104
лып әкетіледі. Сонымен бір ғана дауыс желбезегінің
қатысына байланысты дыбыс артикуляциясы күрделі
болып шықты. Дәстүрлі қазақ фонетикасында ды-
быс жасалуына ерін қатысы да еріндік/езулік деп
қарапайым шешіледі. Қазақ тілінің артикуляциялық
базасы тұрғысынан қарағанда дыбыс жасалымына
ерін қатысының да күрделі екенін көреміз.
Ерін артикуляциясы дыбыстың негізгі және
түрленім (үндесім және үйлесім) айтылымдары-
на бірдей қатысатын белсенді сөйлеу мүшесі болып
табылады. Сондықтан да ерін қатысының моделі
күрделі екендігі анықталып отыр. Дыбыстың негізгі
және әрбір түрленім жасалымына лайық ерін қалпы
бар. Ерін артикуляциясының езу/езулік қалпы тік
қоршауға, ал ерін/еріндік қалпы қабысыңқы шеңбер
қоршауға алынып көрсетілді. Тік қоршау езу/езуліктің,
яғни еріннің жазық қалпының моделін бейнеле-
се, қабысыңқы шеңбер ерін/еріндіктің, яғни еріннің
дөңгелек қалпының моделін бейнелейді. Мысалы, ды-
быс: ерін қатысына қарай езу дауысты болуы мүмкін,
сонымен қатар үндесім әуезіне қарай езулік дауысты
болуы мүмкін; жасалу орнына қарай ерін дауыссыз
болуы мүмкін, сонымен қатар үндесім әуезіне қарай
еріндік дауыссыз болуы мүмкін.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалым орны
артикуляциясының анықтамаларын толықтырып
(жоғын тауып) немесе тиянақтап (артығын алып та-
стап), сөйтіп қазақ тілі дыбыстарының жасалымына
ғана тән артикуляцияны түгендеп шығудың ең тиімді
амалын тағы да «Қазақ грамматикасы» ұсынған
артикуляциялық базадан тауып отыратын боламыз.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалу тәсіліне қатысты
толықтырулар жасалған. Бұрын шұғыл/ызың бо-
лып екіге ғана жіктеліп келген жасалу тәсілі іштей
тағы тарамдалып кетеді. Ең бастысы дауысты
дыбыстардың ашық/қысаң белгісі жасалу тәсілінің
қатарына жатқызылады. Ал дауыссыздардың жаса-
лу тәсілі тоғысыңқы/жуысыңқы болып жаңаша топ-
талып, жуысыңқылардың өзі іштей тағы төрт топқа
бөлінеді.Қазақ фонетика атауларының, оның ішінде
артикуляциялық атаулар бар, мыңға тарта төл сөздігі
жасалып, жарық көрді.Қазақ тілі дыбыстарының
артикуляциялық талданымы дәстүрлі жіктелім
кестелеріне өзгерістер ендіруді қажет етеді. Дауыс
желбезегінің қатысы қазақ тіліндегі дауысты/дауыссыз
дыбыстарды бөліп қарамай, бір тұтас құрамда қарау
керектігін көрсетеді. Қазақ тілі дыбыстарының толық
құрамы алдымен артикуляциялық екі топқа бөлініп ба-
рып, әрі қарай іштей тағы жіктеледі.
Қазақ тілі дыбыстары ерін қатысына қарай да алды-
мен үлкен жіктелімге, сонан соң іштей кіші жіктелімге
тарайды.
Достарыңызбен бөлісу: