§ 28-29. Монғол империясы құрамындағы Қазақстан
Бату (Батый) ханның Батыс жорықтары. Алтын Орданың құрылуы. Бүкіл монғол құрылтайында Бату ханның басшылығымен Батыс елдеріне жорық жасау туралы шешім қабылданды. Бату әскерінің үлкен бөлігі қыпшақтардан жасақталды, монғолдар бүкіл әскердің үштен бір бөлігін құрады.
Монғол қолы 1236 жылы шабуылға шықты. 1241 жылы көктемде Бату жасақтары Еуропа әскерлерін талқандап, Адрия (Адрият) теңізіне шықты. Алайда ұлы хан Үгедейдің өлімі туралы хабарды естігеннен кейін монғолдар кері қайтты. Бату Еділдің төменгі ағысына қайтып оралып, Алтын Орда атымен белгілі болған өзіне тиесілі аймақты қалпына келтірумен айналысты. Ол Еділдегі әдемі қала Сарайды салды. Бұл қала Алтын Орданың орталығына айналды.
Бату ханның 1236-1242 жылдардағы жаугершілік соғыстары Еуразияның саяси картасын өзгертті. Тарихта алғаш рет Ертістен Дунайға дейінгі Ұлы Даланың бүкіл кеңістігі бір ғана Жошы әулеті иеліктерінің құрамына енді. Монғол империясының төрттен бір бөлігін Жошы ұлысы құрады. Оңтүстігіндегі шегарасы Сырдарияның орта ағысы мен Әмударияны қамтыды. Бату әскерлері талқандаған орыс князьдіктері Алтын Ордаға тәуелді болды. Орыс князьдері хандардың қолынан князь етіп тағайындау туралы жарлықтар алып, салық төледі. Алтын Орда жер көлемінің кеңдігі жағынан орта ғасырдағы ірі мемлекеттік құрылым болды.
Алтын Орданың басты бөлігін түрік тайпалары, негізінен, қыпшақтар құрады. Алтын Ордада монғолдардың өзі өте аз болды. Қазақстан аумағында қалған монғолдар XIV ғасырға қарай толықтай түркіленді.
|
Алтын Орданың негізін қалаушы Бату хан барлық ханзадалардың үлкені ретінде есептеліп, жоғары беделге ие болды. Ол Алтын Ордада 1227-1255 жылдары билік етті. Қыпшақтар Батуды Сайынхан (ақылды хан) деп атады. Монғол империясының төрттен бір бөлігін Жошы ұлысы қүрады.
Батудан кейін оның інісі Берке хан (1256- 1266 жылдар) билікке келді. Ол хандардың ішінде бірінші болып ислам дінін қабылдап, монғол орталыгғна тәуелсіз саясат жүргізе бастады. Оның тұсында қала құрылысы қарқынды жүргізілді, жаңа орда - Сарай Берке қаласы салынды. Хан Парсы елі мен Мысырдан ғалымдарды, дін иелерін, ақындарды, Хорезмнен қолөнершілер мен көпестерді шақыртты. Шығыс елдерімен сауда және дипломатиялық байланыстар біршама жанданды. Берке хан билік еткен кезде Алтын Орда мен Мысыр ресми түрде елшілік алмасты.
Мысырда қыпшақ даласынан шыққан Бейбарыс сұлтан билік жүргізді. Асқан қабілетінің арқасында Бейбарыс құлдан мемлекет басшысына дейін көтеріліп, қолбасшы және қайраткер ретінде тарихқа енді.
Алтын Орда саяси дербестікті Бату ханның немересі Мөңке Темір (1267-1280 жылдар) билік еткен тұста алды. Ол Жошы ұлысын билеушілердің ішінен бірінші болып, өз атынан теңге соқтырып, жарлықтар шығарды.
Сонымен, XIII ғасырдың 60-жылдарынан бастап Жошы ұлысы жалпы империялық орталықтан бөлініп, әлемдегі ең ірі, бай, дербес мемлекетке айналды.
|
Мемлекеттік құрылымы. Шыңғысханның «алтын ұрпағы» кез келген өкілінің Ордадағы хандыққа құқығы бар еді. Ол лайықты деп танылып, сұлтандар құрылтайында бекітілген жағдайда хан бола алды. Шыңғыс ұрпағына жатпайтын кез келген адамның хан болуға құқығы болмады.
Мемлекетте ханнан кейінгі келесі үлкен тұлға беклербек еді. Ол әскерлердің бас қолбасшысы және сыртқы саясат басшысы болды. Маңызды мемлекеттік істерді шешу үшін құрылтай шақырылды.
Атқарушы биліктің органы болған диуан қаржы саласын, салық жинауды, ішкі саясатты басқарды. Диуан басында уәзір тұрды.
Мемлекеттің екі бөлікке - оң және сол қанатқа бөлінуі Бату хан билеген кезде де жалғасты. Оң қанат Еділ бойынан Дунайға дейінгі аумақты қамтыды. Оның орталығы Еділдің төменгі ағысында орналасты да, оны Бату ұрпағынан шыққандар басқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |