Нәрестелердегi перитонит iш пердесiнiң қабынуы арқылы бiлiнетiн және шетiнеу пайызы өте жоғары ауру. Ол ауру негiзiнен кiндiк жарасының iрiңдеуiмен, өкпенiң қабынуы нәтижесiнде пайда болып, дамып өрбидi. Кейбiр жағдайда iш пердесiнiң қабынуына iш құрсағындағы iшектердiң, некрозды энтероколиттiң әсерiнен тесiлуi негiз болады. Кейде iшектер туа пайда болған жетiмсiздiк әсерiнен де тесiледi, iш құрсағындағы ағзаларға операция жасалғаннан кейiн де перитонит пайда болуы ықтимал, сирегiрек жағдайда перитонит iш құрсағының алдыңғы қабатында пайда болған эмбриональды кiндiк бауы жарығынан кейiн де өрбуi мүмкiн. Перитониттiң белгiсi көбiне оның пайда болуына себепші болған аурулардың клиникасына қабаттасып байқалады.
Нәрестелердiң iш пердесiнiң қабынуы шоғырланып бiлiнбейдi. Ол әрi жылдам, әрi тез өрбiп iш пердесiнiң барлық ауданын қамтиды. Сондықтан да болар, нәрестелердiң перитонитi көбiнесе науқастың шетінеуіне әкеліп соғады.
Негiзгi клиникалық белгілері - нәрестенiң әлсiреп, емшек емуден бас тартып, лоқсу және құсу белгiлерiнiң байқалуымен, iшi өтiп, салмағының азаюымен, дене кызуы артып, iшiнiң жарғақтанып кебуiмен басталады. Iшектерге жиналған газдар көбейе бередi де, ол нәрестенiң жалпы жағдайын бұрынғыдан да ауырлатып, құсықты көбейтiп, оған iшек iшiндегi қорытылмаған тамақ, нәжiс те араласып шығатын болады. Диагнозды анықтауға негiзiнен iштiң алдыңғы қабатының iсiп, терiсi жылтырап, шытынап, жарылып тұруы, ұмасында немесе үлкен жыныс ерiнiнде iсiктiң пайда болуы көмектеседi.
Егер нәресте перитонитi, iрiп-шiрiп жарақат пайда болған энтероколиттiң тесiлуi нәтижесiнде байқалса, аурудың клиникалық белгілері өрбiп дамиды. Осы асқынудың ең негiзгi белгiсi - iшектердiң iшiне газдардың тез әрi көп мөлшерде жиналуы болып табылады.
Парездiң қатты байқалуы, iрiп-шiрiген iшектердiң тесiлуi кезiнде бiлiнетiн клиникалық белгiлердiң айқындалуына кедергi жасайды.
Нәрестелердiң перитонитi кiндiк бауының эмбрионалдық жарығының әсерiнен, немесе туа пайда болған iшектердiң ақауы нәтижесiнде болса, алғашқыда аурудың белгілері баяу өрбидi, кейiннен перитониттiң iшке жайылуы негiзiнде барып анықталады.
Перитониттiң диагнозын анықтау үшiн, iш құрсағын қамтып түсiрген жалпылай рентген суретiнiң маңызы өте ерекше. Егер iшектер тесiлген болса iш құрсағына жиналған бос ауа көк еттiң астына "орақ" секiлдi белгi берiп жиналады. Нәрестенi отырғыза алмаған жағдайда, бүйiр тұстан түсiрiлген суретте ауа iш құрсағының алдыңғы қабатының астына, iшектердiң алдына жиналады. Осы сурет арқылы нәресте өкпесiнiң қабынғаны немесе қабынбағанының белгiсiн көрiп табуға да мүмкiндiк бар.
Бұл айтылғандардан басқа құрсақ қуысының суретiнде iшектердiң туа пайда болған түйiлуінің рентгендiк белгiлерi де табылуы мүмкiн.
Емдеу. Негiзiнен Краснобаевтың 3 ұстамасын сақтау арқылы жүргiзiледi. Бұл ретте сепсиске қарсы емдеу жолдары кеңiнен iске асырылады. Ағзадағы сұйықтықтардын жеткіліксіздігі қалпына келтiрiледi, гомеостаз түзетiледi. Белсенді түрде антибактериалдық және улануға қарсы емдеу тәсiлдерi қолданылады. Егер перитонит iшектердiң түйiлуi немесе энтероколиттiң әсерiнен тесiлуi нәтижесiнде болса, онда нәрестеге тездетiлiп операция жасалынады. Операция эндотрахеалдық наркоз берiп, iш құрсағы трансректальдық, немесе параректальдық деңгейiнде ұзынынан тiлiнiп кеңiрек ашылады. Құрсақ құрсағында жиналған iрiңдi сорып алып, жуып тазалағаннан кейiн, iшектер түйiлген болса олардың өтiмдiлiгi қалпына кетiрiледi, ал энтероколиттiң әсерiнен тесiлген iшек тiгiледi. Құрсақ құрсағына микроирригатор ретiнде арнайы түтiкшелер қалдырылады. Операциядан кейiн iшектердiң қимылын тездетiп қалпына келтiру үшiн, iшек iшiне ұзынынан зонд қалдырылады. Ол зондты көбiне гастростома арқылы енгiзедi. Нәрестелердiң перитонит ауруын негiзiнен консервативтiк тәсiлдермен емдеуге тырысу қажет. Олай дейтiнiмiз, негiзгi жасалған операциядан кейiн өлiмділік пайызы өте жоғары (70-80) деңгейiне дейiн артып кетедi.