Әдеби KZ
жаны жадырап, қара көзі күлімдеп, бүйрек бетіне алқызыл бояу шабатын. Ақ
тістері ақсия көрініп, өзгеше бір рақат табатын. Осы бір өңі жұмсарып, жүзі
жылып, жүрегі нәзік лүпілге басқан шағында оның көкірегіне өзгеше бір күш
құйылатын. Сол сәтте ол бір емес, жаудың бірнеше танкін жалғыз өзі
жайратуға әзір болатын. Міне, майдандағы жігіттерді біресе болаттай
қатайтып, біресе қорғасындай ерітетін сендер едіңдер, сендердің ғажайып
хаттарың еді, қыздар. Сендердің «жауды жеңіп қайтыңдар!» деп әр хатта
айтатын әмірлеріңді орындап тезірек Берлинге барып, одан соң өздеріңе
жетсек деп ынтығушы едік бәріміз. Бір қазақ қызының жүзін көріп қасында
отырсақ арманымыз болмас еді деп аңсайтын едік біз. Енді, міне мен
біреуінің ғана емес, бір аудитория толы қыздың қасында отырмын. Қандай
бақыттымын мен! «Мен бақыттымын!» деп, Алатаудың төбесіне шығып
айқайлағым келеді қазір. Отан армиясының сапында зұлым жауды
жеңгеніме бақыттымын! Сөйтіп, өз еліме оралып келгеніме бақыттымын!
Қаншама ер азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен
қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай арманда кетті. Өлер
алдындағы әр солдаттың аузына алған ең соңғы сөзі әйел аты болды. Біреу
анасын, біреу жарын, біреу ғашығын есіне алып, тіл күрмеліп, мәңгіге көз
жұмар алдында ақтық күшін жиып, солардың есімін атады. Олардың
өздеріне деген махаббатының қарызын солдат сол бір ауыз сөзді ұмытпай
айтып өтуге тырысты. Содан кейін Отан сүйгіш, ана сүйгіш, жар сүйгіш солдат
жаны мәңгіге тыншықты».
Осындай ойлар арынды өзеннің ақжал толқынындай төпеп, бірін-бірі қуып
жөнелді-ай келіп. Мен өзімде қыздарға деген осынша мол, нәзік сезімдер
бар екенін бұрын да білетін едім. Сол сезімдердің бүгін университетке түсіп,
алғашқы лекцияға қатысқан сәтте-ақ ағыл-тегіл ағылғанына таңдандым. Қой,
мұным болмас. Университетке алынбай жатып аңсарым қызға ауғаны несі?
Мен мұнда қызға қырындаймын деп емес, оқу оқимын деп келіп едім ғой.
|