Әдеби KZ
Осы мүшкіл күйімде тыныш тұрмай, Жағалбайлы елінен Жайыққа қыз іздеп
барған Төлегенді есіме алдым. Ол да осы мен сияқты бір қыздан соң екінші
қызды көріп есі кеткен еді. «Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі болып
кетті баладай. Осындай болып әр жерден, он бір қыз өтті сәулетпен, бәрі де
қалды жарамай» дей келетін бала күнде қызыға жаттаған қисса жолдары
ойыма оралды. Қырық шақты қыздың қасынан өткен Төлегеннің ол күні
қандай күйде болғанын білмеймін. Ал өзімнің он бестей қыздың қолын
ұстағанға бір шара қымыз ішкендей мас болғаным аян. Әр қыздың алақаны
қолыма келген сайын электр еріткіші тиген қалайыдай балқып, елжіреп бара
жаттым. Барған сайын қызуым артып, күйіп кететін сияқтандым. Егер отыз
қыздың қолын түгел ұстаған болсам, онда мүлде еріп кеткен болар ма еді,
кім білсін. Өзімнің осы күнге дейін аман жүргенім бәлкім, сол күні
аудиториядағы қыздардың бәрінін қолын тегіс ұстамағандығымнан да шығар
деп ойлаймын кейде.
Менің бақытыма қарай алғашқы амандасқан қыз қайтадан тіл қатты.
– Жә, өзгелерің отыра беріңдер, – деді ол басқа қыздарға қолын сермеп. –
Қалғандарың кейін амандасарсыңдар. Қазір басқа шаруа бар.
Басқалар күле түсіп, орындарында отырып қалды. Бірсыпыра қыз мені
қоршай түрегеп тұрды.
– Ал, жолдас, сөйлеңіз, – деді әлгі қыз дауысын әндете созып мен бір оған
баяндама жасап беремін деп уәде қылғандай-ақ.
– Не сөйле дейсіз? – дедім сәл ыржия түсіп. Бұл арада мен ыржалаңдайтын
да ештеңе жоқ еді. Тегі көп қыздың мысы Сасып, қысылғанымнан сөйткен
болуым керек. Бұрын бір қыздың бетіне бедірейе қарай алмайтын басым,
енді бірнеше к.ыз өзімді ентелей қоршап алғаннан кейін, сойған қасқырдай
боп, ыржимағанда қайтейін.
|