Өзбекстан республикасы жоғары жəне орта арнаулы



бет1/83
Дата21.09.2024
өлшемі287,94 Kb.
#204841
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   83
Байланысты:
asanova zh


ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРЫ ЖƏНЕ ОРТА АРНАУЛЫ БIЛIМДЕНДIРУ МИНИСТРЛIГI
БЕРДАҚ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚ МЕМЛЕКЕТТIК
УНИВЕРСИТЕТI


ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТI ТҮРКI ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СИНТАКСИСІ
Дайындаған: ассистент Асанова Жамила
НӨКIС-2010 жыл
1

Қазақ тілі синтаксисі зерттеу обьектісі. Сөз тіркесі.


Жоспары

  1. Синтаксис жəне оның обьектілері

  2. Синтаксистің тараулары

  3. Синтаксистің зерттелу тарихы

  4. Сөз тіркесінің синтаксисі

Тірек сөздер; Синтаксис туралы түсінік, сөз тіркесінің синтаксисі, жай сөйлемнің синтаксисі, құрмалас сөйлемнің синтаксисі, синтаксистің зерттелу тарихы.
Синтаксис – грамматиканың морфология сияқты өзекті саласының бірі. Грамматиканың тең праволы, əрі өзара тығыз байланысты бұл екі саласының қарастыратын обьектілері тілдің грамматикалық құрылысының мəселелері болады; морфология сөздердің грамматикалық жүйесін, құрылысын, сөз таптарының грамматикалық жүйесін, құрылысын зерттейді. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынандай екі салаға бөлінеді; 1) Сөз тіркесінің синтаксисі. Онда сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі, тіркесу тəсілдері мен формалары, сөз тіркесінің құрамы, олардың түр-түрі қарастырылады. 2) Сөйлемнің синтаксисі. Онда сөйлемнің құрылу принциптері, сөйлемнің құрамы қарастырылады.
Синтаксис бұл мəселелерді сөздердің грамматикалық құрылысы жөніндегі ілімнен бөліп алып, олардан оқшау тұрған нəрсе деп қарамайды, өзара тығыз байланыста қарастырады. Сондықтан сөздердің морфологиялық құрылысы синтаксистің де грамматикалық талдауының негізі болады. Лексикология мен морфология тіл ғылымының дербес салалары болумен қатар, олар да синтаксистен байланысын үзбейді.
Сөз тіркесі – сөйлем құраудың материалды негізі де , сөйлем – кісінің ойын айтудың негізгі формасы. Синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді, олардың түрлерін, сөйлем мүшелерін жəне басқа синтаксистік формаларды адамның ойын білдірудің грамматикалық тəсілдері ретінде, өзара байланысты категориялар ретінде қарастырады. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде, ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып тұратын морфологилық-синтаксистік категория ретінде тексереді.
Сөйтіп, сөз тіркесінің, сөйлемнің грамматикалық құрылысын зерттейтін ілімді синтаксис десек, тілдің синтаксистік құрылысын да сол термин арқылы атаймыз.
Əрбір ғылым саласының басталу, жетілу, даму кезеңдері болады. Қазақ тіл білімінің бұғанасы бекіліп қалыстасқан қай саласын алсақ та, олардың əрқайсысының даму кезеңдері болған. Ғылым салаларының даму барысында оның əдепкі біртұтатыстық түйдегінің жеке мəселелері бөлшектеніп танылып сол саланың дербес бөлшегі болып та қалыптасуы мүмкін.
Қазақ тілінің синтаксис мəселелері ол баста жалпы сөйлем құрылысы орайында қаралып келсе, сол ғылым дами келе сөз тіркесінің синтаксисі 1950 жылдары бой көрсетіп, оның жеке мəселелері көптеген ғылыми зерттеудің обьектілері болып, қазір солардың жүйелі тармақтары айқындалып, жасалу, жұмсалу заңдылықтары ашылды. Сөйтіп, сөз тіркесі жай сөйлем синтаксисінен бөлініп, өз алдына бөлек синтаксис ғылымының бір саласына айналды.
Сөз тіркесінің синтаксисі жайлы мағлұматты оның зерттелу тарихымен ұштастыра ұғыныспайынша көп мəселенің байыбына бара алмай қаламыз. Егер орыс тіл білімінде бұл синтаксис ғылымының бірнеше тарихы бар дейтін болсақ, қазақ тілі сөз тіркесінің зерттелу тарихы 50-60 жылдан əрі аспайды. Ол қысқа тарихтың тіл біліміне қосары айтарлықтай мол болғанмен, сөз тіркесі синтаксисі енді ғылымдық дербестігіне оқшауланып, бұғанасы бекіп келе жатыр. Қазақ тіл білімі үшін осылай болуының өзі заңды.
Қай ғылымның даму тарихына көз жіберсек те, əдетте олар жоқтан бар болып, тұтас қалпында дүниеге келеді де, соның ілгері даму барысында оның тармақталған салалары пайда болады. Мысалы, химия ол баста біртұтас ғылым болса, бұл күнде оның органикалық, органикалық емес биологиялық, катализ тəрізді бірнеше салалары бар. Сол сияқты тіл білімін, оның бір бөлігі – грамматиканы да, ертеде филологтар дəл бүгінгідей саралап жік-жікке бөлп қарастырмайтын. Фонетика да морфология, синтаксис қатарында грамматиканың бір бөлігі деп есептелетін. 1894-1897 жылдары орыс тілінде шыққан П.М. Мелиоранскийдің “Краткая грамматика казак-киргизского языка” деген екі кітабы, олардан бұрын шыққан Казембектің жəне миссионерлер жазған “Алтай тілінің грамматикаларына” негізделгенмен, онда да фонетика грамматиканың бір бөлігі болып, морфологияны “Этимология” деп атап, оған синтаксис мəселелері де енгізіліп, синтаксиске арналған кітабында морфологияға қатысты мəселелері араластырылады. Бұл еңбек сол кездегі түркітанушылардың тіл мəселелерін ғылыми тұрғыдан қарастыруының дəрежесін бүгінгімен салыстырғанда, өте төмен екенін көрсетсе, екінші жағынан - өз заманының қазақ тіл біліміне қосқан үлкен үлесі. Ол – қазақ тілі жайында шыққан ең бірінші, əрі көлемді грамматика. П.М.Мелиоранский соны жазғанда, қазақ тілін өз ана тіліндей біліп, қазақ тілі материалдарын зерттей жүріп, солардың қорытындысы ретінде жазбаған, “Алтай тілінің грамматикасының” үлгісімен жазған, ол екі кітапта баяндалған көп мəселелер əлі күнге дейін өзінің құнын жойған жоқ.
1920 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың “Тіл-құралдары” (үш кітап) оқу орындарында оқулық есебінде жұмсалған елеулі еңбек болды. Онда грамматикалық атаулар мен дыбыс, буын, сөз, сөйлем құрылыстары жайында жүйелі түрде мағлұматтар берілген. Синтаксиске қатысты бастапқы мағлұмат үшінші “Тіл – құралында” баяндалады. Бертінде, 1930-40 жылдары қазақ тілінің бірнеше грамматикасы шықты, синтаксиске арналған азын-аулақ зерттеулер мен шағын мақалалар жарияланды. Оларды жай жəне құрмалас сөйлемдер синтаксистерінің негізгі мəселелері біршама тəуір баяндалады да, сөз тіркесінің синтаксисі атаусыз қалады. 1939 жылы проф. Қ.Қ. Жұбановтың, 1939 жылы С.А.Аманжолов пен С.Н.Сауранбаевтың бірігіп жазған оқулықтары шықты.
Бұларда сөйлем мүшелерінің тіркесі жайында айтылғандары сөз тіркесіне де қатысы бар деп қарауға болар, бірақ синтаксистің еленбей жүрген келелі саласы сөз тіркесі екенін де, оның жекелеген мəселелерін де ол авторлар ғылыми зерттеудің обьектісі деп танымайды, танымағаны былай тұрсын, сөз тіркесі мүлде ауызға алынбайды. С.Аманжоловтың жоғарыда аталған кітабында “сөздердің тізбектері” деген тақырып бар. Онда лексикалық пен тұрақты тіркеске қатысты мысалдарды екі бөліп баяндайды.
Дұрысында, 1940 жылдары қазақ тілінің грамматикалық категорияларын айқындау жұмысы мектептерге əртүрлі бағдарламалар, оқулықтар жазу үстінде жүріп жатты. Бізде ол жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижелерін жариялап барып, солар негізінде оқулықтар жазылған жоқ, бірақ оқулықтар жазылу үстінде көптеген ғылыми қорытындылар жасалып отырылды. Сонда қазақ тілін зерттеушілердің пікір таластары жоқты бар ету бағытында болмай, көбінесе барды дұрыс түсіну, солардың грамматикалық сыр-сипатын айқындау ыңғайында болып отырды. Соларды игеріп алмай тұрып, əрине, жаңалыққа қол созу да оңай еместі. Əйтсе де проф. Қ.Қ.Жұбанов қазақ тілінің грамматикасын жаңаша құрастырып, бірқатар грамматикалық атауларды жаңаша атап, көптеген мəселелерді өзінше дұрыс бағдарлап баяндауға тырысты. Сол бағытта орта мектепке арнап 1936 жылы грамматика оқулығын шығарды, соған байланысты “Ауыл мұғалімі” журналында “Жаңа грамматиканың жаңалықтары” деген мақала жариялады. Қ.Жұбановтың мектеп
тəжірибесінен ғылымға шұғыл бет бұруының бір айғағы есебінде автордың көмекші етістіктер жайындағы жəне сөйлем мүшелерінің орналасу тəртібінің тарихы жайындағы еңбектерін айтуға болады. Соңғы мəселеге арналған кітапта Қ.Жұбанов сөйлем мүшелерінің бұл күндегі орналасу тəртібінің ертеде өзгеше болғанын дəлелдейді. Сондағы ғылыми болжаулар мен келтірілген деректердің сөйлем мүшелеріне ғана емес, сөз тіркестері тарихына да тікелей қатысы бар.
Мектеп тəжірибесінен ұлғайған ой-пікірлер проф. С.Аманжоловты да “Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсын” жазуға итермеледі. Бұл студенттер үшін жазылған бірінші оқу құралы болғандықтан жəне автордың синтаксис мəселелерін ғылыми тұрғыдан баяндау мақсатын көздегендіктен, кезінде филолог-студенттердің қажетіне жараттық дейді. Бірақ автор ол кітапта сол кездегі “жаңа ілім” қағидаларын қазақ тілі синтаксисімен ұштастырмақ болды. Сөйтемін деп синтаксистің біраз мəселелерін теріс түсіндірді. Сонымен қатар сол кітапта қазақ тілі материалдарына сүйеніп айтылған, дұрыс қорытқан да мəселелер бар. Олары соңғы жылдары басқа авторлармен бірлесіп жазған орта мектеп оқулығынан орын алды.
Қазақ тілі синтаксисіне елеулі еңбек сіңірген ғалым С.Жиенбаев болатын. Оның жай жəне құрмалас сөйлем мəселелеріне арналған құнды зерттеулерінің қатарында “сөз тіркесі” бөлек талданбайды. Бірақ “үйірлі мүше” деген атпен қай сөздің қандай сөздермен топ құрай алатыны жөнінде айтқандарының сөздердің толықтауыш, пысықтауыш қызметтерін айыру жөніндегі дəлелдерінің есімді, етістікті сөз тіркестеріне қатысы бар.
1954 жылы “Қазіргі қазақ тілі” деген атпен көлемді кітап шықты. Бұл кітап – қазақ тіл білімінің фонетика, лексика жəне грамматика мəселелеріне жан-жақты мағлұмат беретін елеулі табысы. Онда жеке адамға табыну, дəйексөзге əуестену тəрізді елеулі кемшіліктер бола тұрса да, көп мəселелер жүйеге салынып, ғылыми тұрғыдан дұрыс баяндалған, көптеген жаңалықтар енгізілген. Ол кітаптың синтаксис саласындағы бір жаңалығы – сөз тіркесі синтаксисін жай сөйлем синтаксисінен бөліп алып, өзіндік өзгешеліктері бар мəселелер ретінде қарастырылуы. Осыны айтып отырған автордың сол жұмысында қате тұжырымы да болды. Онда сөз тіркесі əрі сөз таптарының, əрі сөйлем мүшелерінің тілдің ретінде салаласатын, сабақтасатын байланыстағы сөздер деп қаралған. Кейінгі зерттеулеріміз мəселеге басқаша керек екенін көрсетті. Дұрысында, сөз тіркесі – сөйлем мүшелерінің тіркесі емес, сөз таптарының тіркесі. Сөз тіркесіндегі сөздер тек сабақтаса байланысады, салаласа байланысатын бірыңғай мүшелер сөз тіркесі деп есептелмейді. Олар жай сөйлем синтаксисінде қаралуға тиіс. Осы сынды өзге автор адресіне де айтуға болады.
Жалпы түркітанушылық əдебиеттерде сөз тіркесі дегенді бөліп қарамай-ақ, “анықтауыштық есімдер тобы” дегенге ерекше көңіл бөлінді. Оның себебі; ертедегі түрқітанушылар түркі тілдерінің синтаксистік құрылыстарында кездесетін өзгеше құбылыстарды айқындауды басты міндет етті.
Расында, зат есім мен зат есімнің, сын есім мен сан есімдердің зат есімдермен жалғаусыз қатар тұру арқылы байланысқа еніп, анықтауыштық қатынаста жұмсалуы түркі тілдерінің елеулі өзгешелігі болып саналады.
Грамматикалық құрылыстың өзінше дербестігі, ерекшеліктері бар топтарын – грамматикалық единицалар – тұтастықтар дейміз. Солардың басты топтары сөз тіркесі, сөйлем. Бұлардың əрқайсысы əр алуан бөлшек – бөлімдерден құралғанмен, бəріне тəн, бəріне ортақ белгілеріне қарап, оларды тұтасқан, тұтасып ұласқан бөлшектер тобы деп танимыз. Мысалы, сөздің дыбыс құрылысы, лексикалық, грамматикалық мағыналары болады, сөз тіркесінің құрамына еніп адамның ойын, сана-сезімін білдірудің бөлшектері қызметін атқарады. Балықтың өмірі суда болатынындай, сөздің өмірі сөз тіркесінің, сөйлемнің құрамында болады. Əлемдегі жан-жануарлардың, күнелту табиғи
айналасы болатынындай сөздің, сөз тіркесінің де “табиғи” жұмсалу “айналасы”, өмір сүру жағдайы болады. Бұлардың сондай шоғырланған ұясы да өмір сүру қызметі де сөйлем ішінде жұмсалуы болады.
Осындай қарым-қатынасының нəтижесінде əрбір грамматикалық единицалар тілдің қарым-қатынас жасау қызметіне ортақтасады. Сол үшің сөз сөз тіркесінің құрамына, сөз тіркестері сөйлемнің құрамына еніп, ой, пікір тұтастығын құрастыруға қатысады.
Сөйтіп, сөз тіркесі дегеніміз сөз бен сөйлемнің арақатынасынан шығатын басты синтаксистік единицаның бірі деп есептеледі, оның жұмсалу заңдылықтарын айқындаудан бұрын синтаксистік басқа единицалардан айрылатын қандай ерекшеліктері, жақын ұқсастықтары болады.
Ұласқан бөлшектері қаншама өзара тығыз байланыста болатындықтан ол бөлшектер бірінің қызметін басқа біреуі де атқаруы мүмкін емес пе? Көркем əдебиетте
- Түн. Мидай дала. Қараңғы түн. Келді ме? Келмеді – сияқты сөздер мен сөз тіркестері сөйлем қызметінде жұмсалады. Соған қарап сөзді, сөз тіркесін сөйлемнен айырып танудың керегі жоқ деуге бола ма? Соны дəл солай айтпаса да тіл білімінің көрнекті ғалымдары олардың арасына “сына қағып” екі айырып тастау керек екенін уағыздады.
Жоғарыда айтқанымыздай, сөз тіркесінің сыр-сипаты жайында ғалымдардың көзқарастары əр алуан. Дұрысында көз жеткізу үшін сөз тіркесінің сөйлемнен сөзден айырмашылықтары нелер екенің білу керек.
Егер сөйлем қарым-қатынас жасаудың, адам ойын білдірудің негізгі формасы болса, сөз тіркесі жəне сөз – сөйлем құраудың материалдары. Өзара тығыз байланыстағы бұл үш грамматикалық категорияның əрқайсысына тəн өзіндіқ айырмашылықтары болумен қатар олардың бастары түйісетің де орындары болатыны белгілі. Қалайда күрделі сөздерді жəне басқа түйдекті тіркестерді сөз тіркесі деп шатастырмау керек, жеке де сөз тіркестері сөйлем қызметінде жұмсалса, олар- сөз тіркестеріне тəн қасиеттерінен айырылып қалады деп те түсінбеу керек.
Сөз тіркесі кемінде толық мағыналы екі сөзден сөйлем құрамында жасалатындықтан, бұлардың ерекшеліктерін білу керек.
Сөз тіркесін сөйлемнен айырып тану керек? деген проблема көп ғалымдарға түрліше ой салған болатын. Көптеген ғалымдар, В.В.Виноградов бас болып, сөз тіркесің номинативті, сөйлемді – предкативті деп танитын болды. Осылай сөз тіркесін “номинатив” деп тану оны “сөз” дегенмен бірдей деп санауға саятындықтан, оған басқаша анықтама, сипаттама берушілер болды. Мысалы, Н.А.Баскаков екі синтаксистік единицаларды (сөйлем мен сөз тіркесін) қарама-қарсы екі түрлі ойлау процесінің тілдегі көрінісі деп табады; абстракциялау, конкреттеу. Солардың бəрі - өзара тығыз байланыста, бірінсіз-бірі бола бермейтін екі түрлі синтаксистік тұтастықты екі бөліп оқшаулауға лайықтанған сипаттамалар.
Алдымен сөз тіркесін түгелдей номинативті деп қарау дұрыс емес. Ондай сөз тіркестері тек олардың жұмсалу орайында атқаратын қызметі тұрғысынан номинативті деп тануға болатындары бар. Мысалы, сөз тіркестері құрылымында пайда болған терминдік тұрақты атаулар (қант қызылшасы, қызыл бұрыш, темір жол, мал дəрігері т.б.) Осындай ауыс мағыналы сөз тіркестерінен біріккен, кіріккен күрделі сөздердің жасалуы олардың екінші рет атауыш дəрежесіне көтерілуі болмақ. (Мысалы: атқұлақ, қараторғай, тасбақа, балықкөз, өнеркəсіп, қолөнер, кəсіподақ, қайнаға)
Сөз тіркесіне, сөйлемге материалдық негіз болатын – сөз. Сөз тіл білімінде лексикология мен семасиологияның зерттеу обьектісі болуымен қатар, грамматикада да əртүрлі ыңғайда қарастырылады. Сөздердің құрамы, тұлғасы, жасалу жолдары, олардың грамматикалық мағыналы топтары морфологияда қаралады. Ал сөздің сөз тіркесінің сыңары болуы, сөйлем мүшесі, кейде сөйлем қызметтерінде жұмсалуы
синтаксисте қаралады. Сондай-ақ тіркескен сөз топтары да əр түрлі ыңғайда қарастырылады.
Сөз, негізінде, дараланған ұғымды, лексика-грамматикалық мағынаны білдіреді. Олар мағыналық үйлесімділігіне қарай тілдің синтаксистік ережелері негізінде əр алуан лексикалық жəне синтаксистік топ құрау арқылы сөйлем ішінде айтылады. Қарым- қатынас жасау үшін ойды айтудың негізгі формасы сөйлем болса, сөзді сөйлем құраудың материалы деп білеміз.
Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі əрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық жəне грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Оның үстіне тіркескен сөздер тобының сапасы əр уақытта бір түрлі болмайды, əр алуан болады. Мысалы, екі, кейде одан да көп сөздер тіркесіп бір лексикалық түйдек жасалады (ақ қайың, боз торғай кетіп бара жатыр); кейде екі не одан да көп сөз тіркесін синтаксистік тізбек жасалады (қарлы тау, желсіз түн, жыфл сайын көріну, саған бола келу).
Лексикалық жəне басқа түйдекті тіркестер “сөз тіркесі” деген категорияға жатпайды. Лексика-грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне-бірі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі. Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, оның мынандай белгілеріне қарау керек: 1)Сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады; 2)Ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық жəне синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысалы. 3)Тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Осындай синтаксистік қатынас тек толық мағыналы сөздердің сабақтаса байланысуы нəтижесінде пайда болады. Басқаша айтқанда, лексика-грамматикалық дербестігі бар сөздерденбасыңқы-бағыныңқылы сөз тіркесі жасалғанда, ол сөздердің бұрынғы мағыналары өзгеріліп, жаңа лексикалық мағына пайда болмайды;мүшелік қарым-қатынасты білдіретін қосымша грамматикалық мағына пайда болады. Мысалы, кең өріс деген сөз тіркесіндегі кең сөзінің кеңістік сапаны білдіруі – оның лексикалық мағынасы, оның сын есім екендігі – грамматикалық мағынасы. Өріс сөзінің лекстикалық мағынасы – мал жайылымын білдіруі, грамматкалық мағынасы – зат есім екендігі. Осы сын есім мен зат есімнің тіркесуі нəтижесінде жаңа грамматикалық мағына пайда болған. Ол –анықтауыштық. Сөйтіп, синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз.
Сөздер синтаксистік топ құрап сөз тіркесі болғанда, олардың құрамына əр алуан сөздер енеді. Ол сөздер түрлі-түрлі морфологиялық тұлғаларда айтылады. Сөздердің ол тұлғалары, лексика-грамматикалық мағыналары тіркескен сөздердің қарым- қатынасына үйлесімді айтылады.
Кез-келген сөзді бірімен-бірін тіркестіре салуға болмайды. Өзара мағыналық байланыста айтыла алатын сөздер ғана синтаксистік байланыста, белгілі сөз тіркесінің құрамында айтылады. Мысалы, үркек сөзі жанды заттың сынын білдіреді. Онда да оны үркек ат, үркек бие, үркек тайлақ дегендей сөз тіркесінің құрамында айтуға болады, ал үркек ешкі, үркек бала, үркек тауық деу ерсі болады. Сол сияқты, жуас сөзін ат, түйе, бала сөздерімен тіркестіруге болады, ал оны тауық, ағаш сияқты сөздермен тіркестіруге болмайды. Болмайтын себебі – бұлар өзара мағыналық байланыста айтылмайды, сондықтан олар тіркесу қабілеті жоқ сөздер деп есептеледі.
Көркем əдебиетте бір затқа тəн қасиетті басқа затқа телу арқылы сөз кестелерін əшекейлеуге болады. Ондайда əдеттегіден өзгеше ойнақы тіркестер жасалады. Мысалы, Асау терек долданып, буырқанып…. дегенде, Абай асау сөзін Терек сөзімен тіркестіріп айту арқылы ол өзеннің көркем бейнесін көз алдыңа елестете қояды. Сондай-ақ асау
сөзі əдетте, асау ат, асау тай, асау бие сияқты құрамда кездесетін болса, көркем əдебиетте асау жел (Иса), асау қиял (Жамбыл), асау жүрек (Абай), тəтті қылықтарын, есалаң тілек тəрізді тіркестер де кездеседі. Мұндайды метафоралық тіркес дейміз. Сөз тіркесінің құрамы көбінесе еркін болады. Мысалы, жақсы, ақылды, биік сөзін толып жатқан зат есімдермен тіркестіре беруге болады; жақсы кісі, жақсы бала, жақсы жайлау, жақсы ырым, жақсы ниет, биік тау, биік ағаш. Осындай құрамын өзгертіп айтуға болатын тіркесті еркін тіркес дейміз.
Өзара тіркескен сөздің бірі екіншісін өзіне бағындырып тұрады. Сондықтан сөз тіркестері сабақтаса байланысқан екі сыңардан құралады; бірі – сөз тіркесінің ұйытқы бөлегі, сөз тіркесінің грамматикалық діңгегі- оның басыңқы сыңары, екіншісі – оны4 бағыныңқы сыңары.
Сөз тіркесінің құрамындағы сөздердің морфологиялық құрылысы əртүрлі болады; бағыныңқы сөз басыңқы сөздің кейде мағынасына үйлесе тұлғаланады, кейде грамматикалық формасына сай тұлғаланады. Мысалы; кітап оқып, хат жаздық деген екі сөз тіркесінің бағыныңқы сөздері (кітап, хат) жалғаусыз табыс септігінде айтылған. Солай болуға басыңқы сөздің қосымшалары – (оқып), -дық (жаздық) себепкер болып тұрған жоқ, оқы, жаз етістіктерінің сабақтастық мағынасы себепкер болып тұр. Сондай- ақ кітапханадан шықтым, трамвайға міндік деген сөз тіркестеріндегі бағыныңқы сөздер шығыс, барыс жалғауларында айтылған. Сол жал»ауларды керек етіп тұрған – басыңқы сөздердің қосымшалары –тым, -дік (міндік) емес, шық, мін етістіктерінің лексикалық мағыналары. Сонымен қатар жоғарғы етістіктердің түрлі тұлғада айтылуына бағыныңқы сөздердің ешқандай əсері жоқ. Сондықтан кітап оқы, кітап оқып, кітап оқыған, кітап оқыдық дегендей басыңқы сөздерді түрлендіргенмен, олардың бағыныңқылары бұрынғы қалпын өзгерпейді. Солар сияқты; алтын білезік, алтын білезіктің, алтын білезікке деп есім сөз тіркесінің де басыңқы сыңарын түрлендіріп айтуға болады, бірақ оған қарап бағыныңқы сөз (алтын) орыс тіліндегідей (золотой браслет, золотого браслета) грамматикалық тұлғасын өзгертпейді.
Сөйлем ішінде сөз тіркестері екі түрлі ыңғайла құралады;

  1. Сөз тіркестері тізбектеліп, ондағы сөздер біріне-бірі сатылана байланысады. Мысалы; Жолаушы үлкен ағаштың көлеңкесінде жатыр екен дегенде, үлкен өзі ағаш сөзіне бағынып, бір тіркес, ағаштың сөзі көлеңкесі дегенмен байланысып, екінші тіркес жасаған, ал көлеңкесінде сөзі жатыр екен етістігімен тіркескен. Олардың сол сатылана байланысу жігі былай болады;

Үлкен ағаш ----
тың көлеңкесі
нде жатыр екен.

  1. Кейде сөз тіркесінің құрамындағы бірнеше бағыныңқылар бір басыңқыға ортақтасып тұрады. Мысалы; Кеше театрға апаммен бардық деген сөйлемде мынандай сөз тіркестері бар.

кеше
театрға бардық апаммен
Сөз тіркестерін құрауда зат есім мен етістіктердің қызметі ерекше. Олар көбіне сөз тіркестерінің басыңқы сыңары болады да, сапалық есімдер (сын есім, сан есім, есімше, сілтеу есімдіктері) мен үстеулер, еліктеуіш сөздер мен көсемшелер көбінесе сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары қызметінде жұмсалады. Сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары қара сөзден құралған сөйлемдерде басыңқыдан бұрын тұрады, өлеңді сөйлемдерде керісінше орналасуы мүмкін.
Сөз тіркестерін дұрыс талдай білу үшін, олардан басқа тіркестердің түр-тұрпаты қалай болатынын жақсы білу керек.
Өзара байланыста тұрып, тобымен сөз тіркесінің құрамына енетін тіркестер түйдекті тіркес болады.
Түйдекті тіркестер құрамындағы сөздердің бəрінің не біреуінің лексика- семаниткалық дербес мағынасы болмайды. Олардың тіркесуінен қосымша грамматикалық мағына пайда болмайды. Мысалы, көз тігеді, жаңа бастады, шапқан сайын деген тіркестер екі-екі сөзден құралған. Олардың құрамындағы жеке сөздердің, бөлек алғандла, белгілі мағыналары бар, бірақ олардың тобын жазып, əр сөзді сөйлемнің жеке мүшесі деп қарауға болмайды.
Ерлік жолдасының нұрлы жүзіне күлімсіреп көз тігеді. Пештегі отын лаулап жана бастады. Қаракер шапқан сайын үдейді.
Бұл сөйлемдердегі көз тігеді–идиомалы тіркес, баяндауыш, ол күлімсіреп дегенмен бір сөз тіркесінің құрамында айтылып тұр; жана бастады – күрделі етістікті тіркес, баяндауыш, онымен лаулап деген сөз тіркескен, шапқан сайын – күрделі есімді тіркес, ол үдейді етістігімен тіркесіп пысықтауыштық қатынаста айтылған.
Осылардай лексика-грамматикалық топ болып, сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатын тіркесті түйдекті тіркес дейміз.
Тұрақты тіркестер тобы. Қазақ тілінде басқа тілдердегідей, бірқатар сөздер тобы тұрақталған тіркес қалпында жұмсалады. Мысалы, Төбеден түскен түнек жаудың үрейін ұшырып, есінен тандырды. Бұл сөйлемдегі үрейін ұшырып, есінен тандырды деген тіркестер олардағы жеке сөздердің тіке мағынасына сəйкес ұғымда жұмсалмаған, сол тобымен өзгеше мағынада жұмсалған: үрейін ұшыру – қатты қорқыту; есінен тандыру- есін шығару. Бұлардың бір сөзін мол мағынасында, сол тұлғада кез келген басқа сөздермен тіркестіріп айта беруге болмайды (болса, үрейім қалмады, зəрем ұшты (қатты қорықтым), есінен шығып кетті.(ұмытып кеттім) сияқты өте аз кездеседі). Бұл жағынан ол тіркестерді құс ұшты, балапан ұшты, қарға ұшты, самолет ұшты; үйден шықты, кеңседен шықты, есіктен шықты деген сөз тіркестерімен тең қоюға болмайды; алдыңғылар тұрақты тіркестер де, соңғылар – еркін тіркестер.
Тұрақты тіркестердің құрамындағы жеке сөздер де сөйлемнің бөлек-бөлек мүшесі болмай, сол тобымен бір-ақ мүшенің қызметін атқарып тұрады. Сонымен қатар олар сөз тіркесінің бір-бір сыңары болып, күрделі сөз тіркестерінің де құрамында айтылады; Жаудың үрейін ұшырды, айтқаның есімнен шығып кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   83




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет