Көкет астылық бауыр эхинококкозы. Бұл терминді алғашқы ұсынған Ф.Ф.Добромыслов (1916). Ең жиі орналасатын жері бауырдың оң жағы. Егер ол бауырдың ортасына таман орналасса, эхинококк қуысы жарылғанда, ол перикардқа, жүрек пен оң жақ кеуде қуысына, орталық өт жолдарына құйылып өте ауыр асқынуларға соқтырады.
Аурудың клиникалық, жиі кездесетін ерекшеліктеріне: науқастың әлсіздігі, тез шаршауы, асқа тәбеті шаппауы, терлегіштік, арықтау, терісінің құрғақтығы, қанының аздығы сияқты жалпы эхинококтік улану белгілері жатады. Бұл эхинококк қуысындағы өлген көпіршіктер уының денеге сіңіп таралуына байланысты.
Көкет астына орналасқан эхинококк қуысы белгілеріне, бауыр тұсының керіп ауыруы, эпигастрийде толып тұрғандық сезім тамақтанғаннан және қол жұмысынан кейін күшейе түседі. Науқас бір бүйіріне жата алмай шалқасынан жатуға мәжбүр болады.
Көзге түсетін белгілері: іштің жоғарғы жағының үлкеюі, қабырға аралығының кеңеюі, немесе, кеуде қуысының төменгі жағының томпаюы, бауырдың үлкейіп, оның төменгі және жоғарғы шекарасының ұлғаюы. Тыңдағанда өкпенің төменгі жағында тыныс дыбысының әлсіреуі, сипағанда оң және сол жақта ісік сияқтығының бары байқалады.
Эхинококк қуысы бауырдың көкет жақ бетінде орналасқанда қабырға астынан байқалады; бауырдың артқы көкет жақ бетінде болса – қақпа венасы басылуынан сарысу пайда болып, іштің тері асты веналары кеңейеді. Егер төменгі қуыс венасы басылса, аяқта ісік, сарысу, кеуденің тері асты веналарының кеңейгені байқалады.
Көкет астында орналасқан эхинококкоздың асқынулары басқа жердегілеріне қарағанда жиі кездеседі. Науқастардың 47,2%-і алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 1-5 жыл ішінде ғана емдеу орындарына түседі.
Эхинококкоздың диагностикасы. Клиникалық және зертханалық тексеру. Қанда эозинофилдердің 4%-тен көп болуы паразиттің тірі екендігін көрсетеді. Тек тірі қуыстарды сипағанда ғана эозинофилдер көбейеді (Анфилогов сынамасы).
Кацони сынамасында, организмде эхинококк бар болса, 24 сағаттан кейін эозинофилдер саны көбейеді. Эхинококкэктомиядан соң 4-5 айдан кейін ғана эозинофильдер саны қалпына келеді. Оның бір жылдан аса қалпына келмеуі, жалған қайталануының көрсеткіші. Эритроциттердің тұну жылдамдығының көтеріңкі болуы тұрақты белгі. Қанда лейкоциттердің 5,0х109 г/л аса көбеюі эхинококк қуысының іріңдеуі кезінде орын алады.
Зәрдің өзгеруі, эхинококкоздың асқынған түрлерінде микрогематуриямен, пиуриямен, эхинококк көпіршіктерінің және оның элементтерінің пайда болуымен байқалады.
Иммунологиялық тексеру әдістерінен жиі қолданылатыны Коцонидің аллергиялық сынамасы (1912). Оның реакциясының сезімділігі 60-тан 100%-ке дейін. Анафилактикалық талықсу болу мүмкіндігіне байланысты Кацони реакциясын қайталап жасауға болмайды.
Адам организміне зиянсыз тексеруге латекс-агглютинация сынамасы жатады. Оның нәтижелілігі 96,3% және оны көп қайтара жасауға болады. Өте жоғары нәтижелі 90% сезімтал серологиялық реакцияға Қазақстан Республикасының эпидемиология институты шығарған Ю.А.Кузьмин сынамасы жатады.
Инвазиялық емес тексерулер. Ең маңызды және негізгі тексерулерге рентген және компьютерлік томография жатады. Тексерудің нәтижелілігі бауырдағы эхинококк қуысының орналасуына және ондағы өзгерістерге байланысты. Егер эхинококк қуысы бауырдың алдыңғы жоғарғы жағында немесе көкет астында орналасса, онда көкеттің оң жақ күмбезі көтеріліп, оның тыныс алғандағы қозғалысы азаяды.
Бауырда жалғыз қуыс болса көкет тегіс томпайып, көп қуысты болса – толқынданып көрінеді. Егер эхинококк қуысында әк (известік) тұздары сіңіп қатайғаны байқалса, ол көбінесе қуыстағы паразиттердің өлгенін көрсетеді.
құрсақ қуысына ауа жіберіп тексергенде (пневмоперитонеум) эхинококк қуысын көкет босаңсуынан (релаксация) және өкпенің төменгі бөлігі ісіктерінен ажыратуға мүмкіндік туады. Жіберілген ауа бауыр мен көкет аралығында ақшыл жолақ болып көрініп, бауырдағы бұлтиған эхинококк қуысы анық байқалады. Оң жақ көкет босаңсуында бауырдың жоғарғы жағының жиегі түгелдей бүкірленгені және бұлтиғаны байқалады. Ал көкет жиегі жіңішке сызық ретінде көрінеді. Ауа жіберілгенде оның пішіні өзгермейді. Қалыпты жағдайда бауыр үлкеймеген, ал онда эхинококк қуысы болса көлемі ұлғайғаны байқалады. Егер эхинококктың фиброздық қабығы көкетпен жабысып қалса, бауыр мен көкет арасына ауа бармайды. Рентген арқылы эхинококк қуысы іріңдігін бауыр іріңдігінен ажырату қиын. Дегенмен іріңдеген эхинококк қуысында оның қабының сыртының қатаюы, қуыстың ішінде сұйық деңгейінің барлығы, онда немере-шөберелік көпіршіктердің қалқып жүргені байқалады. Бұны «қалқыған мембрана симптомы» деп атайды.
Бауырдағы эхинококк қуысы оң жақ қабырға астына орналасса, оны өт қабының тасты қабынуынан ажырату үшін холецистография жасау қажет. Операция кезінде жасалған холангиографияда эхинококк қуысының бауыр ішіндегі өт жолдарын доға тәрізді ығыстырғаны және жарылған жағдайда оның өт жолдарымен сабақтасқаны анықталады.