Әдеби KZ
Сол екеуі он жеті ақынның ішінде өмір бойы өзара қағысып, айтысып өткен
екен дейді. Бірақ қанша аңдыса да бірін бірі жеңе алмапты. Бір күні
Сабырбай Байбаланың күйеуге шыққалы жатқанын естіп, енді оны жеңетін
жерім келді деп ойлайды. Кешке ол өзіне той хабарын жеткізетін бірнеше
жас жігіт, келіншектерді сайлап қойып, атын шылбырынан ұстап, той болған
ауылдың сыртында отырады. Бір кезде той тарқап, жеңгелері Байбаланы
күйеудің қойнына салу үшін отауға қарай алып жүреді. Хабаршы
келіншектердің Сабырбайға жетсін деп сықылықтаған күлкісі, шолпы
сылдыры ақынға айқын естіліп тұрады. Қыз шолпылары сылдырап күйеу
жайғасқан төсектің алдында шешініп жатыр дегенді естіп, Сабырбай атына
мінеді. Ақын айлы түнде, ақбоз аттың үстінде, ақ домбыра қолында түнгі
тыныштықты бұзып, дүбірлете, дүңкілдетіп ақ отаудың жанына жетіп келіп,
өлеңдетіп қоя береді. Күйеу құшағында жатқан Байбала оның әніне ән,
әзіліне әзілмен жауап береді.
Сонда Сабырбай қызға қайта айтатын сөз таба алмай, Болмады, Байбалаға
дауа жоқ екен» деп, атын борбайға бір салып, жөнеле берген екен дейді.
Жаңағы сенің сөзің осыған ұқсады дегенім ғой, – деді Төкеш әңгімесін
аяқтап, қайтадан қылмыңдап. – Байбала айтқандай, «Той болған жер
төмендеп ой боп» қалса деп жатырмын да баяғы.
– Жоқ, – дедім мен қабағымды қайта түйіп. - Ешқашанда олай болмайды.
– Жарайды, ал қайда беттеп барасың? – деді Төкеш. Мен ауыл аралауға
шыққанымды айттым.
Осы кезде қасымызға жас бозбала жігіт Тұрсын келді. Ол трактор
бригадасында учетчик екен. Төкеш екеуі ақылдасып, Тұрсын бүгін ауылда
менімен бірге қалатын болды. Төкеш екеуінің жұмысын қоса атқармақ боп,
ертең өзі маған серік боп ауылда қалу үшін жер басына қарай кетті.
189
Достарыңызбен бөлісу: |