Әдеби KZ
Есікте қара құлып тұр екен. Оны қолыммен бір сипадым да, арқамдағы зат
қапшығымды шешіп, жерге қойдым. Содан соң есік алдындағы соғыстан
бұрын кешке қарай әке-шешем бәріміз шығып отыратын балшық сәкіге
жайғастым. Пилоткамды шешіп тіземе қойдым да, екі қолыммен зырқ-зырқ
еткен екі шекемді үнсіз қысып, отырып қалдым.
Осы кезде алдыңғы көше жақтан бір дүсір естілді. Қарасам, ай жарығында
домаланған бір қылаң біздің үйге қарай құйғытып келеді екен. Оның не
екенін аңғара алмай, атып тұрып, соғыстағы әдет бойынша қолымды оң
жамбасымдағы пистолетке апарып үлгіргенімше бір ақ ит келіп кеудеме
қарай шапшыды. Қыңсылап, арсалаңдап, құйрығымен санымды сабалап
жатыр. Сөйтсем, бұл өзіміздің Қарашеке екен. Басының бір шекесі қара
дөрегей кішірек келген ақ итімізді біз күшік күнінен солай атап кеткен едік.
Байғұс Қарашекенің мені қалай танығанын білмеймін, дүсірлетіп алыстан
келді. Алдыңғы екі аяғын екі иығыма асып жіберіп, иегімді жалап, кеудемнің
екі жағын кезек иіскелеп жатыр. Мұңын шағып, жылап өксігендей, қайта-
қайта қыңсылап, солығын баса алатын емес. Мен оны құшақтап көкірегіме
қыстым.
– Қарашеке, аманбысың, қайдан таныдың, күшігім, – дедім итімді басынан,
құлағынан, мойнынан сипалап. Қарашеке одан сайын қыңсылап, мүлде есі
шығып кетті.
Бір үйден қалған екі жан осылай табыстық.
Қарашеке мауқын басқандай болып, иығымнан түсіп, есікке қарай жүгірді.
Есікке шапшып, қыңсылап, алдыңғы екі аяғымен қара құлыпты тырмалады.
«Ербол-ау, сен осы үйдің иесісің ғой, ашсаңшы мына есікті, қиратсаңшы
аузындағы қара құлыпты» деп жалынғандай боп жаныма келді. Қайта жалт
бұрылып, тағы да есікке секірді. Есікті ашып, мен ішке кіргізе алмасын
157
Достарыңызбен бөлісу: |