249
мүмкіндік береді. Мысалы, сабақта төмендегідей
қарапайым ағаштан, теріден жасалатын бұйымдарды
жасап үйретуге болады. Алдымен оқушыларға
бұйымдарды жасауға қажетті материалдар табу (ескі
тері, ағаш заттар немесе кепкен ағаш жинау), оларды
өңдеу (жону, кесу, түрлеу, тазалау) және олар жайын-
да мәліметтер жинау (тарихы және қалай жасалатыны
туралы оқып танысу) сияқты тапсырмалар беріледі.
Қазақ халқы теріден үй тұрмыс – тіршілігіне,
шаруашылық қажетіне жарайтын ерлердің сыртқы
киім – кешегі, ер- тұрман, қамыт – сайман, айал -
әбзелдерін, азық түлік салатын қаптарды, сұйық су-
сын сақтайтын ыдыстарды жасаған. Әсіресе көнек,
торсықтар өзіне лайық үлгілермен безендірілген.
Теріге басылатын күрделі оюлар өсімдік тектес алу-
ан түрлі де, не ыдыстың түріне қарай тұйықталған
шағын да болып келеді. Көннен көнек жасау, жабдық
жасау, даярлауда үлкен табысқа жетіп, көркемөнерге
бірсыпыра үлес қосқан Талдықорған обылысының
шеберлерін айырықша атауға болады. Ертедегі халық
дәстүрінің кейбір бөлшегі бүгінде басқа мазұмында
жүзеге асып отыр.
Кебеженің әлдеқайда үлкен түрі абажа деп аталады.
Абажаға ыдыс-аяқтар мен азық-түлік сақтаған. Кебеже
қарын, кең құрсақ (семіз, денелі кісі туралы айтылады),
кебеже қарын шұбар төс (би, болыс деген мағынада)
т.б. Қазақ шеберлері жасаған сандықтың қол сандық,
әбдіре сандық (үлкен сандық), шай сандық, тай сандық
(үлкен сандық), ақ сандық, алтын сандық, күміс
сандық, кеусандық (киім-кешек салатын үлкен сандық)
т.б. атаулар олардың әртүрлі көлемде әшекейленіп жа-
салатын бұйым екенін аңғартады. Сандық атауының
қатысуымен жасалған тұрақты тіркестер: сандық
тас (үсті тегіс, текшеленіп біткен тас), ақ сандық, ақ
сандықтың ішінде көк сандық (бірінің ішінде бірі, түбі
жоқ), кеудесі алтын сандық(шежіреге бай, көп білетін)
т.б.
Ағаш шеберлері ағаштан ойып, қымызға арналған
ожау, тегене, саптыаяқ, зерен, күбі, табақ, астаулар
(ет салатын ағаш ыдыс), сонымен бірге бидай, тары
түйетін келі мен олардың қажетті бөлшектері келсап,
піспек сияқты бұйымдарды өз жерімізде өсетін ағаш
түрлерінен ұқсатып жасай білген.
Сыйымдылығы мол, 10-15 литршамасында қымыз
құйылатын, оны ожаумен сапырып отыруға арналған
шұңғыл ағаш ыдыс – тегене деп аталатын бұйым
күмістелген темір әшекейлермен, асыл тастармен
безендіріліп те жасалған. Күбіде немесе сабада әбден
пісілген қымыз алдымен осындай кең де шұңғыл
ыдысқа құйылып, одан әрі аяқтарға құйылып тараты-
латын болған. Әсіресе көпшілік болған жерде осындай
жұмысты атқарушыны аяқшы деген.
Ағаштың безінен шауып жасалған сабы бар,
бақыраш тәрізді шұңғыл ыдыс саптыаяқ деп аталады.
Саптыаяқ жасауға ыстық-суыққа төзімді, үйілі (кейде
оны «безі» деп те атайды) берік қайың, қарағаш, үйеңкі
сияқты ағаш түрі таңдалады. Алдымен, таңдап алған
ағашты тұзды суға қайнатып, сәл дегдіген соң кептіріп,
маймен ысқылайды, ысқылаған сайын ағаштың табиғи
өрнегі ашылып, сәнді бола түседі. Көшпелі тұрмыста
саптыаяқты ер адамдар әрдайым өзімен бірге беліне
қыстырып, я болмаса аттың еріне байлап алып жүрген.
Мәселен, малшылар саптыаяққа қой, ешкінің сүтін
сауып, қыздырылған бірнеше малта тасты салып
жіберіп, сүтті тез арада пісіріп алған. Бұл бар болғаны
10-20 минут уақытты алған. Қазақ халқында «сүт
пісірім уақыт» деген өлшем осыдан туса керек [4, 48].
Саптыаяқтың шөміші мен сабы бүтін ағаштан
тұтастай ойылып, сабына өрнек түсіріледі, сабының
кейін қайырылған екі тұсында жіп өткізетін саңылау
қалдырылады. Кейде оған қосымша сап жасап, оны
шөмішпен бірге ойылған қысқа сапқа кіріктіріп,
желіммен жапсырып, жігі білінбестей етіп өңдеп
қояды. Саптыаяқтың шөмішінің бір шетінен
үшбұрыштап ойып, шүмек қалдырады.
Қазақ қолөнерінің белгілі бір түрімен немесе бірнеше
түрімен қатар айналысқан шеберлерді ұста деп атай
берген. Ұсталар, негізінде, ағашпен, темірмен, ішінара
таспен жұмыс істеген. Соған байланысты ел ішінде
оларды ағаш ұстасы, темір ұстасы деп атаған. Темір
өңдеп, зат жасайтын шеберлерді қара ұста, ал, алтын-
күміспен, асыл тастармен жұмыс істейтін шеберлерді
ақ ұста деп ажыратып айту да болған.
Оқушының жас ерекшеліктері мен қабілеттерін және
ауыл жағдайында техникалық мүмкіндіктерді ескере
отырып, жоғарыда аталған қолөнер бұйымдарының
қарапайым түрлерінің жасату арқылы, оқушыларды
ұлттық өнерді сүюге, эстетикалық талғамын
қалыптастыруға және еңбекке баулуға өз үлесін қосу,
әрбір көркем еңбек пәнінің мұғалімінің басты міндеті
деп санаймын.
Достарыңызбен бөлісу: