Әдеби KZ
– Қайдан келдіңіз? – деді қызыл шырайлы қыз көзін ойнақшытып.
– Германиядан.
– Соғыстан қайтқандардың бәрі Германиядан келеді, иә, қыздар? - деп
қызыл шырайлы қыз достарына қарай бұрылды. Ол қыздың мені әзілмен
қағытып тұрғанын сезіп, ақырын ғана жымиысып қойды. Оны мен де сездім,
сондықтан да жаңағы жауабымды қайта толықтырып:
– Берлин түбінен қайттым, – дедім.
– Түбі деген қай жер? - деді қыз мүләйімсіп. Қыздар мырс етісіп қалды.
– Шпрее деген өзеннің жағасынан, – дедім мен де сәл қысыла түсіп. –
Берлинге тақау жер.
– Ә, - деді қыз менің жауабымды түсінген болып.
– Берлинде болдыңыз ба?
– Болдым.
– Рейхстагты көрдіңіз бе?
– Көрдім.
Берлинде болып, Рейхстагты көргенім тергеуші қызға әсер етті-ау деймін.
Берлиннен келген жігітті бүйтіп әурелемейік деді ме, кім білсін, ол сұрағын
саябырлатып, сәл бөгеліп қалды. Ол үндемеген соң басқа қыздар да менен
беттерін бұрып, төмен қарасты. Қолға түскен тұтқындай болып, олардың
ортасында төмен қарап мен тұрдым.
Қыз қайта сұрақ қойды.
– Соғыста командир деген болады дейді, рас па?
– Рас, – дедім мен басымды көтеріп.
|