек жағдайда күшті және ұзақ болуы мүмкін.
Экспираторлық тыртысу ауызша сөйлеу кезінде кенеттен шұғыл дем шығарумен сипатталады. Оған қарынның көк етінің қатты қысқаруы тән. Экспираторлық тыртысу кезінде артикуляция да, вокализацияда тоқталады. Тұтығушыда кеудесі қысылған ауа жетпейтін сезім пайда болады.
Дауыс шығару аппаратының тыртысуы.
Дауыс шығару аппаратында тыртысу көбінесе дауысты дыбысты айту кезінде байқалады. Дауыс шығару аппаратының тыртысуының негізгі үш түрі кездеседі.
Қабысып тыртысу сөйлей бастағанда немесе сөйлеудің ортасында пайда болды да кенеттен дауыс беру тоқталады. Тыртысудың бұл түрінің негізгі белгісі дыбыстың мүлдем болмауы болып табылады. Ұзаққа созылған тыртысуда тұтығушының бет әлпеті қимылсыз, зорланып көрінеді.
Вокальдық тыртысу әдетте сөйлеу процессінде дауысты дыбысты айту негізінде пайда болады. А. И. Сикорскийдің айтуынша, тыртысудың бұл түрі тұтықпаның басталар алдында жиі кездесетін және оның тұтықпаның алғашқы белгісі деп қарастыруға болады.
Вокальдық тыртысу, көмекей аумағында оқшауланып, мойын бұлшық еттеріне таралуы мүмкін және дауыс шығару аппаратынан барлық бұлшық еттерінің іс – әрекеті бұзуы мүмкін кейде вокальдық тыртысу біткенше артикуляторлық қимылдар толықтай тоқталуы байқалады.
Дірілдеген немесе жұлқыған көмекейдің тыртысуы дауысты дыбысты айтқанда немесе айтуға әрекет жасағанда пайда болады. Сөйлегенде үзіп сөйлейді, дірілдеген дыбыс пайда болады, артикуляция толығымен болмайды.
Артикуляциялық аппараттың тыртысуы.
Артикуляцияның тыртысуды беттік (ерін, астыңғы жақ) тілдік және жұмсақ таңдайлық деп бөледі.
Беттік тыртысулар. Еріннің қабысқан тыртысуы тұтықпада жиі кездесетін түрінің бірі. Ауыздың айналма бұлшық еттерінің тыртысуы салдарынан, еріндер қатты қабысады. Тыртысудың бұл түрінде еріндік дыбыстардың (п,б,м,в,ф) айтылуы бұзылады.
Жоғары еріндік тыртысу сирек кездеседі. Тыртысудың бұл түрінде барлық еріндік дыбыстарды айта алмайды, бет әлпетінің кескіні бұзылады.
Төменгі еріндік тыртысу ауыздың бұрыштарын төмен түсіретін бұлшық еттерді зақымдайды беттің күрделі тыртысуы, ауыздың бұрышындағы тыртысу сияқты түрлері кездеседі.
Тілдің тыртысулары.
Тілдің тыртысуының бірнеше түрлері болады. Ең жиі кездесетін түрінің бірі тілдің ұшының тыртысуы. Тілдің ұшы қатайып қатты таңдайға тіреледі, соның салдарынан артикуляция тоқталады.
Тілдің түбірінің тыртысып көтерілуі және артқа тартылуы. Бұл кезде тілдің түбірі таңдайға қабысады да ауаның ауыз қуысына өтуіне бөгет жасайды. Тыртысу тіл арты дыбыстарды (г,к,х,қ) айтқанда байқалады.
Тілдің қуғындаушы тыртысуы тілді тістердің арасына итеріп шығаруымен сипатталады. Ол клоникалық және тоникалық түрде болуы мүмкін. Тыртысу кезінде дыбыс айтуы мүмкін болмайды, дем алу бұзылады, кейде ауруды сезінуі мүмкін.
Тіл асты тыртысуы төменгі жақтың төмен түсіп ауыздың ашылуымен сипатталады. Тыртысудың бұл түрінде буынның қайталауы мен дауыстың қырылдауы жиі байқалады.
Жұмсақ таңдайдың тыртысуы жеке түрде сирек кездеседі. Көбінесе артикуляциялық аппараттың жалпы тыртысулар құрамында кездеседі. Тыртысу кезінде жұмсақ таңдай біресе көтеріліп, біресе төмен түсіп тұрады, соның салдарынан мұрын қуысына жол ашылып жабысып тұрады да дыбыстар мұрыннан айтылады.
Тұтықпа күрделі тіл кемістігі болып саналады. Онда сөйлеу функциясының бұзылуымен қатар нерв жүйесінің, соматикалық денсаулығының, жалпы және сөйлеу моторикасының бұзылуы және психологиялық ерекшелктері байқалады. Аталған әрқалай байқалатындығы көптеген зерттеулерде анықталған.
А. Митринович – Моджеевска орталық жүйке жүйесінің көптеген аурулары тұтықпада оның белгісі (симптомы) ретінде байқалатынын айтады. Басқаша айтқанда, тұтықпа орталық жүйке жүйесіндегі функциональды өзгерістердің салдары болып табылады. С. С. Ляпидевский, В. П. Баранованың деректері бойынша 92,2%, М. Совактың деректері бойынша 84,6% тұтығушыларда вегетативтік нерв жүйесінің дистаниясы байқалады.
В. С. Кочергинаның зерттеулерінде мектепке дейінгі жастағы тұтықпа балалардың көбінде жүйке жүйесі мен физикалық денсаулығында әртүрлі бұзылыстардың болатыны анықталған: ашуланшақ, өкпешіл, жылауық, негативизм, ұйқының және тәбетінің бұзылуы, суық тигіш және инфекциялық ауруларға бейімділік, энурез.
Сонымен қатар, тұтықпада жалпы және сөйлеу моторикасының әртүрлі деңгейде бұзылуы байқалады. Олар ерікті және еріксіз болуы мүмкін. Ерікті қимылдарға тұтығушы өзінің қиын сөйлеуін білдірмеуге немесе жеңілдету мақсатымен әртүрлі қимылдарды қолдану ( теңселу, қолын қимылдату, саңылау т.б) жатады.
Еріксіз қимылдарға сөйлеу кезіндегі тыртысу жатады. Б.И. Шостак, сөйлеу кезіндегі тыртысумен қатар тұтықпа балалардың сөйлеу аппаратында, беттің, мойынның, қолдың бұлшық еттерінде күштелген қимылдардың болатыны анықталған. Н. А. Рычкованың зерттеген ( 1985) мәліметтері бойынша тұтықпаның неврозға ұқсас түрінде жалпы, ұсақ, мимикалық қимылдарының бұзылуы, қозғалыстың бөгелуі, солғындығы немесе дискоординациясы, бір қимылдан екінші қимылға өту қиындығы жиі кездеседі.
Экспрессивтік сөйлеуге мынадай ерекшеліктер тән:
Сөйлеудің ырғақтылығының, жылдамдығының және жартылай әуезділігінің бұзылуы.сөйлеген кезде кідіріп қалуы, жеке дыбыстарды қайталауы, фразаны бастағанда қиналуы;
Эмболофразия, қосымша дыбыстарды немесе сөздерді пайдаланып, сөйлеуді жеңілдету үшін амал жасау (ана, мына, сосын т.б). Әдетте эмболдар қиын дыбыстарды айтудың алдында қолданады;
Сөйлеу белсенділігінің төмендеуі, айналасындағылармен қарым қатынасы азаяды яғни сөйлеудің қатынас функциясының бұзылуы;
Дыбыс айту кемшіліктері, сөздерді дұрыс қолданбау, сөйлемді дұрыс құрастырмау т.б.
Ауызша сөйлеу кемшіліктері, жазбаша сөйлеу тіліне әсерін тигізеді. Жазуда бірдей әріптер мен буындар қайталанады, сөзді бөліп жазады. Мұндай ерекшеліктер Р.Е. Левинаның, М.Е. Хватцевтің, В.И. Селиверстовтың, А.В. Ястребованың, Г.А. Воронованың жұмыстарында көрсетілген.
Тұтықпа балалардың психологиялық ерекшеліктері.
Р. Е. Левинаның пікірі бойынша сөйлеу тілінің бұзылуы әр қашан тұлғаның дамуына және психикасының дамуына әсер етеді, оның әсері ақаулықтың табиғатына, деңгейіне сонымен қатар баланың өзінің ақаулығына көңіл аударуына байланысты болады. Көптеген авторлар тұтықпа балаларда әр түрлі деңгейде психикалық ерекшеліктері байқалатынын атайды (Х. Лагузен, И. А. Сикорский, Г. Д. Неткачев, Э. Фрешельс, Ю. А. Флоренская, М. Е.Хватцев т.б). Кейінгі жылдардағы ғылыми жұмыстарда психологиялық ерекшеліктерін тереңірек зерттеумен қатар (С. С. Ляпидевский, В. И. Селиверстов, В. М. Шкловский, Ю. П. Некрасова, Г. И. Ангушев, Л. З. Андронова, Э. М. Кулиев). оларды психологиялық ерекшеліктері бойынша ажыратуға (дифференциялауға) көңіл бөлмеді. Оның негізіне логофобияның болуы (С. С. Ляпидевский, С. И. Павлова) әр түрлі деңгейде өз ақаулығына көңіл аударуы (В. И. Селиверстов, В. М. Шкловский) алынады.
Қазіргі кезде психологиялық-педагогикалық сипаттаманы ескере отырып, өзінің ақаулығына көңіл аударуын негізге ала отырып тұтықпаларды 3 топқа бөледі: нольдік, біркелкі, орташа және айтарлықтай немесе жоғары деңгейде ақаулыққа көңіл аудару.
Бірінші топтағы балалар өздерінің ақаулығын байқамайды, көңіл аудармайды. Олар үлкендермен де өзінің құрдастарымен, бөтен адамдармен ұйалмай қарым – қатынас жасайды. Екінші топтағы балалар тұтықпаға байланысты іштей қайғырады, әр түрлі амал арқылы тұтықпаны байқатпауға тырысады. Дегенмен ақаулықты сезінуі, іштей қайғыруы тұлғаның дамуына оншалықты әсерін тигізбейді. Үшінші топтағы балалар үнемі өзінің ақаулығын сезінеді. Ондай балалар әрдайым сөйлеу қиыншылықтарына көңіл аударып, терең және ұзақ қайғырып, ренжиді. Соның салдарынан олар өздерін кем санайды, секемшіл келеді және сөйлеу алдында қорқыныш пайда болады.
Сонымен, тұтықпада тек сөйлеу функциясының бұзылуымен қатар нерв жүйесінің, жалпы және сөйлеу моторикасының бұзылуы, психологиялық ерекшеліктері байқалады.
Тұтықпаның таралуы.
Балалар арасында тұтықпаның таралуы туралы статистикалық мәліметтерді талдау барысында төмендегідей қорытындыларды жасауға болады:
Тұтықпа көбінесе 2-5жас арасында пайда болады, яғни фразалық сөйлеудің қарқынды даму кезінде.
Тұтықпа бастауыш сынып (әсіресе 1-сынып) оқушыларында жиі кездеседі.
Мектепте оқу кезінде және жыныстық жетілу кезеңінде күшейеді.
Ер балалар арасында тұтықпа қыздарға қарағанда 3 есе көбірек кездеседі
Жалпы балабақшалар мен мектептерді салыстырғанда балалар үйіндегі, мектеп интернатының балалар арасында балаларда тұтықпа жиі кездеседі.
Қалада тұратын балаларға қарағанда ауылда тұратын балалар арасында тұтықпа сирек кездеседі.
Ауылда 0.8-0.9% (И. И. Демина, О. Т. Мороз), ал қалада 2% шамасында (М. Е. Хватцев т.б) тұтықпа байқалады.
Профессор М. Зееманның айтуынша климат та тұтықпаның байқалуына әсерін тигізеді.
Сонымен, статистикалық мағлұматтар тұтықпаның байқалуына әр түрлі факторлар (жынысы, жасы, мекеменің түрі, климаттағы т.б) әсер ететінін көрсетеді.
Өзін өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
Тұтықпаның механизміне қатысты көзқарастар.
Тұтықпаның этиологиясын атаңдар
Тұтықпаның белгілерін атаңдар.
Тұтықпаның таралуы туралы мағлұматтар қандай?
5.Тұтықпаның белгілері бойынша кесте толтырыңыздар
Тұтықпаны топтастыру.
Тұтықпаны топтастыру мәселелеріне 1937ж бастап көңіл бөле бастаған. А.Аlistez (1937, 1956) Этиологиялық белгілері бойынша клиникалық бұзылыстарын ескеріп тұтықпаны 4 топқа бөледі:
Тұтықпаға қоса сөйлеуге қатысты мүшелердің құрылысында немесе функциясындағы ауытқулар;
Солақайлылықпен байланысты;
Еліктеу негізінде;
Эмоционалдық тұрақсыздықпен және бұзылыспен қоса жүретін тұтықпа ( логофобия, өзін кем санау т.б)
Е. С. Никитина, М. Ф. Брунс (1939) тұтықпаны анатомиялық – физиологиялық белгілері бойынша топтастырады. Олар балаларды 2 топқа бөледі:
1. полидарлық синдромы бар балалар – оларда психофизикалық тежелу, тұлғалық ауытқулар, ортамен қарым – қатынасы бұзылуы байқалады.
2. стриарлық синдромы бар балалар - оларға жүйке – психикалық бұзылыстар, психофизикалық тежелу тән.
В. С. Кочергина (1959) Н. А. Власова (1958) т.б тұтықпаны клиникалық белгілері бойынша топтастырады.
Н. А. Власова мен Э. Н. Герценштейннің топтастыруында алдымен тұтықпаның түрі (тоникалық, клоникалық), этиологиялық факторлар, екіншілік реттегі психикалық синдромдар, логопедиялық ықпалдық жетістік деңгейі ескеріледі.
А. Ф. Шельтинг (ХХғ 50-ж) төменгі сынып оқушыларының тұтықпасын топтастырады. Ол – моторика мен сөйлеудің кешеуілдеп даму аясында пайда болатын тұтықпа, алалиямен байланысты, жалпы әлсіздікте, бұлшық еттердің босаңсуында, невротикадағы тұтықпа деп бөледі.
М. Е. Шуберт (1928) эпилептойдтық, психопаттардың, психоастениктердің, шизоидтық тұлғалардың, истериямен ауыратындардың тұтықпасын зерттеген.
М. С. Лебединский, Ф. П. Янович және Г. П. Платонова (1960ж) әр түрлі невроз түрлеріндегі тұтықпаны зерттеген.
А. М. Асатиани, В. М. Казаков (1967, 1970) тұтықпаның 4 түрін бөледі:
-орталық нерв жүйесінің әр түрлі себептермен органикалық зақымдалуының резидуальдық көріністері;
-невротикалық бұзылу:
-психопатиядағы;
- баяу өтетін шизофрения.
Сонымен, тұтықпаны топтастыру мәселесі әр түрлі тұрғыдан қарастырылады, барлығы да, ғылыми тұрғыда негізделгендіктен заңды болып саналады.
Тұтықпаның психологиялық педагогикалық және клиникалық сипаттамасы.
XX ғасырдың 70 жылдарынан бастап арнайы ғылыми әдебиеттерде тұтықпада байқалатын клиникалық сипаттарына жаңаша түсініктер беріле бастайды. Клиникалық бақылаулардың және экспериментальдық зерттеулердің негізінде тұтықпаның клиникалық түрлерін ажырату мәселелері жетілдіруде.
Зерттеушілер әр түрлі патогенетикалық механизмдермен негізделген тұтықпаның екі клиникалық түрін бөледі: невротикалық, неврозға ұқсас түрін (Ковалев В. В., 1970, Асатиани Н. М., 1973-1985, Драпкин Б. З., 1973, Белякова Л.И.)
Тұтықпаның невротикалық түрі
Тұтықпаның невротикалық түрі пайда болу алдында қорқу немесе психиканың созылмалы зақымдалуы орын алады. Тұтықпа кенеттен 2-6 жаста пайда болады.
Ондай баланың анамнезінде құрсақтағы кезеңінде және туу кезінде ешқандай ауытқулар кездеспейді. Психофизиологиялық дамуы жасына сәйкес қалыпты дамиды. Моторлық дағдылары уақытында қалыптасады.
Сөйлеу онтогенезінде кейбір ерекшеліктер байқалады. Көбнесе сөйлеу тілі ерте дамиды: алғашқы сөздері 10 айда, 16-18 айда фраза пайда болады. Аз уақыт мөлшерінде балалар фразаны қолданады, сөз қоры тез молаяды, күрделі сөйлемдерді айта бастайды.
Сөйлеу темпі жылдам болады. Сөзде жалғау, жұрнақтарды айтпай кетеді, сөйлемде кейбір сөздерді тастап кетеді, грамматикалық қателер жібереді.
Ондай балаларда итерация (тыртысусыз кідіріп, тоқтап қалу, қайталау) жиі кездеседі. Егер қалыпты дамыған балаларда итерация жайылма сөйлемнің қарқынды даму кезіне сәйкес келіп 2-3 аймен шектелсе, тұтығушы балада итерация көп уақытқа дейін созылады. Сонымен олардың ауызша сөйлеудің артикуляциялық механизмдері әдеттегіге қарағанда қай уақытқа шейін функционалды жетілмейді.
Тұтықпа байқалғанға дейінгі кезде баланың мінез құлқында әр түрлі ерекшеліктер (урейлену, жылауық, шыдамсыздық, ұялшақ т.б) байқалады. Кейбір балаларда 2-5 жаста қараңғыдан қорқу, невротикалық энурез т.б байқалады. Кейде тұтықпа байқалмай тұрып, кенеттен психикасының зақымдалуынан кейін балада мутизм (бірнеше минуттан бір тәулікке дейін) байқалады. Бала кенеттен сөйлемей қалады, бет әлпетінде үрей сақталып тұрады.
Невротикалық тұтықпаның түрінде жалпы және ұсақ моторикасында айтарлықтай ауытқулар байқалмайды. Бір қимылдан екінші қимылға өтуінде, музыканың ырғағына сай қимылдауына қиыншылықтар кездеседі. Қателерін өз бетімен немесе нұсқау арқылы тез түзей алады. Дегенмен, қимылды толық аяқтамау, енжар орындау, тез шаршап қалу байқалады.
Көптеген балаларда тұтықпаның бұл түрі жайлы байқалуына қарамастан, жеті жаста яғни мектепке келгенде рецедиві (қайталауы) болады. Он - он екі жаста тұтығушының мінезі кенеттен өзгереді. Бұл кезде бала өзінің ақаулығын сезіне бастайды. Балада тұрақты логофобия қалыптасады (сөйлеп қатынас жасауға қорқу жасөспірімдер сыныпта сабақ айтқанда бөтен адамдармен сөйлескенде қиналады. Мұның бәрі баланың патологиялық мінез құлқының қалыптасуына әсер етеді.
Бұл топтағы тұтықпа балалардың ерекшелігіне, тыныш отырғанда немесе өзімен болғанда еркін тұтықпасыз сөйлейді. Ондай балалардың логопедиялық сабақта, аутогендік жаттығуларда, психотерапияның, гипноздың әсерінен экспрессивті сөйлеуінің әжептеуір жақсарғаны байқалады.
Сонымен, тұтықпаның невротикалық түріне төмендегідей ерекшеліктер тән:
- Тұтықпа 2-6 жасқа дейінгі жаста байқалады
- Тұтықпаға дейін жайылма сөйлемдерді қолданады
- Ақаулық кенеттен немесе созылмалы психикалық зақымдалудан басталады
- Тырысудың деңгейі тұтығушының эмоцтоналды жағдайына және қатынас ортасына байланысты.
- Белгілі бір жағдайда жатық сөйлеу мүмкін (өзімен болғанда, эмоционалды жайлы жағдайда, сөйлеу процесінен көңілін басқа жаққа бөлгенде).
Тұтықпаның неврозға ұқсас түрі
Тұтықпаның бұл түрі 3-4 жаста біртіндеп пайда болады.
Анамнезінде жүкті кезінде токсикоз, туу кезінде асфиксия болғаны көрсетіледі. Физикалық дамуында аздаған кешеуілдік байқалады. Ондай балалардың зейіні тұрақсыз өздері ашуланшақ, тынышсыз келеді.
Қалыпты балалармен салыстырғанда ондай балалардың сөйлеу тілінің дамуында ерекшеліктер кездеседі. Олардың алғашқы сөздері тек 3-4 жаста пайда болады.Қарапайым фразалық сөйлеуі үш жасқа таман қалыптаса бастайды. Сөйлеудің кешеуілдеп дамуымен қатар көптеген дыбыстарды дұрыс айтпайды, сөз қоры баяу дамиды, сөйлеудің грамматикалық құрылымын толық меңгермейді. Тұтықпаның басталуы фразалық сөйлеудің қалыптасу кезеңіне сәйкес келеді. Тырысу физикалық және психикалық шаршағанда, бала ауырған кезде күшейеді, бірақ сыртқы факторлардың әсеріне тәуелді болмайды.
Тұтықпаның неврозға ұқсас түрінде моторикада әр түрлі деңгейде ауытқулар болады. арткуляциялық аппараттың координациясы мен қозғалысының жеткіліксіздігі, аяқ, қолдардың статикалық және динамикалық координациясының бұзылуы.
Тұтықпаның бұл түрінде бұлшықеттердің тонусы тұрақсыз, зорланып қимылдайды. Бала қимылдың кезектілігін сақтауда, бір қимылдан екінші қимылға өтуде қиналады. Берілген жылдамдық пен ырғақтылықты есте сақтамайды. Бұл топтағы балалар қимылдағы жіберген қателерін өз бетімен түзете алмайды, сөзбен берілген нұсқаулар жеткіліксіз, оқыту процесінде міндетті түрде көрнекілік қолдану қажет.
Клиникалық тексерулер ондай балаларда бас миының көмескі түрде органикалық зақымдалуын мидың моторлық жүйесінің зақымдалуының қалдық белгілерінің бар екенін көрсетеді.
Артикуляциялық аппараттың қимылы біршама шектелген (астыңғы жақтың, тілдің, еріннің) артикуляцияның қалпын тез таба алмайды.
Неврозға ұқсас тұтықпасы бар балаларға әртүрлі деңгейде сөйлеудің жалпы дамымауы байқалады (фонетикалық фонематикалық жетілмеуі, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы). Тұтықпаның созылмалы түрінде тоно клоникалық тырысулар жиі кезднседі, сөйлегенде әртүрлі қосымша қимылдарды қолданады (басын шайқау, аяғын соққылау, қолдың саусақтарын жыбырлату т.б).
Неврозға ұқсас тұтықпада сөйлеу кідірістері барлық жағдайда кездеседі (өзімен өзі болғанда, ұжымда т.б). Тұтығушы өзінің сөйлеуіне зейін қойып, қадағалағанда кідірістер азаяды.
14-16 жаста балалар өз ақаулығына байланысты іштен қайғыра бастайды, бірақ невротикалық түрдегідей эмоционалды терең болмайды. Түзету жұмыс барысында, енжар, белсенділік танытпайды.
Сонымен тұтықпаның неврозға ұқсас түріне тән:
- Тырысып кідірулер 3-4 жаста байқалады;
- Тырысу фразалық сөйлеудің даму мерзімімен сәйкес келеді.
- тырысу фразалық сөйлеудің даму мерзімімен сәйкес келеді;
Тұтықпа біртіндеп басталады;
Зейінін белсендірсе сөйлеу процесі жеңілдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |