Әдеби KZ
III
Оқытушы шығып кеткеннен кейін екеу-екеуден қатар отырған қыздар бір-
бірімен күбірлесе күлісті де, командамен бұрылған бір взвод солдаттай
болып, тегіс кеуделерін қозғап, жүздерін аудиторияның ең артында отырған
маған қарай бұрды. Түнде далада машинамен келе жатқаныңызда
алдыңыздан жайылып жүрген қоян кездесетін. Қоянды көре сала оған
машинаның фарын бағыттай қойсаң, қашудың орнына ол байғұс: «мені ат!»
дегендей болып, артқы екі аяғымен тікиіп, құлағын селтитіп тұра қалатын.
Машина жарығына бір ілінгеннен кейін қоян сорлыны бір атсаң да, бес атсаң
да, сол орнынан қозғалмайды. Тек оқ тигенде ғана тұрған жеріне жалп етіп
құлай кетеді... Қыздардың бәрі маған қарай бұрылғанда, мен де сол қоянға
ұқсап, орнымнан апалақтап атып тұрдым. Егер сол сәтте қыздардың бәрі
бірдей мені көздеп махаббат мылтығының шүріппесін басып кеп қалған
болса, солардың бірсыпыра бытырасы дәл осы күнге дейін өн бойымда
жүрген болар деп ойлаймын. Орнымнан атып тұрғаннан кейін әскери машық
бойынша жалма-жан гимнастеркамның етегін төмен қарай тартқылап,
қыртысын белбеуге сұққан бармақ арқылы кейін қарай сырғыта бастадым.
Ұзын аудиторияға екі қатар қойылған парталардың есік пен терезе жақ
шетіндегі қыздар сол бұрылған күйлерінде қозғалмастан отырып қалды да,
ортадағы қыздар орындарынан тұрып, маған қарай аяңдады. Өзіме қарай
келе жатқан олардың тақтай еденді тық-тық басқан дыбыстарын естігенде
жүрегім, атакаға шығар алдындағыдай дүрс-дүрс соғып қоя берді.
– Ал, жолдас, сізді студент болуыңызбен құттықтаймыз, – деді көмірдей қара
шашты, жазық маңдай, қызыл шырайлы күлімкөз қыз менің қасыма келіп.
Маған ол сондай сұлу боп көрінді. Бұл жаңағы, мен аудиторияға алғаш кіріп
рұқсат сұрағанда мырс етіп күліп:
|