2
Әдеби KZ
Әзілхан Нұршайықов
1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында,
Келінсүйегі деген жерде туған. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін,
Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай
атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық
институтында оқыды. 1941-1945 жж. Қызыл Армия қатарында қызмет етті.
Ұлы Отан соғысы кезінде өлеңдері, әскери әңгімелері мен очерктері
майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып
тұрды. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология
факультетін бітірді. "Қазақстан пионері" газетінің бөлім меңгерушісі,
"Социалистік Қазақстан" газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі және
редактордың орынбасары, Павлодар облыстық "Қызыл ту" газетінің
редакторы, республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болып
қызмет істеген. Қазақ Совет энциклопедиясы тіл, әдебиет және фольклор
редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. Көп
жылдар бойына Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің, жас
әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді.Алғашқы очерк, әңгімелер
жинағы "Алыстағы ауданда" деген атпен 1956 жылы жарық көрген.
Алпысыншы жылдардан бастап біржола көркем прозаға ауысты. Жиырмадан
астам кітабы шыққан: "Махаббат жыры" (повестер, 1964), "Тоғыз толғау"
(1977), "Автопортрет" (әдеби портреттер, 1977), "Махаббат кызық мол
жылдар" (1970) романы және "Ақиқат пен аңыз" (1976) роман-диалогі, "Екі
естелік" (1985), "Жамбылға хат" атты әскери естеліктері (1996), т.б. Бұл
туындылардың бірқатары "Жазушы" баспасынан бірнеше дүркін орыс тілінде
де басылып шықты.I "Песня любви" (1965, 1975, 1982); "Истина и легенда"
(1982), Мәскеудің "Советский писатель" баспасынан "Истина и легенда"
(1980) және "Дорогой памяти" (1985) кітаптары жарық көрді. "Ақиқат пен
3
Әдеби KZ
аңыз" роман-диалогі украин ("Дніпро", 1984) және чех (1985) тілдеріне
аударылып жарияланды. Жеке шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік,
молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы "Ақиқат пен аңыз"
роман-диалогі үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты атағы берілді.И.Буниннің шығармаларын, М.Шолоховтың "Адам
тағдыры", П.Павленконың "Жарияланбаған хат" әңгімелерін, А.Якобсонның
"Қорқау" пьесасын және басқа туындыларды қазақшалады.
II дәрежелі Даңқ, "Құрмет Белгісі", Халықтар достығы және II дәрежелі Отан
соғысы ордендерімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Батырлығы үшін", "1941-
1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Тың
және тыңайған жерлерді игергені үшін" медальдарымен, 3 мәрте Қазақ КСР
Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды (1962,1972,1982).
Қазақстанның Халық жазушысы.
Достарыңызбен бөлісу: