Әдеби KZ
мен байғұс аудиториядағы отыз қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай
шыдап тұрғанымды білмеймін... Түнде, майдан шебіне жау самолеті келіп
қалғанда, прожекторлардың қараңғы аспанды қатарласа тілгілеп жерден
жарқ етіп көтерілген найзағай сәулелерінің бірі алыста жүйткіп бара жатқан
ақ ноқатты шалатын. Самолет- ноқат прожектор сәулесінен тез сытылып кету
үшін, жанталаса сасқалақтап, олай бір, бұлай бір бұлтаратын. Бірақ қанша
қашқанымен, қараңғы аспанның қабатына кіріп, жасырынып қалуға
мұршасын келтірмей, барлық прожекторлардың сәулесі лезде тұс- тұстан
шаншылып, қадалып қалатын. Сол кезде жерден атылған зенитка оқтары
шөкім- шөкім ақ бұлт болып, бұрқ-бұрқ етіп, жау самолетінің жанынан
жарыла бастайтын... Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған
самолеттей күйге түстім.
Сасқанымнан командирдің алдына келген солдаттай болып, екі қолымды
жамбасыма жапсыра ұстап, тік тұра қалдым да:
– Сәлеметсіздер ме, жолдастар? – дедім.
Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған ғажайып сәтті көріп пе едіңіз?
Бақшаның жер нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ, қызыл, қызғылт, сары,
көк гүлдері біртіндеп, бірімен бірі жарыса ашыла бастағанда жаныңызды
ләззат кернеп, өз-өзіңізден өзгеше бір рақатқа кенелмейтін бе едіңіз. Сол
гүлдердің торғыннан жұқа әсем үлбіректерінің әр дірілі жаныңызды толқын-
толқын қуаныш боп кернеп, басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп, елтітіп
әкетпейтін бе еді?! Міне, қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін
сәнмен қозғаған осы бір сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ
деген осы болар, осы отыз үшінші аудитория шығар деп ойладым.
Қыздардың томпақ, толық, жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда олардың
ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей көрінді.
|